Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Дана халқымның дара музыкалық мұрасы - домбыра

Дана халқымның дара музыкалық мұрасы - домбыра

Адамбаева Галина Қарасайқызы, Шығыс Қазақстан Өнер музейінің қызметкері

Халықтың өз тарихи тамырын танып-білуінде музейлердің атқарар қызметі ерекше. Өйткені олар халықтың әр замандағы тұрмыс тіршілігінің құндылықтарын сақтаумен ерекшеленіп отыр. Бүгінгі Шығыс Қазақстан өнер музейіндегі «ЖЕР ЖАҢҒЫРЫҒЫ» атты көрмеде халқымыздың өткені мен бүгінгі замандарындағы музыкалық өнерінің деңгейінен мол мағлұмат беретін экспонаттар қойылған. Экспонат дегеніміз көпшіліктің ықылас- зейінін үйіретін, сана-сезімін нұрландыратын баға жетпес асыл мұра. Адам өмірінде оның рухани азығы ол – өнер. Әр халықтың ұлттық музыкалық аспаптары сол халықтың тағдырымен,тарихымен тікелей байланысты.

 

Қазақ ұлттық аспаптарының әр қайсысының әр бедерінде тарихтың кертпегі жатыр. Кез-келген халықтың өзіне тән ұлттық мәдениеті, ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи-этнографиялық ерекшеліктері болады. Солардың басты бір арнасы - музыка. Музыка әлемі - адамзат мәдениетінің байлығы. Мұхиттай шексіз тұңғиық. Ұлы ойшыл Әл-Фараби жазғандай: «Музыка - жақсы мінез-құлықты, адамның қоғамдық мұраттарын қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Эстетикалық сезімдерді туғызу арқылы адамның өзін-өзі тәрбиелеуіне, бойындағы нашар қасиеттерден арылуына ықпал етеді»,-дейді. Расында, музыка - адамзаттың рухани азығы. Тілімен айтып жеткізе алмайтын ұшқыр қиялды нәзік сезім.

Әрбір халықтың атадан балаға мирас болып келе жатқан асыл мұрасы –аспаптық музыка десек артық болмас. Кешегі Қорқыттың қобызынан, Тәттімбеттің домбырасынан шыққан әуезді әуендер сол заманның айғағы емес пе! Ол адамның жан дүниесінің ішкі сезім иірімдерін білдіру қажеттілігінен, әр халықтың тұрмыс-тіршілік, салт-дәстүр,әдет-ғұрпына орайласа туындап отыр.

Әр музыкалық аспаптар туралы да ғажайып аңыздар қаншама. «Жер жаңғырығы» көрмесі қойылған залға кірсеңіз осы аңыздар ішінде жүргендей күй кешесіз. Музыка арқылы ажалды ауыздамақ болған қобызшы Қорқыт, «Ақсақ құлан – жошы хан» аңызындағы ұлының қазасын естірткені үшін хан қаһарына ұшырап, көмейіне қорғасын құйылып « жазаланған» көне домбыра, жеті ұлының орнына аспабына жеті ішек тағып өзін музыкамен жұбатқан Жетігенші...

Ал дүниенің қай бұрышына барсаңыз да, қазақ десе Құрманғазы, Дина, Абайдай өнер адамдарын біледі. Қай ұлт болмасын әдетте өзінің бір мықты деген ұлттық қасиетін айтады ғой, меніңше қазақтың ең кереметі – оның аса мол ұлттық музыкалық мұрасы.

Ендеше ... осы біздің музейдегі аса құнды жәдігерлеріміздің бірі Қазақтың қара домбырасы туралы баяндайын.

Екі шектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұрап,бес саусақты төмен қарай қағып қалсаңыз сөйлей жөнелетін қара домбыраның құдыретіне бас имеске бола ма? « Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра!» Қара өлеңнің қадірін арттырған Қадыр ақынның осы өлеңінде тұтас дәуір келбеті, тұңғиық тарих, тым биік талғам бар. Әсілі, Мәңгілік елдің асыл мұратын арқалаған Алаш тарихын домбырасыз елестету әсте мүмкін емес. Көне мұра­ғаттардың ізіне көз жүгіртер болсақ, қазақ халқы жайлы айтылған әр аңыз-әпсана осы домбыраға қатысты болып шығады. Алтайдан Анадолыға дейінгі алып империяға бас болған ұлы түркі халықтарының кез келген тарихы домбыраның пернесінде, заманалардың зердесінде күй болып күңіренеді. Оның ішінде Ұлы даланың төсіндегі әрбір әуенді ұрпақтан-ұрпаққа бұлжытпай аманаттап келе жатқан қазақ халқы бұл аспаптың ақы иесі екені белгілі. Бүгінде қазақтың жаны қара домбырада екенін біз айтпасақ та бүкіл әлем мойындап отыр. Қазаққа домбырадан шешен, домбырадан көсем дос жоқ. Бүгінгі тілмен айтсақ, қазақтың бірегей бренді – домбыра.

Осындай киелі дүниені жасап, ұлттық өнерімізді әспеттеп жүрген, қазақтың киелі домбырасын жасайтын шеберлердің арасында ерекшеленіп тұрған жерлесіміз Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,Суретшілер одағының мүшесі, «Үкілі домбыра», «Дана қобыз». «Шебер», «Ортеке» байқау-бәйгелерінің лауреаты Тұрдығұлов Жолаушы Әбілғазыұлына тоқталуды жөн көрдім.

