Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Мұғалім мәртебесі ұлттың болашағы

Мұғалім мәртебесі ұлттың болашағы

Ниябаева Лунара Болатовна, Өскемен қаласы  әкімдігінің  « №26 орта мектебі » КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Ислямова Ажар Амановна, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ Инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы

Ұлы педагог Ы.Алтынсарин «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» - деген. Ал жақсы мұғалім деп біз кімді айтамыз?

Біз жақсы мұғалім оқушыға жақсы баға қоятын, оқушыны әр түрлі сайыстарға қатыстырып, үнемі жүлделі орын алатын, тәрбиесіне ешбір сөз келтірмейтін, ата-анасына баланы тек мақтап отыратын тұлға деп қарастыратын бір жақты олқы пікір қалыптастырып алғанбыз. Бұл дұрыс па? Қарға баласын әппағым дейді, кірпі баласын жұмсағым дейді, әрине, бәріміздің көксеген мақсатымыз бір. Отбасы мен мектеп бірігіп, бір мақсатта жұмыс істеу керекпіз.

 

Бүгінгі күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Педагог мәртебесі туралы" Заңға қол қойды. Осы Заң педагог мәртебесін айқындайды, педагогтің құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерін және шектеулерін, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейді.

Жалпы Заң төрт бағытты қамтиды: Бірінші, ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту; екінші, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту; үшінші, материалды емес стимул тетіктері; төртінші, материалдық ынталандыру.

Осы заңның ішінде мұғалімнің абыройына нұқсан келтіргені үшін айыппұл төлеуге дейінгі шаралар қарастырылған. Соның ішінде ата-аналар мен оқушыларға ескерту ретінде төмендегі тарауларды таныстырып өтейін.

Жеке тұлғалардың ұстазға тіл тигізгені үшін 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде осы тәртіп бұзушылық қайталанса, онда 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады;

Кәмелет жасқа толмағандардың педагогке тіл тигізгені үшін ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 30 АЕК-ке өседі.

Бұл орайда тек жеке тұлғаларға ғана емес, сонымен қатар мұғалімдердің өзіне де белгілі талаптар қойылған. Әдеп нормалары бекітілген. Педагогтік әдеп заңдылық, адалдық, жауапкершілік, жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарына негізделеді.

Әрине, басты мәселе ұстаздың өзінде. Өзіне деген құрмет пен сыйды оқушыдан ала алмаған мұғалімнің дәріс беруге құқыға да жоқ екені анық.  Мұғалім оқушыны ғана емес, ол қоғамның тәрбиешісі. Елімізде ұстаз абыройы артқан сайын, білім мен ғылымның, тәрбие мен мәдениеттің абыройы артатыны сөзсіз және ақиқат.

Елбасымыздың «Білімді жастар – еліміздің келешегі» деген, ендеше осы келешекті қалаушы мұғалімдерді құрметтеу біздің парызымыз. Себебі, мәртебелі мұғалім ғана оқушыға сапалы білім мен саналы тәрбие береді.  «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші шәкірттерін білім нәрімен сусындатып жүрген мұғалімдерге деген құрмет ерекше болуы керек.

Мұғалімнің мәртебесін ойлау, ұлт болашағын ойлау!

Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз», – деген сөзін есте сақтайық.

Сөз соңында, ізімізді жалғастырушы балаларымыздың еліне елеулі, ісіне жауапты, өздері қалаған мамандық иелеріне айналуына тілектес болайық.