Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Өзін-өзі тану – шабыт пен шығармашылық мекені

Өзін-өзі тану – шабыт пен шығармашылық мекені

 Мурсалимова Сания Мұратбекқызы, «Қ.Төлеубеков атындағы орта мектебі» КММ, Үржар ауданы

... Өмір деген тұрмайды: қап-қарадан
 Өмір деген тұрады: ақ-қарадан!
 Ақ-Қара, екі арасын ашып өтіп,
Арымен өз бақытын тапқан Адам! – деп, ақын Ш.Сариев жырлағандай, осы бір қиын-қыстауы мен қуаныш-қызығы қатар жүретін дүниеде жаны таза, жылы жүректі, ақ ниетті, өмірге құштар, қайсар, ізгі қарым-қатынасты адал адамдар ғана өмірдің мәнін түсініп, аңсаған арманына қол жеткізеді.
Мен – ұстазбын. Ежелгі даналар айтқандай «Жаратушыдан берілген бір ғана мамандық бар, ол – ұстаздық, ал қалған мамандықтардың бәрі – ұстаздан» демекші, ұстаздың биік мақсаты – білім нәрімен терең сусындаған ұрпақты ғана емес, рухани-адамгершілік жағынан дамыған, кез-келген жағдайда мойымай, түңілмей, өмірде саналы іскерілік пен күш-жігер танытып, асқақ армандарына қол жеткізе алатын жан-жақты тұлғаны тәрбиелеу. 

 

Мен ұстаз ретінде, сырт көзге жеңіл, оңай көрінетін «Өзін-өзі тану» пәнін оқыту – түсіне білген адамға әрі құрмет, әрі үлкен жауапкершілік екенін ұқтым. Заманымыздың көрнекті ойшылы, ғаламат ұстаз Ш.А.Амонашвили «Ұстаз өз сабағын сүймесе, өзі оған сүйсіне білмесе, ол шәкіртінің бойына да сүйіспеншілікті дарыта алмайды» деп жазыпты. Демек, мұғалімге кәсіби-әдістемелік дағдыларды игеру – аз, ол – ұстаздық шеберлігі ұшталған, жаңалық пен шығармашылыққа жаны құмар, рухани әлемі – бай, көркем мінезді, ерік-жігері шыңдалған, жалынды жан болуы тиіс. Мен балалармен жұмыс істегенді, өз пәнімді ұнатамын. Сол себепті ұстаздық еңбегімде ұстанатын өзіндік талаптарым – ісіме адал болып, жауапкершілікпен қарау, шәкірттеріме ақылшы ғана емес, шынайы дос, шын жанашыр бола білу. Ұстаздық еңбекте кімдерден, неден рухани күш алып, ләззат алып, шабыттанамын деген сұрақ мені расымен ойландырып тастады.

Мен ата-анам көрсеткен ұлағатты тәлімнен, сүйіп оқитын аңыз-әңгімелерден, адамзат ұстаздарының өмірі мен шығармашылығынан, мені қоршаған қарапайым адамдармен, жақындарыммен әр түрлі тақырыптарда сұхбаттасып, әңгімелесуден адамның сырлы жаны туралы жаңалық ашып отыратынымды түсіндім... Мен табиғаттың қайталанбас көріністерінен, құбылыстардан, әуезді әндер мен жан тебірентер күйлерден, шәкірттерімнің шынайы күлкісі мен  ашық көңілдерінен нәр алып өмір сүретінімді, шығармашылықпен еңбек етуге тырысатынымды сезіндім... Әр сабағымнан соң алғыс айтып, саулық тілеп, қоштасып шығып бара жатқан балалардың жүздерінен қанағат сезімі мен ризашылықты, жылылықты байқау – маған соншалықты зор бақыт сезімін силайтынын ұқтым... Бұл үрдіс баянды болса екен!...

Мен үшін сабақта – балалардың көзінен жылт еткен қызығушылықты, үмітті, сенімді, сүйіспеншілікті көру – ұстаз еңбегінің қасиетті екендігінің белгісі. Сол себепті «Өзін-өзі тану» сабақтарында мүмкіндігінше оқушылардың ойлау және әрекет ету белсенділіктерін оятуға, іскеріліктерін дамытуға, сол арқылы тұлғалық келбетінің қалыптасуына ықпал етуге тырысамын. Сабақ барысында жағдаяттық тапсырмаларды сахналауға, ой қозғаушы көрнекіліктерді талдауға, оқушылар мен өзім дайындаған бейнелеу және қолөнер туындыларының идеясын анықтауға, «Мұғалім сыйы» ретінде ұсынылған өсиет-әңгімелердің, аңыздардың, ертегілердің негізгі ойын табу арқылы ойландыруға, ойтүйін шығаруға ұмтылдырамын. Өмірде болып қалуы ықтимал жайттардан абыроймен, ар-ұятпен, адалдықпен, әділдікпен шыға білуге бағыттаймын. Ширату-сергіту ойындарын мен жаттығуларын ұйымдастырып, өзара ұжымшылдыққа, жағымды қарым-қатынас орнатуға ықпал етуге тырысамын. Шәкірттерімнің бойына ізгі сезімдер мен адамгершілік қасиеттерді сіңіру үшін, әсіресе жағдаяттарды талдау, оларды шешу үшін сахналаудың, «Аяқталмаған сөйлемдерді толықтыру» сияқты тапсырмалар орындату, құндылықтар арқылы қасиеттерге баулу, жақсы мен жаманды ажырата білу бағытында шығармашылықпен жұмыс жасаймыз. Бұл сабақтар -  оқушылардың өзіне деген сенімділіктері қалыптасып, тұйықтықтан арылуға, көпшіл болуға ұмтылуы, ұстаздық міндеттердің оң шешілуінің көрінісі!

Өзге пәндермен, қосымша бағдарламамен кіріктірілген сабақ өткізу де – баланың тұлғалық дамуына ықпал ететіні – баршаға аян. Мұндай сабақ түрлерінің бізді де, яғни – ұстаздардың өздерін де рухани байытып, кемелдендіре түсетіні, ізгілендіретіні, шабыттандыратыны қуанады.  

Мен – ғажайып мамандық иесімін. Мен – мәңгілік мамандық атанған кәсіп иесімін. Себебі, ұстаздық еткен адам бір күннің, бір аптаның, бір айдың немесе бір жылдың барысында пайда болатын нәрсемен айналыспайды. Оның еңбегінің нәтижесі – мыңдаған жылдарға өз жемісін беретін дүниені, яғни – адамзаттың асыл руханиятын, білім мен ғылымды, озық ой мен мәдениетті, тәлім-тәрбиені қалыптастырып, дамытады, жетілдіреді. «Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі ерекше құзыретке ие. Ол – шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірлік мұратын жүзеге асыруға құштарландырады, шынайы бақытты сезіне біліп, соған жетуге жетелейді. Тек бұл жолда талапты да дарынды, өзі де үйреніп, өзгені де үйретуден жалықпайтын, ар мен ұятты, әділеттілікті үнемі жоғары қоятын, жауапкершілігі мол, шәкірттерінің жүрегінің төрінен орын ала алған жан ғана – нағыз Ізгілік ұстазы атанбақ.