Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - 70 жыл педагогикалық шеберліктің сапасы мен үздіксіздік шыңына өрлеу және ұмтылыс

70 жыл педагогикалық шеберліктің сапасы мен үздіксіздік шыңына өрлеу және ұмтылыс

 Мухамбетова Зауре Ерлановна, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ қоғамдық байланыс және баспа бөлімінің бас маманы

2018 жылдың 12 қазанында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Шығыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты 70 жылдық мерейтойына арналған «Білім беру мазмұнының жаңаруы жағдайында педагогикалық  қызметкерлердің біліктілігін арттыру: тәжірибе және даму болашағы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді.

Конференция жұмысына ҚР, облыстың қоғам қайреткерлері; шетелдік қонақтар;  институттың ардагерлері, ШҚО білім беру мекемелерінің өкілдері, әлеуметтік серіктестер, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдарының басшылары мен қызметкерлері қатысты. Олардың ішінде Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының Директорлар кеңесінің төрағасы Орсариев Арын Амангельдиевич; «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Самсаев Иса Мусаевич; педагогикалық ғылымдар докторы, профессор, Ресей Федерациясы Үкіметінің білім берудегі премиясының лауреаты,. Фроловская Марина Николаевна (Барнаул қ.); Новосібір педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының доценті, п.ғ.к. Мицук Ольга Владимировна және т.б.

 

Барлығы конференцияда 200-ден аса ғылыми баяндама оқылды. Баяндамалар топтамасы білім беру мазмұнының жаңаруы жағдайында біліктілікті арттыру жүйесі дамуының өзекті мәселелеріне арналған.

Конференцияның екінші бөлімінде ШҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиналыс өтті.

Институттың мерейлі мерекесінде шақырылған құрметті қонақтар мен облыстық білім мекемелерінің басшылары институт ұжымын құттықтап, ризашылықтарын білдірді. Институттың облыс педагогтерінің біліктілігін үздіксіз арттырудағы ерекше рөлі аталып өтті. Сондай-ақ жиналыс аясында Шығыс Қазақстан облыстық біліктілікті арттыру жүйесінің үздік өкілдерін марапаттау рәсімі жүргізілді. «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО БАИ директоры, п.ғ.к. Байхонова С.З. «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, Ғылыми-жаратылыстану (гуманитарлық) пәндерін оқыту әдістемесі және инновациялық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы Каматаева С.Т. «Еңбек ардагері» медалімен, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО БАИ директорының орынбасары, п.ғ.к. Жуманова Г.С. «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Біліктілікті арттыру ісіне қосқан қомақты үлестері үшін бірқатар филиал қызметкерлері ҚР Білім және ғылым министрлігінің, «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқармасының, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының грамоталарымен, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстық қоғамдық ұйымдарының грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды.

Институттың 70 жылдық тарихы – ондаған және жүздеген мұғалімдердің шығармашылыққа толы еңбектерінің жолы, олардың құлшыныстары мен кәсіби парызға адалдықтарының айғағы. Мерейтойлық мәреге жеткен институт облыс педагогтерінің біліктілігін арттыру жүйесін жаңартудың ауқымды міндеттерін іске асыруға, қазіргі заманғы технологиялар мен оқытудың жаңа стратегияларын енгізуге қабілетті жоғары кәсіби оқытушыларына иық артады. Соңғы 5 жылда филиал базасында облыстың жиырма бес мың педагогы оқытылып шыққан. Білім беру мазмұнын жаңарту аясында 11301 педагог оқытылды. Тарихқа жүгінсек, институт 1978 жылы КСРО институттарының арасында ең үздік деп танылған. Шығыс Қазақстанның педагогтері ШҚО БАИ-мен бірге бұл эстафетаны жалғастыра отырып, барлық ғылыми-практикалық шараларға қатысады: 2016 жылы Республикалық педагогикалық оқуларда ШҚО командасы алты жүлделік орынды иеленді. 2017 жылы «Өрлеу SMART – педагогы: кәсіби жетістікке бастар жол» байқауында «№2 жалпы білім беретін мектеп» КММ директорының тәжірибелік-эксперименталды жұмыс жөніндегі орынбасары В.С.Пак жасаған жоба республика бойынша үшінші орынды алды. Филиалдың аға оқытушысы А.К.Сейлхан «Өрлеудің 2017 жылғы үздік оқытушысы» байқауының жеңімпазы атанды.

ШҚО бойынша біліктілікті арттыру институты жинақталған тәжірибесіне сүйене отырып, педагогикалық қызметкерлердің кәсіби шеберліктерін жетілдіру, біліктіліктерін арттыру ісін жалғастыра береді.

Оқыта отырып білім алу, озық жұмыс істеу – Шығыс Қазақстан облысының біліктілікті арттыру институты педагогтерінің ұстанымы болып табылады.

Біліктілікті арттыру институтының ардагерлерін, профессорлық-оқытушылар құрамын, барлық ұжымын атаулы мереке – 70 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз, зор денсаулық, бақ-береке,кәсіби іс-әрекетінде толайым табыс тілейміз!