Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Латын әліпбиіне көшу – ұлт сипатының айшығы

Латын әліпбиіне көшу – ұлт сипатының айшығы

Құрманова Жұпар Сақанқызы, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ кафедра меңгерушісі, ф.ғ.к.

Жексембева Бақытгүл Тұрысбековна, Катонқарағай ауданы, «Ново-Березовка орта мектебі» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын халық қазақ елінің рухани дамуы мен жаңаруының тұғырнамасы ретінде қабылдады. Бұл мақала ұлттық санамыз бен рухани өремізді дүр сілкіндіретін, ұлт болып ұйысуға, ел болып белді бекем бууға, ұлттық намысты ту етуге бастайтын тарихи қадам болды.

 

Ұлтқа қазық, ұрпаққа азық боларлық бағдарлама еліміздің мәдени рухани өмірінде тарихи бетбұрыс жасаған, қоғамдық санаға сілкініс әкелген, дәйекті деректері мен мәйекті мазмұны үйлескен маңызды мақаланың ең әуелі ана тілінде жарыққа шығуы алдымен қасиетті қазақ тілінің мерейлі мезетін меңзеді.

Тіл тарихын білмей, тілді дамыту мүмкін емес. Өзінің бүкіл саналы өмірін қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен айналысып, қазақ тілі ғылымын дамытқан Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы шыққан «Қазақ» газетінің тұңғыш санында былай деп жазды: «...Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін, ең алдымен әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиістіміз»- деген пікірмен мен өз басым толықтай келісемін. Өйткені, тіл - халықтың ділі, жан дүниесі. Тіл - ұлттың дінін, мәдениетін, болмысы мен руханиятын тасмалдаушы құрал. Тіл ұлт күретамырындағы тіршілік көзі - қан іспетті. Оның өн бойында халықтың ділі мен діні, салты мен санасы бұрқырап тасып жатады. Ұлттың ұлт ретіндегі өмірінің қалыптасуы немесе жойылуына себеп болатын бірегей фактор да осы тіл. Бұл мәселені жіті түсінген А.Байтұрсынұлы құрастырған әліпбиге мұқият зер салып қарайтын болсақ, онда қазіргі халқымыздың тіреліп отырған тіл мәселесінің шешімін оның ХХ ғасырдың басында-ақ шешіп кеткеніне ғылыми түрде толық көзіміз жетеді.

Латын әліпбиіне көшу — жай әліпбиді ауыстыра салу емес, ол біз үшін өркениетті шешім. Бұл біздің ашық әлемнің бір бөлігі болуға талпынуымызды, алға жылғымыз келетінін растайды және бұл осыған дейін Қазақстандағы білім беру жүйесін жетілдіру идеяларымен де байланысты болып тұр. Қазақ елінде тарихи оқиға — латын қарпіне көшуге дайындық басталды. Жазу — ортақ мәдениеттер жалғасы, яғни руханияттың ажырамас бір бөлігі. Елбасының өзі айтқандай, қазақ тілі — ол біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге, жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор.

Латын әліпбиінің түп тамырына тоқталсақ, латын тілі үнді-еуропа семьясының тілдері тобына жататын көне тілдердің бірі. Латын тілі жазба тіл ретінде б.з.б. он алтыншы ғасырда Рим қаласының говоры негізінде пайда болған. Рим мемлекетінің Солтүстік Африка, Британия, Дания, т.б көптеген жерлерді жаулап алуына байланысты осы жерлердің бәріне таралып, жергілікті тілдер мен говорларды өз бойына сіңірген. Біздің дәуіріміздің бесінші ғасырына бастап Рим империясы құлдырап, саяси бірлігі ыдырауына байланысты латын тілі қолданыстан шыға бастады.

Латын графикасы латын тілінің фонетикалық жүйесіне сәйкес жасалған. Латын тілі мен латын жазуы Рим католик миссионерлері арқылы кең таралды. Латын жазуы басқа тілдерде де қолданыла бастады. Орта ғасырларда латын алфавиті Еуропаға тарады, кейінгі кезде оны Африка, Америка, Азияның бірнеше елдері пайдаланады.

1924-1929 жылдары арасында түркі тілдес халықтар латын алфавитіне көшті. 1926 жылы Бакуде Бүкілодақтық түркологиялық бірінші съезд болды. Съезде барлық түркі тілдес халықтар латын графикасына негізделген жазуды қабылдайтын болсын деген қаулы қабылданды. Латын алфавитіне көшу шығыста­ғы мәдени революция болып есептеледі. Латын графикасына негізделген қазақ алфавитінің құрамында 29 әріп бар.

Жаңа енген сөздерді дұрыс жазуға әріптер жеткіліксіз болды. Сондықтан латын графикасы негізіндегі қазақ алфавиті мен орфографиясына 1938 жылы өзгерістер енгізілген. Алфавит құрамында енді 32 әріп болды. Дауысты ұ мен і дыбыстары өз алдына белгіленді (,), интернационалдық мәні бар ф, х, в дыбыстарын таңбалайтын әріптер қосылды (f, х, у). Қазіргі қазақ тілінің фонетикасына соңғы латын алфавиті сай келеді, осының негізінде қазақ орфографиясы едәуір түзелді. 1940 жылы орыс графикасына негізделген қазіргі қазақ графикасы түзілді. Түркі тілдері үшін қолданылатын ғылыми фонетикалық транскрипция орыс графикасымен қатар латын графикасын негізге алды.

