Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Оқушыларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің маңыздылығы

Оқушыларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің маңыздылығы

Камзина Ардак Нурахметовна, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ МДТжТӘ кафедрасының аға оқытушы

Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени-ғылыми ой-өрісі озық етіп тәрбиелеу біздің қоғам алдындағы борышымыз. Ұрпақ тағдыры – ұлт тағдыры демекші, ұлт болашағы оның білімді, талантты, адамгершілік асыл қасиеттерді бойына сіңірген тәрбиелі ұрпақтың қолында.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Жаңа қазақстандық патриотизм. Болашаққа деген сенім болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды. Мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі өмірлік тұрғыдан маңызды. Мемлекеттің басты міндеті де осы. Мемлекет және халық мұны сезініп, бірлесіп жұмыс істеуге тиіс. Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмдітәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады», - деп атап көрсетті [1].

 

Білім берудің негізгі бағыттарының бірі тәрбие жұмысы болып табылады.

«Интеллектуалды ұлт – 2020» ұлттық жобада Елбасы Н.Ә.Назарбаев оны іске асырудың басты бағыттарының бірі ретінде жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесін, негізінде «еңбек сүйгіштік, намыс, парасаттылық, үнемі өзін-өзі жетілдіру мен оқуға ұмтылысы» сияқты қасиеттер жатқан құндылықтар жүйесін қалыптастыруды атап көрсетті [2].

Қазақстандықтардың алдында тұрған аса маңызды міндет − «Mәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыру. Оның іргетасы мектепте қалануы тиіс. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін мектептерде мақсатты түрде тәрбие жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар оқыту процесінің тәрбиелік мәнін күшейту қажет. Оқытылатын пәндер оқушылардың рухани-адамгершілік қасиеттері мен патриоттық сезімдерін және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға, ұлттық сана-сезім мен толеранттылықты дамытуға, зайырлы құндылықтарды нығайтуға және жастардың терроризм мен экстремизм идеологияларын саналы түрде қабылдамауын қалыптастыруға, Қазақстанның көпэтникалық жағдайында қарым-қатынас жасай білуіне бағытталуы тиіс.

Тәрбие ел болашағы үшін оның байлығын еселейтін білікті мамандардың болуымен ғана емес, олардың дүниетанымы, азаматтық, адамгершілік ұстанымының маңыздылығымен де құнды.

«Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым бола алатын – адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапаларға адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелеу керек» - деген Шәкәрім атамыздың терең ойын негізге ала отырып, жас ұрпақтың бойына адамгершілік рухани қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеу үшін жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік ұстанымдарды, әділдік пен өзара көмекті ғұмыр бойы мұрат тұтуды тәрбиелеу ұстаздар міндеті болып табылады.

Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының (МЖМБС) тәрбиелік компоненті заманауи әлеуметтік саясаттың ізгілікті басымдықтарын іске асыруға, ұлттарды біріктіру, тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің бәсекеге қабілеттігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық санада әлеуметтік жауапкершілік, толеранттылық, патриотизм мақсаттарын тәрбиелеуге бағдарланған. Балаларда өзекті әлеуметтік-мәдени тәжірибені, рухани-адамгершілік мұраттарды қалыптастыру, жасөспірімдердің әлеуметтік шығармашылықта белсенді азаматтық көзқарастарын іске асыру аясын кеңейту қарастырылған.

Бүгінгі күні көпмәдениетті және көркем-эстетикалық тәрбие бағыты арқылы мектептерде білім беру кеңістігін тұлғаның өзін-өзі сәйкестендіруінің көпмәдениетті ортасы ретінде құру, тұлғаның қоғамдағы жалпымәдени мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, оның өнердегі және болмыстағы эстетикалық нысандарды қабылдау, меңгеру және бағалау әзірлігін дамыту көзделеді. Осы орайда, қарым-қатынасы арқылы:

- толеранттылық және ғаламдық пікір;

- көпмәдениеттілік және көптілділікті;

- мәдениетаралық әрекет;

- қоғамда және қоғамдық орындардағы жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларын;

- қарым-қатынас мәдениетін;

- эстетикалық мұраттарға, көркемөнер құндылықтарына;

- шығармашылық ой мен қиялға, шығармашылық қызметті қалыптастыруға қызығушылық, ұмтылыс таныту қажет.

Рухани-адамгершілік тәрбие жүйесі жалпыадамзаттық рухани құндылықтар мен заманауи этикалық стандарттардың жоғары принциптеріне және нормаларына сәйкес білім алушылардың әлеуметтік толысу жасында өзіндік жетілуге және өзіндік әлеуетін іске асыруға даяр біртұтас үйлесімді тұлға қалыптасуына, өзін-өзі тану мотивін қалыптастыруға, дене және адамгершілік-рухани дамуының үйлесіміне қол жеткізуге, өзара түсіністік пен келісімге ұмтылуға, қайырымдылық пен адам сүйгіштік қасиеттерді бекітуге ықпал етеді.

Адамгершілік – адам өмірінің рухани негіздерін құрайды, ойластырады, болжайды және адамзат құндылығын қалыптастырады.Адамгершілік құндылығы бай адам – ең алдымен әділ, шыншыл, мейірімді, кешірімді, қанағатшыл, ақылды болады.

Оқушылардың бойында халқымыз ғасырлар бойы қастер тұтып келген ар-намыс, ождан, имандылық, инабаттылық, мейірімділік, кішіпейілділік, атамекеніне, еліне деген сүйіспеншілік сияқты асыл қасиеттерді тәрбиелеу – заман талабынан туындап отырған мәселе.

