Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Менің әріптесім – 21 ғасыр педагогінің жарқын үлгісі

Менің әріптесім – 21 ғасыр педагогінің жарқын үлгісі

Жаркенова Бакыт Хамзановна,  «Жарбұлақ орта мектебі» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Қабанбай ауылы, Үржар ауданы

       Ұстаз – ұлағатты есім. Осынау сөзде қаншама мән-мағына жатыр десеңізші! Алғаш мектеп табылдырығын аттағанда «Әліппенің» бетін ашып, әріп танытқан, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі шәкірт жүрегінің төрінен орын алатыны сөзсіз. Ұстаздың осыншама қадір-қасиет, құрметке бөленуі әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен, мейірімділікпен қарым-қатынас жасауында. Олай дейтінім, кешегі шәкіртім Қасенова Ляззат Муратжанқызы қазіргі таңда анасының, ұстазының жолын қуып, өзі оқыған мектебінде ұстаздық қызмет атқаруда.

 

      «Ұстазға қарап шәкірт өседі» дегендей, Ляззат Муратжанқызы өз мамандығының майталманы. Ол 1986 жылы мектеп табылдырығын аттаған кішкентай бүлдіршін 1997 жылы Үздік аттестатқа аяқтап, сол жылы ару қалаға келіп, армандаған Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетінің бюджет бөліміне оқуға түседі. Онда да білімі мен алғырлығы жағынан қатарының алды болып, университет мұғалімдерінің сүйікті студентіне айналады.
      «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, өзі университеттегі ұстаздары Рабиға Сыздықова, Серік Қирабай, Гүлбану Қосымова, Ғалия Жексембаева, Ләззат Дүйсембекова, Серік Мақпыров, Темірхан Тебегенов, Қарлығаш Сейталиева, Балтабай Әбдіғазиев, Төкен Жұмажанова, Фаузия Оразбаева сынды майталман, мейірімді жандардан дәріс алып қана қоймай, жақсы қасиеттерін де бойына сіңіргенін мақтанышпен айтып жүреді.
     Мектеп қабырғасында-ақ болашақ таңдайтын мамандығына шын қызығушылығын оятқан Жаркенова Бақыт, Тастанбеков Дәулетқан сынды ұстаздарына алғысы шексіз. 2001 жылы аталған университетін Үздік дипломға аяқтап, еңбек жолын туған ауылындағы өз мектебіне мұғалім болудан бастайды. «Жас келсе іске» деп, келе өзін жас маман сияқты емес тәжірибелі ұстаздай көрсете білді. Білімділігі, біліктілігі, жаңашылдығы, іскерлігі, ізденімпаздығы, жауапкершілігі, талапшылығы ұжымға бірден білінді. Аз уақыттың ішінде оқушылардың сүйікті әрі қалаулы мұғаліміне айналып, ата-аналардың құрметіне бөленіп үлгерді. Таңнан  қара кешке дейін мектептен шықпай, уақытпен санаспай еңбек етті. Көп ұзамай қажырлы еңбегі өз жемісін бере бастады.
      Атап айтқанда, аудандық «Жыл мұғалімі» сайысында  1-орын алғаны үшін мұғалімдер мерекесіне орай аудан әкемінің марапаты және бағалы сыйлығы берілді. Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаты Н.С.Сабильянов мырзаның ұйымдастыруымен Астанада Семей өңірінің үздік мұғалімдері бас қосып, Білім және Ғылым министрі Бірғаным Сарықызы Әйтімованың қабылдауында болды. Аудандық «Жаңашыл ұстаз» байқауының 2-орын жүлдегері, Республикалық Б. Әбдіғазиевтің 60 жылдығына байланысты конференцияға қатысып мақтау қағазымен марапатталды. Аудандық, ауылдық, мектепішілік, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады.
      Оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық түрлі байқаулардың, олимпиадалардың жүлдегерлері. Ляззат Мұратжанқызының алғашқы шәкірттері де бүгінгі таңда ұстаз жолын қуып Қаазақстан Республикасының әр түкпірінде білім нәрін сеуіп жүр. Атап айтсам олар:  Қаратаева Толқын, Вырахманова Гулминур, Турлыбекова Назерке, Тоқболатова Жадыра, Жанболатова Жұпар.
      Қазіргі заман жастарының көбі «ақшасы аз, жұмысы жауапты тағы сол сияқты» деп менсіне қоймайтын «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» деген мамандықты таңдаулары бекер емес. Бұл оқушы жүрегіне жол таба білген, өз мамандығына шын ғашық қылдыра білген ұстаздың зор еңбегінің нақты дәлелі, кәсіби икемділігі мен ұтқырлығының, біліктілігі мен білімдігінің нәтижесі.
       Ляззат Муратжанқызы шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде аянбай еңбек етеді, сабағын түрлі әдіс-тәсілдерді  қолдана отырып қызықты, тартымды өткізеді.
       Ляззат Муратжанқызы- жоғары  санатты ұстаз. Ол -  өзін-өзі үздіксіз дамытып отыратын, әрқашан сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті, жаңалықтың жаршысы. Оның алар асуы, бағындырар биігі әлі алда екеніне мен сенемін.
        Ойымды қорытындылай келе, Ляззат Муратжанқызы кез келген ауыртпалықты өзіне қабылдай отырып, тәуекелге баруға дайын, әр шәкіртпен жеке-жеке жұмыс жасайды, ұйымдастырушылық қабілетімен ортада көшбасшы, заманауи технологияны игерген. Сондықтан мен өз әріптесімді «21 ғасыр педагогінің жарқын үлгісі» деп айта аламын.
       Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау.