Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Интербелсенді әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы білім беру үрдісінің тиімділігін арттыру

Интербелсенді әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы білім беру үрдісінің тиімділігін арттыру

Сайлаубекова К.С., «№8 орта мектебі» КММ-нің қазақ тілі пәні мұғалімі, Өскемен қаласы

Интербелсенді оқыту үйренушілердің оқу процесіндегі белсенді әрекеттерін үйренудің негізгі құралдары мен тәсілдері ретінде таниды. Сондықтан да интербелсенді оқыту оқу процесінің тиімділігі мен нәтижелігін үйренушілердің есте сақтау дәрежесімен өлшемей, олардың әрекеттерімен бағалайды, тек әрекет арқылы ғана үйрену ықтимал деген қағида ұстанады. Осы қағиданы ұстанған мұғалім оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтып, сабақтарында оқушы бойындағы идеясы мен білім – біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруды талап етеді.

 

Мәтінмен жұмыс жасауда шығарма мәтінін оқыту, мәтінмен дербес жұмыс жүргізу, әңімелесу, салалы жаттығулармен жұмыс жасау, тәжірибелік дағдыларға үйрету, жаңа сабақта сұрақта арқылы оқушыны әңгімеге тарту, оқулықпен, қосымша дерек көздерімен өздігінен жұмыс жасату, оқушының өзіне сабаққа тән түрлі көрнекіліктер жасату, баяндама, хабарландыру, жарнама жасату арқылы оқушыларды өз деңгейлеріне тән жұмыс істей білуге, яғни, сабаққа белсене қатысуға үйретуге болады.

Интербелсенді оқу/оқыту басты назарды «процеске», яғни үйрену процесінің өзіне, оқушылардың «қалай» және «қандай әдіс-тәсілдер арқылы үйренетіндігіне» аударады. Мұндағы мақсат - оқушылардың өзара белсенді әрекеттер арқылы өздігімен білім игеруінде, оны ізденуінде, құрастыруында. Мұндай сабақтарға шәкірттер «таза парақ» күйінде келмей, алдын-ала дайындалып келеді, олар сабақ басында тақырып бойынша өз түсініктері мен пікірлерін келтіріп, әрі қарай оларды дәлелдеу жүйесін құрады, пікірталас жүргізеді, өзге пікірлерді тыңдап, балама көзқарастарды ескереді.

Басқаша сөзбен айтқанда, шәкірт өмірде әр адамға қажетті білік-дағдыларды қалыптастырады. Ал сабақтан кейін сол білімдерін өздігімен дамыта түседі. Сол себепті де интербелсенді оқу/оқытуда үйренушілер келесідей әрекеттерді атқаруға дайын болуы керек:

- бірлескен жұмыс,

- танымдық, коммуникативтік, әлеуметтік тұрғыдан белсенділік таныту,

- бастамашылдық,

- кері байланыс жасау,

- проблема шешу, шешім қабылдау.

Жаңартылған білім беру жағдайында /оқыту барысында үйренушілер әрқашанда белсенді болып, өзіндік пікір қалыптастырып, өз ойларын дұрыс жеткізе білуге, өз көқарасын дәлелдеуге, пікірталас жүргізуге, басқаларды тыңдауға, өзге пікірді сыйлауға және онымен санасуға үйренеді. Мұндай сабақтарда бір ғана дұрыс жауап болмайды, өйткені басты мәселе дұрыс жауапты табуда емес, керісінше үйренушінің жеке тәжірибесіне негізделген іздену процесінің өзі болып табылады.

Интербелсенді оқу/оқыту бірлесе үйрен идеяларын ұстанғандықтан, бұл жерде әсіресе бірлескен топтық жұмыс әдістерінің маңызын баса айту керек: олар өзін-өзі мен басқа адамдарды танудың тиімді құралы болып табылады, дүниетаным қалыптастырып, тұлғаның өзіндік дамуы мен басқалардың іс-әрекеттері мен олардың себептерін түсінуге ықпал жасайды. Топтық жұмыстар барлық үйренушілердің жұмысқа белсене қатысуын қамтамасыз етеді. Мұндай жұмыста шәкірттер өздерінің коммуникативтік дағдыларын (тыңдай білу, ортақ шешім қабылдау, жанжалдарды болдырмау) іс жүзінде қолданады, өздері «ойнап шығады».

