Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Жаңартылған оқу бағдарламасы шеңберінде пәндерді оқытудағы ерекшеліктер және міндеттер

Жаңартылған оқу бағдарламасы шеңберінде пәндерді оқытудағы ерекшеліктер және міндеттер

 Ниязбаева Динара Амангелдіқызы, «Көкпекті орта мектебі» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Көкпекті ауданы

      «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға /қазақ жанына/ үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады,»  -деп қазақ мектебі, оның болмысы туралы біртуар қазақтың ұлы Мағжан ақын қандай көрегендікпен айтып кеткен еді. «Баланы өз күшіне сендіртіп үйрету керек» деген де ақын Мағжан. Мағжанның өміршең сөздерінің Қазақстанның XXI  ғасырдағы білім саласындағы болып жатқан өзгерістерге де тікелей қатысы бар.

      Себебі, «Қазақстанның орта мектептеріндегі оқыту әлі де тиісті дәрежеде тиімді болмай отыр. TIMSS және PISA зерттеулері нәтижесінде алынған деректер Қазақстандағы жалпы орта білім беру жүйесінің теориялық білім беру, оқушылардың ақпаратты есте сақтау, табу және зерделей білуін қамтамасыз ету деңгейінде жеткілікті дәрежеде тиімді екенін көрсетті. Дегенмен, бұл жүйе оқушылардың жоғары деңгейлі ойлау дағдыларын игеру және қолдану мүмкіндіктерін, мәселен, математикалық білімін тәжірибеде қолдану және математикалық ойлауын дамыту немесе оқылым барысында мәтінді талдау және бағалау сияқты мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін салыстырмалы түрде әлсіз болып табылады. Орта мектепке арналған оқу бағдарламасының ғылыми сипаты басым және тым ауқымды болуы тиімді оқытудағы негізгі кедергі болып табылады» деген еді өзінің зерттеуінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының аналитигі Михайло Милованович. (Ұлттық білім беру саясатына шолу: Қазақстандағы орта білім, (М.Милованович, 2014) ) [1]

      Иә, XXI ғасырда білім берудің мақсаты мен міндеттері өзгеру үстінде, өйткені алынған білімді оқушыға жүк етіп артудың орнына педагог міндеті оқушыны сол жүкті өзі тауып алатындай құралмен жарақтандырудан тұрады.
         Оқушыға ұсынылатын барлық «құрал-жабдықтар»  оның құзыреттіліктер қоржыны – оқи білуінде  жатыр.
       «Оқи білу» анықтамасы білім алу жолында еңбектену мен мақсатқа ұмтылу дегенді білдіреді. Адамдар өз оқуын уақытты тиімді жоспарлау көмегімен және жеке немесе топ жұмыстарында басқару арқылы ұйымдастыра білуі қажет.  Өзінің оқу үдерісіндегі қажеттілігін түсіну, мүмкіншіліктерін анықтау, оқуда жетістікке жету үшін кедергілерден жол табу – білім алудағы оқушыға қажет құзыреттілік. Бұл дегеніміз жаңа білім мен дағдыларды талдау, жинақтау, қажетке жарату, сонымен қатар алға талпыну. Оқи білу оқушыларға өмірден алған  тәжірибесі мен алынған білімге сүйене отырып, әртүрлі жағдайларда: үйде, жұмыста, білім беру мен тәрбиеде алған білім-білікті қолдана алу құзыреттіліктерінен көрінеді. Жеке бас құзыреттіліктерінің шешушісі ішкі уәж бен сенім (сенімділік) болып табылады.
       Бұл ретте білім алу жеке жұмыс немесе мансапқа жету мақсатын басшылыққа алады, ол өз кезегінде адам бойында білім, құзырет, қажетті дағды мен біліктіліктерді қажет етеді.
     Барлық жағдайда жеке тұлғаның оқуды үйренуі оның оқу стратегияларын білу және түсіну, өзінің мықты және әлсіз жақтарын шамалау, тәрбие мен білім алуда ізденушілікке дайын болуын жетілдіреді. Оқи білу, алдымен, оқудың негізгі басымдықтары: сауаттылық, ойша есептеу және логикалық тұжырым жасау сияқты ең қажетті дағдыларын меңгеруге бағыттайды. Осы дағдыларды жетілдіре отырып, білім алушы жаңа білім мен дағдыларды табу, меңгеру, қорытындылау және салғастыруға дайын болуы қажет.
      Бұл оқу үдерісін тиімді басқару, жұмыс барысын жобалау, өз білімін үздіксіз жетілдіру, ұзақ уақытқа оқу мақсаты мен міндеттерін назарда ұстап, сыни ойлануды талап етеді.
     Қазақстандық білім берудің  стандарттары құзыреттілік тәсіліне негізделген, соған сәйкес оқу бағдарламаларының құрылымы өзгерді: міндетті меңгерілуі тиіс белгіленген оқу материалынан емес, күтілетін нәтижеге қарай әрекет ету мақсат етіліп отыр.
     Жалпы білім беретін пәндер мазмұнына енгізілген өзгерістің бірі – пән мазмұнына байланысты мақсаттар бірлігі.  Әр сыныптың жас ерекшелігіне қарай оқу мақсаттары түрленіп, күрделеніп  отырады. Бағдарлама спиральділікке жүгінетіндіктен, оқушылардың бастауыштан алған білімі, білігі, дағдысының ауқымы жылдан-жылға кеңейе бастайды. Белгілі бір тақырыптар, проблемалар туралы көзқарас қалыптасып, соған байланысты тұжырым жасауға, оны жан-жақты қарастыру, проблемаларды шешу жолдарына байланысты сыни ойлауы жетіледі.
         Жаңартылған оқу мазмұны шеңберінде мұғалімдердің пәнді меңгертуде қажетті тәсілдері сараланған. Олар:
       

