Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану

Оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану

Ибраева Гульназ Найманғазықызы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ аға оқытушысы
Кундызбаева Енлик Серикбековна, «Жезкент кентінің мектеп-лицейі» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Бородулиха ауданы

    «Ұстаз - ұлы есім» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, қай заман болмасын, сол ұлы есіміне сай мұғалім қоғамға өнегелі болғаны абзал. Өйткені, ұстаз болу - жоғарыдан берілетін құдірет, жүректің ерлігі. Осы құдірет арқылы ұстаз бала бойынан өзге кәсіптің мамандарын даярлап, қанаттандырады. Көптеген жылдар бойы ұстаздың міндеті оқыту және бағалау болды. Әу бастан келе жатқан дәстүрлі білім беру жүйесі ХХІ ғасырда ескіге айналды. Ендігі уақытта мұғалімдердің базалық білімдері мен мектептегі оқулықтарға сүйенетін дәуірі өтті. Жаңа ғасырда ұстаз тың технологиялар мен дербес шығармашылық қабілеттеріне сүйенеді. Сол себепті, жаңа дәуірдегі ұстаз келбеті заман ағымына қарай басқа суреттермен боялып, әрлене түсті. Мемлекет басшының бастамасымен қазір Қазақстан Республикасының білім беру  жүйесі жаңартылған мазмұнға көшіп жатыр. Педагогтар біліктілігін арттыру курстарында қайта даярланып, өз шеберліктерін білім беру стандарттарымен сәйкестендіруде. 

     Жаһандану заманында ұлт болашағының жарқын болуы үшін, бүгінгі балаларды ертеңгі өз-өздеріне сенімді, қиын жағдаяттан шыға алатын, өз-өздерін жетілдіре алатын, бәсекеге қабілетті тұлға етіп даярлау қажеттілігі туындады. Мұғалімнің міндеті оқу барысында бәрін қолжетімді түрде түсіндіріп беріп қана қоймай, оқушының бойында сыни тұрғыдан ойлау, тәжірибеде білімін қолдана білу сынды кең ауқымды дағдыларды қалыптастыру болып табылады.

    Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімінің алдында тілдік дағдыларын қалыптастыру міндеті тұр. Оқушылардың тілдік дағдыларын дамыту арқылы қазақ тілін қадірлейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру, сонымен қатар, тіл нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білуге, еркін сөйлесуге және сауатты жазуға үйрету іске асырылады. Орыс тілді мектептердегі «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің оқу мазмұны 5 бөлімге бөлінеді. Бөлімдерді құрайтын бөлімшелер сыныптар бойынша күтілетін нәтижелер түрінде тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым, тілдік бағдар атты оқу мақсаттарынан тұрады.
    Функционалды сауаттылық пен коммуникативті дағдыларды қалыптастыруда оқылым дағдысын жүзеге асыру кезінде тиімді әдіс-тәсілдердің мол екенін ажыраттым. Сол әдістер арқылы тіл үйренуші қажетті ақпаратпен танысып, оны өзінің тәжірибесінде пайдалануды негізге алатынын, оқылым арқылы тіл үйренушінің танымы кеңейетінін, ойлау жүйесі дамитынын түсіндім. Оқылымға негізделген сабақтарды тиімді құру сын тұрғысынан ойлауға мүмкіндік береді. Сабақта белгілі бір оқыту мақсатын қоя отырып, мұғалім оқушыларды мақсатқа жетуге, мәселені анықтауға, талқылауға, жауап іздеуге, қорытынды жасауға, өз ойын білдіруге және ашық қоғамның азаматы болуға үйретеді және осы үрдісті тиімді әдіс-тәсілдермен жүзеге асыруға болады. Олардың ішінде ұстаздар қауымы арасында үлкен қызығушылыққа ие болған «SWOT» әдісі, РАФТ әдісі, ДЖИГСО, «Инсерт» әдісі, «Кластер» әдісі, «Фишбоун» әдісі, «Өрмекші» әдісі, «Үштік» әдіс, «Эссе» немесе «Еркін әнгіме» әдісі, «Кейс-стади» әдісі, «Графикалық органайзер», «Оқиға картасы», «Ақпараттағы олқылықтар», «Піспеген модель» т.б.
     Берілген мәтіннен қажетті ақпаратты алу, мәтіннің мазмұнын түсіну, мәтіннен негізгі және қосымша ақпаратты тапқызу, алынған ақпаратты іріктеу, алынған ақпаратты ары қарай қолдану, мәтінге анализ жасату мақсатында мен өзімнің іс-тәжірибемде қолданатын кейбір әдіс-тәсілдер қатарын ұсынамын.
   
   * SWOT талдауы
    Бұл әдіс оқылым әрекеті кезінде не сабақты қорытындылау барысында және кері байланыс беруде қолданылады. Бұл әдісті қолдану барысында оқушылар мәселенің жағымды, жағымсыз жақтарына сараптама береді, сол көтерілген мүмкіндіктері бағаланып, қауіп-қатерлері туралы нақты дәлелдер келтіріледі. Оқушылар топ болып, постер арқылы қорғайды. Бұл тәсілдің тиімділігі сол: белгілі бір мәселе жан-жақты талқыланып, мәселе түсіндіріледі, сыни тұғыдан қарастырылады.

