Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Жаңартылған білім беру аясында: сабақ барысындағы өзгерістердің нәтижелігі

Жаңартылған білім беру аясында: сабақ барысындағы өзгерістердің нәтижелігі

Кабдолдинова Еркежан Сериковна, «Шәкәрім атындағы №1 орта мектебі» КММ бастауыш сынып мұғалімі, Өскемен қаласы

Оқушылардың сабаққа қызығушылықтарын арттырып, қалай оқу керектігін үйретіп, сын тұрғысынан ойлауларын дамыту және өзгермелі өмірде алған білімдерін қолдануға үйрету мақсатында білім беру үдерісіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Енгізілген өзгерістердің нәтижелігін өлшеу әр түрлі қабілеттері бар оқушылардың іс-әрекеттері арқылы бағаланады. Б деңгейлі оқушылар бірден сабаққа тартылып кетпейді. Олардың топ алдында сөйлеуі, өзіндік ойларын бүкпей айтуларынан қиналғаны байқалады. Бұл кедергілерді еңсеру үшін оқушыларға сенім артып, үнемі мадақтап, оқытудың әр түрлі стильдерін қолданып, әрбір сабақтың басында ынтымақтастық ахуалын туғызып және оның сабақтың соңына дейін сақталуын қадағалап, бақылап отыру маңызды. Топтық жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында топ мүшелерін рөлге бөліп, оқытудың белсенді әдіс-тәсілдері қолданылады. Табысты оқу мен оқытудың мәні оқыту үдерісінде жеке тұлғалар өздерін еркін және қауіпсіз сезінуіне жағдай жасап отыру керек. Сонымен қатар оқушылардың жас ерекшеліктерін сай сергіту сәттерін  тақырыпқа сай ұйымдастыру маңызды.

Қалай оқу керектігін үйретіп, метатанымын қалыптастыру үшін топтық жұптық, жеке жұмыстарда проблеманы шешуде өзара әрекеттестікті ұйымдастырып, диалогтік оқыту арқылы танымдық қабілетерін арттыру сабақтар барысында өз нәтижелігін көрсетеді. Бұдан Выготскийдің көпірше құру арқылы оқыту идеясы тиімділігін байқауға болады. Оқушылардың тақырып бойынша түсініктерін кеңейтіп, оқуын ынталандыру, тереңдету мақсатында түрткі болу, сынамалау, қайта бағыттау сұрақтары арқылы оқушылардың сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамытып, өз ойын нақты, дәлелді жеткізуге мүмкіндік берілді. Айталық, ЖИГСО әдісінде С деңгейлі оқушылар өз ойларын айтуға тырысып, белсенділік танытса, төмен деңгейлі оқушылардың оқуына  қабілеті көрінбей, ашылмай жүрген балалардың өз мүмкіндіктерін танытуға үлкен жағдай жасалады. Осы орайда С деңгейіндегі оқушының ұйымдастырушылық, топ жұмысын басқару қабілеті көрінеді. Алдыңғы тәжірибеде оқушыларға дайын ақпараттарды беріп, мұғалім түсіндірді. Өз беттерімен жұмыс жасауға оқушыларға мүмкіндік берілмеді. Мұғалім оқушыларға сенім артып, дұрыс бағыт -бағдар беріп, оқуға жағдай жасап, мүмкіндік беру оқушылардың өздері білмейтін әлеуеттерінің ашылуына жол ашатынын түсіндіреді. Оқуда кездесетін кедергілерді алдын-алу мақсатында ұйымдастырылатын топтық жұмыстардың тиімділігін әр сабақ барысында көруге болады. Топтық және жұптық жұмыстар барысында бір-бірімен белсенді қарым-қатынасқа түсіп, әртүрлі деңгейдегі тапсырмаларды орындалады. Сыныптағы Б деңгейлі оқушы Ә деңгейлі  оқушымен бірлесіп тапсырманы орындап отырады. Б деңгейлі оқушының өзіне деген сенімі арта бастағанын байқауға болады, өйткені «Венн диаграмасы», «Салыстармалы карта», «Постер» жұмысын топ алдында қорғаған кезде Ә деңгейлі оқушымен бірге шығып, өзінің тақырыпқа байланысты қосары бар екенін айтты. Оқушылардың бірін-бірі оқытулары тиімді жүзеге асты. Оқушылардың болжам жасауға, өз ойын құруға, оны қорғауда «Стоп-кадр», «Кинометафора» т.б. әдістері тиімді. Нәтижесінде ертегіге қызыққан Б деңгейлі оқушылары да өзіндік болжамдарын ортаға салады. Бұл жерде Бандураның өзінділік тиімділікті қалыптастыруға ықпал ететін төрт фактордың екіншісі-Модельдеу-«Жанама тәжірибе», яғни «олардың қолынан келген нәрсе менің де қолымнан келеді» деу-өзін басқа біреумен салыстыру үдерісінің негізі [1.22] деп бағаладым.