Сондықтан, оқушыларға адамгершілік тәрбие берудің формаларын, әдіс-тәсілдерін жетілдіру аса қажет, бұл міндетті жүзеге асырудың бастауыш буыннан басталатыны белгілі.

Адамгершілігі мол адам бақытты, ел-жұртына қадірлі, қоғамға да пайда келтіреді, яғни маңындағыларға үлгі-өнеге бола алады. Сондықтан «қиын оқушыларды» жас кезінен адамгершілік қасиеттерге баулу – олардың келешекте азамат болып қалыптасуына кепілдік береді. Адамгершіліктің өрісі кең, бұл қасиет әр адамның еңбекке, қоғам өмірінде, тұрмыста, көпшілік орында өзін ұстауынан, басқалармен қарым-қатынасынан, жүріс-тұрыс, қимылынан байқалады.

Адамгершілікке тәрбиелеудің негізгі міндеттері:

а) адамгершілік сананы қалыптастыру;

ә) адамгершілік сезімдерді тәрбиелеу және дамыту;

б) адамгершілік мінез-құлық біліктілігі мен әдеттерін қалыптастыру.

Оқу процесінің тәрбие әлеуеті күшті. Заманауи білім беру бағдарламаларының мазмұны елеулі тәрбие мүмкіндіктерінен тұрады, оларды іске асыру оқу процесінің негізгі бірлігі ретінде сабақтың ойластыра ұйымдастырылуына байланысты. Сабақ үстіндегі адамгершілік тәрбиенің тиімділігі сабақ мазмұнының ғылымилығы, мұғалім жұмысының әдістері мен тәсілдерінің адамгершілік-эмоциялық сипатқа ие болуы, сабақ үстінде мұғалім мен балалар арасында қалыптасатын өзара түсіністікке құрылған қарым-қатынас стилі, мұғалімнің адамгершілік келбеті негізінде мүмкін болады.

Сабақ тек ақпарат көзі болып қана емес, тұлғаның қалыптасуына ықпал етіп, дамытуы, тәрбиелеуі үшін келесі талаптар сақталуы қажет:

1. Сабақтың мақсаты мен міндеттерінде оқыту, тәрбие және дамыту бірлігі принципінің бейнеленуі;

2. Адамгерщілік, руханилық, азаматтық және ізгіліктіктің жоғары үлгісінен тұратын оқу материалын мақсатты таңдау;

3. Оқушылардың жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесінде дұрыс бағдарлануы үшін ізгілендіру және ізгіліктендіру принциптерін, балада қоршаған дүние үшін жауапкершілігін дамытатын экологияландыру принципін, іс-әрекеттің түрлі бағыттарында балалардың бейімі мен шығармашылық қабілеттерін анықтауды және дамытуды көздейтін сыртқы және ішкі саралау принциптерін іске асыру;

4. Педагогикалық технологиялардың тәрбиелік әлеуетін пайдалану;

5. Білім берудің түрлі сатылары және оқу бағдарламаларының мазмұндары арасында сабақтастықты жүзеге асыру;

6. Оқушылардың өзіндік шығармашылық, зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру;

7. Сабақ мазмұнына оқушылардың жағымды әлеуметтікмәдени тәжірибесін кеңейтуді қамтамасыз ететін әлеуметтік рөлдердің ойнатылуын белсенді түрде қосу.

Көрсетілген талаптарды орындау оқу пәндерінің тәрбиелік әлеуетін белсенді іске асыруға ықпал етеді. Сабақты жоспарлауда және өткізуде тек қана сабақ материалының мазмұны және қолданылатын формалар, әдістер мен технологиялар тәрбие мүмкіндігіне ие емес екенін есте сақтау қажет. Педагогтың тұлғалық қасиеттері (оның сыртқы келбеті, мінез-құлық мәдениеті, сөзі, сенімділігі, сезімділігі), мұғалім мен оқушылар қарым-қатынасының стилі (ақкөңілдік, әділдік, педагогикалық сыпайылық, сабақта іскерлік ахуалын туғызу, оқушының жеке жетістігін қолдау) тәрбиелейді. Сондықтан сабақтың әр кезеңі белгілі бір тәрбиелік мүмкіндіктерге ие.

Қорыта келгенде, білім берудің заманауи жағдайларында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым және практиканың жетістіктері негізінде тұлғаның қалыптасуына, дамуы мен кәсіби тұрғыдан кемелденуі үшін білім алуға қажетті міндеттерін толық көрсететін, қоршаған әлемді, өз тұлғасының әлемін тануға, саналы түрде өзіндік тануы мен өзіндік басқару біліктерін игеруге және дамытуға қабілетті тұлға қалыптастыру бүгінгі күннің негізгі талабы.

Қолданылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы: «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты». - Астана, Ақорда, 2012.

2. Назарбаев Н.Ә. Интеллектуалды ұлт – 2020 / Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» стипендиаттарының форумында сөйлеген сөзі // Астана: 2008.– 30 қаңтар.

3. Демеуова М.Е., Кожахметова К.Ж., Аратай Л.Б., Молдыбаева Ш.Б. Воспитательные системы воспитания в Казахстане / М.Е. Демеуова, К.Ж. Кожахметова, Л.Б. Аратай, Ш.Б. Молдыбаева // Педагогика. − Алматы: Изд. Сигнет-Принт. − 2006.

4.Төлеубекова Р.К. Қоғам дамуының жаңа кезеңіндегі адамгершілік тәрбиесінің теориялық-әдіснамалық негізі.Алматы: - 2001. - 295 б.

5.Тәжібаева С.Ғ. Мектептегі тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі. – Алматы. 2013.