Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Ұстаз, мені шығармашылыққа шабытта!

Ұстаз, мені шығармашылыққа шабытта!

Аубакирова Бахыткуль Кайрбековна, «Абай атындағы орта мектебі» КММ-нің өзін-өзі тану пәні мұғалімі, Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Қарабұлақ ауылы

«Бала жүрегі - кішкентай күй сандық.

Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады.

Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек»

Мұқтар Шаханов

Иә, әр баланың жүрегіндегі күй сандыққа үңіліп, сол сандықтың өз кілтін тауып ашып, балаға шығармашылық шабыт беру әр ұстаздың ең басты міндеті деп ойлаймын.

Мұғалімдердің өз білімін үздіксіз жетілдіру, шығармашылығын арттырып отырудың қажеттілігі туралы К.Д.Ушинский өзінің мынадай ойы арқылы нақты жеткізеді: «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады».

 

Мен, «Өзін-өзі тану» пәнінен 2010 жылдан бері біраз сағатпен сабақ беріп келдім. Менің «Өзін-өзі тану» пәніне деген сүйіспеншілігім 2009 жылы Өскемен қаласында білім жетілдіру кезінде «Оқушыларға адамгершілік-рухани білім берудің әдістемелік негіздері. «Өзін-өзі тану» пәнін оқытудың психологиялық ілеспесі» атты тамаша курстан басталған еді. Сол 72 сағаттық білім беру аяқталған соң, біз енді «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығында өткізілетін курсқа көктем айында жазылып кеттік. Бірақ, оның қашан ұйымдастырылатыны белгісіз еді. Көктем өтіп жаз келді. Жаз өтіп, күздің алғашқы айында, мен күтпеген сәтте, қуанышты жаңалық хабар келді. Сөйтіп, сәті түсіп 2009 жылы «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығына онкүндік курсқа аттанып кеттім. Сол жердің есігін ашып кіргенде адамдардың жылы жүздерін, бұрынғы қазаққа тән қонаққа деген ерекше құрметті, адамгершілікті осы жерден көрдім.

Мен ондағы жоғары лауазымды, білімді тамаша ұстаздардың қарапайымдылығына тәнті болдым. Адамгершілік пен рухани тазалықтың ауасын жұтып, өте әсерлі қайттым. Ол ұстаздардың дәрістерін жадымда сақтап, шабыттанып, тағы келуге сәті түссе ғой деп армандап қайттым. Иә, армандар орындалады деген рас екен. Мен, 2015 жылы «Бөбек» орталығына келу қуанышына қайта ие болдым. Бұл жолы да нағыз ұстаздар дәріс берді. Ол жолы атақты ғалым Ш.А.Амонашвили самолетпен ұшып келіп бес сағаттық кездесу өткізді. Дәліздің аузы-мұрны адамнан көрінбесе де тыныштық орын алды. Осы бір сәт, оның әр сөзі, әр өмір тағылымы мен шынайы жарқын жүзі бізді баурап алды. Мен, Ш.А.Амонашвилидің мына сөздерін өте құптаймын: «Барлық реформалар басталуы тиіс жерде емес, әуел бастан құрдымға ұшырайтын жерде басталады. Реформа тек мұғалім бойында басталады. Егер мен – нашар мұғалім болсам, маған берілген ең жақсы бағдарламаларды мен қандай деңгейге айналдырып жіберемін? Егер мен жақсы мұғалім болсам, маған берілген нашар бағдарлама-ларды қандай деңгейге жеткіземін? Әдістемені өз бетінше көре білуге тырысып, балаларға өз-өзіңді ұсын. Сонымен, мектепті кім реформалайды? Өз бағдарламаларымен министр ме? Әлде, жеке ақиқаттарымен мен бе? Мұғалімді ойшыл, шығармашыл, еркін етіп тәрбиелеу керек. Мұғалімдерді балағаттаудың орнына оларды ұлықтау қажет. Олар өмір суретшілері ғой. Бүгінгі күннің мұғалімдері XXI ғасырдың ортасын салып жатыр».

Рас, дәл қазір мұғалімдердің алдында үлкен-үлкен белестер тұрғаны баршаға мәлім ғой. Меніңше, алдымен мұғалімнің өзінің кәсіби шығармашылығының өсуі қажет-ақ. Білікті ұстаз, білімді маман болу үшін - әрбір мұғалім өз білімін үздіксіз көтеріп отыруы тиіс. Яғни, мұғалімнің шығармашылық кемелденуі - оның жан-жақты білімінен ұстаздық шеберлігімен, оқытудың жаңа әдістерін меңгеруімен өлшенеді деп ойлаймын.