 1. Зерттеушілік тәсіл:
       - оқу процесінің барлық кезеңдеріне ғылыми зерттеулердің жалпы және жеке әдістерін енгізуді (қабылдаудан практикада қолдануға дейін);
       - шығармашылық-ізденіс қызметтерін оқу және оқудан тыс уақытта ұйымдастыруды жобалайды.
     

2. Орта білім берудің құндылықтары «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының құндылықтарына негізделген. Орта білім берудің құндылықтары ретінде:
      1) қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік;
      2) құрмет;
      3) ынтымақтастық;
      4) еңбек пен шығармашылық;
      5) ашықтық;
      6) өмір бойы білім алу  белгіленді.
   

3. Тұлғаға бағытталған тәсілдің мақсаты оқу процесін дараландыру, оның жеке психикалық және дене бітімі ерекшеліктерін,  қажеттіліктері мен мінез-құлық уәждерінің  әлеуетті мүмкіндіктерін ескере отырып білім алушыны тұлға ретінде үйлесімді қалыптастыру және жан-жақты дамыту, оның шығармашылық қабілеттерін толық ашу болып табылады.

4. Іс-әрекеттік тәсілдің негізгі мазмұнында білім алушының білімді дайын күйінде алмай, оны өзі өндіруі, өзінің оқу әрекетінің мазмұны мен түрлерін ұғынатыны, оның ережелер жүйесін түсінуі мен қабылдауы жатыр, бұл өз кезегінде оның білімінің, біліктерінің және кең ауқымды дағдыларының белсенді әрі табысты қалыптасуына  ықпал етеді.

5. Саралап оқыту тәсілі – білім алушылардың әртүрлі топтары үшін оқу процесін мамандандыруды, білім алушылардың ерекшеліктерін есепке алу мақсатында әртүрлі топтар үшін әртүрлі оқыту жағдайларын жобалайды.

6. Құзыреттілік тәсілдің мақсаты дәстүрлі емес және типтік жағдаяттарда шешім қабылдау және іс-әрекет жасау, өз мақсатын анықтай алу дағдыларын меңгеру болып табылады.

7. Жүйелі-әрекеттік тәсілі-өз бетімен оқу, өздігінен даму, өздік ұйымдастыру режимінде оқу процесін ұйымдастыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

8. Коммуникативтік тәсілдің нәтижесі тілдік және сөйлеу нормаларын дұрыс пайдалана және коммуникативтік әрекетті дұрыс таңдай отырып, қарым-қатынасқа қатысушы басқа адаммен өзара әрекет ету процесінде тіл арқылы қарым-қатынасты жүзеге асыру қабілеттілігі болып табылады.

9. Интегративтік тәсілге көптеген белсенді қозғалыс түрлері жатады: сергіту сәттері, театрландырылған ойындар, қозғалыс үзілістері (кідіріс).

