Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Латын әрпіне көшу- біздің назарда

Латын әрпіне көшу- біздің назарда

Адильбекова Динара Тортаевна, «№ 35 ЖОББМ» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Семей қаласы

«Әліппенің ар жағы – білім бағы» деп бекер айтылмаған. Әлі есімде, алғаш мектепке барып, бастауыш сыныпта оқып жүргенімде әжем біз латын тілінде оқып-үйреніп жаздық деп отыратын. Енді ойлап отырсам, шынында да елімізде сол кезде он жылдай 1929-1940 жылдары латын әліпбиі қолданылған екен. Яғни айтуға деректер мен негіз бар. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев былай деген еді: «Ұлттық коды, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңару болмайды». Сондай-ақ Елбасы «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру керек» деген пікір айтып, 2025-ші жылдарға дейінгі міндеттер жүктеп, тапсырмалар берілді. Латын әрпіне көшу мәселесі әзірден бастап қолға алынды.

Өз басым қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, маман ретінде латын әрпіне көшуді құптап, қолдаймын. Осы мәселе бойынша біраз өзімнің ой-пікірімді осы мақалама арқау еттім. Бұл тақырып аясында өзге де елдердің, дәлірек айтқанда, Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан Республикалары бүгінгі күні латын графикасына көшіп, өздерінің ұлттық әліпбилерін қабылдап, өндіріске енгізіп, толық заңды негізде қолданып отырғанын мысалға алуға болады. Ендігі міндет – біздің өз елімізде жаңа әліпбиіміз қалай жасалмақ? Бұл сұрақ кімді болса да ойландыратыны сияқты, мені де қызықтырады. Менің ойымша, бағыт-бағдарымыз жаңа әліпбидің қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкестендірілуінде жатыр. Олай дейтінім, қазір «Жаңа әліпби негізінде қазақ тілі емлесі Ережелерінің» нұсқа жазбалары БАҚ беттерінде үздіксіз жариялануда, олармен біршама таныспыз. Қазақ тілі білімінің негізін қалаушы, аса көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым, жазушы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы былай деп жазған еді: «Халықтың сөйлеу тілімен санасу керек». Міне, осы тұжырым жаңа латын әліпбиін жасауда ескерілсе деген пікірдемін. Шындығында, ауызша тіл – туа біткен тіл. Ал жазбаша тіл – ол тілдің абстрактілі бейнесі. Жазбаша тілді үйрену керек. Сондықтан да болар, келешек жастарымызға, бүгінгі шәкірттерімізге жаңадан жасалған латын әліпбиін оқытып, үйретудің ең тиімді әрі оңай да оңтайлы жолдарын қазірден бастап іздестіре беруіміз қажет. Түпкі мақсат межеміз – жаңа латын әліпбиі арқылы дүниежүзілік ғаламтор жүйесіне қосылу. Бұл – біздің өмірімздің ең басты жетістігі болар еді деп бағалаймын. Қазақ тілі – сөйлеу тіліміз. Әзірге қазақ тіліне тән 29 дыбысты таңбалау үшін латынның 26 әрпі алынып отыр. Бүгінге дейін пайдаланып келген Кирилл графикасындағы 42 әріптің құрамына кіретін әріптердің ерекшелігіне зер салынса дегім келеді, яғни қазақ тілінің дыбыстық заңына көңіл бөлінсе, соған сай латыннегізді қазақ әліпбиі түзілсе. Жаңа әліпбиде Кирилл графикасындағы ұзын «И» мен қысқа «Й» әріптері латынның дұрыс деп танылған таңбасымен «І» белгіленді. Екеуіне де ортақ. Дәл осындай «У» әрпі жаңа әліпбиде «Ү» таңбасымен белгіленген. Ал «У» әрпі бірде дауысты, бірде дауыссыз. Мысалы «су» сөзіндегі у – дауысты дыбыс та, ал «сау» деген сөздегі у – дауыссыз дыбыс. Тағы бір дыбысқа байланысты туындайтын ой «ы» мен «і» дыбыстарының жаңа әліпбиде таңбалануы туралы. Егер ғылыми деректерге сүйенер болсақ, 1912 жылдан бастап, қазақ тілі оқулықтарында ы / і дыбыстары қатарласа жүрген екен. «Ы» - жуан, «І» - жіңішке, қысаң дауысты. Сол сияқты қазақ әліпбиінің құрамындағы в,и, ф,х,ч,ц,щ,ь, э,ю,я әріптерінің жайы жөнінде де пікірлер жетіп артылады. Жаңа әліпбиде «Қазақ тілі емле Ережелерінің» 11-бабында берілген ескертуде «Кейбір кірме сөздер үндесім сақталмай жазылады» делініп, мысалға «мұғалім», «кітап» сөздері келтірілген. Біз қазақ тілін оқытуда бұл сөздерді осылай жазып жүрміз. «Қазақ әліпбиін енгізудің алғышарттары және емле Ережелерін көпшілік талқылау атты Республикалық шараның тұжырымдамасы» деген қосымшада «шегара», «көгеніс» сөздерінің жазылуы өзгертіліп, қайтадан «шекара», «көкөніс» деп жазылатын болды делінген. Біз қазақ тілінде бұл сөздерді осылай жазып та отырмыз. Латын тілінде оқыту – бұл болашаққа нық қадам. Қазір ақпарат құралдарында «Латын графикасына негізделген» жарнамалар, сөздер беріліп ғана қоймай, қазақ тілінің әліпбиіндегі олқылықтар да дер кезінде көтеріліп, ұсыныстар айтылуда. "Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесі Ережелерінің» жетістіктері де жан-жақты берілуде. Әрине, жаңа латын әліпбиі мәселесімен арнайы ғалымдар, тіл білімі оқу орындары мамандары мен қызметкерлері айналысып, түйінін шешері анық. Біз ұстаздар қауымы өз тарапымыздан ой бөлісу ғана. Өзіміз өмір сүріп отырған тәуелсіз елімізде, отанымыз Қазақстанның абыройын асқақтатып, 21 ғасырдағы өркениет керуеніндегі лайықты орнымыздан табыла біліп, латыннегізді қазақ әліпбиін үйретуге даярланып, білім бағында шыңдала берейік, әріптестер!