Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Тәрбиеші болу бақыт

Тәрбиеші болу бақыт

Досанова А.К., №4  «Балдәурен ясли-бақшасы» КМҚК тәрбиешісі, Семей қаласы

Менің әр күнім ерекше басталады. Неге десеңіз, мен балабақшаға барамын. Иә, иә, мен – балабақша тәрбиешісімін, өз жүрегімнің қалауымен таңдалған мамандықтың иесімін. Күн сайын балабақша ауласына кіріп келе жатып, өз-өзіме: «Айгуль Қайдарқызы, бақытты балалық шаққа қош келдіңіз!» - деп күлімдеп қана айта беремін. Бақыт деген осы емес пе, ештеңеге қарамастан жұмысқа қарай асығасыз, сізді еш күнәсіз, аңғал да сүйкімді, ойынға құмар, қуаныштан жүздері бал-бұл жайнаған бүлдіршіндер қоршап алады. Әрқайсы сізден мейірім мен ықыласты, жылулық пен қамқорлықты күтеді. Ал, сіз болсаңыз өз қиыншылықтарыңызды ұмытып, сол әлемге, бала әлеміне, тап боласыз.

 

Міне, он жылдан бері балабақшада жұмыс істеймін, оған ешқашан өкінген де емеспін. Менің сүйікті жұмыс орным - Семей қаласындағы №4 «Балдәурен» ясли-бақшасы. Балабақша қабырғасында жұмыс істей жүріп, еңбегімнің жемісі мен жетістігі жанды, тәрбиеші лауазымының екінші біліктілік санатына дейін жеттім. Мектепке дейінгі мекеме тәрбиешілеріне арналған ашық ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерін көрсеттім. Республикалық беттеріне жариялап ашық ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерін өз іс-тәжірибеммен бөлісіп тұрамын. Қалалық семинар сабақ көрсетіп, дипломмен марапатталып, ата-аналардан көптеген мақтау қағаздарын, алғысын алдым. Осының өзі мен үшін бақыт. Оқу-әдістемелік жұмыс бойынша да келесідей бір қатар әдістемелік құралдарды әзірледім:

- Ортаңғы топ бойынша «Этнография» атты арнайы курсы, 2008 жыл;

- Ортаңғы топ бойынша «Тіл ұстарту» «Сенің түсті әлемін» атты арнайы курсы даярланды 2009 жыл;

- «Көркем әдебиет хрестоматиясы» мектепке дейінгі бірінші кіші, екінші кіші ортаңғы және ересектер тобына арналған жана құрал 2013 жыл;

Мен қазір ортаыңғы топ балаларын тәрбиелеу ісімен айналысамын. Олар маған кіп-кішкентай, бейне бір нәзік гүлдей келіп еді, ал, қазір сол нәзік гүлдерім күннен күнге жайнап, жайқалып, менің көз алдымда өсіп келеді. Мен сол гүлдерімнің бағбаны тәріздімін, оларға өзімнің шуағымды төгіп, махаббатымды сыйлаймын. Менің оларға, олардың маған қажетті екендерін біліп бақыттымын, соны мақтан тұтамын.

Балабақша - барлық тәрбиенің бастауы, оның басты қызметі - бала тұлғасын қалыптастыру мен дамыту екені белгілі. Сол жас ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі басты тұлға – тәрбиеші. Олай болса, әрбір тәрбиеші В.А.Сухомлинскийдің «...нағыз тәрбиеші болу үшін, балаларға шын жүрегіңмен беріле қара» деген сөзін әрқашанда жадында берік ұстауы тиіс деп ойлаймын. Балабақша жұмысының мазмұны күн тәртібінің барлық сәттерінде бала өмірін дұрыс ұйымдастырып, шебер басқара білуге байланысты.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға қойылатын нормалар мен талаптар жүйесін мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқытудың мемлекеттік стандарты белгілейді. Мемлекеттік стандарттың негізгі міндеттері ретінде мыналар қарастырылған:

-  баланың өмірін сақтау және денсаулығын нығайту, толыққанды дене бітімін дамыту, Қазақстан Республикасы халықтарының ұлттық дәстүрі негізінде салауатты өмір салты құндылығын қалыптастыру;