АКТ мүмкіндігін пайдаланып өткізген «Стоп кадр», «Сазды сұхбат» әдістері оқушылардың сын тұрғысынан ойлау дағдыларын жетілдіруге мол мүмкіндік береді.

Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар, олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын атап көрсетеді [1.39]. Осыған орай сабақтарымда «Ойлан, жұптас, талқыла» әдісін қолдандым. Нәтижесінде жұптар мәтіннен үзіндіні тауып оқыды, бір-бірімен диалогқа түсу арқылы сұрақтарға жауап берді. Диалогтік қарым-қатынасқа түсе отырып, өз ойларын, идеяларын ортаға салу арқылы өзіндік пікір қалыптастыруға тырысты. СТО дағдыларын дамытып, дәлелмен сөйлеуге, ойын негіздеп айтуға дағдыланды. Бастапқыда  өз ойларын айтып, бірақ неге олай ойлайтындарын айтуда  қиналды. Оқу үдерісінде дұрыс қойылған сұрақ оқытудың тиімді құралына айналады деген мақсатта, өз ойын негіздеп сөйлеуге ынталандыру мен барлық оқушылардың оқуын қамтамасыз етуге түрткі болу, сынамалау: «Ертегенің түрлерінің ерекшеліктері» тақырыбында ертегенің қай түріне жатады? Ертегіні неге топтарға жіктейді? Олай ойлауына не себеп болды? Оны қайдан оқыдың? Мысал келтіре аласыз ба? деген сынақтан өткізуге арналған сұрақтар қоюға тырыстым. Бұдан шығатын қорытынды мұғалімнің оқу үдерісінде диалогтік оқытуды ұйымдастыруда  дұрыс сұрақ қоя білуінің, жауабына қарай ары қарай сол ойды дамытатын сұрақтың маңыздылығын түсіндім. Сұрақ қоя білудің өзі мұғалімнен үлкен дайындықты, белсенді тыңдалымды қажет ететіндігін сезіндім. Жауап беруге қиналған кезде екі секунд кідіріп, қайта бағыттау сұрағын пайдаланып: Көмектесе алатындар бар ма? деп басқа оқушыларға сұрағымды қайта бағыттадым. Бұдан диалогтік сұхбаттасуда мұғалімдер де оқушылар да білім алуға қомақты үлес қосатын өзара іс-қимылдың шын мәніндегі тиімді түрі болып табылатынын және қалай оқу керектігін қалай үйрену, үйрету керектігін, сындарлы оқытудың мақсатын түсіндім.