Өз іс-тәжірибемде болжау, Т-кестесі, инсерт, кластер, ассоциация, венн диаграммасы, семантикалық карта, джигсо, мозаика, ыстық орындық, ақылдың 6 қалпағы, дананың кілті, БҮҮ, РАФТ, 5 тармақ, екі жақты күнделік, кубизм т.б. стратегияларын кеңінен қолданып, сын тұрғысынан ойлауды қарастыруға болатын ойлау дағдыларының иерархиялық моделі Блум таксономиясы арқылы жоспарлап өткізудемін.

«Миға шабуыл» әдісі – қойылған проблеманы оқушылардың шығармашылық белсенділігіне сүйене отырып шешуге бағытталған, оқушыларға проблеманы шешуде жауап нұсқасын таңдауға еркіндік беріліп, оны шешудің неғұрлым көп жолдарын көрсетуге негізделген. Кейін ең жақсы идеялар, шешімдер таңдалынып алынады. Мысалы: 3-сыныпта «Отбасы мерекелері» тақырыбы бойынша оқушылар отбасы туралы мәтінді тыңдап, бұрыннан таныс білімдерін жан-жақты еске түсірді. Бұл мәтінде кім туралы айтылып тұр? Әр отбасында мерекелердің атап өту ерекшеліктері? Отбасындағы мерекені өткізу дәстүрі ұнады ма? Неге? т.б сұрақтарға жауап береді.

Топтық жұмыс. Топтық жұмыс арқылы бірлесе әрекеттенген тиімді. Бұл үшін мұғалім топқа бөлудің қызықты тәсілдерін қолдану керек. Оқушыларды топқа бөлудің қызықты, әрі танымды тәсілін олардың алдағы жұмысқа деген ықыласын арттырады. Топпен жұмыс істегенде уақытша болса да бастарын біріктіреді, араларында бір-біріне деген жылы сезімдер орнайды.

Сондай-ақ, қазақ тілі сабағында «Аяқталмаған сөйлем» әдісін қолдануға болады. Мысалы, үйге берілген тапсырмаларды тексеру барысында сөйлемнің басы беріліп, оны аяқтау оқушыға тапсырылады.
Броундық қозғалыста оқушылар бүкіл сынып ішінде қозғала жүріп, берілген тақырыбы бойынша ақпарат жинайды. Есептеу ағашы – сынып сандары бірдей 3 немесе 4 топқа бөлінеді. Әр топ өз сұрақтарын талдап, ағаштың өздеріне тиісті тармағына жауап жазады, содан соң топтар орындарын ауыстырып, көршісінің ағашына өз идеяларын жазады. «Өз позицияңды ұстан» деп аталатын интеграцияның да пайдасы бар. Қандай да бір ұйғарым, көзқарас оқылады, содан кейін оқушылар «Иә» немесе «Жоқ» деген аймаққа бөлінген тақтаға (плакатқа) барады. Мүмкіндігінше олар өз позицияларын түсіндіргені дұрыс, әсіресе кейіпкерлерге, олардың іс-әрекеттеріне қатысты пайданалануға болады.

Мәтінмен жұмыс барысында интербелсенді оқыту әдістерін пайдалану кезінде тиянақты білім, қиялдау мен шығармашылық, тез тіл табысу, белсенді өмірлік көзқарас, командалық рух, жеке, дербестік құндылық, өз пікірін білдіру, еркіндік, іс-әрекетке ерекше назар аудару, өзара сыйластық дағдылары дамиды. Әрбір ұстаз өз Отанын шексіз сүйетін, білімді, іскер, адамгершілігі мол, парасатты, мәдениетті жан-жақты жетілген ұрпақ дайындауға міндетті.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.МАН Қазақ тілі және Қазақ әдебиеті пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы

2.Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2017

3.МАН Тиімді оқыту мен оқу Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016