10.Оқыту әдісі ретінде ойын түрлерін қолдану білім алушылардың танымдық қызығушылық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.

11.Жобалау әдісінің элементтерін қолдану арқылы білім алушылар  алға қойған проблеманы шешудің өзіндік жолдарын іздеп табады.

12. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану.

        Білім алушылар өздерінің АКТ бойынша дағдыларын білім алу процесіндегі барлық оқу пәндері арқылы дамытады, яғни ақпаратты табу, құру, мәліметтермен, идеялармен алмаса отырып, кең спектрлі жабдықтар мен қосымшаларды пайдалану арқылы бірлесіп қызмет жасау барысында өзінің жұмысын бағалайды және жетілдіреді.

13. Кейс-стадиді қолдану барысында білім алушылар топтық сұрақ-жауап кезінде шығарылған мәселенің маңызын түсіндіріп, жағдайды бағалайды, оқиға немесе үдеріске талдау жасайды, өзіндік шешу жолдарын көрсетеді.

14. Дамыта оқытудың мақсаты білім алушының күнделікті өмірге тәуелсіз, сонымен қатар ақиқатты іздей отырып, өзіндік оқуы арқылы білім алуға қол жеткізуі.

15. Модульдік оқыту – оқу ақпаратын блокты – модуль негізінде беру арқылы оқу процесін ұйымдастыру тәсілі. Оқу мазмұны ақпаратты блоктарда беріледі де меңгеру мақсатқа сәйкес жүзеге асырылады.

16. Проблемалық оқыту шығармашылық тәжірибесінің молаюына, зерттеушілік әдістерді меңгеруіне, практикалық проблемаларды шешуге мүмкіндік береді.

17.Дербес оқу – оқу-тәрбие процесін дараландыруға, білім алушылардың жеке ерекшелігін ескеріп оқыту мен тәрбиелеуге, өзіндік танымдық іс-әрекеті тәжірибесін қалыптастыруға, өзіндік білімін көтеруге дайын болуы мен қажетсінуіне, білім алушылардың ұйымшылдығын, дербестігін тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

18. Көркем-эстетикалық циклі пәндері бойынша оқу процесін ұйымдастыру барысында көркем-технологиялық тәсіл қолданылады. [2]

     Аталған тәсілдер оқу үдерісі бойында жеңілден ауырға, қарапайымнан күрделіге қарай жылжуды жүзеге асырады. Әр тәсілге сай сабақ құрылымын жоспарлау мұғалімнен шеберлікті, аналитикалық ойлауды, ең бастысы-оқушы нені біліп, нені меңгеріп, қалай меңгеріп жатқандығын бақылауда ұстауды қажет етеді.
      Сонымен қатар әр пәннің өзінің жеке сөйлеу стилі бар, оны нақты пәннің «академиялық тілі» деп атауға болады. Академиялық тіл пән мазмұнын меңгеру, ойлау және осы пәнде қолданылатын ұғымдармен жұмыс істеу қабілетін жақсартуға арналған басты құрал болып табылады.
        Академиялық тілді дамыту тұрақты назар аударуды талап етеді. Оқушылардың академиялық  тіл мен пән мазмұнын толық игеруі үшін білім алу үдерісінде үнемі қолдау көрсетілуі қажет.
      Оқушылардың өздерінен қандай нәтиже күтілетінін түсінуі тілдік мақсаттардың анық құрылуына байланысты. Сондай-ақ, тілдік мақсаттар мұғалімдерге оқушылардың оқуға деген уәжін арттырып, оларды бағамдауға және қолдауға көмектеседі. Пән мұғалімдері оқушылардың пән мазмұнын меңгеріп, академиялық тілді дамытуына қолдау көрсетеді.  [1]
     
Қазақстандық мұғалімдерге жүктеліп отырған міндет ауыр. Бұл міндет салғырттықты, жауапсыздықты кешірмейді. Әр оқушының бастауыштан алған білімін жоғары сыныптарда ұластырып әкете алмай жатуы үйреншікті проблема болатын. Жаңартылған оқу бағдарламасы осы түйткілді мәселені шеше отырып, оқушыларымызды бүгінгі нарық қоғамында, жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болуына икемдейді деген ой түйемін.

          Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Мұғалімге арналған нұсқаулық». «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2017 жыл.
  2. «2017-2018 оқу жылында  Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында  оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» ӘНХ. - Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2017 жыл.