Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Туған жер – тұғырым (эссе)

Туған жер – тұғырым (эссе)

Джаниярова Жұпар Солтакановна, «Өрел ауылындағы Балдырған» бөбекжай-бақшасы КМҚК «Айгөлек» тобының тәрбиешісі, Катонқарағай ауданы

Ақ бас шыңдары аспанға өрлеген кәрі Алтайды Еуразия даласының кіндігі деп білемін. Таңғажайып сұлу табиғаты ештеңемен теңесе алмайды. Аспан тіреген асқар Мұзтау – Қаратай елінің еңсесіндей көрінеді. Қарағайлы мекенді суарып, тулап аққан Бұқтырма да бұл өңірдің табиғи байлықтарының бірі ғана. Алтай тауының биік шыңдары да талай адамның көз жауын алып, жүректерін баураған. Талай сырларды ішіне бүгіп жатқан бұл шыңды тарихтың үнсіз куәгері деп білемін. Берел қорымында зерттелген обалар да теңдессіз, бұл тарихи ескерткіштердің жәдігерлерініңбүгінгі күнге жеткізген сырлары арқылы көп мағлұматқа қанық болдық. Терең тарихтан өшпес орын алған киелі мекенімді мақтан тұтамын.

 

Алыс кетсем асығып, сағынатын мекенімді әлемнің жеті кереметіне де теңгермеймін. Бұл жердің інжу-маржанды таулы аймағында өзіне тартып тұратын құдіретті күш бар секілді. Қарт Алтайдың биік шыңдарының сұлулығына ақындар жыр арнап, жазушы қара сөзден ескерткіш тұрғызды. Кезінде атақты саяхатшылар да бұл өлкеге ат басын бұрған деседі. Семенов-Тянь-Шанский, Рерих іспетті тарихи тұлғалар киелі Алтайға жайдан-жай қызықпаса керек-ті.

Қазақ сақарасының құт қонған жерұйық қоныс, жәннат мекенінің бірі, Өр Алтайдың төрінен, Мұзтаудың етегінен орын тепкен менің туған жерім - Катонқарағай өлкесі. Өлкем үйрек ұшып, қаз қонған суларымен, жайқалған жасыл орманымен, кербез, кермарал кербұғысымен, шипалы Рахман қайнарымен, асау Бұқтырмасымен ел-жұртқа танымал.

Достарына айқара ашық есігі,

Катон - осы дарындылар бесігі.

Әдебиетпен жарты елге танымал,

Қалихан мен Оралханның есімі, - деп Жәнібек Қызыр ағамыз жырлағандай тамылжыған табиғатымен аты шыққан өңір талантты өрендерімен де мақтана алады. Ертеректе Катонқарағай өңірінде жалпақ жұртқа ақындығымен, орақ тілді шешендігімен аты кең тараған Мақажан, Қатшыбай, Тікебай сынды ақындар өмір сүрген. Олардың тапқыр, шешен сөздері әлі де ел аузында.

Төр Алтайдың түркілер ту тіккен, ереуіл тірлік кешкен кіндігі саналатын Қатонқарағайдан бүгінде аты елімізге, тіпті әлемге әйгілі талай дарындылар өсіп шықты. Сол дарындылардың қатарында туған өлкесін жалықпай жырлап кеткен жазушы Оралхан Бөкей, Баламер Сахариев және Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханов, Әлібек Асқар сынды қаламгерлер бар.

Ал, белгілі бір себептермен ауылдан ұзап шыға алмай қалған, немесе өмір ағысымен өзге бір жолмен кеткен таланттар да көп. Сондай қаламгерлердің қатарына Нұрбаев Ақтан, Рақымжанов Төлеген, Қызыр Жәнібек, Бияров Төлеухан, Заутдин Шәмші т.б. жатқызуға болады.

Сөзімді қорытындылай келе, жерлес ақын-жазушы ағаларымыздың шығармаларын біз қай жерде жүрсек те мақтанышпен айтып жүреміз. Айбарлы өлкемнің әр тасы, әр құнды жәдігері мен үшін киелі саналады. Тұмса табиғаттың байлығын алдағы заманаларға көзіміздің жанарындай сақтап жеткізу осы жерде туып-өскен әр катонқарағайлықтың, қала берді әр азаматтың парызы деп білемін.