Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Рухани адамгершілік тәрбие

Рухани адамгершілік тәрбие

Рақымова Н.Т.,  «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы  ШҚО бойынша ПҚ БАИ  кітапханашысы

Ұрпақ тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ал қазіргі кезде ұлттың болашағы тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Ұлы Абай «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып, ескерсе дүниедегі жақсы –жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» – деді.

Тәрбиенің алғашқы дені – мектепке дейінгі тәрбие ошағында беріледі. Тәрбие - ұзақ та күрделі іс. Сондықтан да бала тәрбиесіне аса көңіл бөлу қажет. Бүгінгі күні әрбір ұрпақ  жеке тұлға болып қалыптасуына ізгілік яғни рухани-адамгершілік тәрбие берудің шешуші факторы болуы бұл заңдылық. Адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы педагогикалық міндеттері-оқушылардың өмірлік, саналық көзқарасын,сөз бен істің бірлігін адамгершілік нормалардан ауытқуына жол бермеу.Қай ұлттың болмасын тәрбие ісінде басты негізге алатын қайнар көзі-ұлттық тәрбие.Себебі әр халықтың бала тәрбиелеу ісінде көнеден келе жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына сай өзіндік сара жолы бар.

Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі- жас ұрпаққа адамгершілік-рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін, оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда, оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік сияқты құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімді етіп тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады. Рухани - адамгершілік тәрбие- екі жақты процесс. Бір жағынан ол үлкендердің, ата-аналардың, педагогтардың балаларға белсенді ықпалын, екінші жағынан- тәрбиеленушілердің белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым- қатынастарынан көрінеді.

Адамгершіліктің негізі: мінез-құлық нормалары мен ережелерінен тұрады. Олар адамдардың іс-рекеттерінен, мінез-құлықтарынан көрінеді, моральдық өзара қарым-қатынастарынан байқалады. Отанға деген сүйіспеншілік, қоғам игілігі үшін адам еңбек ету, өзара көмек, сондай-ақ қоғамға тән адамгершіліктің өзге де формалары, бұл-сананың, сезімдердің, мінез-құлық пен өзара қарым-қатынастың бөлінбес элементтері, олардың негізінде қоғамымыздың қоғамдық-экономикалық құндылықтары жатады. 
Баланың өмірге белсенді көзқарасының бағыты үлкендер арқылы тәрбиеленеді. Тәрбиелеу, білім беру жұмысының мазмұны мен формалары балалардың мүмкіндігін ескеру арқылы нақтыланады. Адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу күнделікті өмірде, үлкендердің қолдан келетін жұмысты ұйымдастыру процесінде, ойын және оқу ісінде жоспарлы түрде іске асады. Мұндай мақсатқа бағытталған педагогтық жұмыс еңбек сүйгіштікке, ізгілікке, ұжымдық пен патриотизм бастамасына тәрбиелеуге, көп дүниені өз қолымен жасай алуды және жасалған дүниеге қуана білуді дамытуға, үлкендер еңбегінің нәтижесін бағалауға тәрбиелеуге мүмкіндік жасайды. Балаларда ортақ пайдалы жұмысты істеуге тырысу, бірге ойнау, бір нәрсемен шұғылдану, ортақ мақсат қою және оны жүзеге асыру ісіне өздері қатысуға талпыныс пайда болады. Мұның бәрі де баланың жеке басының қоғамдық бағытын анықтайды, оның өмірге белсенді ұстанымын бірте-бірте қалыптастырады.

Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру- ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер. Адамгершіліктің қайнар бұлағы- халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді. Ата-ананың болашақ тәрбиесі үшін жауапкершілігі ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі»дегендей, ата-ананың күн сайын атқарып жүрген жұмысы- балаға үлкен сабақ. Жас балалардың үлкендер айтса, соны айтатынын, не істесе соны істегісі келетінін бәріміз де білеміз.

 Баланың үйден көргені, етене жақындарынан естігені-ол үшін адамгершілік тәрбиесінің ең үлкені, демек жақсылыққа ұмтылып, жағымды істермен айналысатын адамның айналасындағыларға көрсетері мен берер тәлімі мол болмақ. Жас өспірім тәлім-тәрбиені, адамгершілік қасиеттерді үлкендерден, тәрбиешілерден насихат жолымен емес, тек шынайы көру, сезім қатынасында ғана алады. Жеке тұлғаның бойындағы жалпы адамзаттық құндылықтардың қалыптасуы осы бағытта жүзеге асады, сөйтіп оның өзі-өзі тануына, өзіндік бағдарын анықтауына мүмкіндік туғызатындай тәлім-тәрбие берілуі керек. Жақсы адамгершілік қасиеттердің түп негізі отбасында қалыптасатыны белгілі.

Әсіресе, еңбекке деген тұрақты ықыласы бар және еңбектене білуде өзін көрсететін балаларды еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу басты міндет болып табылады. Өз халқының мәдениетін, тарихын, өнерін сүю арқылы басқа халықтардың да тілі мен мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарайтын нағыз мәдениетті азамат қалыптасады. Қазақ халқының әлеуметтік өмірінде үлкенді сыйлау ұлттық дәстүрге айналған. Отбасында, балабақшада, қоғамдық орындарда үлкенді сыйлау дәстүрін бұзбау және оны қастерлеу әрбір адамнан талап етіледі.
Халқымыздың тәлім-тәрбиелік мұрасына үңілсек, ол адамгершілікті, қайрымдылықты, мейірбандықты дәріптейді.

Ата-бабаларымыздың баланы бесігінен жақсы әдеттерге баулыған. «Үлкенді сыйла», «Сәлем бер, жолын кесіп өтпе» деген секілді ұлағатты сөздердің мәні өте зор.  Қазіргі кезде өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеуде қойылған мақсаттардың бірі қоғамға пайдалы, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бола білетін, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру.