Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Психикалық дамуында тежелуі бар мектепке дейінгі балаларды балабақшада тәрбиелеу

Психикалық дамуында тежелуі бар мектепке дейінгі балаларды балабақшада тәрбиелеу

Смагулова Алина Нурлановна, директор КГУ «Детский сад «Алтын дән»

Нуртазина Еркежан Муратовна, ст.преподаватель ФАО «НЦПК «Өрлеу» ИПК ПР по ВКО, к.п.н.

«Біреулер құдайдан бала тілейді.

Ол баланы не қылады?

Өлсем орнымды бассын дейді,

артымнан құран оқысын дейді,

қартайған күнімде асырасын дейді.

Осыдан басқасы барма?»

Абай (оныншы қара сөзінен)

Адам өзінің әрбір ойына, әрбір ісіне баға беріп отырады. Ізгі ойы, ізгі ісі адамда жағымды сезім туғызады. Адамға қалайда болса, қашанда болса, пайда келтіретін ой мен іс ізгілік деп аталады. Ізгілікке ұмтылу, жауыздықтан безу адамның жаратылысының өзінде бар нәрсе.

 

Мектепке дейінгі балаларға адамгершілік тәрбие беру. Адамның моралдық сапа негіздері мектепке дейінгі балалық шағында қалыптасады. Мектепке дейінгі жылдарда бала ересектердің жетекшілігімен жақын адамдарымен, құрдастарымен, заттармен, табиғатпен қарым-қатынас жасаудың, тәлім-тәрбие алудың бастапқы тәжірибесіне ие болады. Балалардың іс-әрекеттерін басқара отырып, тәрбиеші олардың бойында Отанын сүю, айналадағыларға ықыласпен қарау, шамасы келгенше оларға көмектесуге ұмтылу, дербес іс-әрекетте белсенділік және белгілі бір іске бастама (инициатива) көрсету сияқты адамның маңызды сипаттарын қалыптастырады.

