Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Мектепке дейінгі балаларда патриоттық тәрбиенің дамуы

Мектепке дейінгі балаларда патриоттық тәрбиенің дамуы

Катпанова Галия Партизановна, 2535 әскери бөлім балабақшасының меңгерушісі, Күршім ауданы

     Қазіргі таңда өскелең ұрпақты елінің патриоты болуға тәрбиелеу өзекті мәселесі болып отыр. Мектепке дейінгі кезеңдегі балаға рухани-патриоттық тәрбие беру күрделі педагогикалық кезең болып табылады.
     Халқымызда «баланы жастан» деген дана сөз бар. Тәрбиенің бесіктен басталатынын ескерсек, ата-бабадан келе жатқан дәстүрлерді ең алдымен өзіміз түсініп, балаларға оның нәрін сіңіре білсек, болашақ ұлтжанды ұрпақ тәрбиелесек - бұл еңбегіміздің жанғаны,тәуелсіз ел болашағына қосқан үлкен үлесіміз деп білеміз. Адамзаттың асыл мұраттары қайта гүлдеп, мәдениет дәрежесі мен білімділік деңгейі қоғамның өркендеуінің басты өлшеміне айналып отырған жаңа ғасырда жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызы артып келеді.

 

     Біздің алдымызда тұрған басты міндет – тәуелсіз Қазақстанның әр жас жеткіншегінің жүрегінде Отанына, жеріне, еліне деген ыстық сезім, шынайы сүйіспеншілік ұялату. Сондықтан біз адамзаттық көзқарасы қалыптасқан, әлеуметтік белсенділігі жоғары отаншыл ұрпақ тәрбиелеп өсіруге аса көңіл бөлуіміз керек.

     Балабақшада берілетін тәрбие - барлық тәрбиенің бастамасы, әрі жан-жақты тәрбие мен дамыту ісінің түпкі негізін қалайтын орын. Бала бойындағы жақсы қасиеттер мен мүмкіндіктерді ашып, олардың өнегелі, тәрбиелі болып өсуіне балабақша ошағының тигізер әсерінің маңызы зор. Мектепке дейінгі жастағы адамгершілік-патриоттық тәрбие дегеніміз - баланың моральдық қасиеттерін белгілі бір мақсатқа бағыттап қалыптастыру. Адамгершілік сезімдерді тәрбиелеу арқылы моральдық түсініктердің, әдеттердің және мінез-құлық мотивтерінің қалыптасуы бірлесіп жүзеге асады және мектепке дейінгі балалардың адамгершілік тәрбиесін қамтамасыз етеді.
     Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілік-патриоттық сезімге тәрбиелеудің нақты міндеттері:
     - балалардың үй-ішіне, жақындарына, құрбы-достарына, жалпы адамдарға, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу;
 - адамгершілік ережелеріне сай балалардың мінез-құлқын, ұйымдасқан тәртібін, мәдениеттілігін, жақсы әдеті мен дағдысын қалыптастыру;
     - балалардың адамгершілік түсініктері мен қасиеттерін тәрбиелеу.
     Мектеп жасына дейінгі балалардың адамгершілік-патриоттық сезімге тәрбиелеу мазмұнына баланың Отанға, адамдарға деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу жатады. Ол үшін алдымен балалардың ата-анасына, үйіне, туған жеріне, оның табиғатына, өз қаласына, туған-туысқандарына, дос құрбыларына, балабақшаға деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу қажет.
     Тәрбиеші балаларда үлкендерге құрмет көрсетуді, өз қатарларымен дұрыс қарым-қатынас жасауды, заттарға ұқыпты қарауды білдіретін сан алуан мінез-құлық дағдыларын қалыптастырады. Бұлар әдет бола отырып, мінез-құлық нормасына айналады: сәлемдесу мен қоштасу, біреудің көрсеткен қызметіне рақмет айту, алған затын орнына қою, қоғамдық орындарда өзін мәдениетті ұстау, өтінішін ізеттілікпен білдіру әдеті.
     Баланың бойында адамгершілік патриоттық тәрбиені қалыптастырудың негізгі міндеттері келесі бағыттармен айқындалады:
     - ізгілік бастамасымен тәрбиелеу;
     - өз отбасына, балабақшасына, туған қаласына, көшесіне сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарау;
     - табиғатқа қамқорлықпен қарау;
     - еңбексүйгіштік, үлкендер еңбегін құрметтеу;
     - қазақ халқының салт-дәстүріне қыығушылықпен қарау;
     - мемлекеттік рәміздермен таныстыру, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

      Балаларға отансүйгіштік, азаматтық тәрбие беруде, ертеңгіліктер, ұлттық ойындар, патриоттық әндер, және тағы басқа іс-шаралардың маңызы зор.
     Егемен ел атанып, өз алдымызға дербес мемлекет болғаннан кейін жасөспірім буынға дұрыс тәрбие беру, олардың патриоттық сезімін ояту, елге қызмет етуге, мемлекеттің іргесін нығайтуға баулу, тілдің дәрежесін көтеру - біздің негізгі мақсатымыз. Сондықтан тіл тағдырына терең қарап, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретудегі талап, міндеттер балабақшамызда жақсы іске асырылуда. Қазақ халқының дәстүрімен таныстыру арқылы, еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру, балаларды тіл үйренуге, халық мәдениетін зерттеуге, адамгершілікке баулиды. «Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте», – деп Қадыр ақын жырлағандай, өз ана тілімізді жетік меңгеру, ана тілінде таза сөйлеуге үйрету, халқымызда ғасырлар бойы қалыптасып, сақталып келе жатқан наным-сенімдерін, дәстүрін, әдет-ғұрыптарын өсіп келе жатқан, жас ұрпақтың бойына сіңіру барысында, мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуда үлкен нәтиже береді.
     Қазақта «Сүтпен сіңген сүйекпен кетеді» деген мақал бар. Демек, біз балабақша табалдырығын аттаған бүлдіршін бойына қазақ тілінің қасиетін сүттей сіңіре білсек, еңбегіміздің ертеңі алда деген сөз.
     Сонымен бірге «Менің Отаным - Қазақстан», «Отаным - бақыт ордасы», «Біз Отаншыл баламыз» атты стенд жасақталып, үнемі толықтырылып отырады.
     Қорыта келе, жеке тұлғаның елжандылық сезімін қалыптастыру мәселесі мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеуде жүзеге асырылуы керек. Біздің тәрбиеміз ұрпағымызды әдепті, қайырымды, елгезек, еңбексүйгіш, адал және шыншыл, ұлтшыл, намысшыл, ел қорғаны болатын, халқына адал қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеу. Жеке тұлғаны тәрбиелеу, бала бойына өз елінің ажырамас бір бөлігі ретінде саналылықты қалыптастыру, адамгершілікті, руханилықты, патриотизмді және ұлттық мәдениетті құрметтеу сезімдерін тәрбиелеу.