Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Ақбауыр - ежелгі археологиялық-астрономиялық кешені

Ақбауыр - ежелгі археологиялық-астрономиялық кешені

 Сайлхан Мекен, «Төлеген Тохтаров атындағы мектеп-балабақша» КММ география пәні мұғалімі, Ұлан ауданы

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс...
Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі - неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы», - делінген.

Шынымен, кең байтақ қазақ жерінің әр тауы мен тасы тарихымыздан сыр шертеді. Еліміздің солтүстіктен оңтүстікке, батыстан шығысқа дейін едәуір созылған аумағы талай сын-тегеуріндерді, қиын-қыстау кездерді бастан өткеріп, біртуар тұлғаларды көрді. Бүгінде осындай рухани мәдениетімізді насихаттау мақсатында «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» секілді ірі жобалар қолға алынуда. Солардың бірі «Шығыс Қазақстанның 25 керемет жерлерінің» бірі болып саналатын Ақбауыр археологиялық-астрономиялық кешені.

Кімде-кім ежелгі тарих, астрономия, ерекше және түсініксіз құбылыстарға қызығушылық танытса, Өскемен қаласынан 30 км. қашықтықтағы Құржымбай тауының етегіндегі жылғаның жоғары жағында ашық аспан астындағы «Ақбауыр» атты астрономиялық, археологиялық кешеніне баруына болады. Бұл жерге түскен кезде ерекше сезімге бөленесіз. Ұлан ауданының Бестерек елді мекеніндегі ғажайып, ежелгі табиғат туындысына таң қаласыз. Бұл кешен - неолит дәуіріне жататын ғаламшарымыздағы ең көне ескерткіштердің бірі. «Туған жердің тасы да таныс» демекші, аталмыш кешенге 1970-1990 жылдары аралығында жүйелі зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалым, тарих ғылымдарының докторы Зайнолла Самашев - осы ауылдың тумасы.

Зерттеушіні осы тау-тастар арқылы бір ауылдан көршілес ауылға күнделікті мектепке барып жүрген кезде-ақ, бұл тастардың неліктен адам қолымен жасалғандай ерекше болып жатқаны қатты мазалаған. Сондықтан да туған өлкесіндегі ерекше мекенді ең бірінші болып зерттеп, сырын ашқан. Шығыс Қазақстан өңіріндегі осы тарихи орынды көруге алыс-жақыннан туристер арнайы келеді екен. Тауды айнала жүргенде үңгір қабырғасында қызыл күрең охрамен салынған суреттер бар. Олар б.з.б. 3-мыңжылдықтың басына жатады. Төбесі қуыс, іші конус тәріздес күркеге ұқсайтын үңгір, әсіресе, оның кіре берісіне қарсы суреттер салынған негізгі қабырғасы көп адам табынатын киелі орын болған.

 

Суретте Т.Тохтаров атындағы мектеп-балабақша ұжымы

Жартастағы киіз үйдің аумағындай тас үңгірде жазу-сызулары бар мұндай кешен әлемде екеу ғана екен. Құзырлы орындар тарапынан қорғауға алынып, жоспарлы түрде әлі зерттелген жоқ. Әркім өз бетінше болжам жасайды. Бір ғажабы үңгірдің төбесінде күндіз жарық түсетін, түнде жұлдыздар көрінетіндей ауқымды тесік бар.

Ғалымдардың пікірінше, бұл жерде жүйелі астрономиялық бақылау жүргенін, ал неолит дәуірінің схематикалық нобайы түріндегі петроглифтары пиктографикалық жазудың болғанын айқындайды. Жартастардың біреуінде жасанды қуыс, шұңқырлар бар. Солардың біреуіне су құйса онда шығыстың күн тұтылуы кезінде (күн мен түн теңескен кезде) күннің сәулесі шағылысып, ең жоғарғы шұңқырға түседі екен.

Бұл жерден тас формасын қайталайтын рудалардың сынықтары да табылған. Үңгір аймағынан кейбіреулері үлкен емес, кейбіреулері аса зор, тіпті олардың камераларына бір-екі адам сыятындай домна пештерінің қалдықтары да табылған. Бұл жерден бірнеше жүздеген метр қашықтықтағы тастарда жергілікті аңдар маралдар, сібір таутекелері, арқарлар, ешкімүйіз, тау ешкі бейнелеген петроглифтар орналасқан. Жол Қалба жоталарының тау сілемдері арқылы өтеді. Кешен жеткілікті көлемдегі тастар мен онша үлкен емес петроглифтер мен аңдар бейнеленген суретті гранитті жартастардан тұрады.

Кейбір зерттеушілердің көзқарасынша Ақбауыр кешені ерекше энергия мен ақпараттың көзі, көкжиектен нақты поляры тәрізді. Мамандардың айтуынша бұл таңғажайып сырлы мекенге баратын сәтті күндер 22 наурыз бен 22 қыркүйек екен. Бұл жерде көктемгі тепе-теңдік, жазғы және қысқы күн тоқырауы кездерінде Күн өтетін үш нүктені бақылауға болатын арнайы орын бар.

Осы күндері көктемгі және күзгі күн тоқырауларын байқауға болады. Сондықтан да бұл кешеннің астрономиялық деп аталуы осымен байланысты шығар.

Мектеп оқушыларының киелі жерлерге туристік саяхаты ұйымдастырылып, қазіргі таңда кеңінен жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 2017 жылы Ұлан ауданы, Донское ауылы, Т.Тохтаров атындағы мектеп-балабақша ұжымы ұстаздар мен оқушылары «Ақбауыр» археологиялық кешеніне экскурсия ұйымдастырып, кешенді өздері көріп қайтты. Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын насихаттаумен қатар, жастарға туған жердің қасиетті орындары туралы жан-жақты мағлұмат беру, өлкенің тарихына деген қызығушылықтарын ояту мақсатында ұйымдастырылған еді. Ақбауыр археологиялық кешенінің тарихымен танысу өткізіліп, осының арқасында экскурсияға қатысушылар әр объектіге жан-жақты көңіл бөлді және толығымен танысуға мүмкіндік алды. Іс-шараға қатысушылар қасиетті жердің құнарлы және бай екендігі туралы да ақпарат алды.

Ата-бабаларымыз бұл жерді бұрынғы заманнан бері игере бастаған. Бұл жайтқа үңгірдің қабырғаларында бейнеленген суреттер дәлел болып табылады. Экскурсияға қатысушылар ата-бабалары мекендеген Ақбауырмен жан-жақты танысуға мүмкіндік алды. Бұл жерде көптеген пайдалы қазбалар бар. Сондықтан да, түрлі тарихи кезеңдерде осы жерде адамдар мал шаруашылығы, металлургия секілді көптеген салалармен айналысқан.

Қорық-мұражайдың қызметкерлері бұл орынның сақтығы үшін бар күш-жігерін салатындықтан, оқушылар қасиетті орын жайлы мәліметтерді жинап, құпия жазбалар бейнеленген үңгірде тұрып тілек тіледі. Ақбауыр болса, өз сырын әлі күнге бүгіп жатыр. Бұл жұмбақтың ашылар сәті алыс емес деп сенеміз.