-  баланың сөйлеуін және ана тілін, қарым-қатынас мәдениетін дамыту;

-  мектеп жасына дейінгі балалардың адамгершілік құндылық бағдарын адамның оң мінез-құлқы, нормасы, тәртіптік ережесі, қазақстандық қоғамда қалыптасқан халықтық салт-дәстүр үлгісінде қалыптастыру;

-  өз Отаны мен туған өлкесіне сүйіспеншілігін, мемлекеттік рәміздерге құрметпен, қоршаған орта, отбасы, түрлі ұлт өкілдеріне адамгершілікпен қарауға тәрбиелеу;

-  балада қоршаған дүние, өзі және әлеуметтік ортасы туралы алғашқы түсініктің тұтас бейнесін қалыптастыру.

Міне, осы міндеттерді шешуде мектепке дейінгі мекеме тәрбиешілері біршама тың істерді абыроймен атқаруда. Адамгершіліктің ең биік сатысы – бейбіт өмір сүру, адамдар арасындағы өзара түсіністік, өзара келісім, өзара сыйластықтың аса маңызды екенін бала балабақшада тәрбиешінің аузынан естиді, үйренеді. Тәрбиеші сүйіспеншілік, мейірбандық, адалдық, әдептілік, бауырмалдық, достық, жауапкершілік сияқты адамгершілік құндылықтарды негізге ала отырып, баланың басқалармен қарым-қатынасындағы адамгершілік әдеттерді меңгеруіне күш-жігерін салады. Сөйтіп, балаларда адамгершілік негіздері қаланып, әдептілік ережелері меңгеріледі. Мектепке дейінгі жас баланың адамгершілік сезімдерін дамытуға ең қолайлы кезең болып табылады. Сондықтан өз жұмысыма рухани-адамгершілік мұраларды енгізіп, оны жоспарлы түрде жүзеге асырып отырамын. Кез келген балабақша оның ауласы арқылы танылады. Ал, біздің топтың ауласы - біздің ең жақсы көретін, асыр салып ойнайтын жеріміз. Біздің топтың учаскесі - қыста да, жазда да әдемі. Әсіресе, жаз кезінде ерекше, барлық құрал-жабдықтар мен ойыншықтар түрлі түсті түске боялып, гүлзарлардағы гүлдер құлпырып, жұпар аңқиды. Міне, осы сәтте балаларды гүлдерді, бақша өсімдіктерін күтіп баптауға, ауламызды таза ұстауға, жәндіктер мен құстардың тіршілігін бақылауға үйретемін. Ал, біраз шаршап қалсақ, әдемі гүлдер туралы сыр шертемін, табиғатты қорғау керектігі жайлы шынайы өмірден мысалдар келтіре айтамын. Өйткені бала әсемдіктен әсер ала біліп, әрқашан сұлулыққа, жақсылыққа ұмтыла білуі керек қой. Балаларды оқыту мен тәрбиелеу ісінде денсаулық сақтау технологияларын қолдану қазіргі балабақшалардың ең маңызды міндеті болуы тиіс. Балабақшадағы күн тәртібінің барлық сәтін баланың денсаулығын сақтауға көмектесетіндей етіп ұйымдастыруға тырысамын. Ол үшін денешынықтыру жаттығулары, гигиеналық және сауықтыру шаралары, бой сергіту жаттығулары, қозғалмалы ойындарды пайдаланудың маңызы зор. Осы шаралар арқылы балалардың жұмыс істеу қабілеттері мен белсенділіктері арта түседі. Үлкен азамат болып өскісі келмейтін бала жоқ. Менің тобымның бүлдіршіндері де денешынықтыру жаттығуларын құлшына, бір кісідей орындайды, ал музыкалық сүйемелдеумен жасалған жаттығуымыз тым ерекше өтеді.

