Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Бастауыш сыныптардың математика апталығының жабылуына арналған ертеңгілік жоспары

Бастауыш сыныптардың математика апталығының жабылуына арналған ертеңгілік жоспары

Аубакирова Д.С., ШҚО білім басқармасының «ШҚО арнайы мектеп- интернаты» КММ

Тақырыбы: «Көңілді сандар әлемінде»

Мақсаты: Апталықта өткен іс-шараларға қорытынды жасай отырып, математика пәніне деген қызығушылығын ояту, оқушылардың математикалық ой-өрісін дамыту, математикалық білім қабілеттерін жетілдіру, алған білімдерін пысықтау.

 

Оқушылардың өз ойын еркін айта білуге жетелеу. Оқушыларды мейірімділікке, достыққа, алғырлыққа, шапшаңдыққа, ізденімпаздыққа, тапқырлыққа тәрбиелеу. Туған жерінің табиғатын сүюге, жануарларды қорғауға, сүйіспеншілікпен аялап қарауға баулу.

Көрнекіліктері: Ертеңгілік жоспарына байланысты плакаттар, математика іліміне байланысты нақыл сөздер, үлестірмелі карточкалар, геометриялық фигуралар, безендіруге арналған суреттер.

Құрал-жабдықтар: музыкалық сүйемелдеу құралдары, ТСО құралдары, мальберт, маркерлер, залды безендіруге пайдаланылған ертегіден көрініс құралдары, ағаштар, шыршалар т.с.с.

                               Ертеңгіліктің өту барысы:

І Ұйымдастыру кезеңі:

-Сәлеметсіздер ме, оқушылар!

Нақты білімге қызығушылар

Естігенін естіп тұрып,

Оқығанын миға тоқушылар.

 

Сәлеметсіздер ме, ұстаздар!

Айтар ойын тұспалдар.

Біз оқытқан оқушылардың,

Сәті келді сыналар.

 

Есепті түрлі – түрлі шығарамыз,

Арасында ойын ойнап жарысармыз.

Ойлы сұрақ, жеңіл сұрақ бәрі де бар,

Әзіл есепке бүгінгі кеште де орын бар.

Олай болса, бұл не тұрыс,

Кешімізді біз бастайық.

 

Математика – бұралаңсыз нақты ілім,

Үйрететін бақыт тілін, бақ тілін.

Айдыныңда сүңгіп, сүңгіп жүзсең бір,

Тарқалмайды қуаныш пен шаттығын – дей отырып,

 

Мектебімізде қызыққа толы апталықтың өтуінің куәсі болған барлық қатысушыларға ертеңгілігімізге хош келдіңіздер демекпін!

Біздің ертеңгілігімізді бастамас бұрын апталықтың ең басында кім қонаққа келіп еді, сол сәттерді еске түсіріп алайық.

Ендеше, балалар, бізбен бірге Математика патшалығына саяхатқа баруға шақырамыз!

Математика патшалығында кішкентай ханзада өмір сүреді екен. Ханзада сендер секілді мектепте оқымайды және достары да жоқ көрінеді. Сондықтан да оның көңіл- күйі жоқ, немен айналысарын білмей таңертеңнен кешке дейін өзінің сарайын аралай береді екен. Оның сарайы сиқырлы болғанымен ханзадаға ешқандай көңіл- күй сыйламайды екен.

Біздің мақсатымыз, сол ханзадамен бүгінгі ертеңгілікті қызықты етіп өткізіп, математика ілімінің қыр- сырларына үйрету.

Сахнаға көңілсіз ханзада шығады. Ары- бері жүреді.

-Туу, қандай мен көңілсізбін, достарым да жоқ, немен уақыт өткізерімді де білмеймін. Осы сарайды бәрі сиқырлы дейді, бірақ, сиқырдың сырын мен ұқпаймын. Мүмкін, өзіме достар тауып алсам, өмірім өзгегер ме еді?

ІІ. Осы кезде әндетіп аю келеді

- Балпаң, балпаң басамын,

- Алты қырдан асамын,

- Аю деген ағаңмын

- Аңшы көрсем қашамын.

Тоқылдатады. Ханзада сұрайды:

- Бұл кім болды екен?

