Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Ұлттық ойындар –мәдениетіміздің байлығы

Ұлттық ойындар –мәдениетіміздің байлығы

Кенжина Алмагуль Муслимкановна, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорықтың ғылыми қызметкері 

Ұлттық ойын баланың дамып жетілуіне, адамгершілік қасиеттерінің артуына, психикасына да тигізетін әсері мол. Ұлттық ойындар арқылы өз халқының тарихын, даму сатысын, әдет-ғұрпын айқындап көруге болады. Балаларға ұлттық ойындарды үйрету арқылы әділдікке, достыққа, сыйластыққа, кішіпейілдікке, яғни адамгершілік қасиеттері де дамиды.

 

Адамзаттың көптеген жылдар бойғы ойнау тәжірбиесі ойынның білімдік құндылығын дәлелдеді. Ойынның шығу сырын ғалымдар жүздеген жылдар бойы зерттеген. Оның шығу тарихы жайлы көптеген пікірлер айтылған. Қазақтың ұлттық ойындарының қалыптасу кезеңі сонау адамзат баласының жаратылған, демек Қазақстан жерінде қалыптасқан алғашқы қауымдық құрылыстан басталады, яғни б.з.б. бірінші мыңжылдықта-ақ қалыптасқан. Ахмет Жүнісовтың айтуынша (Фәниден бақиға дейін, - Алматы: «Қайнар», 1994), «Өзге халықтар сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан, атадан – балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлері бар[1, 25].

Ойын қоғамның діни, әлеуметтік және мәдени дамуы кезіндегі бос уақыт пен демалысты өткізу барысында туындаған. Ерте заманда ойын қоғамдық өмірдің бір бөлігі болып, оған діни саяси маңыз берілген.

Ұлттық ойындарды оқу мен тәрбиеде пайдаланудың қоғамымыздың іргетасын нығайту үшін бүгінгі жастарға үлгілі, өнегелі тәрбие беру – қазіргі міндеттердің бірі. Оқушыда жалпы айналадағы дүниенің (этикалық, эстетикалық, адамгершілік тұрғысынан) тәрбиелеу мақсатын халқымыздың мәдени рухани мұрасының, салт-дәстүрінің озық үлгілерін оның бойына сіңіру арқылы жүзеге асыруға болады.

Жас ұрпақ өз халқының мәдениетімен ұлттық әдебиеттер арқылы танысып келеді. Халық ойынды тәрбие құралы деп таныған. Халықтық педагогиканың ең бір көне тиімді құралдарының біріне ойын жатады.

Фольклортанушы Ә. Диваев «Қазақ балаларының ойындары» деген еңбегінде адамның жас ерекшелігін үш топқа бөледі:

1. Өмірге келгеннен бастап жеті жасқа дейінгі бала.

2. Жеті жастан он бес жасқа дейінгі бала.

3. Он бес пен жиырма жас аралығындағы жастар. [1, 32].

Осының негізінде қазақтың ұлттық ойындарын үш топқа бөліп қарастырып, бірінші топқа сол жастағыларға лайықты «Санамақ», «Тәй-тәй», «Айгөлек», «Соқыр теке», «Қуырмаш», «Ақ терек- көк терек» т.б. ойындарын, ал одан кейінгі топқа «Тақия тастамақ», «Бәйге», «Көкпар», «Теңге алу», «Қыз қуу» «Асық» т.б. ойындарын жатқызуға болады. Осы ойындарды біздің этнографиялық мұражай-қорықтың қазақ бөлімінде мектеп оқушыларына ойын ережелерімен, олардың қандай пайдалары бар екенін түсіндіре отырып ойнатамыз.

Мысалы, «Асық» ойының алсақ– біздің ұлттық спортымыздың бір түрі. Асық ойыны - қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойыны. Халқымыз асықты қастерлеген. Өмір салтымыз, әдет-ғұрпымыз төрт түлік малға мейлінше байланысты. Қаншама атау, ұғым-түсінік, таным мен пайым соған қатысты. Одан өрбитін сөз де, мақал-мәтел де жеткілікті. Мысалы, қазақта «Асығың алшысынан түссін» деген ізгі тілек бар.Ол сәті түсіп, жол болып тұрғандығын білдіреді.

Қазақтың ұлттық ойындары: «Бәйге», «Көкпар», «Алтын сақа», «Хан талапай», «Қыз қуу», «Тоғызқұмалақ» т.б. балалардың еңбекке деген қарым-қатынасы мен қабілеттерін арттырады.

Қазақ халқының ұлт ойындары ерлікті, өжеттілікті, батылдықты, мергендікке шапшаңдықты тағы басқа қуаты молдылығын, білек күшін дененің сомданып шынығуын қажет етеді.

Сонымен бірге, бұл ойындар әділдік пен адамгершіліктің жоғары принциптеріне негізделген. Өйткені, ойынға қатыспай тұрып-ақ оған күн ілгері көп адамдардың тер төгіп, еңбек етуіне тура келеді. Мысалы, бәйгені алайық. Ол үшін алдымен бәйгеге қатысатын атты таңдап алады. Ол атты баптап, бағып-күтуге тура келеді, оның ішетін суы мен жейтін жеміне дейін белгілі бір мөлшерге келтіреді.

Қазақтың ұлттық ойындары: көкпар сайыс, күрес, теңге алу, қыз қуу, алтын табақ ату т.б. спорттық сипатпен бірге үлкен тәжірибелік маңызға да ие болды.

Көшпелі қазақтардың өмір-салты денсаулыққа аса зор мән берген. Атқа міну өнері жас баланы сезімі мен денесін жаттықтырудың басты және ортақ дәстүріне айналды. Бозбала да, қыз бала да жастайынан аттың құлағында ойнауға бейімделді, соған тырысты.

Сондықтан, қазақтың ұлттық ойындары сауықтық жағынан ғана емес, ол - спорт, ол - өнер, ол - шаруашылық тәжірибелік маңызы бар тәрбие құралы.

Әдебиеттер:

  1. А.Жүнісов «Фәниден бақиға дейін» - Алматы:Қайнар,1994
  2. «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы», Алматы
  3. Ә.Диваев«Қазақ балаларының ойындары»
  4. «Қазақ мақал-мәтелдері» Алматы «Ана тілі баспасы»1993ж
  5. «Интернет» «Қазақтың ұлттық ойындары»-сайты