Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Жеке тұлғаны іс-әрекетке баулу арқылы оқу сапасын жетілдіру

Жеке тұлғаны іс-әрекетке баулу арқылы оқу сапасын жетілдіру

 Дююсова Булбул Бекешовна,  А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі, Өскемен қаласы

       Атақты педагог-ғалым В.Сухомлинский «Мұғалімдік мамандық - бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер - ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады», - деп мұғалімдік өнерге ерекше баға берсе, Ы.Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім-мектептің жүрегі» деген.  Егеменді елімізде болып жатқан өзгерістер мектеп жұмысына елеулі жаңалықтар әкеліп отырғаны даусыз.Демек оқушыларға жүйелі білім, саналы тәрбие беру ісін жаңа талап тұрғысынан қарап, оқыту тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыруға міндеттіміз. Өйткені, Президентіміз Н.Ә. Назарбаев «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында» деп, бізге сенімін жеткізіп отыр.

 

        «Мен шәкірттерімді ешқашан да үйретпеймін, мен тек олардың үйренуіне тиімді жағдайлар жасауға тырысамын» деген екен  А.Эйнштейн. Әр сабақта жағымды атмосфера орнатуға ұмтылу - жақсылық пен ізгілік нышаны. Әр оқушыға сенім артып «Білесің! Біліп отырсың! Сенің қолыңнан бәрі келеді!, Саған сенемін!» деген сөздер олардың білімге деген  ынтасы мен ыждахатын шарықтатады. Қарым-қатынаста қысымнан бас тартып, «жұмсақ» әдістерді қолдану. Мұғалім оқу процесі барысында әрбір оқушыны, топтың жұмысын, оның нәтижелерін қуаттап, қолдап, қолпаштап, олардың нәтижелеріне шын көңілден қуанып отыруы керек.
       Мұғалімнің рөлі ол үйрену процесінде оқушыларға серік болып бірге жұмыс жасап, оларға сеніммен қарап өз ойын, ақылын көрсете сөйлеу, қолдау көрсету. Бүкіл қайнаған істің ортасында білім алу ісін ұйымдастырушы деуге болады.
       Бүгінгі таңда жас ұрпаққа пәнді тиімді ұғындырудың бірі жаңа технология негіздері болып табылады.

       Педагогикалық технология-педагогикалық іскерліктердің жетістігіне жеткізетін ғылыми жобалау және нақты өндіру.Оқыту технологиясы сабақ беру әдістемесімен салыстырғанда, оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастыру тәсілдері мен мазмұнын өндіруді көрсетеді.
       Осы жерде айта кететін бір жағдай мұғалімдердің қысқа мерзімдік жоспарларын тексерген кезде әр мұғалімнің қандай деңгейде сабақ беретінін көруге болады. Кейбір мұғалімдер интернеттен алып өзгеріссіз қолдануда, кейбіреулері өзінің алдында отырған оқушыларға лайықтап өзгетулер енгізген. Негізі сабақ жоспары сіз алған кері байланысқа лайықталып, мақсатты орындауға негізделіп, сол мақсатты орындауға немен, қалай жетесіз, 40 минут уақытты қалай бөлесіз, оқушының іс-әрекетін қалай ұйымдастырасыз, өзіңіз не істейсіз, қалай бағалайсыз, оқушылардың сабақты толық, қандай деңгейде түсінгенін қандай әдіспен біле аласыз, міне, осы бағытта жазылу керек. Тоқсандық бақылау жұмыстары сіз алған бөлім бойынша тексерудің нәтижесімен сіз қалай жұмыс істедіңіз, осыған байланысты. Қатемен жұмыс кезінде әр оқушыға күнделік бастап, апта сайын мониторинг жүргізу арқылы деңгейін бақылау, ал осыған дейін оқушының жеке бас ерекшеліктерін есепке алу, зерттеу оқу жұмысын сыныпішілік даралау тұрғысынан  қарастыру, оқушының  бойындағы қасиеттер жиынтығын, оның табиғи қабілеттерін анықтау керек. Бұл қабілетті оқушылар үшін де, қабылдауы төмен оқушылар үшін де өте қажет. Ол үшін мыналарға басты назар аударған абзал:
       - оқушының ақыл-ойының даму деңгейіне;
       - меңгеру шапшаңдығына;
       - қабылдау деңгейіне;
       - зейін тұрақтылығына;
       - талантына;
       - таным деңгейіне;
       - қызығуына;

       - талап-тілегіне;
       - ынта-ықыласына;
       - ерік-жігеріне.
       Ғалым-педагог Л.Занков «Оқыту оқушының жалпы рухани дамуын қамтамасыз етуі қажет» деп айтса, көрнекті психолог Л.Выготский Жақсы оқыту деп, ол баланың дамуынан ілгері жүретін, оны жетекке алатын оқытуды айтады» деп тұжырымдаған. Екі тұжырымдамадан мынадай қорытынды шығаруға болады: «Дамыта оқыту педагогикалық, психологиялық ерекшеліктерді ескере отырып, қабілеті жоғары, зейін тұрақты, өз ойын дұрыс қорытып айта алатын өзіндік ізденісі жан-жақты, оқушыға ғана  тән қасиет».
       Даралап оқытуда көптеген жетістіктерге жетуге болатынын білеміз. Дегенмен, даралап оқытудың өзіндік құнды ерекшеліктері мен талаптары бар екенін  есте ұстау қажет:
       - жас ерекшеліктерін ескере отырып денсаулығына зиян келтірмеу;

       - оқу бағдарламасынан тыс күнделікті тапсырма беру және оны тексеру;
       - психологиялық-физиологиялық ерекшеліктерін назардан тыс қалдырмау;
       - ақыл-ойын, қиялын, зейінін қалыптастыратын тапсырмалармен жұмыс жасай отырып одан әрі дамыту.
       1. Оқушыны танымдық іс-әрекетке қосу - жаңа қабілеттілікті қалыптастыру құралы.
       2. Оқу үрдісіне қатысушылардың қызмет жүйесінің өзгеруі, жаңа жағдайда мұғалім-оқу үрдісін басқарушы-ұйымдастырушы, ал оқушы-субъект, іс-әрекет иесі.
       3. Оқу үрдісінде оқушы бойында теориялық білім қалануға басты көңіл бөлінеді.
       4. Мұғалім-оқушы қарым-қатынасы әріптестік сипат алады.
       Осы негізде құрылған сабақ білімнің базалық негізін құрайды. Білім сапасын арттыруда ең бастысы мұғалімнің мақсатты дұрыс қоя білуі, қолданатын әдіс-тәсілдерді оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып қолдануына, әр түрлі оқушылар тобына оқу әрекетін ұйымдастыру үшін арнайы оқыту әдістерін және іс-әрекеттерді саралау тәсілдерін кіріктіре қолдану нәтижесін береді.

Пайдаланған әдебиеттер:
1. Сабыров Т.С.  Оқыту технологиясының негіздері. - Алматы, 1993ж.
2. Выготский Л.С. Психология
3. 2017-2018 оқу жылында ҚР жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы әдістемелік нұсқау хат