Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Менің әріптесім – 21 ғасыр педагогінің жарқын үлгісі

Менің әріптесім – 21 ғасыр педагогінің жарқын үлгісі

Меирбаева Айнагуль Айткалиевна,  «Абай атындағы орта мектебі» КММ-нің өзін-өзі тану пәні мұғалімі, Ақжар ауылы, Тарбағатай ауданы

         Алғашқы әріпті танытып, қаламды ұстауға үйретіп ғана қоймай үлкен өмір көшіне өз шәкіртін дайындайтын тұлға – ұстаз.  Кеше ғана еркелікпен, ойын алаңында алаңсыз  ойнап жүрген жас бүлдіршіннің жұмбақ өмірге басқан алғашқы қадамынан бастап ұстаз қарсы алады. Әр үйдің еркесін бірдей өз баласындай қарап, тентектігін кешіріп, ақылын айтып, әр баланың жүрегіне үңіліп, болмысына өзгеріс енгізіп, құпияда жатқан тұлғалық қасиеттерін ашатын да ұстаз! Ұстаз бола жүріп өзгелерге де үлгі болатын тұлға.

 

       Мен киелі Тарбағатай жерінің қара шаңырағы атанған, 90 жылдық тарихы бар  Абай атындағы орта мектебінде ұстаздық қызметімді атқаруда өзіме үлгі тұтатын, кейінгі жастарға тәлім ететін  әріптесім - бастауыш сынып мұғалімі Қалиякпарова Салия Қазтайқызы.
       Жай мұғалім хабарлайды,

