Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Қызықты ойындар

Қызықты ойындар

 Маутқанова Жаңылтай Кеңесбекқызы, №11 «Ертөстік» ясли-бақшасының 2-ші санатты тәрбиешісі, Семей қаласы 

«Ақылды балақай» этноклубынан көрініс
Мақсаты: Ұлттық ойындарды ойнауға үйрету. Ұлдарға асықтарды көздеп атуға, иіре білуге және түстерін ажыратуды үйрету. Қыз балаларға  ұлттық бұйымдарды тани білуге, сақиналарды түстері бойынша ажыратып, ұлттық бұйымдарды атай білуге үйрету. Балаларды ойындарды ойната отырып тілін дамыту, саусақ қол маторикасын дамыту. Ұрпақ санасына елдік ұғымды ұялатып, ұлттық рухты сіңіру. Рухани адамгершілікке тәрбиелеу.
Қолданылатын көрнекіліктер: түрлі-түсті асықтар, сақиналар, қобдишалар, қоржындар, бейнетаспа, бесік, әуен.

Орта топ балалары «Ақылды балақай» клубына саяхатқа барады.
Балалар: Сәлеметсіз бе, Әже
Әже: Амансыңдар ма балаларым. «Ақылды балақай» клубына қош келдіңдер, бүгін бізге көптеген қонақтар келді. Балалар келген қонақтармен амандасады:
- Амансыздарма!
- Қош келдіңіздер!
- Қайырлы күн!
- Төрлетіңіздер!
- Қайырлы таң!
- Сіздерді көргеніме куаныштымын!
- Здравстуйте!
- Good moning
- Төр сіздердікі!

Әже: «Сәлем - сөздің анасы» демекші, балалар, амандасудың көптеген түрлерін біледі екенсіңдер. «Ақылды балақай» этноклубының жұмысы өздерін сияқты кішкентай бүлдіршіндерге ұлттық бұйымдар мен ұлттық  ойындарды таныстырады. Енді, балалар, сендер ән айта аласыңдарма?
Балалар: Ия, айта аламыз.
Әже: Ендеше «Әлди-әлди, ақ бөпем» әнің айтып, менің немеремді ұйықтатайық. Міне, менің немерем ұйықтап қалды.
(Әже ұрпақ санасына елдік ұғымды ұялатып, ұлттық рухты сіңіру барысында балалардан мақал-мәтелдер сұрап, әрбір мақалға тоқталып, мән-мағынасын түсіндіріп берді).
Аяулым: Атасыз үй - батасыз
Анасыз үй - панасыз.
Ансар: Балалы үй - базар,
Баласыз үй - мазар.
Әже: Қарақтарым,  қандай  ақылдысыңдар. Міне, қараңдаршы алдарыңда дорба жатыр, ішінде не бар екен көргілерің келеді ме?
Балалар: Ия, көргіміз келеді. (Ұлдар дорбаның аузын ашып, асықтарды жерге төгеді. Балалар асықтарды алып қолдарына ұстап отырады).
Әже: Балалар, қараңдаршы мына асықтарды сендер ойнасын деп түрлі- түске бояп қойдым.
Әже: Мынау асықтар қандай?
Есдәулет: Үлкен-кіші асықтар.
Әже: Балалар асықтарды қайдан аламыз білесіңдерме?
Марғұлан: Иә, төрт түлік малдан аламыз.
Әже: Мына асық қандай асық?
Ансар: Үлкен асықтар - сиырдың асықтары.
Ерасыл: Ал, мына кішкене асықтар қойдың асықтары.
Әже: Өте жақсы балалар, сендер ақылды екенсіңдер, асықпен ойнағанды жақсы көретін шығарсындар.
Тәрбиеші: Дұрыс айтасыз әже, біздің  ұлдар асықпен ойнағанды жақсы көреді. Қанеки, ұлдар асықтарды иіріп әжеге көрсетейікші.
Балалар асықтарды иіріп  «менің асығым «бүк» түсті, «алшы», деп айтады.
Әже: Ұлдар, сендердің қолдарын епті екен. Балалар, тәрбиеші апаймен асық ойнаңдар, Ал, қыздар, менімен бірге «Сиқырлы қобдишаның» сырын білуге барайық.
Әже: Ұлттық ойындар «Арқан тарту», «Қыз қуу», «Асық ату». Асықты (сиыр, қой, ешкі) малдарынан алады.  Асықпен ойнаған бала мерген болады. Жылдамдыққа үйренеді. Үлкен-кішіні ажырата алады. Саусақ бұлшықеттері дамиды.
Ұлдар тәрбиеші Салтанат Қоңырғазықызымен «Хан талапай», «Кім  мерген» ойындарын ойнайды.
«Хан талапай» ойыны
Мақсаты: балалардың бір-бірімен қарым-қатынастарын нығайту, ұйымшылдыққа тәрбиелеу, ұлттық ойындар туралы мағлұмат бері.
Шарты: Ойнаушылар шеңбер бойынша отырады, басқа асықтар арасынан ерекшені хан деп тандап, шеңбер ортасына асықтарды шашады. Асық қандай жағымен құлағаны маңызды, өйткені асық ішік құласа ішікпен қағады, бүкті бүкпен, тәйкені тәйкемен, алшыны алшымен қағуға болады. Егер ойнаушы тигізбесе немесе басқа жақпен тигізіп қақса, онда жүріс келесіге беріледі. Асық бойынша қағу тек үлкен саусақтын жоғарғы бөлігімен жасалынады. Хан кімде болады, сол жеңімпаз аталады.
«Кім мерген» ойыны
Мақсаты: балаларға асық туралы мағлұмат беріп, мергендікке, алғырлыққа, шапшаңдылыққа тәрбиелеу.
Шарты: балалар асықты иіріп, өздеріне сақа таңдап алады, тәрбиеші асықты бір сызық бойына тізіп, балаларды сапқа тұрғызады, балалар бір-бірлеп тізілген асықты көздеп атады.

