Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Отбасы мен мектептің бірлігі

Отбасы мен мектептің бірлігі

Жазнаев Нұрсұлтан Әлімханұлы, Өскемен қаласы әкімдігінің «№27 орта мектебі» КММ-нің бастауыш сынып мұғалімі

Бала толыққанды отбасы мүшесі, сондықтан оның отбасындағы өзінің міндеттері мен борышын адал атқаруы оған да, отбасы мүшелеріне де қуаныш сезімін сыйлайды. Саналы тәрбие, сапалы білім баланың ертеңіне даңғыл жол ашады. Халқымыз: «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» дейді. Бүгінгі күні баланы әдепті де, саналы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне сүйене отырып, ұлттық дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат мұраларын балалардың санасына сіңіре білу ата-ананың басты міндеті дегіміз келеді. Оқушы – мұғалім, оқушы ата-ана, мұғалім – ата-ана адамгершілікке бағытталған тұлға аралық қатынасты қалыптастыруға күш салатын үштік одақ. Ал мектеп баланы болашаққа дайындап, келешек өмірін қай бағытпен жүрсе дұрыс екенін, өздеріне керекті, бейім мамандық таңдауға жол, бағыт беретін ұя.

Осы мақсатта сынып жетекшінің атқаратын ролі ерекше. Себебі жеті сайын тәрбие сағаттар өткізіліп тұрады. Және тоқсан сайын ата-аналар жиналысы өткізіліп, хаттамалар толтырылады. Оқушылардың уақытын тиімді өткізуге арналған түрлі үйірме-клубтар жұмыс жасайды. Аз қамтылған отбасыларға уақытылы көмек көрсетіліп отырады. Ата-ана мектеппен байланысын күшейтуі арқылы ғана бала тәрбиесінде жақсы жетістікке қол жеткізе алатыны ақиқат. Ал, ата-ана мен ұстаздар арасындағы қарым-қатынасынан біз тамаша нәтиже күтеміз.Бар әдемілік пен әдептілікті бойына жинаған, халықтық тәрбиемен сусындаған, өз отбасына, өз ұстаздарына, өз мектебіне, сыныптас достарына, еліне құрмет сезімі қалыптасқан жеке тұлға қалыптастыра аламыз.

Сондықтан «Бала тәрбиесі – баршаға ортақ» екенін ескеріп, жас ұрпақты саналы азамат етіп тәрбиелеу – ең негізгі міндетіміз. Бірлік арқылы біз көздеген мақсатымызға жетеміз. Және де адамға тән жақсы қасиеттердің бәрі бойына алған саналы ұрпақ тәрбиелеп шығарамыз.

Халқымыздың біртуар ұлы М. Ғабдуллин: «Тәрбие мәселесі - мектеп өмірінде ешқандай маусымды, үзіліс дегенді білмейді, үздіксіз жүргізіліп отыратын процесс» деп атап көрсеткеніндей, тәрбие – үздіксіз жүргізілетін әрі қоғам мен жеке тұлғаның арақатынасын қамтамасыз ететін басты жүйе жүйе болып табылады.

Отбасы мен мектептің бірліктегі ықпалы оқушының өзіндік білім алғысы келетін ішкі түрткісіне дәл келуі; оқушы мен ата-ана бірлігінің баласының сабағын өз бетінше ізденіп орындау іскерліктерін қалыптастырып дамытуға бағытталуы; оқушы мен мұғалім бірлігінің баланың ата-анасының әрекеттестігімен үйлесімде болуы; ата-ана мен мұғалім бірлікте оқушының білімге деген қызығушылығын арттыруы, сақтауы, тұрақтандыруы; ата-ана мен мектептің бірлігінде баланың оқу үлгерімінің даму процессін үнемі бақылауы. Отбасы - адамзат бесігін тербеткен ұя болса, сол отбасындағы баланың бас ұстазы - ата-ана.

