Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - «Қазақтың мақтанышы немесе ұлттық бренд» атты музыкалық- театрландырылған қойылымның сценарийі

«Қазақтың мақтанышы немесе ұлттық бренд» атты музыкалық- театрландырылған қойылымның сценарийі

Мухаметкалиева Кенжегуль Акановна, «№4 «Балдәурен» ясли-бақшасы» КМҚК-нің қазақ тілі оқытушысы, Семей қаласы

Күй ойнап тұрады. Музыка залының сол жақ бұрышында киіз үйдің іші безендірілген.

Слайд 1: Автор сөзі слайд арқылы беріледі.

Автор: Жиырма бірінші ғасырдың басында, шынымды айтсам, 2020 жылдың мамыр айының соңында «Балдәурен» балабақшасында қазақтың ұлттық мақтаныштары домбыра, асық, бауырсақ, қымыз және құрт үлкен дауды бастапты. Сахна сыртынан бесеуінің дауласып тұрғаны естіледі.

 

Мен қазақтың мақтанышымын. Жоқ, сен емес, мен.

Ой, «мен, мен» деп қоймадыңдар ғой.

Сахнаға «Домбыра» әнінің әуенімен қазақтың музыкалық аспабы- домбыра шығады.

Слайд 2: Қазақтың мақтанышы – қасиетті домбыра.

Бабамыздың көзіндей қара домбыра,

Данамыздың сөзіндей дара домбыра.

Асқақтатып рухымды ағыл домбыра,

Әр қазақтың төрінен табыл домбыра.

Қайырмасы:

Шанағында ойнаған,

Үніне еш тоймаған,

Қасиетті домбыра.

Күмбірлеген күйіне

Әрдайым мен сүйінем,

Қасиетті домбыра.

Домбыра: Қазақтың мақтанышы – қасиетті домбыра деген мен боламын!- деп иіліп сәлем беріп, киіз үйдің төріне барып тұра қалады.

Слайд 3: Қазақтың мақтанышы – бауырсақ.

Сахнаға бауырсақ жүгіріп шығып, әзілдеп былай әндетеді:

-  Мен атамнан қаштым, әжемнен қаштым, аюдан қаштым, қасқырдан қаштым, қояннан қаштым, түлкіні де алдап қаштым. Мен ақылды бауырсақпын, сондықтан қазақтың мақтанышы болуға мен лайықпын, өйткені:

Қазаққа ғана тән,

Қызыл-күрең бауырсақ,

Дастарханға сән, - деп дастархан басына отыра қалады.

Сахнаға бұрала билеп торсықтағы қымыз шығады.

Слайд 4: Қазақтың мақтанышы – торсық толы қымызы.

Биі аяқтала былай тақпақтайды:

Аңқыған иісі –

аппақ, дәрі қымызбын.

Ішсеңіздер саумалдай,

Пайдалы сары қымызбын.

Қазақта бренд болатын

Ақ тағамның бірімін, - деп бұрала билеп, сары бауырсақтың жанына барып жайғасады.

Сахнаға қазіргі заманға сай киініп алған (көзінде қара көзілдірік, басында вандам және т.б.) құрт шығып, былай рэп айтады:

Слайд 5: Қазақтың мақтанышы – құрт.

Дәмді құрт,

Жейді жұрт.

Томпайтып ұртты

Сорамыз құртты.

Қазақтан басқа жасамас,

Құртымыз нағыз қазақы ас.

Қазақтан басқа жасамас,

Құрт нағыз бренд ас!- деп екі қолын айқастырып тұра қалады.

Сахнаға «Қара жорға» әнінің әуенімен билеп асықтар шығады.

Слайд 6: Қазақтың мақтанышы – асық.

Биі аяқтала олар «Қара жорға» әнінің мақамына салып, былай деп әндетеді:

Асықтар: Қара жорға болмаса,

Бидің сәні келер ме?

Қос етек көйлек кимесе,

Қыздың сәні келер ме?

Дорбада асық болмаса,

Ойынның мәні келер ме?

Бүк пен шікке түспесе

Асықтың сәні келер ме?-деп асық дорбадағы асықтарын шашып жіберіп, киіз үйдегі үлкен қоржынның жанына тұра қалады.

Автор: Сөйтіп, қазақтың мақтанышы болуға лайық деп саналатын: домбыра, бауырсақ, құрт, қымыз және асық қазақ үйдің ішіндегі өз орындарына барып жайғасыпты.

Сол кезде: Сахнаға әже шығып, немерелерін дастарханға шақырады.

Әже: Балаларым, дастарханға келіңдер.

Бірінші бала: Әже, маған қымыз құйып беріңізші.

Екінші бала: Әже, қымыз дәмді екен, рахмет!

Үшінші бала: Мен бауырсақты жақсы көремін.

Төртінші бала: Әже, мен құрт жеймін. Құрт өте пайдалы.

Әже: Иә, балаларым, дастарханымыздағы қымыз, бауырсақ пен құртымыз да, балалар ойнайтын асығымыз да, мына төрдегі домбыра да біздің ұлттық мақтанышымыз (қазақтың бренді болуға лайық мақтаныштарымыз өздері туралы айтқанда түрлі қимылдар көрсетіп, мақтанып тұрады).

Слайд 7: Қазақтың мақтанышы – домбыра, асық, бауырсақ, құрт, қымыз

«Қазақ дәстүрлері» әнінің әуені естіліп тұрғанда, әженің немерелерін басқа балалар асық ойнауға шақырады (сахна сыртынан баланың дауысы).

Бірінші бала: Балалар, жүріңдер, асық ойнаймыз.

Екінші бала: Демид, жылдам шық, асық ойнаймыз (бір бала есіктен басын ғана көрсете).

Балалар асық дорбаға асықтарын асығыс жинап: «Алақай! Асық ойнаймыз» - деп жүгіріп шығып кетеді.