Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Тәрбиеші болу- бір бақыт

Тәрбиеші болу- бір бақыт

Анар Кажыканкызы, «Оспанқұл Меңаяқұлы атындағы жалпы білім беретін орта мектеп»КММ-нің мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі, Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Баршатас ауылы

Мен үшін осынау өмірімдегі ең қастерлі, әрі қасиетті мамандық -тәрбиешілік. «Жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» дегендей, әу баста ұлтымыздың, тәуелсіз еліміздің ертеңі боларлық бүлдіршіндерді тәрбиелеу жолын таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, ауыртпалығы мен жауаптылығы қырық атанға жүк боларлық осы кәсіпті таңдау арқылы қоғамдық дамуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанымды мақтан етемін. Адам баласының өмірінде болуға тиіс бақыттың бірі не десек, ол - өз қалауыңмен таңдаған кәсіп-мамандығыңа деген салиқалы ынтызарлық,әрі ыстық ықылас дер едім. Шын жүрекпен қалаған кәсіп және жемісті еңбек арқылы ғана өмірлік несібеңді, абырой- беделіңді, қоғам алдындағы құрметіңді еселей аласың. Ал, тәрбиеші болу айтуға ғана оңай шаруа болғанымен, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барлығын сол кәсіпті таңдағандар, осы жолда еңбек етіп жүрген жандар жақсы түсінеді.

 

Жалпы адам баласы тәрбиеші болу үшін өзі тәрбие көрген, тәрбиені ұғынғаны жөн. Тәрбиелі ұрпақ елімізге ауадай қажет. Себебі тәрбиелі ұлттың тамыры тереңге бойлап,қаланған іргесі қандай ауыртпалық түссе де құламайды. Сондықтан мен де болашақ ұрпақ үшін тәрбиеші мамандығын таңдадым. Қазір осы салада еңбек етіп келемін. Бұл мамандық мені бірден баурап алды. Шат-шадыман күбірлеген жаста, күнәдан пәк, күмістей сыңғырлаған сәби үні күні-түні құлағыңнан кетпей, бейне бір ақ, адал жолға жетелеп бара жатқандай күй кешеді екенсің. Өйткені балалардан ешқандай жасандылық көрмейсің. Егер олардың алдында шынайы қалпыңда көрінбесең олар сені қабылдамайды. Тәрбиеші мамандығы маған ыстық көрінеді.

Бұл мамандықпен жайқалған, гүлденген, іргесі нақ бекіген болашағымды көре аламын. Буыны қатпаған жас жеткіншектерді жетілдіру – үлкендер, мына біздердің парызымыз. Саналы да зиялы және білімді буындарды биіктету біздің қолымызда. Елімнің арқасы асқақ, мерейі үстем болуына аз да болса  өз үлесімді қосып жатсам, ол мен үшін үлкен абырой.   

ТӘРБИЕШІ! Бұл әрдайым үлкен әріптермен жазылуға тиіс мазмұнды сөз деп танимын. Өйткені, біз елдің ертеңгі азаматтарын тәрбиелеудеміз. Сонымен бірге біз жас ұрпаққа қазыналы да бай ана тілі - қазақ тілін сіңірудеміз. Тіл арқылы бала бойына ұлттық құндылықтарды, дәстүр мен салтты, ұлтымызға тән ізгіліктерді, жалпы адамзатқа ортақ өркениеттік ұстанымдарды жұғысты етудеміз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, менің де осынау қастерлі мамандықтың иесі атанғаныма бірнеше жыл болды. Осы еңбек жолындағы педагогикалық ұстанымым- үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр тәрбиеленушімнің бойынан жылт еткен жақсылықты, талап пен талантты тауып, бұлақтың көзін ашу, биікке жетелеу, сондай ізденістер арқылы биік мақсаттарды орындау.

Бұл бала жанын тереңнен сезінетін, өз ісін жан-жақты білетін, бүлдіршіндерді жан-тәнімен сүйе алатын, оларды бағалай білетін  маманның қолынан ғана келетін жұмыс. Ұлы педагог Г.Песталоцци: «Егер де сүйе білмесең, тәрбиелеу құқығың жоқ» деген екен.

 «Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы» дейді ғұлама Абай Құнанбаев. Мұндай қағидалардың барлығын біз күнделікті жұмысымызда басшылыққа алуға тиіс екенімізді ұмытпай, еңбегімізді осы бағытта құрамыз. Он бес жылдан аса тәрбиешілік еңбекте жүріп түйгенім - осы мамандыққа мен басы бүтін бой ұсынып, әбден қалыптастым. Бүгінде балаларға мейірім төге отырып, биік белестерге жетуіне жауапты екенімді еш уақытта естен шығармаймын.