2017 жылы Өскемен қаласында «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы ұйымдастырған «Сабақтағы жалпыадамзаттық құндылықтар» тақырыбындағы ұзақ мерзімді курсты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында алған едім. Бұл үш айға жуық болған жаңа білім нәрі мені шыңдап, шабыттандыра түсті. Иә, мұғалімнің қаншалықты рухани-адам-гершілігі мол, білімді, шығармашыл болса, оның тәлім-тәрбие беру аясы да соғұрлым кең болатынына тағы да көзім жете түсті. Осы ұстаныммен, шамам келгенше шәкірттеріме шығармашылық шабыт сыйлау үстінде барымды салып, уақытпен санаспай қызмет етуді көздеп келемін. Былтырғы оқу жылында 5-сынып оқушылармен аптасына екі рет ақысыз «Жас зерттеушілер» үйірмесін өткізіп келдім. Бұл үйірме оқушылардың ғылыми жоба құруына, рухани дүниесін кеңейтуге, ақыл-ой мен шығармашылық қабілетін шабыттауға арналды. Үйірмеге қатысу арқылы «Жеке тұлға» өзіндік менін қалыптастыруға көмек алды. «Жас зерттеуші» үйірмесі арқылы оқушы бос уақытын тиімді пайдалануға ден қоя бастады. Бұл үйірме арқылы жоба жұмысын жазуға ойланып, қызығушылығын арттырып, еркін дамуына жол ашты. Үйірме кезінде өзі қалаған іспен айналысу шабытына ие болған жеке тұлғалар шыға бастады. Осы үйірме кезінде өзімнің де шабытым оянып, «Жас зертеушілер» өлеңі дүниеге келді. Осы өлеңге музыка пәнінің мұғалімі, ақын әпекеме ән жазып беруін өтінген едім. Бүгінде әдемі әуенмен жазылған бұл әнді үйірмеге қатысқан оқушыларым айтып жүр. Бұл өлеңнің сөзі биылғы жылы «Бөбек» орталығынан шығатын «Самопознание kz» республикалық ғылыми әдістемелік журналында жарық көрінді.

Әрине, аса еңбекпен келген игілікті іс қашанда жемісін берері сөзсіз ғой. Мысалы, қашықтан өткізілген «Менің елімнің көшбасшысы»тақырыбында республикалық сырттай байқауда Кеңесбек Әйгерім сертификат алса, ал аудандық ғылыми жоба конференциясында Ұлан Алтын I орын алып, Өскеменде өткен облыстық кезеңде III орынды иеленіп қайтқан еді.

Биылғы оқу жылында «Дарын» орталығының ұйымдастырумен 8-11 сынып оқушылары арасында өткізілген республикалық жалпы пәндер бойынша ғылыми жоба сайысының аудандық кезеңінде «Жаныңда жүр жақсы адам» тақырыбы-мен 9 – сынып оқушысы Дүйсекова Әлия II орын иеленді.

Сондай-ақ, «Мен құпияны ашамын» атты облыстық шығармашылық сайыстың «Үздік әңгіме құрастырушысы» номинациясы бойынша бас жүлде иеленген Қайратова Саяжан мен I орын иеленген Кенжехан Айжанды мен қуанышпен мақтан етемін. Маған осы оқушыларыма шабыт беріп, шығармашылыққа баулығаным үшін облыстық «Алғыс хат» марапаты бұйырды.

Ендігі бар ойым да, сөзім де, ісім де, яки бәрі бірге: жалпыадамзаттық құндылықтарды өз бойымда да берік қалыптастырып, жеке тұлғаның шабытын -«ақиқатты» арқалатып, «сүйіспеншілікті» серік еткізіп, «дұрыс әрекетті» дағдыға айналдырып, «ішкі тыныштық» әлемін ізгілендіріп және «қиянат жасамау» қиясына жетелеу болмақ. Мен болашақта да шәкірттеріме деген шығармашылық шабытты жүрек қалауымен осылай риясыз орындауға байлам жасадым.

Ал, сіздер шәкірттеріңізді шығармашылыққа қалай шабыттамақсыздар ?