       Жақсы мұғалім түсіндіреді,
       Керемет мұғалім көрсетеді.
       Ұлы мұғалім шабыттандырады, - деген ағылшын ағартушысы Уильям Уордтың сөзіне сүйене отырып қарасам Салия Қазтайқызы бүгінгі күннің білім саласындағы талаптарына  сай, білімі мен біліктілігін әрдайым жетелдіріп, жаңа инновациялық технологияларды меңгеріп отыратын, өз маманының майталманы. Жас мөлшеріне қарамай үнемі шығармашылық ізденісте болады.
       Ұстаз бойынан үнемі шәкірттеріне деген махаббатты, білімге деген жаңашыл көзқарасты,  ата-анаға деген үлгілілік сипатты, әріптестерге деген жоғары қарым-қатынасты көремін. Бүгінгі заманның ағысы зымырап ұшқан құспен тең. Көзді ашып-жұмғанша кеш батып, таңның қалай атқанын байқамай қаламыз. Әрқайсымыз алдымыздан самалдай есіп келген жаңа дәуірдің лебін сеземіз. Бұл қандай дәуір? Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының айтқанындай «Біз «білім – ғылым – инновациялар» үштігі билеген постиндустрия­лық әлемге қарай жылжып келеміз», - деген қағидаға сәйкес Салия Қазтайқызы өз шәкірттеріне кез келген сабағында әркез  еңбекті біліммен ұштастырғанда ғана жетістікке жетуге болатынын үйрете отырып, бүгінгі алған білімнің ертеңгі Тәуелсіз Қазақстанның болашағына, басқа дамыған елдермен тереземіз тең болуда әр қазақстандық  азамат пен азаматшаға  қажетін екенін өмірмен ұштастыра отырып көрсетеді.
        «Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман»,- деп өз пікірін, тәжірибесін, барлық бар дүниесін мектебіміздегі жастарға үнемі үйретіп отырады. Расында білімсіз өмір тұл.
       Мен өз әріптесімді – 21 ғасыр педагогінің жарқын үлгісі деп айта аламын. Оған дәлел ретінде, ұстаздың үздіксіз кәсіби педагогикалық шеберлікке жету жолындағы үздік жетістіктерін ұсынар едім. Атап айтар болсам, әріптесім Салия Қазтайқызы педагогикалық 33 жыл еңбек өтілінде     8 рет бастауыш сыныпты 1-4 сыныптар аралығында оқытып,  қараңғы жерге күн сәулесін шашқандай  шәкірттерін білім нәрімен сусындатты.
       Еңбек жолында тек ғана ұстаз болып ғана қоймай, бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігінің жетекшісі де болған. Осы жолда аудандық «Бастауыш сынып мұғалімдері әдістемелік бірлестігінің үздік жетекшісі» сайысында І орынды иеленсе, облыстық сайыста ІІІ орынды иеленген.  Түрлі педагогикалық сайыстарға қатысып, үнемі жүлделі орындарға ие болған.
        «Педагогикалық Оскар» консилиум-конкурсында «Зерделі тәлімгер» номинациясымен марапатталған.
«Ұлағатты ұстаз» атты Республикалық оқытушылар конкурсында «Бастауыш сынып оқушыларының сабақтан тыс жұмыстар бағдарламасы (1-4 сынып оқушыларына) номинациясында ІІ орынды иеленген. 
       Аудандық, облыстық, республикалық педагоикалық оқуларға қатысып өз іс-тәжірибесін таратып, еңбектері жинақтарда жарық көрді.
       Әріптесім еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілік және оны қалыптастыруда заманауи педагогтың кәсіби құзіреттілігінің мәнін көрсете біледі. Жаһандану заманындаұлт – бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгецйімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кіріп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе.
       Өз шәкірттеріне Елбасымыз Н.Ә Назарбаевтың: «сендер оқу бітіріп, қызмет жасар жасқа келгенде мына ғалам мүлде өзгеше болады. Білім мен ғылым заманы болады», - деген сөзін басшылыққа ала отырып,  дамыған елдердің тәжірибесімен де бөлісіп, жаңартылған білім беру бағдарламасын басшылыққа ұстайды.  
       Ұстаз болу ұлы қасиет екенін бәрі мойындайды! Менің әріптесім –баланың жүрегіне жол таба білген жан. Ұлы Абай айтқандай «сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп әр оқушыға білім беріп, оған өмірлік бағыт сілтеп өмірге «кірпіш» болып қалануына зор үлес қосуына бастауыш сыныптан бастау беріп келеді. Білімді, бәсекеге қабілетті, озық ойлы, ұлтжанды, рухы биік, парасатты тұлғаны қалыптастырып, баптайтын адамның өзі де қандай болуы керек деген сауалға жауап іздесек, ол «21 ғасыр педагогінің жарқын бейнесі» деген сөзбен тіркесіп келетін Салия Қазтайқызы.
       Елбасымыз Н.Ә Назарбаев «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында» -деп атап көрсеткендей, ұрпақ тағдыры үшін жауап беру - ұстаз атаулыға үлкен салмақ тастап отыр. Сондықтан менің әріптесім, күнделікті өмірдің жай ғана адамы емес, болашақты құрушыларды, адамзаттың сәулетті болашағын жасаушыларды тәрбиелеп отыр деп мақтанышпен айта аламын. Оған дәлел ретінде  әріптесімнің шәкірттерінің жетістіктерін айта аламын. Жыл сайынғы дәстүрлі өткізілетін бастауыш сыныптардың пән олимпадасының  аудандық кезеңінде оқушылары Түсіпхан Анель дүниетану пәні бойынша, Шайменова Толғанай ана тілі пәні бойынша, Ерхатқызы Айбибі математика пәні бойынша  І орындарды иеленіп, облысқа жолдама алды. Облыстық бастауыш сынып оқушыларының «Балдырған»  облыстық олимпиадасында Түсіпхан Анель дүниетану пәні бойынша І орын, ана тілі пәнінен Шайменова Толғанай ІІ орын, математика пәнінен Ерхатқызы Айбибі ІІІ орын алды. Облыстық «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен өткізілетін интеллектуалды сайыстарға оқушылары қатысып,  үнемі жүлделі орындар  иеленіп келеді. Аудандық ғылыми жоба сайысында Кеңесханов Дәулет «Соғым» тақырыбындағы жұмысы ІІ орын иеленді. Жазар болсам, ұстаз шәкірттерінің жеткен жетістіктері том - том кітап болары анық.
       Педагогикалық міндеттерді шешуде нәтижелерге дәлел бола алатын, нақты қызмет үлгілеріне, педагогикалық іс-әрекет нәтижелеріне тоқталсам әріптесімде мақтанышпен айта алатын авторлық бағдарламсы. 2015 жылы Алматы қаласы «Дайыр Баспа» баспаханасында «Ойнайық та, ойлайық» атты дидактикалық жинағы жарық көрді. Аудан көлемінде іс-тәжірибесі таратылды.
        «Тіл дамыту»  пәні бойынша 1-4 сыныптарға арналған үлгі оқу тақырыптық күнтізбе жоспарын жасап аудан мектептерінің ұстаздарына өз пәндерінде  қолдануға аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинеті ұсынды.
       2016 жылы «ХХІ ғасыр мектебі» журналының №2 санының мұқабасына ұстаздың автопортретімен бірге мақаласы жарық көрсе, «Бастауыш білім» Республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарға «Сәлем – сөздің анасы», т.б  мақалалары жарыққа шықты.
       Ұстаздың сан қырлы ұстазға тән қасиеттерін, жетістіктерін, шәкірттерінің мақтаныштарын «Шығармашыл ұстаз» айдарында аудандық «Тарбағатай» газетіне аудан тілшілері жазған мақала шықты.
        «Ұстазға жаңа талап» Республикалық ғылыми – әдістемелік конференциясының материалдары ІІ томына «Бастауыш сыныптарда ойын технологияларын тиімді пайдалану» атты мақаласы енгізілді. Жыл сайын аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталады.
       Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Адамзаттан құралған қоғам өзіндік «мені» бар тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Сондықтан қоғам дамуында білім беру ең маңызды мәселе  болып табылады.
       Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. «Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға /қазақ жанына/ үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады», - деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, бүгінде мұғалімдер алдында үлкен жауапкершілік жүктелді. Кез келген адам баласы, әкім де, қара да, ғалым да, дарын да өмірінде үлкен тәрбие  мен таусылмас білім ошағын санасына ұялатқан ұстаз салған сара жолмен келе жатыр. Нағыз мұғалім, міне, осы. Өйткені, әрбір мемлекеттің өсіп өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы – ұстаз берген білімде. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келген кез келген мемлекет ең алдымен, білім беру саласын дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді. Ендеше, осындай бәсекеге қабілетті, ұлтжанды, ой-санасы биік ұрпақ тәрбиелеу жаңа формация мұғалімінің еншісіне тиері анық. Менің әріптесім осы сипатқа лайық. Мен әріптесіммен мақтанамын.