-       Мен, маймақ аюмын, сенімен достасқайы келдім және өзіммен бірге математикалық қызықты тапсырмалар алып келдім.

- Алақай, мен де қатыссам бола ма?

Аюдың тапсырмасы: «Бөлігін тап» ойыны. Бірнеше оқушы шақырылып,қолдарына орталарынан бөлінген геометриялық фигуралар үлестіріледі, ойынның шарты: оқушылар бүтін геометриялық фигураларды құрастыруы тиіс.

ІІІ. Әндетіп қасқыр келеді:

-Қорқынышты атағым,

Қалың қапа жатағым,

Қой қораға түсетін

Бар ғой аздап шатағым.

Қасқырдың тапсырмасы: «Тиісті орныңды тап» ойыны. Оқушыларға 1-10 дейінгі сандар таратылады. Ойынның шарты : белгі бойынша әр бала өз орнын тауып тұра қалуы тиіс және әр бала өз орнын тапқаннан соң, сандарға байланысты тақпақтар айтылады.

1)Мені білгін келсе,

Мен таяқша бірмін.

Барлық санға жол бастап,

Ең басында тұрамын.

 

2) Бірден кейін тұрамын,

Сандар іші тұрағым.

Бірге бірді қосқанда,

Иіліп мен шығамын.

 

3) Екіден соң әрқашан

Үш саны боп қаламын.

Қос мүйізі майысқан

Ұлттық ою саламын.

 

4) Достар мені төрт дейді

Беске бірім жетпейді

Бірақ үшке ағамын

Жақсысымын бағаның

 

5) Әр қолда саусақ бес - бестен

Шықпас тегін ол естен

Біліп санның шамасын

Мысал ойлап табасың.

 

ІҮ. Әндетіп түлкі келеді:

- Мен түлкімін, түлкімін,

Тұнып тұрған күлкімін,

Бұлаң- бұлаң құйрығым

Текке өтпейді бір күнім.

Бәрің де маған жетпейсің,

Алдымнан кесіп өтпейсің.

Мене асқан қулық жоқ

 

Түлкінің тапсырмасы: «Көңілді суретші»

Оқушылар шақырылып, қолдарына маркерлер таратылады. Ойынның шарты: берілген 4 геометриялық фигуралардан өз қиялың бойынша сурет ойлап шығаруың тиіс.

 

Ү. Әндетіп қоян келеді

-Мен қоянмын, қоянмын,

Сыбдырдан да қорқамын.

Дыбыс шықса қашамын,

Таудан бір- ақ асамын.

 

Қоянның тапсырмасы «Қояндарға тиісті сәбіздерін тарат» деп аталады. Ойынның шарты: әр қоянның суретінің астында көбейту мен бөлуге байланысты мысалдар жазылған, ал мысалдардың шешуі сәбіздерге жазылған, ендеше, сәбіздерді тиісті қоянға тарату қажет.

 

ҮІ Әндетіп кірпі келеді:

-Мен кірпімін, кірпімін,

Көрінбейді кірпігім.

Балаларға ұнайды

Жүретінім түртініп.

 

Кірпінің тапсырмасы математикалық қызықты есептер мен сұрақтардан тұрады.

 

1) Көлден ұшты 50 қаз

Қайтып қонды 20 қаз

Қонбады оның нешеуі,

Қане кім тез шешеді? (30 қаз)

 

2) Ағаш басында 2 балық отыр еді. Оларға тағы 2 балық ұшып келді. Барлығы неше балық болды? (Балықтар ұшпайды)

 

3) Табақта 55 алма

Қолымда 5 алма

Барлығын қосқанда

Айтшы сонда нешеуі

Болады неше алма? (60 алма)

 

4)4 тышқанны неше құлағы бар? 5 қойдың неше басы бар?

ҮІІ.Ертеңгілік соңында осы апталықтың басында қонақта болып қайтқан Математика Патшайымы кіріп, оқушылардың апта бойында жұмыстарына оң баға беріп, сыйлықтар үйлестіріп, сондай- ақ, ханзаданың көңілін көтеріп, қызықты тапсырмаларымен қуантқан достарға рахметін айтты.