Шығыс Қазақстан Өнер музейінде «Қол өнер де құпия» атты « Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында Тұрдығұлов Жолаушы Әбілғазыұлымен кездесу кеші болып өтті. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дегендей Жолаушыесімі жарық жұлдыздай жанып тұр. Ол әсем де бай, дархан жер Марқакөл өлкесінде дүние есігін ашқан. Табиғаты әсем жерлерде дүниеге дарынды адамдар келеді деген мәтел де бар.

Жолаушы Тұрдығұлов 1977 жылы Алматыдағы Гоголь атындағы Көркемсурет училищесін халық және кәсіби театрдың қоюшы-суретші мамандығын тамамдады. Ол өзінің негізгі кәсібі актер, гример, суретші- бутаформен басқа, жеке аспаптар орындаушы саласын да бірге алып жүрді. Табиғаты сұлу Марқакөл жерінде өз тағдырын қазақтың рухани байлығы - саз өнерімен байланыстыруға бет бұрады. Жолаушы Әбілғазыұлы сондай- ақ қазақтың ұлттық саз өнерін зерттей келе аспаптарды қайта өңдеу мен дайындау өнерінің сырларына терең үңіле түседі. Кейіннен жоғарғы оқу орнының педагогикалық жұмыстарына белсене араласа жүріп, шығармашылық еңбектен де қол үзген емес. Соның нәтижесінде «Үкілі домбыра» атты байқаудың жеңімпазына айналды, 1998 жылы Австрияда ұйымдастырылған музыка конгресінде Жолаушы қолымен өмірге келген нарқобызы, әлемдік деңгейдегі мамандардың жоғарғы бағасын алып, әсіресе домбыра аспабы, автордың өзі де болмаған әлемнің түкпір-түкпір елдерінде болып қайтты.

Сыр сұхбат кезінде, шебердің айтуынша, ұлттық аспапты жасаумен қажымай айналысып, ағаштың үнін шығару, әуездік қасиетін әбден зерттеп, үні сазды,тілі шешен домбыраларды дүниеге әкелді.

Домбыра – философиялық ой, нағыз қазақы мінез, тұнып тұратын киелі аспап. Бұл аспаптың табиғаты нәзік болғанымен, талабы қатал. Сырт сұлбасы сұлу бітім тауып, пернесін дөп басқан саусақ тисе ішкі сарайы сарнап қоя береді.

Домбырадан үннің төгіле шығуы оның ағашына және жасаған адамның шеберлігіне байланысты. Шебердің айтуынша, әрбір ағаштың өз қасиеті бар. Мәселен, шыршаның музыкалық акустикасы жоғары. Қайың мен шетеннен жасалған шана мықты болса, теректен жасалған астау тозбайды екен. Сол сияқты көп жылғы тәжірибе көрсетіп келе жатқандай, жақсы үнді сапалы домбыра үйеңкіден, оның тамырға таяу бұйрат түбінен жасалады.

Шебердің айтуынша қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрлері бар. Олардың ішінде ән мен күй домбырасы, торсық, тұмар, кең шанақты (екі нұсқасы), балдырған, балашық, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер, оркестр домбыралары: қоңыр дауысты (альт), жіңішке дауысты (прима), ащы дауысты (секунда), бас домбыралар бар екен.

Жолаушы шеберлігімен қатар қыл қаламынан талай туындыны шығарған суретші, әрі домбырасын күмбірелете шертіп, ән салатын өнер иесі екендігін де кеште шырқаған әндерінен білдік.

Кездесу кезінде көп дүниенің парқын білетін азамат екендігін, барды да, жоқты да көрген, ақ пен қараны ажырата алатындығын,жақсы мен жаманды танитын, ащы мен тәттінің дәмін татқан, достықтың қадірін білетіндігін көрсетті. Жолаушы Әбілғазыұлының хас шебер ғана емес, сонымен бірге азамматтығы асқақ, адамгершілігі биік жан екенін байқадық. Біздің Шығыс Қазақстан Өнер музейінде оннан астам шебердің туындылары болса да, шебер соңғы үлгімен жасалған тағы бір үкілі домбырасын музейге тарту етті.Ұлттық өнердің көсегесін көгерту жолында орасан еңбек сіңіріп жүрген шырайлы Шығыстың мақтан тұтар азаматына, кеш соңында Шығыс Қазақстан Өнер музейінің ұжымы: «Жақсы адамдар құнарлы жер тәрізді, алынған дәнді еселеп қайтарады». Қолыңызға дерт бермесін. Сізге денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілейміз! Арамызда өзіңіз сияқты он саусағынан өнер тамған «Сегіз қырлы бір сырлы» адамның болғаны біз үшін зор мақтаныш және үлкен құрмет,- деп шапан жауып қошемет көрсетті.

Қазақтың рухани әлемін аман сақтап қаламыз десек, оның ең алдымен дәстүрлі мұраларын қастерлей білу керек! Дана халқымның өзіндей дара таңбасы мен тұрпаты бар ардақты музыкалық мұрамыз ендігі жоғалмай, болашақ ұрпақтың қолынан қасиеті мен жолынан киесін тапса екен!..

Кез келген музыка аспабын келер ұрпаққа жеткізу, оны барынша кеңінен насихаттау жұмысында біздің Шығыс Қазақстан өнер музейіндегі «Жер жаңғырығы» көрмесінің де тигізер пайдасы көп деп ойлаймын. Халқымның арғы-бергі заманындағы музыкалық өнерінің деңгейінен мол мағлұмат алғыңыз келсе, біздің музейге келіңіздер, көріңіздер тамашалаңыздар!