Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Мектепке дейінгі ұйымдарда экскурсияны ұйымдастыру жолдары

Мектепке дейінгі ұйымдарда экскурсияны ұйымдастыру жолдары

Сарсембекова Сана, «Ер-Таң1» шағын орталығының тәрбиешісі, Семей қаласы

Мектепке дейінгі балалық шақ кезеңінде баланың танымдық дамуы эмоционалдық қарым - қатынастар арқылы қалыптасады. Әрбір жеке бала - қоршаған ортаны қызығушылықпен қабылдайтын кішкентай зерттеуші. Бала белсенді әрекеттерге талпынады. Сондықтан да бақылау мен зерттеу сияқты әдістер балаға неғұрлым жақын болып табылады. Көрнекті психолог С. Л. Рубинштейн бақылауды баланың ойлау қабілетін дамытатын мағыналы қабылдаудың нәтижесі деп қарастырады. Бұл жерде бала табиғи нысандар мен құбылыстардан нені көре алады және нені көру керек деген сұрақ туындайды. Серуен кезінде бақылау жұмысын дұрыс ұйымдастыру біріншіден жоспарлау кезінде жеңілдік туғызса, екіншіден, бақылауды жүргізуге қойылатын талаптар сақталады. Балалардың танымдық құзіреттілікті меңгеруі, бақылау нәтижесі педагогтың қолданатын әдіс-тәсілдері мен бақылауды ұйымдастыруына тікелей байланысты. Баланың жан-жақты дамуы оның қоршаған ортамен белсенді қарым-қатынасы негізінде қалыптасады. Бұл тұрғыда «Сезіну – танып білу - жүзеге асыру» - осы үш бағытта жұмысты ұйымдастыру қажет. Ол үшін тиімді әдіс-тәсілдерді таңдап алудың маңызы зор. Төменде берілген серуен кезінде ұйымдастырылатын бақылау үлгілері тәрбиешіге баланы қоршаған ортамен таныстыруға, серуенді дұрыс ұйымдастыруға көмектеседі.Серуен – мектепке дейінгі мекемеде бала әрекетін ұйымдастырудағы режимдік сәттердің негізгі бөлігінің бірі. Серуеннің мақсаты – бала денсаулығын нығайту, шаршаудың алдын-алу, денесін шынықтыру, түрлі әрекеттер нәтижесінде организмде болған функционалдық өзгерістерді реттеп, қалыпқа келтіру.

 

Серуеннің міндеті:
- Қарапайым жағдайда организмді шынықтыру;
- Мектеп жасына дейінгі баланың физикалық даму деңгейін арттыру;
- Баланың қимыл белсенділігін арттыру;
- Баланың танымдық, көркем-эстетикалық, әлеуметтік-тұлғалық дамуына ықпал ету.

Серуенді дұрыс ұйымдастыру: бала денсаулығын нығайту, балалардың қимыл-қозғалыс дағдыларын қалыптастыру, киімі ыңғайлы болуы, жыл мезгіліне сай киінуі дұрыс жолға қойылғанда ғана баланың салауатты өмір салтының қалыптасуына мүмкіндік береді.

Серуен түрлері (өтілу орнына қарай):
1. Балабақша аумағында;
2. Мектепке дейінгі мекеменің территориясынан аулаққа жаяу серуен (ересек топтар 2 километрге дейін)

Балалар киіміне қойылатын талаптар:
- Баланың киімі жыл мезгіліне сай және баланың ыстықтап немесе тоңуына жол бермейтіндей, ауа-райына сәйкес болуы керек;
- Температура +3 тен - 3°С аралығында болған жағдайда баланың киімі (іш киімді қосқанда) 3 қабаттан тұруы қажет. Сырт киім жылы күртеше, шалбар немесе гамаж; аяқтарында жылы бәтеңке;
- Температура - 4 пен - 10°С аралығында болған жағдайда балаларға қысқы қалың күртеше мен 3 қабатты киім болуы шарт.
- Температура одан төмен болған жағдайда киім қабаттарын 4-5-ке дейін, киім жылылығына қарай көбейту қажет.