     *ДЖИГСО  әдісі
      ДЖИГСО - ұжымдық оқыту әдісі, жалпы мәселені алдымен жұпта не бастапқы топта, сосын ұжымда талқылау. Бұл әдісті жиі қолданатын себебім: бір тапсырма арқылы тиімді оқылым әрекеті жүзеге асады, соңынан тыңдалым, айтылым әрекеттері жүреді. Сынып 4 топқа бөлініп отырады – бұл жұмыс немесе бастапқы топтар деп аталады. Мәтін немесе тапсырма 4 бөлікке бөлініп дайындалады. Бірдей мәтін бөлігін алған оқушылар енді эксперт немесе жанұя топтарын құрады, яғни эксперт топтар басқа топ құрады, мәтіннің бірдей бөліктерін талдайды. Оқылым әрекеті кезінде оқушы мен оқушы арасында ақпарат алмасуы жүзеге асып, бірлескен оқу, өзара бірін-бірі оқыту әрекеті жүреді.
     
     * «Ақпараттағы олқылықтар» әдісі
      Бұл әдіс мен үшін оқушылардың логикалық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Оқылатын мәтіннің ішінен сөз қалып қалса, сол сөзді анықтап, тиісті  орнына қойғызамын. Мәтінді бірнеше бөлікке бөліп,  сыныптың ішіне іліп қоямын не жасырамын. Оқушылар қалып қалған бөлікті тауып, тиісті орнына қою керек болады.

     *«Эмоция кестесі» әдісі
      Бұл әдіс мәтінмен жұмыс кезінде жүзеге асады. Оқылған мәтін кейіпкерінің бастан өткен оқиғаларына байланысты көңіл күй кестесін сызып, топпен қорғауға болады. Не болмаса, оқырман ретінде мәтіннен алған эмоцияларының кестесін суреттеуге болады. Соңынан оқушылар тарапынан әр эмоцияға негіздеу түсінігі беріледі.
      Бұл әдістердің барлығы әрі топтық, әрі жұптық, жекелеме де жүргізіледі.
     Әдеби шығармаларды оқытуда оқушының уәжедемесін, белсенділігін туғызуда ойын технологиясының өте тиімді екенін тәжірибе барысы дәлелдеді. Өйткені, ойын кезінде оқылым әрекетінен кейін қабылданған ақпаратты талқылау барысында қозғалуға, сөйлесуге, шығармашылығын танытуға, өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік береді. Оқылым әрекетін жүзеге асырғанда менің де, оқушыларымның да сүйікті белсенді әдістері осы ойын технологиясын қолдану болып табылады. Әдеби шығарманы немесе шағын мәтінді оқу кезінде мен мына ойын түрлерін жиі қолданамын:
    1. «Кім көп оқыды?» ойыны. Оқушы білімін тексеру, жылдамдығын дамыту, сөйлеу дағдысын қалыптастыру мақсатында бұл ойын өте тиімді. Карточкаға шығарма бойынша сұрақтар жазамын. Топ мүшелері шығарма бойынша неғұрлым көп сұраққа жауап берсе, сол топ жеңіске жетеді.
    2. «Ойлан, тап» ойыны. Мен шығармадан бірнеше үзінділерді жазамын. Оқушыларым оның қай шығарманың қай тұсынан екенін, немесе  қай кейіпкерге тиесілі екенін табуы керек.
   3. «Тізбек» ойыны. Екі командаға шығарманың мазмұнын тізбекті түрде айтып шығуды тапсырамын. Шығарма мазмұнын сақтай отырып, тез айтып шыққан команда жеңіске жетеді.
    4. «Анықтама бюросы» ойыны. Қатысушылар мәтіндерді қарап шығып, туристерге керек ақпаратты айтып беру керек. Ақпарат әртүрлі болуы мүмкін. Қала туралы, дәріхана туралы, мұражайлар туралы. Ол тақырыпқа, сабақ мақсатына қарап өзгеріп отырады.
   5. «Тілдің білгіштері» ойыны. Оқылған мәтінге байланысты сөздер мен сөз тіркестерін карточкаға жазып, даярлаймын. Ал оқушылар олардың аудармаларын тез айтып шығулары керек. Жылдам және дұрыс айтқан топ жеңіске жетеді.
      Қорытындылай келе, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша оқылым дағдыларын қалыптастыру кезінде төмендегі үрдістердің  тиімді түрде жүзеге асатынына педагогикалық тәжірибем барысында көзім жетті:

  • Сыныпта жағымды оқу уәжінің қалыптасуы;
  • Оқушылардың танымдық белсенділігінің артуы;
  • Оқушылардың оқу үдерісіне белсенді түрде араласуы;
  • Оқушылардың коммуникативтік қарым-қатынасқа жиі түсетіні;
  • Әр оқушының жеке дара тұлға ретінде өзін көрсете білуі.

       Оқылым дағдысы  өзге де дағдылармен әрқашан тығыз байланыста жүзеге асады. Біздер, педагогтар қауымы,  осы дағдыларды қалыптастыруда белсенді әдіc-тәсілдерді жүйелі, нақты, шынайы, қолжетімді түрде қолдана білсек, оқу үрдісін тиімді етуге кең мүмкіндік беріп, оқушылардың биік жетістіктерге қол жеткізуіне дұрыс бағыт-бағдар бермекпіз.