Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Болашағың жарқын болсын десең ұрпағыңды дұрыс тәрбиелеу

Болашағың жарқын болсын десең ұрпағыңды дұрыс тәрбиелеу

 Шарафутдинова Шынар Ризабековна, «Жасұлан» ясли-бақша» КМҚК тәрбиешісі, Тарбағатай ауданы

Отан отбасынан басталады демекші, бала ең алғашқы тәрбиені үйдегі ата-анасынан алады. Сол кісілер арқылы дүниені танып біледі. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің деген тағы бар. Яғни жас сәбидің қандай адам болып шығуы, ең біріншіден, тікелей ата-анасына байланысты болмақ. Сен досыңды көрсет, мен саған сенің кім екеніңді айтамын деген де нақыл сөз бар. Баланың өсуіне өзінің араласатын ортасы да қосымша әсер етеді. Жалпы бала тәрбиесі қызығы мен қиыншылығы көп, аса жоғары жауапкершілікті қажет ететін өмірлік мектеп деп те айтуға болады. Сәби дүние есігін ашқаннан бастап тұлға болып қалыптасқанға дейін бала тәрбиесіне баланың ата-анасы тікелей жауапты. Сондай-ақ баланың ес кіріп, дүние тануынан бастап, білім алуына, азамат болып қалыптасуына да ата-анасы жауапты. Бала тәрбиесі жайлы айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов өз сөзінде: -"Өтірікші қайдан шықты? Бала кезінде сіз оны ойнатып жатырмын деп, мəн бермей, алдай беретінсіз. Қолыңызда жоқ болса да, "балам бері келші, тәтті беремін",- деп өтірікті көп айттыңыз. "Қайда кеттің?"- деп есіктен жылап, шығарып салып тұрған балаңызға "қазір келемін",- деп ұзақ іс-сапарларға кете беретінсіз. Сөйтіп, баланың бойына өтірікті дарытып, қоғамда уəдесінде тұрмайтын тағы бір өтірікшінің көбеюіне үлес қостыңыз.

 

Парақор қайдан шықты? Қандайда бір жетістікке жеткен балаға сыйлық беріп, жылы сөз айтып, арқасынан қағудың артықтығы жоқ. Бірақ, сіз балаңызға көбінесе сыйлықты келісім шартпен алуды үйреттіңіз. Мəселен, "балам сабақты жақсы оқысаң, велосипед алып беремін немесе қоқысты төгіп келсең, кəмпит беремін",- деген сөздерді айту арқылы қоғамда сыйақы алмаса өнімді жұмыс жасамайтын тағы бір парақорды дайындадыңыз. Мейірімсіз қайдан шықты? Балаңыздың қолына сүйікті нəрсесін алып беріп, "енді əкең жақсы ма, анаң жақсы ма",- деген сұрақты қою арқылы екеуін тең жақсы көретін баланың психологиясын қақ айырдыңыз. Сол сəтте керегін алып сізге іші жылып тұрған балаңыздың, "Əкем жақсы",- деген сөзін естіп, мəз болғаныңызбен, ертең дүниесі бар адаммен жылы сөйлесіп, дүниесі жоқ адаммен қол алыспайтын, дүниеқоңыз, мейірімсіз адамды тəрбилеп жатқаныңызды түсінбедіңіз. Ғайбатшыл, өсекші қайдан шықты? Жылап жатқан балаңыз жылағанын қойсын деп "менің балам жыламайды, жылай беретін көршінің баласы Сəкен ғой, ол қашан көрсең еңіреп отырады",- деп бөтен адамның сыртынан ой қалыптастыруды үйреттіңіз. Немесе, туған туыстар жиналып отырған сəтте балаңызды шақырып алып, "қане балам Мұрат қалай қорылдайды, Айгүл қалай жүреді көрсетші",- деп өзгелерді əжуалап, мазақтауды бойына сіңіріп, болашаққа ғайбатшыл бір адамды даярлап бердіңіз.

Боқауыз қайдан шықты? Мектепте бірге оқыған класстасыңызды, əскерде бірге болған служагыңызды т.б əзіліңізді көтеретін достарыңызды кішкентай балаңызға боқтатып, қарқ-қарқ күліп, тілі тəп-тəтті нəрестеңіздің бейəдеп сөзді былдырлап айтқанын қызықтадыңыздар. Сөйтіп болашақта аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан, ашуы қысса ата-анасын да боқтап, ақылынан аузы бұрын сөйлейтін санасыз балалардың қатарын көбейттіңіз.
Өмірдегі үлкен қателіктердің барлығы - ұсақ дүниелерден басталатынын ұмытпаңыздар, құрметті ата-аналар!" - деп өзінің философиялық ойын білдірген еді.

Оқыту - тәрбиелеудің қуатты органы, бұл органды пайдалана білмеген тәрбиеші шәкірттерге әсер етудің ең басты және қажетті құралынан айырылады демекші, баланы оқыту, аюды намазға үйретумен тең десе артық болмас. Баланы еркелетіп, өнерге, білімге, спортқа баулып өсірген жөн. Ал балаға ұрысып айқайлаудың қажеті жоқ, шамаңыз келгенінше ақылмен түсіндіру абзал дейді психолог мамандар. Осы тұста Қазақта: «Бес жасқа дейін балаңды — патшаңдай көр, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, одан кейін досыңдай сырлас» деген сөз бар. Ал біз баланы қалай тәрбиелеп жүрміз? Соңғы уақыттардағы балалардың бір-бірін аяусыз соққыға жығуы, қала берсе өлтіруге дейін баруы, өз-өзіне қол жұмсауының астарында не жатыр? Мүмкін осыған ата-ананың қит етсе «бажылдауы», ақыл тоқтатпаған балаға кішкентай қателігі үшін аузын аштырмай дүрсе қоя беруінің де әсері бар шығар деген пікірлер де кездесіп жатады. Бала - әке-шешенің перзенті, ұрпағы. Жыныс ерекшелігіне қарай ұл, қыз, жас шамасына қарай: нәресте, сәби, бөбек, балдырған, жеткіншек, жасөспірім болып жіктеледі. Ұл қыздың жарық дүниеге келген сәтінен бастап кәмелетке толғанға дейінгі кезеңі бала ұғымына сыйады. Болашағың жарқын болсын десең ұрпағыңды дұрыс тәрбиеле. Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүретінін ұмытпа.