Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Жасөспірімдер және отбасылық тәрбие

Жасөспірімдер және отбасылық тәрбие

ЕШЕНБАЕВА А.,
Өскемен қаласы экономика-қаржы колледжінің  қазақ тілі  пәні  оқытушысы

      Мұғалім – адам қатынасының дәрігері. Ол диагноз қояды, емдейді. Қандай емнің қандай нәтиже беретінін болжайды. Мұғалімнің жасөспірімдердің сеніміне кіруі оңай емес. Мұғалімнің көп жағдайда оқушыға қойған талабы оқушының көңілінен шықпауы мүмкін. Осыдан барып қарсылық шығады. Мектеп өмірінде ондай мысалдардың бірнешеуі кездеседі. Сол шым-шытырық жағдаяттан мұғалім сүрінбей өтуі тиіс. Ол үшін әр уақытта ұстаздық әдепті сақтап, түрлі жағдаятты сауатты шешіп, шатақ, текетіреске бармаған жөн. Мұғалім баланы айқаймен жеңбейді, ұжымның тамырын басып көріп, өзінің қатесіне орынды баға беріп қана, балалар ұжымын ақылмен басқарады.       

Шәкірттің көптеген ортасы бар: отбасы, мектеп, сынып, аула, т.б. Сондықтан шәкірттің адамгершілігін бағаларда осы ортаның бәрінде бірдей көріне ме? деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Шәкірт – ұстазға шәкірт, ол отбасында – бала, аға, іні, немере, ал мектепте, сыныпта – оқушы, аулада болса - дос, жолдас. Осы қызметтерді қалай атқарып жүр? Оның ұқыптылығы, кісілігі, жолдастығы, досытығы, немерелігі, т.б. жағы қалай? Міне, осы сұрақтарға жауап бере отырып оның адамгершілік қасиеттерін бағалаймыз.
      Баланың  алдына мынадай тоғыз талап  қойылады: білу, үйрену, сүю, дос бола білу, еңбек ету,  жаманшылықпен күресу, көмек көрсету, арды  сақтай білу, ойлау. Әрине, бұл  талаптарды  орындаудың өзінше  қағидалары бар: кімді, қашан, не себепті  деген сияқты.
      Сонымен, адамгершілік тәрбиенің бағалану деңгейін қоршаған орта анықтайды, яғни ата-ана, ұстаз, дос-жаран, қоғам.
      Адамгершілік қасиеттің ең жоғарғы түрі – ұят, ар-ожданды сақтау, Отанын сүю.  Жастарды «Кішіпейілдіктен кішіреймейсің», «Сіз, біз деген – сыпайылық белгісі», «Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын», «Ел қамын жеген ер» деген сияқты халық мақалдары арқылы әдептілікке, кішіпейілділікке, қарапайымдылыққа, сыпайылыққа және Отанын сүюге тәрбиелеген жөн.
      Тәрбиенің  ең жоғары түрі — бауырмалдық, бүкіл адам баласын бауыр, дос тұту, көпшіл болу, ұлтжандылық қасиетті қастерлеу.
      Ата-аналарды педагогикалық тұрғыда тәрбие процесін ұйымадастырушы деп айта алмаймыз. Алайда, ата-ана  отбасындағы бала тәрбиесін жүргізуші, ықпал етуші болып табылады. Тәрбие (оқыту, үйрету, тәрбиелеу) процесіне тікелей араласатын,  басшыларға, жалпы ұстаздарға, сынып жетекшілеріне, көмек көрсететін – ата-аналар.
      Ата-ана немесе отбасы – қоғамның негізі. Қоғам отбасынан басталады. Әрбір отбасы болашақ қоғам мүшелерін дұрыс тәрбиелесе, ол қоғам мықты болады. Бұл қағида ғасырлар бойы қалыптасып келеді. Себебі бала өмірі отбасынан басталады., ол бала үшін ең жақын орта. Бала отбасында ата-тегін біліп, әулеттің жағымды өнегелерінен, мұраларынан сусындап өседі.
      Отбасындағы басты мәселелрдің бірі-баланың тіршілік әрекетін ұйымдастыру. Бұған баланың күн тәртібі , міндеттері, қойылатын талаптар, оның үй еңбегіне қатысуы, оқу іс-әрекеті, бос әрекетін ұйымдастыру жатады. Бала өмірін және іс-әрекетін ұйымдастыруда негізгі жағдайдың бірі - ұтымды тәртіп құру.
      Тәртіп - өмір шарты, еңбек пен демалыстың  парасаттылықпен кезектесіп өтуі, талаптарды орындау, жақсы әдеттерді қалыптастыру. Тәртіп баланы жинақтылыққа, тілалғыштыққа, дәлдікке, мұқияттылыққа үйретеді, денсаулығын нығайтады, еңбек қабілетін жақсартады. Күн тәртібін жасауда ата-ана баланың жасын, үй-жағдайын, денсаулығын, ұстаздар мен сынып жетекшісінің кеңесін, отбасы мен мектеп тәртібінің бірлігін еске алуы тиіс. Отбасы тәртібінің негізгі құрамды элементтері – еңбек, демалыс, ойын, сабаққа  дайындалу, тамақтану, ұйқы, т.б. дұрыс алмасып отыруы қажет. Сонымен дұрыс ұйымдастырылған күн тәртібі белгілі дағдыға, дағды әдетке айналады, ал әдет келешекте бала қажетін қанағаттандырады.
Отбасы баланың бос уақытын дұрыс ұйымдастыра білуі қажет. Бала бос уақытында қоғамдық пайдалы істерге, спорт ойындарына, кинофильмдерге, спектакльдерге, кітап оқуға, теледидар көруге қатысады. Көптеген отбасыларда ата-аналардың балаларымен бірігіп серуенднуі ізгі дәстүрге айналды. Егер ата-аналар қоршаған табиғат және өз өлкесінің көз татарлық көрнекті орындары жөнінде әңгіме өткізсе, мұндай серуендердің танымдық маңызы зор болады.
      Отбасында тәрбиенің басты жағдайларының бірі - бұл ата-ананың өзара махаббатының, көзқарастарының, мүдделерінің, іс-әрекеттерінің бірлігіне негізделген татулық. Мұндай отбасында қиыншылықты жеңе білетін қабілет, байсалды, ақжарқын азаматтар өседі.
      Отбасында бала тәрбиесіне ықпал ететін тағы да көптеген факторлар бар:

      1. Отбасының этникалық құрамы: толық, толық емес отбасы, бір балалы, көп балалы, бір ұлттық, көп ұлттық отбасы.
      2.  Тіршілік әрекетіне байланысты: білім дәрежесі, еңбектену, кәсібі, бюжеті, тұрған жері, әл-ауқаты.
      3. Мәдени мүмкіндігі: кітапханасы, күн тәртібі, теледидар, музыкамен шұғылдану, спорт, т.б.
      4. Ішкі отбасылық қатынастар: әке, шеше, ата, әже, аға, іні, т.б. туыстардың татулығы.
      5. Қоғамға көзқарасы.
      6. Отбасының тәрбиелік мүмкіндігі: отбасында тәрбиеде қолданылатын әдістер, ата-аналардың және басқа мүшелерден педагогикалық мәдени дәрежесі.
      Осы айтылған алты ықпалды да ескерсек, отбасы тәрбие процесін ұтымды жүргізе алады.
Көп жағдайда отбасылық тәрбиенің сәтсіздікке ұшырауының  басты себебі – ата-аналардың педагогикалық көзқарастарының қауқарсыздығынан болады. Белгілі педагог А.С.Макаренко «Ата-аналар үшін» деген еңбегінде ата-ананың баламен қатынасы, ата-ананың беделі туралы былай деген:
      А) Отбасында болатын өктемдік баланы өзін-өзі билеушілігінен айырады, бала ынжық болады.
      Б) баланы еркелетушілік, бетімен жіберушілік, ата-ананың кешірімділігі, ата-ананы баланың құлына айналдырады.
      В) Ата-ананың жалпы отбасы мүшелерінің бала тәрбиесіндегі алауыздығы, баланы екіжүзділікке тәрбиелейді.
      Г) Ата-ананың баланы жалпы  жора-жолдастан, қоршаған ортадан аулақ ұстауы, баланы өмірге бейімсіз етіп тәрбиелейді.
      Д) Ата-ананың бала тәрбиесімен айналыспай, немқұрайлы қарауынан бала күмәнді ортаға түсіп кетіп, жаман жолға баруы мүмкін.
      Мектеп басшыларына, жалпы ұстаздарға, сынып жеткшілеріне көмек көрсететін, тәрбие процесіне тікелей араласатын – ата-аналар.
      Отбасында басты мәселелерінің бірі - баланың тіршілік әрекетін ұйымдастыру. Бұған баланың   күн тәртібі, міндеттеріне қойылатын талаптар, оның үй еңбегіне қатысуы, оқу, іс-әрекеті, бос уақытын ұйымдастыру жатады. Бала өміріне және іс-әрекетін ұйымдастыруда  балаға дұрыс бағыт беру керек.

Пайдаланылған  әдебиеттер:
1. Халитова Р. Әлеуметтік педагогиканың өзекті мәселелері: Оқу-әдістемелік құрал. – Алматы, 2006.
2. Қасымова Р.С. Студенттер арасындағы әлеуметтік қызметті ұйымдастыру. – Алматы, 2005.
3. Мұсаева С.А., Бегалиев Т.Б. «Жас ерекшелік педагогикасы» - Астана: Фолиант, 2010, - 270 б.