Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Балабақшаның үйретері көп

Балабақшаның үйретері көп

Кумарбекова Сексенгул Дуйсеновна, «Абай атындағы орта мектебі» КММ мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі, Ұлан ауданы, Алмасай ауылы

Баланы ең әуелі мейір - шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы.

Абай

Атам заманнан ата-бабаларымыз жас жеткіншектің өсіп-жетілуіне баса назар аударған. Оның қалыптасуы, өсуі, адаммен қарым-қатынас жасауы атадан балаға ауысып, эстафета ретінде жалғаса білген деуімізге әбден болады. Оны заңдылық деу орынды. Әр ұлттың ғалымдары да осы пікірді қостайды. Белгілі орыс педагогі К.Д.Ушинский: «Адам мінезі негізінен өмірінің алғашқы жылдарында қалыптасады»,- деген екен. Бұрындары ата-әжелер нәрестенің тәрбиесіне араласса, қазірде оның орнын балабақша, мектепалды даярлық топтары  алмастырған. Әке мен шешенің, ата мен әженің жұмысбастылығы мәжбүрлеген заман...

 

Мұғалім баланың  ең жақын адамдарының орнын баспаса да, оның тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Ұйқыдан көзін аша сала бақшаға келген сәбидің көңілін табу, бауырына басып мейірімділік таныту, жанашырлық көрсету, тағысын тағы... Бала көргенін, сезгенін бойына тамызықтап жинайды. Солқылдаған жас шыбыққа үлгілі, өнегелі бола біліп, «менің тәрбиешім» деген сөзді есту – біз үшін зор мәртебе. Әр баланың жүрегіне жол табу, өзіндік ерекшелігін тану, бейімділігін анықтау  міндеті осы бақшадан және мектептен бастау алады. Бірақ тәрбиешіге М.Жұмабаев айтқандай, «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару» міндеттелген.

«Баланы жастан» деген  халқымыздың дана сөзін есте ұстап, бала бойында жақсы қасиеттерді қалыптастыруды қалт жібермеуге міндеттіміз. Көңіл-күй, мінез-құлық ерекшеліктері жеке тұлғаның айрылмас серігіне айналады. Ескермесек, артынан қайта тәрбиелеу қажет. Бірақ «қисық ағаш» түзетуге әсте келер ме екен!?

Ата-ана мен тәрбиеші етене бірлесе жұмыс жасағанда ғана жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. Бақшаға баласын берерде ата-аналар да алдын ала сол мекеменің ережесімен, кеңесімен танысып, тәрбиешісімен кездесіп, балаларын дайындауы тиіс.

«Балабақшаның үйретері көп» дейміз. Әсте солай. Күнделікті әдетке айналатын қарапайым әрекеттен бастап, мектепке дайындыққа дейін тәрбиешінің міндеті. Алғашқы ұжымдық, достық қарым-қатынас,танымайтын адамдармен араласу, мінездердің тоғысуы, үйдегі тәрбие мен балабақшадағы тәрбиенің үндесуі т.с.с..

Тәрбиешінің өзі де күнделікті ізденіс үстінде болуы қажет. Қазіргі кезеңде педагогикалық менеджмет, біліктілікті, педагогикалық шеберлікті  арттыру – уақыт талабы. Баланың өзін дамытуы өзін-өзі дамытатын тәрбиешінің әрекеттестік жағдайында ғана жүзеге аспақ. Тәрбиеші – баланың қалай оқитынын түсініп және сезінетін, оның дүниетанымын дамыта отырып, өзі де өсетін адам. Сондықтан педагогтің кәсіби мінез-құлқы мен кәсіби өзін-өзі дамытуы барған сайын маңыз алып келеді. Өйткені бұл – тәрбиеленушінің өзін дамытуы үшін бірінен бірі ажырағысыз шарт. «Өзгелерді үйрете жүріп, өзіміз де үйренеміз».

Жеткіншектерді тәрбиелеуде ерекше қабілет пен асқан біліктілік, балаға деген сүйіспеншілік қажет. Өз педагогикалық тәжірибемде, әр жұмыстың тартымды, сәтті шығуы тәрбиешінің өзіне байланысты екеніне көзім жетіп жүр: бала назарын еріксіз оқу іс-әрекетіне аударту, баламен әрбір қарым-қатынасты шебер ұйымдастыра білу.

Кез келген бала өзіне деген сүйіспеншілік пен құрметті қалайды. Сондықтан да әр баланың жанын түсініп, мақтап, қолпаштап, көмек көрсету арқылы қызметімде тек қана жақсы жетістікке қол жеткізетініме сенемін. Адамның жаны мен тәні қашанда тәрбиеге мұқтаж екендігін ескерсек, тәрбиешіге артылар жүк жеңіл емес. Болашақ ұрпақты елжанды, ұлтжанды, ел мақтанышы етіп тәрбиелеуде бақша өмірінің рөлі өте зор.

Балабақшада дұрыс тәлім-тәрбие бере алсақ, ол ертең мектепке барып, саналы түрде сапалы білім алуға тырысады.  «Ұстаз - ұлағатты ұғым» деген сөз ұстазға қарап  ұстаздың жақсы қасиетін бойына сіңіріп, оқушының есінде мәңгі сақталып қалады. Соның нәтижесінде елін сүйген азамат болып шығады. Елбасымыз көрсеткен сара жолмен жүріп, «Мәңгілік елді» құру болашақ ұрпақтың қолында.