Дұрыс тәрбие беру балаларда теріс тәжірибе көбеюіне жол бермейді, баланың адамгершілік сапасының қалыптасуына қолайсыз әсер ететін мінез-құлықтағы теріс дағдылар мен әдеттердің дамуына кедергі жасайды. Адамгершілік тәрбиесінің міндеттері Мектепке дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің негізгі міндеттері – балалардың адамгершілік сезімдерін, мінез-құлықтың ізгі дағдылары мен әдеттердің адамгершілік ұғымдары мен мінез-құлық түрткілерін қалыптастыру. Баланы тәрбиелеуде оның өмірінің алғашқы жылдарынан бастап-ақ адамгершілік сезімдерін қалыптастыру үлкен орын алады. Үлкендермен қарым-қатынас жасау процесінде оларға үйір болу, оларды жақсы көру сезімі, олардың нұсқауларына сай әрекет жасауға, оларды қуантуға, жақын адамдарын ренжітетін қылықтар жасамауға ұмтылу пайда болады. Бала өзінің тентектік, қателік жасаған кездегі ренішті немесе наразылықты көргенде толқуды бастан кешіреді, ал өзінің жақсы қылықтарына жылы шыраймен қараса оған қуанып, жақын адамдарының ризашылдық білдіруінен рақат алады. Эмоциялық әсерлену: жақсы қылықтарына, үлкендердің мақтауына риза болу, өзінің орынсыз қылықтарынан: үлкендердің ескертуінен, наразылығынан ұялады, қапалану, уайым жеу оның адамгершілік сезімдерін қалыптастырудың негізіне айналады. Мектепке дейінгі шақта балада қайырымдылық, жанашырлық, қуанышқа ортақтасу сезімдері қалыптасады. Сезім балаларды белсенді іс-әрекетке: көмек көрсетуге, қамқорлық жасауға, көңіл аударуға, жұбатуға, қуантуға итермелейді. Патриоттық сезімге: туған өлкесін, Отанын сүюге, басқа ұлттардың адамдарын құрметтеуге тәрбиелеудің ерекше маңызы бар. Мектепке дейінгі балалардың ерекшелігі еліктеу қабілеттілігінің айқын көрінуі болып табылады. Тәрбиеші балаларда үлкендерге құрмет көрсетуді, өз қатарларымен дұрыс қарым-қатынас жасауды, заттарға ұқыпты қарауды білдіретін сан алуан мінез-құлық дағдыларын қалыптастырады. Бұлар әдет бола отырып, мінез-құлық нормасына айналады: сәлемдесу мен қоштасу, біреудің көрсеткен қызметіне рақмет айту, алған затын орнына қою, қоғамдық орындарда өзін мәдениетті ұстау, өтінішін ізеттілікпен білдіру әдеті. Мектепке дейінгі естияр жаста үлкендермен, өз қатарларымен мәдениетті қарым-қатынас жасау, шын айту, тазалық, тәртіп сақтау, пайдалы іс-әрекет жасау, еңбек ету әдеті қалыптаса береді. Мектепке дейінгі ересек жаста балалар қылығының адамгершілік мазмұнына ой жүгірте қарау негізінде дамыған адамгершілік дағдылар мен әдеттер неғұрлым берік болады. Тәрбиеші балалардың адамгершілік нормаларына бағынатын, саналы түрде меңгерілген мінез-құлыққа тәрбиелейді. Адамгершілік нормалары: қайырымдылық, сыпайылық, әділдік, қарапайымдылық, қамқоршылық және т.б. ұғымдарды тәрбиеші бірте-бірте балаларға түсіндіру арқылы меңгертеді. Баланың өмірге қадам басқандағы алғашқы қимыл әрекеті – ойын, сондықтан да оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев; «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала болама?» деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Жас баланың өмірді тану, еңбекке танысы, психалогиялық ерекшеліктері осы ойын түрінде қалыптасады. Ойында шындықтың көрінісі, оның бейнелі сәулесі қылаң береді. Жалпы ойынға тән нәрсе өмірдің әр түрілі құбылыстары мен үлкендердің түрлі іс әрекетіне еліктеу екені белгілі. Ойынның шартты түрдегі мақсаттары бар, сол мақсатқа жету жолындағы іс-әрекеттер бала үшін қызықты. Ойын барысында балалар өзін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық әрекет байқатады. Сезіну, қабылдау, ойлау, қиялдау, зейін қою, ерік арқылы түрлі психикалық түйсік пен сезім әлеміне сүңгиді. Ойын мектепке дейінгі баланың жеке басының дамуына игі ықпал ететін жетекші басты құбылыстың бірі деуге болады. Былайша айтқанда, болашақ қайраткердің тәрбие жолы, тәлімдік өнегесі ойыннан бастап өрбиді. Ойын мен еңбектің бір-біріне ұқсас сипаттары көп, сондықтан кейбір педагогтар, ғалымдар «Жақсы ойын - жақсы жұмыс сияқты да, жаман ойын – жаман жұмыс сияқты» деп қарап, бұлардың арасында айырмашылық көп емес деген түйін жасауға болады. Баланың қуанышы мен реніші ойында айқын байқалады. Ойын кезіндегі баланың психалогиялық ерекшеліктері мыналар; олар ойланады, эмоциялық әсерге ұшырайды, белсенділігі артады, ерік қасиеті,қиял