Жазғы маусымда күн тимеу үшін жазғы жеңіл күнқағар бас киім қажет.

Серуеннің мазмұны:
1. Бақылау;
2. Еңбекке баулу;
3. Қимыл белсенділігін арттыру: қимылдық, спорттық ойындар мен жаттығулар;
4. Баламен жеке жұмыстар
5. Балалардың өз бетінше әрекеті.

Серуен кезінде дене шынықтыру жаттығуларын жасау және қимыл-қозғалыс ойындары баланың эмоционалды жағдайына және денсаулығына көп көмегін тигізеді.

Қысқы мезгілде серуен күніне 2 рет ұйымдастырылады. Ауа температурасының -15 градусқа дейін төмендеуі және желді күндері серуен уақыты қысқартылуы мүмкін.

Бала денсаулығын және өмірін сақтау мақсатында жұмыс уақыты басталғаннан тәрбиеші және тәрбиеші көмекшісі ойын алаңын тексерген жөн. Сынған шөлмек, тастардан үнемі тазартып отыру керек. Серуенге шығар алдында тәрбиеші көмекшісі ойын алаңын дайындау қажет. Тәрбиеші серуеннің қызықты өтуіне алдын-ала ( серуеннің жүрісін, ойын құралдарын) дайындауы тиіс.

Серуен төмендегі бөліктерден тұрады:

  1. Бақылау;
  2. Еңбекті ұйымдастыру;
  3. Қимыл-қозғалыс ойындары;
  4. Жеке баламен жұмыс;
  5. Балалардың еркін ойындары;

Серуен бөліктері жыл мезгіліне, ауа райына байланысты әр түрлі болып құрылады, мысалы қыс мезгілінде көп қозғалысты талап ететін ойындар, еңбек, бақылау жыл мезгілдерінің ерекшелігіне сәйкес өткізіледі. Жыл мезгіліне байланысты көркем сөздер, тақпақтар айтқызуға болады.

Бақылау - тәрбиеші жоспарына байланысты жүргізіледі және мақсаты жазылады. Бақылауды  жанды табиғатқа /құстарға, ағаш жапырақтарына, жыл мезгіліне байланысты жәндіктерге, өсімдіктерге/  жүргізуге болады. Жансыз табиғатқа жататын /күнге, бұлтқа, желге, қарға, қардың қалыңдығына/ жүргізуге болады. Үлкендер еңбегін, көлік түрлерін, өтіп бара жатқан адамдарды т.б. бақылауға болады. Бақылауды түрлендіріп қызықты өткізу – баланың айырмашылықтарды, айнала қоршаған ортадағы  өзгерістерді байқау, байқампаздыққа тәрбиелейді.

Еңбек – аулада, ойын алаңында жүргізіледі. Балаларға жеке тапсырмалар немесе ұжыммен жұмыс тапсыруға болады.

Қимыл-қозғалыс ойындары – Жай қимылды ойындар, орташа қозғалыстағы ойындар және шапшаң қимылды қажет ететін ойындар болады. Жоспарға жаңа ойындарды енгізіп отыру қажет. Бір жылдың ішінде 10-15 жаңа ойын енгізген жөн:

  • Қызықты ойындар;
  • Эстафеталық ойындар;
  • Сюжетті қозғалыс ойындары;
  • Спорттық элементтері бар ойындар;
  • Ұлттық ойындар;

Ойындарды ұйымдастыру – жыл мезгіліне, ауа райына, балалар көңіл-күйіне, серуен қай мерзімде өтіп жатқанына байланысты болуы керек.

Жеке баламен жұмыс – баланың өтілген тақырыптар бойынша білімін бекіту, психикалық процестерін дамыту.