Игілікті болашақ жолында өзара ынтымақтаса жұмыс жүргізіп жатқан отбасы мен мектептер аз емес. Соның бірі ретінде өзім қызмет атқарып жүрген мектеп туралы бірер сөз айтқым келеді. Бұл мектеп өзінің мақсат қойғыштығы мен жүйелі жұмыс жүргізе білудегі асқан шеберлігін осы ұжымның өсіп-өркендеуіне пайдаланып, білім нәрімен сусындап жатқан әрбір баланың өмірін жақсы жағынан өзгерту жолында зор жауапкершілікті сезіне жұмыс жүргізеді. Ексең орасың – дейді халық даналығы. Жемісті білім алуы үшін оларға жан-жақты қадағалау жүргізіледі. Сабақтан кешікпеуі мен сабақты босатпауы басты назарда ұсталады. Күнделікті жүргізілген бақылау оқушылардың назары мен бар зейінін түбегейлі сабаққа ғана аударуына негіз болды. Мұғалімдер де жұмысын тоқтаусыз, үнемі ізденіс жүргізіп отырады. Мектебімізде ата-ана, оқушы-мұғалім арасындағы байланысты нығайту жеке тұлғаны қалыптастыру және сапалы оқыту мен саналы тәрбие беру мәселесі алдыңғы орында. Мектеп – отбасы – қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайту, серіктестікті қалыптастыру, қауымдағы ата-аналармен бірлескен жұмысты көрсету мақсатында мектебімізде жүйелі де, маңызды жұмыстар атқарылуда. Соның бірі - «Бала тәрбиесіндегі жазалау мен мадақтау», «Мен және менің отбасым», «Ұрпақ тәрбиесі баршаға ортақ» тақырыптарында тренинг сабақтар мен семинарлар, түрлі тәрбиелік іс-шаралар атап айтар болсақ әжелер арасында «Ал, кәнеки әжелер», аналар мен қыздар арасында «Шешеге қарап, қыз өсер», әкелер мен ұлдар арасында «Әкеге қарап ұл өсер» тақырыптарында сайыстар ұйымдастырылып отырады. Ата-аналар жиналыстарында «Бала тәрбиесі», «Ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі», «Отбасындағы ұл мен қыздың қарым-қатынасы» .

В.А.Сухомлинский өзінің «Ата-ана педагогикасы» деген еңбегінде былай дейді: «Қоғамдық тәрбие отбасынан басталады». Әсерлеп айтқанда, әуелі отбасында тамыры бітеді де, бұталары да, гүлдері де, жемісі де содан шығады. Ендеше: “Тәрбиенің негізгі тірегі - ата-ана мен ұстазы екенін ескере отырып, осы бағытта бірігіп жұмыс істеуіміз керек.

Тәрбие халықтың ғасырлар бойы жинақталған ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, балалардың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, өмірге деген көзқарасын қалыптастыру болып табылады. Осы жерде тәрбиенің ең негізгі мақсаты - дені сау, ұлттық сана-cезімі мәдениетті, ар ожданы мол, іскер, бойында игі қасиеттер қалыптасқан тұлға тәрбиелеу. Жалпы оқушылардың өмірінде мектептегі тәрбиенің ролі зор. Мектептегі басты тұлға ұстаздың міндеті тек білім ғана емес, сонымен қатар әрбір оқушының жүрегіне жол тауып, оларды тәлім-тәрбиемен сусындату болып табылады. Оқушыға әрдайым сын көзбен қарап, пікір айта білсек, талап қоя білсек,болашаққа ұмтылуына бағыт-бағдар берсек, келешекте сарабдал азамат шығары сөзсіз. Оқушының бойында мәдениетті, адамгершілік, патриоттық, эстетикалық қасиеттерді қалыптастыруда сынып жетекшісінің маңызы зор. Бүгінгі сынып жетекші мен оқушы мен қоғам арасындағы рухани жалғастырушы, оқушының күнделікті өміріне кеңес беруші, сыныпта қолайлы ахуал тудырушы, үйлестіруші.

Менің міндетім - сынып ұжымын қалыптастыру, оқушының псикалық ахуал, әлеуметтік тұрмысын жете білу, оған сенім білдіріп, оның көзқарасымен санасу,жаңашыл да, іздемпаз ұстаз болу.