елестері дамиды, мұның бәрі баланың шығарымпаздық қабілеті мен дарынын ұштайды. Ойын үстінде бала бейне бір өмірдің өзіндегідей қуаныш, реніш сезіміне бөленеді. Сондықтан шындықтағыдай «сөйтейік, бүйтейік» деуі, олардың ойынды ойын» деп түсінуінде жатыр. Ұжым – бұл баланың жеке басын қоғамдық бағытта қалыптастыру мектебі. Мұнда оның жеке қасиеті, қабілеттілігі және адамгершілік сапалары неғұрлым айқын көрінеді. Адамның адамгершілік тазалығы, ең алдымен оның әрекетінде көрініс табады. Ұжымда бала өзінің білімін, айналадағы дүниеге, іс-әрекетке көзқарасын: көмек көрсетуге, нәтиже шығаруға, құрбыларына қамқорлық жасауға, рахымдылыққа, қарапайымдылыққа, еңбек етуге ұмтылуын көрсете алады. Ұжымда тәрбиелеу заңдылығы тәрбиешілерді әр баланың мінез-құлқына ізгі ықпал жасауы үшін балаларды бірлесіп қызмет жүргізудің алуан түрлеріне біріктіруді міндеттейді. Н.К.Крупская ұжымда тәрбиелеудің маңызды екенін атап көрсете отырып, былай деп жазды: «... Мектеп балаларды бірігуге, ортақ мақсат, ортақ міндеттер қоюға және ол міндеттерді жұмыла күш жұмсай отырып шешуге үйретуі тиіс. Бұл заңдылықты іс жүзінде қолдану тәрбиешінің мейірімділікті балалардың жеке ерекшеліктерін, адамгершілік тәжірибесін, дамуы мен мүмкіншіліктерін ескере отырып, талап қоя білумен ұштастыра білуінен көрінеді. Мұның өзі олардың істі бастау қабілеттерін (инициатива), ұсыныстарын, идеялары мен ұмтылыстарын басып тастамай, адамгершілік мінез-құлықтың, тәртіптіліктің негізін қалыптастыруға, топта орнатылған тәртіпті құрметтеуге мүмкіндік береді. Өз кезінде тәрбиешіден ұстамдылық, шыдамдылық, орынды қатаңдық, тәрбиеленушілерге құрметпен қараушылық талап етіледі. Сезімге, санаға және мінез-құлыққа ықпал жасау бірлігі заңдылығы жеке адам дамуы үдерісінің біртұтастығы ұғымынан туады. Ол адамгершілік тәрбие құралдары мен әдістерін таңдап алуда кешенді қатынасты талап етеді. Тәрбиелік ықпал жасаудың мазмұнын белгілей отырып, ол балада эмоциялық әсер тудыра ма, түсінікті бола ма, айналадағы өмір құбылыстары туралы белгілі бір ұғымдарды, сондай-ақ іс-әрекет түрткілерін қалыптастыра ма, саналы мінез-құлыққа тәрбиелей ме деген мәселелерді ескерген жөн. Балалар бақшасында және жанұяда балаға қойылатын талаптардың жүйелілігі, бірізділігі және бірлігі мінез-құлық дағдыларын бекем меңгеруді, баланың жеке басының адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуын қамтамасыз етеді. Бұл заңдылық тәрбиешіден барлық тәрбие жұмысын жүйелі түрде, тәрбие міндетін бүкіл топқа тұтас және әр балаға өз алдына (оның ерекшеліктерін және енгізілген адамгершілік ережелерді меңгеруін, мінез-құлық тәжірибесін есепке ала) біртіндеп күрделендіре отырып жүзеге асыруды талап етеді. Сондай-ақ тәрбие міндетін неғұрлым толық шешуді қамтамасыз ететін жағдай жасау қажет: қандай да болса адамгершілік қасиетті қалыптастыру үшін баланың сол қасиеті бейнеленетін қылықтарын жүйелі жаттықтыру қажет, сонымен бірге оны тәрбиелеуші адамдардың талаптарының бірдей болуын қамтамасыз ету керек. Әйтпесе балаларда өз мінез-құлқын саналы басқару емес, тек үлкен адамдардың бұйрығына бағына білу ғана қалыптасады. Бейімделгіш болу қаупі туады. Балаларды құрбы-құрдастар ұжымында тәрбиелеу жеке-дара тәсіл заңдылығымен де жүзеге асырылады, мұнда жас ерекшеліктерін, адамгершілік түсінік дәрежесін және баланың мінез-құлық тәжірибесін есепке алу керек. Бұл заңдылықты жүзеге асыру үшін тәрбиешіден әр жастағы баланың психо-физиологиялық ерекшеліктерін және әрбір тәрбиеленушінің дамуының жеке-дара ерекшеліктерін терең білуді талап етеді. Әрбір топта тәрбиеші балалардың жас жағынан мүмкіндіктерін есепке ала отырып еңбекке дұрыс көзқарас қалыптастырады. Мысалы, сәбилердің алғашқы еңбек әрекетін басқара отырып, тәрбиеші олардың жұмысқа қосылу жөніндегі қандай тілектерін болса да қолдайды, оның сапасы мен нәтижесіне кешіріммен қарайды. Естияр топта ол жұмысты мақсатты бағыттауды қалыптастырады, сондықтан ол балалардың басқа жаққа көңіл аудармауына қатаң талап қояды және балалардың назарын істеген ісіне жұмылдырады. Ересек топта тәрбиеші жұмыстың сапасына, әсіресе балалардың қатысу тәжірибесі көп еңбек түрлеріне жоғары талап қояды, мұндағы мақсат – олардың ынталылығын қалыптастыру, қойылған міндетке сай нәтижеге жету.