Еркін ойындар – Балалардың өз бетінше ойнауына жағдай жасау, керекті құралдарды алу, ойыншықтармен қамту.

Серуенге қажетті құралдар: еркін ойынға қажетті ойыншықтар, қимылды ойындарға бетперделер, қар салуға қажетті ыдыстар, жалаушалар, кегли, белшіктер, шелек т.б. Серуенге қажетті ойыншықтардың санитарлық-гигиенаға сай болуы қамтамасыз етілуі тиіс. Таза ауада спорттық сайыстар өткізуге және оларға мектеп оқушыларын және ата-аналарды қатыстыруға болады.

Тағы бір жұмыс бағыты – ата-аналармен жұмыс. Қабылдау бөлмесінде ақпараттандыру қабырғасында «Қыс мезгіліндегі серуен», «Баланы ауа райына байланысты киіндіру», «Ауырған кезде және жазылған кездегі серуен», «Барлық отбасы мүшелерімен серуен» т.б.тақырыптарда кеңестер берілуі тиіс. Серуенді дұрыс ұйымдастыру :

-         Серуенге ойын алаңын алдын-ала дайындау;
-         Балаларды киіндіріп, шешіндіру тәртібі;
-         Серуенге алып шығатын құралдардың талапқа сай болуы;
-          Бақылауды, зерттеу жұмыстарын жүргізу құралдары;
-         Балалардың еңбекке дайындығы;
-         Өз еркімен ойындарын ұйымдастыру;
-         Балалармен жеке жұмысты жолға қою;
-         Ойын алаңындағы атрибуттардың дұрыстығы;

Осылайша серуенді дұрыс ұйымдастыру – баланың жан-жақты танымына, денсаулығының дамуына, салауатты өмір салтын ұстануына бағыт-бағдар береді.

Серуен дайындықсыз өткізілмеуі тиіс. Олар танымдық мақсатқа құрылып, қызықты өткізілуі керек. Тәрбиеші жоспарлау барысында ақпараттық материалды кеңінен қолданғаны жөн. Олар төмендегі мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталуы тиіс:

- Балалардың ой - өрісін кеңейту.
- Үйренгендерін ойын және ауа - райын дербес бақылау уақытында қолдана білуге үйрету.
- Табиғатқа деген қызығушылықтарын қолдау.

Серуенде балалар айналаны қоршаған әлемге таңдана қарайды, алайда көп нәрсені байқамайды, кейде тіпті ең басты нәрсені де көрмеуі, байқамауы мүмкін. Егер тәрбиеші балаға көрсетіп, қызыққан затын түсіндіріп таныстырар болса, бала көп нәрсені білер еді. Мұндай мүмкіндікті ұйымдастырылған серуен ғана береді. Әр серуен кезінде бала жаңа нәрсемен танысады, бұрынғыларын меңгереді. Балаларды табиғатпен таныстыруда: өлі табиғат, тірі табиғат, өсімдіктер әлемі, жануарлар әлемі және табиғаттағы еңбекке мән берген жөн. Серуен барысындағы қимылды ойындар мен қимыл - қозғалыстар, балалардың денсаулығы мен өзін сезінуіне үлкен әсерін тигізеді. Ережеге бағынатын ойындарды қажетті атрибуттарды қолдана отырып ойнату, мінез-құлықтары әртүрлі болып келетін балаларды біріктіруге, ұжым болып достасып ойнауға мүмкіндік береді.

