Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Бала тәрбиесіне байыппен қарайық!

Бала тәрбиесіне байыппен қарайық!

Жумаханова Гульжан Жагпаровна, Семей қаласындағы Аружан»мектепке дейінгі шағын орталығының тәрбиешісі

Адамзаттың өміріндегі ең қымбаттысы ,көз қуанышы – бала. Бала – дербес тұлға. Бала тәрбиесі өте күрделі үрдіс. Ол ана сүтінен басталып, өмір бойы қалыптасатын құбылыс. Бала дегенде ет жүрегі елжіремейтін адам баласы жоқ шығар. Өйткені, ол ата-ананың ақ тілегі, қуанышы. Әрбір жас өркен – елдің ертеңі, ұлттың болашығы. Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі өте жоғары. Өйткені бала дүниеге келген күннен бастап ата-ана ықпалында болып, өмірге бағыт беруші тәрбие мектебінен нәр алады. Ата-аналар балаларын өздерінің өнегелі сөздерімен, жеке басының асыл қасиетімен тәрбиелейді.

Бала әр нәрсеге сенгіш, тез қабылдағыш, еліктегіш келеді. Әр бала еркелеткенді, жылы сөйлегенді, ойын ойнағанды, аялағанды ұнатады. Бұл - баланың бойындағы үлкендерден ерекшеленіп тұратын негізгі қасиеті. Бұл қасиет тек балаға ғана тән. «Бала тілі – бал», «Балалы үй – базар», «Балаға үміт арту әкенің парызы, ақтау баланың қарызы» - деген мақалды халық орынды айтқан. Баланы аялап, жылы сөйлеу - баланың ақылды , ұстамды, мейірімді азамат болып өсуіне көп ықпалын тигізеді. Ал балаға ұрысу, балағаттау баланың бойында кек алу, өшпенділік қасиеттерді оятады.

Ата-ана отбасындағы жетекші тұлға, бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі. Ата-ананың тіршілігіндегі көрген қызығы, жақсылығының ең бағалысы ол – перзенті. Отбасы – адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. Отбасының негізгі міндеті – баланы еңбек етуге, жарқын сезімдермен нұрлы мұраттарға тәрбиелеу және адамдар арасында өмір сүре білуге үйрету. Бала тәрбиелеу оңай жұмыс емес,ол үлкен шеберлікпен шыдамдылықты талап етеді. Бала ата-анасын, ата-ана баласын танымайынша, іс алға баспайды. Ата-ана тәрбиешіге көмекші, сенімді тірек болса, тәрбиеші де сондай болуы керек. Екі жақты байланыс нығайғанда ғана, барлық күрделі мәселелердің түйіні шешіледі.

Бала балабақшаға келген күннен бастап, тәрбиеші мен ата-ана арасындағы тығыз қарым қатынас орын алуы тиіс. Өйткені, әр отбасының өзіндік әдет ғұрыпы, қалыптасқан тәртібі болады. Жазушы педагог Ж.Аймауытов «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, бала айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді. Солай болған соң балаға жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек» - деген. Осы бір ұлағатты ойдың астарында отбасында ата-анасынан, мектепте – ұстаздардан талап етілетін тағылым жүгі жатыр. Сондықтан халық өмір есігін енді ғана ашқан сәби тәрбиесін бесіктен бастаған. Қазақ халқының ұлы ақыны Абай да отбасындағы баланы тәрбиелеуде ата-ана тарапынан жол берілетін кемшіліктерін ескере отырып, отбасы тәрбиесін ұйымдастыруға кеңестер берді. Абай өзінің 10-шы қара сөзінде «Әдемі баланы өзің алдайсың: әке, оны берем, міне, мұны берем деп, басында балаңды алдағанға мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің ?» - деп балаларына теріс тәрбие беретін ата-аналарды сынайды.

Тәрбие – білім өзегі болғандықтан, тәрбиеші мен отбасы байланысы тығыз болуы керек. Баланы дамыту, ой-өрісін жетілдіру үшін тәрбиеші де, ата-ана да баланың жан дүниесін білуі керек, оны жеке тұлға ретінде тануы қажет. Отбасындағы берілген тәрбие жігеріңді құм қылып, жерге қаратпасын десеңіз, балаға кішкентайынан түзу тәрбие бер деп, ата-бабамыз айтқандай, бала тәрбиесіне уақытында көңіл бөліп, еліміздің инабатты, адамгершілігі мол, білімді, саналы ұрпағын тәрбиелейік. Бала-отбасының бақыты. Баламен сөйлесе отырып қуаныңыз, себебі бала сіздің жаныңыздағы мереке.