Бала тәрбиесі ең алдымен, аға ұрпақтың жас жеткіншекке деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығынан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан адамгершілік ізгі қасиеттердің жиынтығынан туындайды. Атадан балаға ұласатын ұлттық құндылықтар үлкендердің әңгімесінен, іс-қимылынан танылып, сезім арқылы жүректен жүрекке беріліп отырған. Қазақ ағартушысы М.Жұмабаев «...Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» деген. Сондықтан бала санасына осы ұлттық ұлағатты қасиеттерді сіңіре біліп, қазақ халқының дәстүрлерін кеңінен пайдаланып, тәрбие ісіне арқау етемін. Біздің топтың балалары Наурыз мейрамын асыға күтеді. Алдымен балаларға Наурыз мейрамы туралы мағлұмат беремін, Наурыз мейрамының тарихы туралы әңгімелеймін. Одан кейін ата-аналармен бірігіп, түрлі қызықты сайыстар, ойындар, ұлттық тағамдар дайындаймыз. Сөйтіп, балалар осы жылы тойланған мейрамнан алған әсерлерін келесі мейрамға дейін айтып тауыса алмайды. Балалар топқа келген қонақтармен және де бір-бірімен амандасуды, қоштасуды, ізеттілік көрсетуді, алғыс айтуды жақсы меңгергендігін де айта кетуге болады. Ұйымдастырылған оқу іс- әрекеттері барысында мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертегілер, нақыл және тыйым сөздерді кеңінен қолданамын. Өнегелі сөздерді түсіндіре отырып, жатқа айтқызамын. Осындай ұлағатты сөздер балаларды шешендікке, адамгершілікке тәрбиелейді, ұлттық мақтаныш сезімін оятады және ана тілін үйренуге талпындырады. Мысалы, «Күз кереметі» тақырыбы бойынша бірнеше міндеттерді шешуге болады. Осы тақырып арқылы балаларды қоршаған ортаны аялауға, еңбекқорлыққа, үлкендердің еңбегін бағалай білуге тәрбиелей отырып, ауызекі сөйлеуі мен логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға болады. Мәселен, «Күзде аянбай еңбек етсең, қыста қысылмайсың» - деген сөйлемді түсіндіремін. Күздегі үлкендердің еңбегі туралы әңгімені бірлесе құрастыруға болады. Балалар тақырыпқа байланысты жұмбақтарды шешуді де өте ұнатады. «Ас атасы - нан» мақалын, «Нанды жерге тастама», «Нан үстіне басқа зат қойма», «Нанды бір қолыңмен үзбе» деген тыйым сөздерді пайдаланып, олардың мазмұнын түсіндіремін.

Балаларды «Шаттық шеңберіне» тұрғызып, бір-біріне тілек, мақтау сөздерді, мейірімді сөздерді аямай айтуды күнделікті жүргізу де еш артықтық жасамайды. Бұл балалардың тілін, достарының алдында сөйлей білуін, өзін-өзі ұстауын дамытады, өзара достығын, татулығын нығайтады.

Қазақ халқы ежелден жас ұрпақтың сегіз қырлы, бір сырлы болып өсуін мақсат тұтқан. Баланы жастайынан ұлттық негізге құрылған тәрбиеге алып, жан-жақты азамат болып қалыптасуына жете мән берген. Бала тұлғасын дамыту, оның бойында тұлғаға тән өмірлік маңызды қасиеттер мен сапаларды қалыптастыру үшін алдыңғы кезекте тәрбиешінің өзі жан-жақты, білікті маман болуы қажет. Әсіресе, бүгінгі күрделі кезеңде тәрбиешілер үшін білімін жетілдіру мен тәжірибе жинақтаудың маңызы зор. Тәжірибелі, кәсіби деңгейі жоғары педагог қана балаларға үлгі болуда көздеген мақсатына жете алады.

Қорыта келе, сөзімді қазақ педагогикасының негізін салушы, сыршыл, ақиық ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың сөзімен аяқтағым келеді: «Бала ылғи іске ұмтылады. Бірақ не істеуге немесе қалай істеуді білмейді. Бала еліктегіш болғандықтан ата-анасының, тәрбиешісінің барлық істері үлгі болуға тиісті. Баланың еліктейтіні солар».