Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын жүзеге асыру –білім алушылардың түлғалық дамуының негізі

«Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын жүзеге асыру –білім алушылардың түлғалық дамуының негізі

Зайсанбаева Гульнар Нигметовна, "Өрлеу" БАҰО" АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ аға оқытушысы

«Жағдайды өзгерте алмасаң, өзіңді өзгертуге тура келеді»

Виктор Е. Франкл

«Елу жылда ел жаңа» - дейді халық даналығы. Бүгінгі өмір сүріп жатқан қоғамда азаматтардан күнделікті жаңаруды, өзгеруді талап етуде. Бұл - уақыт талабы. Өзгерістер адами капиталдың сапасын қамтамасыз ететін білім беру жүйесі арқылы қарқынды жүзеге асырылады. Сондықтан да орта білім беру жүйесінде жастардың өмірден өз орнын таба білетін, қоғамдық қарым-қатынаста үш тілде еркін байланыс орната алатын, кез-келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласында білімі мен білігін көрсете алатын, көпмәдениетті құзіреттіліктерді игерген, сол арқылы өзінің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын тұлғаға бағытталған ортаның қалыптасуы маңызды болып табылады.

 

Еліміздегі жоғары білімнің дамуы қоғамдағы барлық саланың кәсіби деңгейінің көтеріліп, азаматтардың саналы әрекетінің сапасының артуына, адамның ішкі әлеуетінің жарыққа шығарып, қоғамның қажеттілігін өз мүддесінен жоғары қоя білетін нағыз мамандардың санының артуына әкеледі. Қазіргі таңда адами даму әр тұлғаның өз әлеуетін дамытудағы таңдауының болуын және адам өмірінің басты мақсаты мен нәтижесі адамның рухани дамуы екендігін, әр адам өз өмір сүру ортасына оң ықпал етуге ұмтылуын, қоғамдық істерге белсенді қатысуын қамтамасыз ету азаматтықтың ең басты көрсеткіші болып табылады. Бұл қоғамның әл-ауқатының артуы және жаңа сапалы өмірге бастау алу болып табылады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» Жолдауында көрсетілгендей: «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді» [1].

Қазіргі технологияның қарыштап дамыған заманында әр мемлекет өзіндік ерекшеліктерімен танылып, ұлттық мүддені қолдан бермей, әлемдік деңгейде барлық жағынан бәсекелестікке төтеп бере алуы керек. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамдағы сананың жаңаруына, әрбір азаматтың тұлғалық өзгерісіне ықпал етеді. Сол арқылы еліміздің жаһандану үдерісінде басқа дамығын елдермен терезесі тең дәрежеде қарым-қатынас орнатуына бағыттайды.

Жаһандану үдерістердің экономикалық және саяси астарымен қоса, терең мәдени өзгерістері бар екенін қазіргі таңда қоғам өткір сезініп отыр. Жаһандануды зерттеу еңбектерінде «жаңа жалпыәлемдік саяси, экономикалық, мәдени және ақпараттық тұтастық құрылуының үрдісі» (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 3 том, Алматы, 2001, 610-бет) - деп таниды. Бұл үдеріс қазіргі таңда, қазақтай аз ұлттардың тіліне, дәстүріне, дініне кері әсерін тигізуші жағдайларды да алға тартуда. Сондықтан да жастардың мемлекеттік мүддеге, ұлтына риясыз қызмет етулері, елдің экономикасының дамуында ықпал етуі, ұлттық құндылықтарды жастайынан қастерлей білулеріне, материалдық игіліктермен қоса, рухани-адамгершілік білімнің маңыздылығының басымдылығын саналы қабылдап, өмірде қолданулары өте өзекті болып отыр.

Ғалымдардың пайымдауынша, ұлттық тіл, ұлттық құндылықтар, ұлттық мемлекет, дін, құрлық, шекара сияқтылардың бір де бірін мойындай бермейтін жаһандану барысында бүкіл адамзат қоғамы қозғалысқа еніп, даму барысында біртұтас әлемге айналады. Біртұтас әлемде ең бір бәсекеге қабілетті жүйелер жеңіске жетіп, даму траекториясында алауыздыққа бой алдырған, экономикасы әлсіз, шикізатқа тәуелді елдер тарих шаңына көміліп қалу қаупі туындауда.

Қазіргі жаһандану үдерісінде қазақ елі өз ұлттық дәстүрі, тарихы, салт-санасы, ұстанған діні мен ұлттық тілін сақтай отырып, технологияның тарпаңын жуасыта алса, болашақтың көшіне толықтай ілесе алады. Ұлттың бүгіні мен ертеңін айқындайтын күш - оның тұлғалары. Ол жайында Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр» - деген [2]. Жастардың тұлға болып қалыптасу үдерісінде еліміздің тарихы мен мәдениетіне ықпалы бар, қоғамға риясыз қызмет еткен есімдерді танып білу маңызды.

Әлемдік руханият жеке ұлттардың дүниетанымдық ерекшеліктерінен және адамзатты біріктіретін ортақ құндылықтардан құралады. БҰҰ құжаттарында да, ұлттық сананың беріктігі халықтардың ортақ мүддесіне, қоршаған ортаға көзқарасына, халықтың өз жерінде ата кәсібімен шұғылдануына жағдай жасайды делінген. Яғни, халық өз құндылықтарын сақтай отырып, биік бәйтеректей тамырын тереңге жаяды. Батыр бабамыз Б. Момышұлы: «Ұлттық рух тамаша қасиеттерге ие, өз ұлтыңды танытуға көмектеседі, ал бізге осы асыл қасиеттерді дамыта түсу қажет, осындай адам ғана өз халқының алдындағы борышын терең де жоғары сезінеді» - деген [3]. Міне, осы бағыттағы жастармен жүргізілетін жұмыстар білім беру ұйымдарында тек қана пәндік білім беріп қоймай, сонымен қатар олардың ішкі потенциалын ашатын, рухани-адамгершілік білімдерін толықтыратын шаралар арқылы жұзеге асырылуы тиіс.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты міндеттерінің бірі қазақ жазуының латыннегізді жаңа әліпбиге көшуі болып табылады. Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» - деп айқын көрсетіп кетті [1].