Әже: Қыздар, білесіңдерме, мына сиқырлы қобдишаның ішінде қандай заттар бар екенің көру үшін мақал-мәтел айтуымыз керек.
Даяна: Қыз - ауылдың көркі,
Құндыз болса, бөркі.
Сабина: Қыз « Қуыршақ» дейді,
Ұл  «Құлыншақ» дейді.

Міне, біздің сиқырлы қобдишамыз ашылды. Қобдишаның ішінде сырға, сақина, бес білезік бар екен, бұл әшекейлерді бір сөзбен бұйымдар деп атайды. Бәріміз теледидарға назар аударайық (Слайд арқылы көрсетіп ангімелеу)

Әже: Балалар мына кісіні танисындарма?

Амира: Қарақат Абдилдина

Әже: Қарақат апайларын қолына не тағып алыпты?

Сабина: Бес білезік

Әже: Мына әнші кім?

Алтынай: Тамара Асар

Әже: Тамара апайларын шашына не тағып алыпты?

Даяна: Шолпы

Әже: Мына кісі кім?

Ясмина: Гаухар апай

Әже:Құлағына не тағып алыпты?

Сая: Сырға

Әже: Қыздар, сендер әшекей бұйымдарды біледі екенсіңдер, енді «Кімде көп сақина» ойынын ойнайық.

Ойынның мақсаты: түстерді ажыратып, үлкен-кіші ұғымдарын қалыптастыру. Қыздар, қолымызға қобдишаларды алып сақиналарды әдемі саусақтарымызға тағып көрейік. Осы саусақтарындағы әдемі жүзіктерді мен сендерге сыйға тартамын. Әжелерінен ескерткіш болсын. Қане, қыздар енді ұлдардың жанына барайық, бәріміз жарты шеңбер құрайық.

Тәрбиеші: Қыздар, сендер әжемен  не ойнадыңдар?

Сабина: «Кімде көп сақина»

Тәрбиеші: Басқа қандай бұйымдарды көрдіңдер?

Ясмина: Сырға, Шолпы

Тәрбиеші: өте жақсы.

Әже: Ұлдар, сендерге «Ақылды балақай» клубы ұнады ма?

Балалар: Ия, ұнады.

Әже: Немен ойнадыңдар?

Балалар: Асықпен

Әже: Қандай ойындар ойнадыңдар?

Ермек: «Кім мерген?»

Ерасыл: «Хан талапай»

Әже: Өте жақсы, балалар. Сендер өте білімді, тапқыр, шапшаң екенсіңдер.

Тәрбиеші: Балалар әженің «Ақылды балақай» клубынан көп нарсе үйрендік, енді әжеге арнап «Ақ әжем» әнін айтып берейік.

Әже: Балалар, сендер ақылды, өнерлі екенсіңдер. Мен сендерге риза болдым. Рахмет, сендерге балалар, «Орамал тон болмайды, жол болады» дегендей, енді келген қонақтарға аздаған сыйлықтарым бар еді, сендер сол сыйлықтарды тілек айтып, апайларына беріңдер.

-Сау болыңыз!

-Жолыңыз болсын!

-Келіп тұрыңыз.

-Ақ жол!

-Cood bay

Әже: Балапандарым, «Ақылды балақай» клубына келіп тұрыңдар. Мына дорбадағы асықтармен топқа барғанда бөлісіп ойнандар. Сау болыңдар.

Күтілетін нәтиже: Асықтар мен  әшекей бұйымдарды біледі. Асықтарды көздеп атып, иіре біледі. Асықтар мен әшекей бұйымдар туралы түсініктері бар. Түстерін ажырата алады. Көлемін біледі. Ойынға белсенді қатыса алады. Ұлттық ойындар түрлерін жақсы біледі. Рухани адамгершілік тәрбие жөнінде меңгерген.