Бағалау - одан арғы оқу туралы шешім қабылдау мақсатымен оқудың нәтижелерін жүйелі түрде жиынтықтауға, бағытталған қызметті белгілеу үшін қолданылатын термин [1.51]. Сабақтарда бағалау стратегияларын қолдану оқушыларға өз таным әрекетін өзіндік реттеуге, өзін-өзі және өзара бағалауды нақты және саналы жүзеге асыруға көмектеседі. Өз тәжірибемде формативті бағалауда: «екі жұлдыз, бір тілек», бағалау парақтары, бағалау критерийлері мен дескрипторларын, жұптық сұхбат әдістерін пайдаландым. Ал оқушылардың оқуын ынталандыру мен қолдау үшін өз тарапымнан қолпаштау, жылы сөздер айту сияқты  ауызша формативті бағалау жүргіздім. Бұл оқушыларға өз ойларын толықтыруға мүмкіндік берді. Оқыту үрдісі барысында дұрыс ұйымдастырылған бағалау білім берудің тиімділігін арттырады, оқушылардың оқу нәтижелерінің жоғарылауына ықпал етеді. Нәтижесінде оқушылардың метатанымы қалыптаспаса да, өз оқуы туралы ойлауына түрткі болды. Келешекте осы бағытта атқарылатын жұмысты жетілдіру қажет. Бағалауда кедергілер болды. Кейбіреуі бір-бірімен дос оқушылар бағаны көтермелеп, ал керісінше келіспей қалған оқушыға бағаны төмендетіп қойды. Шынайы бағалау жүргізді десем артық айтқан болар едім. Осы мәселені шешуде бағалау критерийлері мен дескрипторларын негізге алғанның өзінді өзін-өзі асыра бағалау болып жатты. Дегенмен де соңғы сабақта біраз болсын, дескрипторлар бойынша қалай бағалау керектігі туралы түсініктері қалыптасқанын сабақ барысында көрдім. Бұдан шығатын қорытынды оқушыларға әр сабақтың мақсатын, бағалау критерийлерімен таныстыру қажет, оған дағдылану үшін тағы да біраз уақыт қажеттігін сездім. Дегенмен бұл жұмыс түрлері оқушылардың саналы білім алуына көмектесетінін түсіндім. Оқушылардың табысты оқуы үшін кері байланысты орнату мақсатында «Температуны өлшеу», «Кезбе тілші», «Ыстық орындық», «Сен маған, мен саған», «Бес бармақ» тәсілдері өз тәжірибемнің мықты және әлсіз жақтарын анықтауға және оны келесі сабақтарда жетілдіруге негіз болды. 

Талантты және дарынды балаларға бағытталған өзгеріс енгізу страте-гиясының бірі оқушыларға сыныпта және сыныптан тыс жерлерде өтетін оқудың күрделендірілген бағдарламасын ұсыну болып табылады [1.68].

 Қабілеті жоғары оқушыларды белгілі бір тапсырмаларды орындау кезінде байқадым. А деңгейлі оқушыға картадан Қорқыттың болған жерлерін көрсетіңдер десем, А деңгейлі оқушы асқан белсенділік танытып физикалық картадан тауып, «Ыстық нүктелермен» белгілеп берді. «Өзіндік зерттеу» әдісінде оқушылардың Қорқыт, жапалақ туралы қосымша ізденіп, қызықты деректер жинақтап, жұмысын қорғады. «Таңдау және жазу» әдісі арқылы әр түрлі оқушының оқуы мен жазуына  мүмкіндік берілді. Нәтижесінде дарынды және қабілетті оқушылардың берілген төрт шумақты жатқа сауатты жазғанынан көруге болады. А деңгейлі оқушы тіпті өзін мұғалімнің рөліне еніп, асқан белсенділік танытты.

Қорытындылай келе, оқушылардың оқуын табысты ету үшін бір ғана мұғалінің рөлі жеткіліксіз, үнемі мектеп, оқушы, ата-ана «үштігінің» байланысы тығыз болу керек. Енгізіліп жатқан өзгерістер туралы ата-аналарды хабардар ету мақсатында жиналысты бағдарлама идеясына сай өткізу. Нәтижесінде ата-аналар енгізіліп жатқан өзгерістердің оқыту үдерісіндегі рөлін бағалап, жақсы көзқарастарын білдіреді.

Оқушылар неге дағдыланды?
- Топта жұмыс жасауға, өзін-өзі, өзара бағалауға, өз ойларын айтып, пікірлерін бөлісуге, кері байланыс жасауға.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Мұғалімге арналған нұсқаулық. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ 2016 ж.
2. «Мектептегі тәжірбие кезеңінде орындауға арналған тапсырмалар». 2016 ж.