Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Мен – ұстазбын

Мен – ұстазбын

Кайранбаева Гулшат Болатовна, ШҚО ББ «№6 Арнайы мектеп-интернаты» КММ-нің дефектолог мұғалімі

Бүгін мен осы тақырып төңірегінде көп ойландым. Ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі — бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы — жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі ұстаздық ету екені ақиқат.

Өйткені, бұл мамандық иелерінің мойнына ешнәрседен хабары жоқ, мыңдаған тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие беріп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген. Сондықтан басқа мамандық иелерінің баршасы да ұстаздарға борыштар деп ойлаймын. Шындығында мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін абзал жандар.

Бірақ, мен ДЕФЕКТОЛОГПЫН. Жоғарыда айтқан ғалымды да, ғарышкерді де тәрбиелей алмаймын. Жаны ауырған ата–ананың үмітіне сенім ұялатып, кемтарлықтың қазығына көгенделген баланың қоршаған ортада емін–еркін жүріп-тұруымен қатар, қоғамда алаңсыз өмір сүруді үйрететін маманмын. Бұл менің мамандығым, менің сүйікті ісім. Осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін, керісінше дұрыс шешім жасағаныма күн санап көзім жетіп келеді. Себебі, сабырлылық пен төзімділік, парасаттылық пен сыпайылық, сенімділік пен тәуекелшілдік - бұл нағыз педагогтың ісі. «Дефектология» ғылымда жаңадан тұсауын кескен сәбидей алғашқы қадамын елімізде енді бастап келеді. Ананың денсаулығынан ба, әлде әке қанының улануы ма, ауаның ластануы шығар, мүмкін жазмыш болар, әйтеуір күні бүгінде мүмкіндігі шектеулі балалардың саны азаймай отыр. Санаға салып сараласақ, бұл біздің елімізді бей–жай қалдырмайтын үлкен мәселе. Іңгәлап, былдырлаған сәбиінің тілін онсызда түсінбеген ата–ананың кемтарлықтың қыл бұғауын мойнына артқан баласының жан түршігерлік халін көргендегі жағдайы қандай болмақ?! Осы кезде дефектолог маманның көмегі ауадай қажет–ақ. Арнайы маманға үлкен үміт артып, жаны сыздаған ата–ананың бетін қақпай жақын тартып, мүмкіндігі шектеулі баланы ең әуелі қоршаған ортаға бейімдеу, өз–өзіне қызмет етуді үйрету, түзету–дамыту жұмысын жүргізу. Бұл мәселені шешудің кілті дефектолог қолында.

Осы орайда қытай философы Конфуцийдің: «Маған жәй айтсаң – ұмытамын, көрсетсең - есімде сақтаймын, ал өзімді іс-әрекетке қатыстырсаң - үйренемін» деген даналығы еске түседі.

Мүмкіндігі шектеулі балаға алдымен тышқанның ізіндей із салуды, одан кейін қоянның ізіндей із салуды, одан кейін қос аяғымен нық тұруды үйрету, ол нағыз маман – дефектологтың ісі. Өйткені, дефектолог ұстаз да елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиелейді.

Менің түсінігімде дефектолог – рухы таза, ой-өрісі биік, ұлтының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратушы, жүрегі – жылы, көңілі – дарқан адам.

Менен көпшілік: «Дефектолог деген кім? Ол қандай мамандық?» дегенді жиі сұрайды. Мен өз мамандығым туралы ылғи да «дефектолог деген мамандық емес, ол жанның, жүректің қалауы» деймін. Егер мен өз мамандығымды құлай сүйіп, жүрегімнің қалауы болмаса, жарымжан, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасамас едім. Мұғалімнің оқушы алдындағы жауапкершілігі үлкен болса, дефектологтың жауапкершілігі одан он есе зор болмақ.

Иә, мен ұстазбын! Мен дефектологпын! Өйткені, дефектологтың еңбегі – ғарышкердің еңбегіндей өте жоғарыда, шахтердің еңбегіндей өте тереңде жатыр.