Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - «Әуенді тап» (музыкалық ойын сабақ)

«Әуенді тап» (музыкалық ойын сабақ)

Камалиев Қуаныш Мошанұлы, «А.Байтұрсынов атындағы №20 орта мектеп» КММ-нің музыка пәні мұғалімі, Өскемен қаласы


Мақсаты: Оқушылардың әнге, күйге деген құмарлығын байқау және балалардың түрлі әуендерді білу, есте сақтау деңгейлерін анықтау арқылы музыкаға деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Олардың сұлулыққа, әсемдікке деген сезімін дамыту. Музыкалық шығармалардан ләззат алуға, эстетикалық әсер алуға тәрбиелеу.
Көрнекілік: саз аспаптарының суреті, слайд, танымдық жұмбақтар.

Ойынның өту барысы:
Көңілді әуен ойналып тұрады. Ортаға жүргізуші шығады.

 Жүргізуші: 

Ән әуенін теріңдер,  
Бәрің бермен келіңдер. 
Бұл қызықты ойынды,  
Тамашалап көріңдер.   
Еш қиыны жоқ мұның,
Сазын білсең өлеңнің.
Түсінсеңіз болғаны,
Құдіретін өнердің.
Армысыздар өнер сүйер қауым! «Әуенді тап!» ойынына қош келдіңіздер! Бүгінгі ойынға қатысушы топтарды қошеметпен қарсы алайық!
Музыка әуені қосылып ортаға ойынға қатысушылар шығады. Өздерін таныстырады.
«Дарын» тобы
Біз – дарынды баламыз,
Бәрінен де дарамыз!
«Шабыт» тобы
Тобымыз біздің тамаша,
Шабыт тобы – жаңаша!
«Жұлдыз» тобы
Біз – бақытты ұл – қызбыз,
Жарқыраған жұлдызбыз!
Жүргізуші: Қымбатты қатысушылар! Сіздердің музыкалық деңгейлеріңізді бағалайтын қазылар алқасымен таныс болайық.
1.
2.
3.
Енді «Әуенді тап!» ойынының шартымен таныстырып өтейін.
Ойын үш бөлімнен тұрады.
І бөлім. «Балғын шақ әуендері» (балаларға арналған әндер).
ІІ бөлім. «Халық музыкасы» (халық әндері мен күйлері).
ІІІ бөлім. «Жұлдыздар әні» (қазіргі эстрада жұлдыздарының орындауындағы әндер).
Әр бөлімде берілген ноталардың біреуін ғана таңдап, ондағы жасырынған әуенді табуларыңыз керек. Бір топ таңдап алған нотаны екінші топ таңдай алмайды. Әрбір дұрыс жауапқа бір ұпай беріледі. Алдарыңыздағы тетікті қай топ бірінші басады, сол топ жауап береді. Жауаптарыңыз дұрыс болса, ойынды әрі қарай жалғастырасыздар. Егер жауаптарыңыз қате болса, басқа топ жауап беруге мүмкіндік алады. Ал, тетікті баспай жауапты дауыстап айтып жіберсеңіздер, жауаптарыңыз қабылданбайды. Ойын соңында ең көп ұпай жинаған топ жеңімпаз болады. Түсінікті ме?  
Ойыншылар жауабы
Жүргізуші: Олай болса іске сәт! Ойынды мына ребусты қай топ бірінші болып шешсе, сол топ бірінші болып бастайды.
Музыкалық аспаптардың суреттері арқылы ребус беріледі. Ойыншылар ребусты шешеді.
Ребус шешуі: «Музыка»
Жүргізуші:
Бұл ойыннан қашпайық,
Әуенін тауып тастайық.
Әзір болсақ бәріміз,
Ал ойынды бастайық!
Қатысушыларымызға сәттілік тілей отырып, І бөлім – «Балғын шақ әуендері» бөліміне кезек берейік. Сонымен, ребусты бірінші болып дұрыс шешкен топ, нота таңдауларыңызға болады. Бұл бөлімдегі нешінші нотаны таңдайсыздар?
Ойыншылар нотаны таңдайды.

Жүргізуші: Нотада жасырынған әуенді тыңдайық.

Әуен тыңдалады. Тетікті бірінші басқан топ жауап нұсқасын айтады. Дұрыс жауап берсе, ойынды жалғастырады. Жауап қате болса, келесі топқа кезек беріледі.
І «Балғын шақ әуендері» бөлімінде жасырынған әндер:
1. «Әрқашан күн сөнбесін!» әні.
2. «Дос болайық бәріміз» әні.
3. «Ертегілер» әні.
4. «Жас дәуірдің түлегіміз» әні.
5. «Қасиетті домбыра» әні.
6. «Қошақаным» әні.