Ал Түркия мен Батыс Еуропада тұратын қазақтар латын графикасын қол­данады. Қазіргі кезде түркі халықтарының графикасын бірыңғай латын алфавитіне көшіру туралы пікірталас жүруде.

Латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Қазіргі таңда түркі елдерінде өткір қойылып отырған әдеби тілді толықтырып, жетілдіру жұмысы ортақ әліпбиге көшуден бастау алмақ. Ортақ жазу туысқан халықтардың одан әрі шашырап, ыдырап кетуіне жол бермей, оларды жақындастырып, мәдениетінің өркендеуіне зор ықпалын тигізбек. Академик Ә.Қайдаровтың айтып өткеніндей, бөлек-бөлек емле мен әліпбиге жүгіну – түркі тілдер орфографиясындағы үлкен сәтсіздік. Өйткені, бұл туыс халықтар арасын ашып, бір-бірінен алшақтата түседі. «Жазу таңдауда оның ұлтаралық, халықаралық деңгейде екендігі, жалпы жер жүзіне таралуы да ескерілуге тиіс. Бұл тұрғысынан латын әліпбиінің болашағы зор». Ғалымның «Кемел елге кемел әліпби керек» деген мақаласындағы «Түркі дүниесінің басын қосып, тұтастығын қалпына келтірудің үлкен бір шарасы – латын әліпбиіне негізделген ортақ түркі жазуын қалыптастыру. Бүкіл түркі елдері латын әліпбиіне көшіп, олардан бөлектеніп, бұрынғы жазумен қалып қоюға болмайды. Терезесі тең тәуелсіз мемлекеттер қатарында қоғамдағы прогрессивті үрдісті, замана талабын ескере отырып, әлем халқының басым көпшілігіне ортақ латын әліпбиін қазақ мемлекеттік ұлттық жазуына негіз етіп алған жөн» деген сөзі жұртшылық тарапынан қолдау табуда.

Қазіргі таңда әліппемізді латын таңбасына көшіру жайы білім саласында да қызу талқылануда. Әліпби ауыстырудың негізгі себебі — таза табиғи қажеттілікке тікелей байланысты туындаған. Осыған орай, латын әліпбиінің бірыңғай стандарты бекітілгеннен кейін оны біртіндеп енгізу шаралары қолға алынады. Ал, білім саласы үшін латын қарпіне көшу — бір күннің шаруасы емес, нақты үш кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Ең бастысы, дайындық кезеңі толық аяқталғаннан соң ғана мектептерге жаңа әліпбиді енгізу байыппен іске асырылады. Сондай-ақ, орыс тілі сабағы үшін кириллица қалдырылып, қазақ тілінде оқытылатын сабақтар латын қарпіне ауыстырылатын болады. Нәтижесінде балалар екі алфавитті де еркін меңгеріп шықпақ. Тиісінше, жаңа әліпби ағылшын тілін меңгеруге қаншалық оң ықпал ететін болса, жаратылыстану бағытындағы пәндер үшін де соншалық тиімді болмақ. Себебі, бұл пәндердегі өлшем бірліктің барлығы дерлік латын қарпінде. Осы орайда, тіл — коммуникацияның әмбебап құралы болып саналатындықтан, латын әліпбиін меңгеру бойынша оқу-әдістемелік құралдарды, мобильді қосымшалар мен ақпараттық бағдарламаларды шығарудың маңыздылығы зор.

Латын әліпбиіне көшу - болашағымыздың тізгінін өз қолымызға алудың, Елбасы сөзімен айтсақ, болашаққа бағдар, рухани жаңғырудың өзегі және Қазақстанның 30 дамыған елдің қатарында сап түзеуінің жарқын кепілі. Сондықтан латын әліпбиі осынау кезеңдегі сындарлы сыннан сүрінбей өтіп, қазақстандықтардың рухани жаңғыру тілі болатынына сенімдіміз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Латын әліпбиі – рухани тәуелсіздік» // ttps://massaget.kz/mangilik_el/48132/.masseget.kz // 21.02.2016 жыл
  2. Ғарифолла Есім. «Латынға өткенде қазақша әуезді жоғалтып алмау керек» // «Қазақ әдебиеті» газеті //https://kaz.caravan.kz/news/latyng...gharifolla-esim-197387/
  3. Базарбаева З. «Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді» // «Қазақ үні» ұлттық портал. 17.10.2017 жыл, //https://www.qazaquni.kz/2017/10/17/76160.html
  4. «Латын әліпбиінің жаңа үлгісі таныстырылды» // «Егемен Қазақстан» порталы, 11.09.2017 жыл. //https://egemen.kz/ article/158164-latyn-alipbiininh-ulgisi-tanystyryldy
  5. «Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы» // Орталық Қазақстан. – 18 сентября 2017. //http://ortalyq.kz/2017/09/18/