Енді латын жазуына көшу ұлттық сананың қайта түлуі, жаңғыруы. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Е.Е.Тілешов латыннегізді жаңа әліпбиге көшудің ұтымды тұстарын былай деп нақтылайды: «Біріншіден, латын әліпбиінің өзіне келсек, онда бұл әліпби қазіргі жазуымыздан мейлінше жетілдірілген, ыңғайлы әліпби болмақ. Алдымен біз кезінде жазу емлесінде жіберілген орайсыздықтарды жөнге келтіреміз және қазақ тілі үшін тән емес басы артық дыбыстарды алмаймыз. Бас артық таңбалардан арыламыз. Екіншіден, бүгіндері жазудың ең тиімді құралына айналған, миллиондар пайдаланатын компьютердің түйметақтайшасын жетілдіреміз. Қазіргідей қазақ әріптері оңаша ауылдай шетте жайғаспай, көз бен қолға ыңғайлы тұсқа орналасатын болады. Яғни терудің тиімділігі артады. Сонымен бірге, миллиондар пайдаланатын интернетке ену үшін бүгінгідей біресе қазақ,біресе ағылшын таңбаларына ауысып отырмаймыз. Интернеттегі өзімізге қажетті сайттарды өз таңбаларымызбен-ақ ашу мүмкіндігіне ие боламыз да уақыт үнемдейміз. Үнемнің қай түрі болса да уақыт үнемдеуге апаратынын ескерсек, онда ұтарымыз көп болмақ.Үшіншіден, біз бүкіл әлем тартылып жатқан ақпараттық кеңістікке енуді мейлінше һәм барынша жеңілдетеміз. Бұған интернет, халықаралық пошта, көлік тағы да басқа әлемдік қарым-қатынас құралдарын қолдану мейлінше жеңілдейді. Төртіншіден, қоғамда көрнекі ақпарат, жарнама, түрлі тауарлар мен заттар, интернет арқылы өмірімізге әлдеқашан енген әліпбиді заңдастырамыз. Бесіншіден, мемлекеттілігі бар түркі ағайындармен байланысымыз бұрынғыдан да арта түседі. Қазіргі кириллицаға негізделген қазақ әліпбиін тұтынатын түркітектес бауырларға келсек, онда біздің олардан әліпби жағынан алшақ тұрғанымыз аңғарылады» [4] .

Жаңа әліпбиге көшу жоспарын жүзеге асыру жайында Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» мен «Aiqyn» газеттеріне берген сұхбатында мәлімдеді. «Бүгінде Қазақстан халқы да замана көшінен қалмай, латын графикасына негізделген әліпбиді таңдауға бел буып отыр. Көрші мемлекеттердің көпшілігі латын графикасын таңдады. Әлемдегі ақпараттардың 90 пайызы латын графикасында жарық көреді. Ал ақпаратқа кім иелік етсе, ғылым мен технологияға да сол ие болады» - деді Президент [5].

Қазіргі таңда, осы мәселені шешуде біліктілікті жаңа әліпбиді үйретудің арттыру курстарының ғылыми-әдістемелік кешенін жасау; Облыстық Тілдерді дамыту басқармасымен және басқа да ұйымдармен бірлесе отырып, оның оқу-әдістемелік жабдықталуын қамтамасыз ету, оқытудың тиімді инновациялық тәсілдерін қалыптастыру және тағы басқа жұмыстарды жүргізуді қолға алынып отыр. «Өрлеу» БАҰО филиалдары әдістемелік оқулар, семинар-тренингтер, дөңгелек үстел т.б шаралар ұйымдастырылып, латыннегізді әліпбиге көшудің маңыздылығы жайында жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізілуде.

Қазіргі таңда, мемлекетіміздің болашағын айқындап отырған «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларының жүзеге асырылуы күнделікті білім беру үдерісінде кешенді түрде қолға алынуы тиіс. Осы бағыттағы шараларды талдай келе, әлі де болса, бағдарламаның терең мазмұнына бойламау, мақалада көрсетілген бағыттар бойынша ғылыми-методологиялық терең зерттеулердің жасалмауы және оны тәжірибеге енгізудегі әдістемелік-ұйымдастырушылық талдаулардың жеткіліксіздігі қол байлау болуда.

Сондықтан да, қазіргі таңда осы бағытта:

1Латыннегізді әліпбиге көшудің стратегиялық жоспарына сәйкес ғылыми-әдістемелік кешені әзірленуі тиіс.

2.Латыннегізді әліпбиге көшуді жүзеге асыратын кадрлар әлеуетінің біліктілігін арттыру қолға алынуы қажет.

3.«Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу.

Олай болса, мемлекетіміздің ертеңін құраушы жастарға білім беруші мұғалімдердің тарихымыздағы әлем мойындаған жетістіктерімізді зерделей отырып, өз ұлтының құндылықтарын жеке бас мүддесінен жоғары қоятын кәсіби шеберлігін шыңдауда келісім мен бірлікте еңбек ете білейік.