Серуенді ұйымдастыруда төмендегі жағдайларға көңіл аудару керек:

1. Жер учаскесінде ойындар ұйымдастыруға жағдай жасау.
2.Серуенді балалардың денсаулығын нығайтудың ең маңызды құралы ретінде кеңінен қолдану.
3. Балалардың киімі мен аяқ киімнің ауа-райына сай болуы.
4. Балаларға жекелей ықпал ету (әлсіз, шапшаң, қозғалысқа өзі түсетін)
5. Балалардың қимыл-қозғалысы әрекетін тыныш әрекетпен іскер реттеуге алу.
6. Балалар өмірін денсаулығын қорғау техникалық қауіпсіздіктің талаптарын сақтау.
7. Серуенді өткізу деңгейін көтеруде:

а) Серуенге бөлінетін уақытты азайтуды болдырмау.
б) Серуеннің құрылысын сақтау.
в) Баланың үнемі бос болмауын ұйымдастыру қажет.

Серуен – әр күн тәртібіндегі орны ерекше шара. Табиғат бала санасында терең із қалдыра отырып, оның сезімінің көптүрлі, ашық болуын қамтамасыз етеді. Табиғатпен таныса отырып, бала байқампаз, сақ аңғарымпаз болуға үйренеді. Бала қоршаған ортаны танып білуі үшін, уақытты кеңінен қолдана білуіміз қажет, әсіресе серуен барысында балалар түрлі қызықты мәліметтер ала алады.Табиғат бала санасында терең із қалдыра отырып, қоршаған ортаны тануына көмегін тигізеді. Ол шегірткенің, торғайдың шырылын естіп, қардың ұсақ ұлпалардан, таңғажайып суреттен тұратындығын біледі.

Табиғат әлемі таңғажайып және керемет. Дегенмен, барлығы бұл сұлулықты, аспан, су, жапырақ түстерінің алуандығын көре білмейді. Табиғат балаға күнделікті әсер етеді. Бірақ балалар көп нәрсені байқай бермейді, үстірт қабылдайды. Табиғат сұлулығы рухани қайырымдылыққа тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады, яғни, балаларды мейірімділікке, адамгершілікке, жақын адамдарға қамқор бола білуге көмектеседі. Балалар үшін табиғат - бұл әр түрлі табиғи құбылыстарды танудың және сөздік қорын байыту көзі. Бұл-балалардың сөйлеу және ойлау қабілетінің дамуына ең қолайлы және пайдалы фактор.

Баланың дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы 7 жыл оны тәрбиелеу мен оқытудағы ең басты кезең болғандықтан оны ескерусіз өткізіп алуға болмайды. Олай болса адамзаттың рухани және материалдық жағдайы осы кезеңде алған тәрбие негіздеріне тәуелді дей отыра табиғатта экскурсияны ұйымдастырудың маңызы зор мәселе болып табылатынын жақсы білеміз. Осы келешек ұрпаққа табиғаттағы серуеннің, яғни экскурияның маңыздылығын жоғарыда айтқандай санасына сіңіріп дамыта береміз.

Қолданылған әдебиттер тізімі:
1.Балабақшадағы экологиялық тәрбие /Отбасы және балабақша-1996. №11-12/
2. Көбеева Н «Бала және табиғат» \\ Үйелмен және балабақша. – 1993. № 5.
3.Құлшанова С Табиғатты қорғау. \\ Отбасы және балабақша. – 1993. № 6.
4. Керімбаева Р Табиғат. Бала. Тәрбие.\\ Отбасы және балабақша. – 1997. № 1 – 3
5.Жұмабекова Ф.И Көркемдік тәрбиені ұйымдастыру ерекшеліктері. \\ Бақшадағы көркемдік тәрбие.
6.Есеналина Н.Т. «Экологиялық тәрбие көзі-халықта» атты оқу әдістемелік құралы, 2004. 
7.Веретеникова.С.А. Мектеп жасына дейінгі  балаларды  табиғатпен  таныстыру. «Мектеп»1983
8. Аймағанбетова.К.  Айналамен  балаларды  таныстыру.  «Балауса  баспасы» Алматы 2003ж
9. Павлович.С.А.  Табиғат   тану   негіздері   мен   методикасы. Мектеп»Алматы 1973.
10.Догель В.А. Зоология беспозвоночных. -М: Высшая школа, 1981.