Бұл жауапкершілігі мол, ауыртпашылығы бар, қиын да, қызықты жұмыс. Оқушы тәрбиесінде сыныпта психологиялық-педагогикалық тұрғыдан зерттеу жұмысы жүргізіліп отырады. Мектеп психологінің көмегімен мониторинг, сауалнама, тест түрінде оқушының адамгершілік, интеллектуалдық құзырлығын, белсенділік деңгейін анықтады.

Менің мәселелік тақырыбым - оқушылардың бойында патриоттық және адамгершілік қасиетті дамыту. Адамгершілік – бұл рухани тәрбие. Адамгершілік – адам бойындағы ең асыл қасиет және ол адамзат баласының ең жоғарғы мақсатына бағытталады. Бұл қасиет адамды мейірімділікке, Отанын, елін, отбасын сүюге үйретеді. Егер адамда адамгершілік қасиет болмаса, ол адам өз-өзін сыйламайды. Жеке тұлғанының мерейінің асқақтауына отбасы және мектептегі тәрбиенің маңызы ерекше. Тәрбие отбасынан басталады.Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», - деп бекер айтылмаған болар. Ата-аналарды мектепте, сыныпта, өткізілген түрлі іс-шараларға шақырып, жеке, жұптық, топтық жұмыстар арқылы бала мен ата-ана арасындағы шынайы қасиеттерді қалыптастырдым.

Шебер сынып жетекші болудың тағы бір кілті – шәкіртке, ата-анаға деген адамгершілік қарым-қатынаста болуға үйрету.

Сыныптағы өзекті мәселе - сыныпта ұйымшылдықтың жоқтығы. Сынып оқушыларының тәртіптері жақсы, әрбір оқушының ұйымдастыру қабілеті жоғары бірақ ұйымшыл емес. Топ-топпен достық қатынаста. Сол үшін ұйымшылдыққа баулу керек екенін түсіндім. Достық бар жерде бірлік те, тәрбиелік жұмыс та жүреді.

Ұйымшыл сынып мектепшілік, сынып аралық іс-шараларға белсене араласып, әр оқушы берілген тапсырманы өз қабілетіне қарай ұйымдастыра біледі. Еңбек ету, үлкенге ілтипат, кішіге ізет жолдасқа қол ұшын созу дағдылары әр оқушының бойында жақсы қалыптасқан. Жалпы қалалық дәстүрлі жарыстарға, конкурсқа қатысып отырады. Сынып тазалығына, мектеп ауласын көгалдандыру, көркейту кезеңдеріндегі жұмыстарға жауапкершілікпен қарап,ұқыптылық танытады.

Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан еңбекқорлық, ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, құнды қасиеттерді сіңіре білсек,өз елінің абзал азаматы шығатыны сөзсіз.

Қазіргі таңда әрбір педагог алдында тұрған мақсат өз елін сүйіп, тарихын білетін, тарихи құндылықтарды бағалай алатын, Отанды қорғау азаматтық борышым деп ұғынатын тұлға қалыптастыру болса, жыл көлемінде оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа, адалдыққа, өз ісіне жауапкершілікпен қарауға, рухани жан сұлулығына тәрбиелейді. Осы мақсатты іске асыру жолында әр бағыт бойынша сынып сағаттары, мектептен тыс шаралар өткізіп келемін.

Сынып жетекшілердің тәрбие қызметін жетілдіру мақсатында мектепте өткізілген жұмыстың инновациялық формалары бойынша практикалық семинарларға, сынып жетекшілердің сынып сағаттарына қатысып отырамын. Оқушылардың бос уақыттарын көбірек қамту үшін жұмыстарына ата-аналардың қатысуын белсендендіріп отырамын.

Егеменді еліміздің келешегі мен кемелі білім мен ұлағатты тәрбиеге байланысты. Сондықтан әр ұстаз жалықпай ізденеді, білім беруді, тәрбилеуді, шығармашылықпен еңбек етуді, абыройлы міндеті, айбынды мақсатым деп біледі. Сынып жетекшісі тәрбие жұмысының мақсатын саналы түсініп, оны жан-жақты талдап отыруға міндетті. «Бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, айыпты емес, тәрбиеші жазалы. Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген Мағжанның нақыл сөзімен аяқтағанды жөн көрдім.