7. «Кішкентай шыршамыз» әні.
Жүргізуші: Міне, бірінші бөлім әндерін табу өз мәресіне жетті. Әр топтың бұл бөлімде жинаған ұпай қорытындысымен қазылар алқасы таныстырып өтсін.
Қазылар алқасы топтардың жинаған ұпайларын айтып өтеді.
Жүргізуші:

Тыңдап өскен жасымнан дала сырын,
Ізгі жолын жалғаған бабасының.
«Өнерін-өмірім» деп мұрат тұтқан,
Әнге ғашық қазақтың баласымын.
Келесі «Халық музыкасы» деп аталатын халық әндері мен күйлері топтастырылған екінші бөлімге кезек берейік. Ойынды ұпай саны аз топ бастайды. Нота таңдаңыздар.
Ойыншылар нотаны таңдайды.
Жүргізуші: Нотада жасырынған әуенді тыңдайық.
Әуен тыңдалады. Тетікті бірінші басқан топ жауап нұсқасын айтады. Дұрыс жауап берсе, ойынды жалғастырады. Жауап қате болса, келесі топқа кезек беріледі.
ІІ «Халық музыкасы» бөліміне ұсынылған халық әндері мен күйлері:
1. «Әгугай» әні.
2. «Адай» күйі
3. «Балапан қаз» әні.
4. «Балбырауын» күйі.
5. «Дастархан» әні.
6. «Әлқисса» күйі.
7. «Бір бала» әні.
Жүргізуші: Екінші бөлімдегі әндер мен күйлер де табылды. Ойыншыларымызға қошемет көрсетейік. Әр топтың екі бөлім бойынша жинаған ұпай қорытындысымен қазылар алқасы таныстырып өтсін.
Қазылар алқасы топтардың жинаған ұпайларын айтып өтеді.
Жүргізуші: Енді біздің ойыншыларымыздың қазіргі қазақ эстрада жұлдыздарының орындауындағы әндерді қаншалықты білетіндігін анықтайтын боламыз. Олай болса, «Жұлдыздар әні» бөлімін бастаймыз.Ойын шарты бойынша өткен екі бөлімдегі нәтиже бойынша ұпай саны аз топ үшінші бөлімді бастасын. Нота таңдаңыздар.
Ойыншылар нотаны таңдайды.
Жүргізуші: Нотада жасырынған әуенді тыңдайық.
Әуен тыңдалады. Тетікті бірінші басқан топ жауап нұсқасын айтады. Дұрыс жауап берсе, ойынды жалғастырады. Жауап қате болса, келесі топқа кезек беріледі.
ІІІ «Жұлдыздар әні» бөліміне ұсынылған әндер:
1. «Жарайма» (Ернар Айдар)
2. «Туған жер» (Жігіттер тобы)
3. «Ақ маржан» (Заттыбек Көпбосынов)
4. «Ол сен емес» (Қайрат Нұртас)
5. «Қызыл өрік» (Ақылбек Жеменей)
6. «Өз елім» (Музарт тобы)
7. «До, ре, ми» (Төреғали Төреәлі)
Жүргізуші: Міне, үшінші бөлім де өз мәресіне жетіп, жеңімпаздарды анықтар сәт туды. Әр топтың үш бөлім бойынша жинаған ұпай қорытындысын шығарып, жеңімпаздарды анықтау үшін сөз кезегін қазылар алқасына ұсынамыз.
Қазылар алқасы топтардың жинаған ұпайларын айтып өтеді. Жеңімпаздарды марапаттайды.
Жүргізуші: Бүгінгі сайысымыз сіздердің музыкаға деген сүйіспеншіліктеріңізді, ынталарыңызды арттыра түсті деген үміттеміз. Қатысушыларымызға зор алғыс білдіреміз. Жеңімпаздарымызды құттықтаймыз. Өнерлеріңіз өрлей берсін! Келесі кездескенше сау саламатта болыңыздар!
Егер екі топтың ұпайлары бірдей болған жағдайда ойыншылар «Патриоттық әндер» бөлімі бойынша сайысқа түседі.
«Патриоттық әндер» бөліміне ұсынылған әндер:
1. «Алатау»
2. «Атамекен»
3. «Алға, қазақ жігіттері»
4. «Көк тудың желбірегені»
5. «Қазақтай ел қайда»
6. «Жаса Қазақстан»
7. «Қазақ жастары»
Қорытынды сараптама
Музыкалық ойын сайысы барысында оқушыларға әрбір бөлімдегі жасырынған әндерді табуда олардың жылдам ойлау қабілеттерінің жетілуіне, есте сақтау қабілеттерінің дамуына, ести отырып қабылдау қабілеттерінің артуына басты назар аудардым. Бұл мақсаттарға жетуім әр бөлімге байланысты әуендерді тыңдату арқылы ұйымдастырылды.

Сайыстың негізгі мәні оқушылардың музыкалық сауаттылығы мен қабілеттерін жетілдіруде, әуендерді табуда әр баланың белсенді түрде қатысуына жағдай туғызылуында болды. Сондай – ақ балалардың бір – бірімен қарым – қатынастарын жақсартып, достық ынтымақтастықтарын арттыру көзделді.
Музыкалық ойын сайыста пайдаланылған көрнекілік құралдар, музыкалық аспаптардың, нота таңбаларының суреттері, слайд оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай қолданылды. Ойын барысында оқушылардың сайысқа деген қызығушылықтары мен белсенділіктері артып, сайыс өз деңгейінде өтті деп ойлаймын.