Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарына оқушылардың қызығушылығын арттыру

Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарына оқушылардың қызығушылығын арттыру

Ибраймова Айгүл Қабышқызы, «Ш.Уәлиханов атындағы №3 мектеп - лицейі» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

ХХІ ғасыр – өзгеріске, жаңалыққа толы ғасыр. Қазіргі заманда бәсекеге сай, жан-жақты білімді, дарынды, әлемдік білім кеңістігіне ұмтылатын жеке тұлға қалыптастыру ұстаз алдындағы басты міндет. Ұстаздың алдындағы шәкірттерінің бірі шапшаң, бірі баяу, енді біреулері төмен қабылдайтын зейіні, қабілеті, қабылдауы, есте сақтауы әртүрлі жеке тұлғаның жүрегіне жол тауып, олардың шамшырағын жаға білу күрделі құбылыс екендігі бәрімізге аян. Сондықтан ойы жүйрік, ақылы жетік, бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім тұлғаны тек жаңаша ойлай алатын, ізденімпаз ұстаз ғана қалыптасытыра алады. Ол үшін ұстаз, ең алдымен, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, шәкірттерінің шығармашылығын дамытуға жағдай жасай алу керек.

Қазақ тілі мен әдебиет пәні – оқушыға өмірге араласқанда оның қоғамдағы қызметіне көмегін тигізетін, күнделікті өмірінде қажетіне жарайтын білім бере алатын аса білікті пәндердің бірі. Жаңа ғасырдағы күрделі өзгерістер, білім беру сапасына жаңа көзқарас пен жаңа ағым әкелгені заңды құбылыс. Осыған байланысты менің міндетім-мәдениетті түрде білімімен, іскерлігімен қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеру, осы мақсатқа жететіндей тиімді жол арқылы жүзеге асыру. Қазіргі кезде мектеп оқушыларына терең де, тиянақты білім беруді заман талабы етеді. Бұны іске асыру үшін оқу-тәрбие барысының ең басты маңызды мәселесі - сабақта жаңа бағыттағы әдістерді пайдалану.

Ұстаз оқытуда нәтижеге жету үшін, ең алдымен педагогикалық шеберлігі негізінде ізденуі тиіс. Оқыту барысында ұстаздың алдына қоятын мақсаты - оқушыны субъект ретінде оқу ісіне өзінше қызықтыратын, оған қабілетін арттыратын жағдай туғызу. Ең бастысы, оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру, оқушылардың оқудағы іс-әрекеті арқылы ойлау дағдыларын жетілдіру, өз бетінше білім алу процесінде бірлесе әрекет ету. Сондықтан, жаңа технологияны пайдалану дегенде, интерактивті тақтаны барынша дұрыс әрі тиімді пайдалану дұрыс. Бұл жағдайда интерактивті тақтаның атқарар рөлі ерекше. Яғни, уақытты ұтымды әрі тиімді пайдалануға мол мүмкіншілік береді. Жұмыстың көптеген түрлерін жүргізуге болады. Байланыстыра сөйлеудің заңдылықтарын оқушыға ереже түрінде емес, практикалық жолдармен үйретуде, грамматикалық анықтамаларды, тілдік нормаларды игертуде интерактивті тақтаның маңызы зор.

Мультимедиалық технологиялар, компьютерлік презентациялар бағдарламасы сабаққа көрнекілік дайындаудың ең ыңғайлы әдістерінің бірі болмақ. Сабақты көрнекті материалды кесте, тірек сызба арқылы, видеосюжет арқылы көрсетуге мүмкіндік береді, бұл оқушылардың білімдерін бақылауына да мүмкіндік туғызады.

Компьютерлік нұсқада сабақтарға қосымша материалдар, тесттер, сынақтар жасалған. Интерактивті тақтада жұмыс істеу әдістері ойластырылып, әр түрлі тақырыптарға слайдтар (презентация), флипчаттар құрылған.

Жаңа техника тек кең көлемде білімге ғана қол жеткізіп қоймай, сонымен қатар оқушыларға ақпарат алу үшін электрондық құралдарды пайдалануға және зерттеу дағдыларын қалыптастыру мүмкіндіктерін тудырады. Тіл үйренгендегі мотивацияны көтеруде, коммуникативті әрекет дағдыларын қалыптастыру және бекіту үшін өте қолайлы құрал болып табылады. Компьютерлік слайдтар арқылы түрлі иллюстрациялар, олардың басты негізгі үзінділерін бөліп, үлкейтіп көрсету оқушылардың қызығушылығын туғызады. Оқушылар тек көріп қана қоймай сабақты эмоциямен қабылдайды.

Қызығу деп бір нәрсеге асыра, артығырақ зейін аударуға бағытталған қатынасты айтамыз. Немесе бір нәрсемен танысуға, соны зерттеуге, қабылдауға құмарту.

Қызығу – адамның білімге құмарту сезімін тудыратын, білім қорын өсіретін, психикалық тіршіліктің мазмұнын байытатын қозғаушы күш.

Ұлы ойшыл Плутарх кезінде былай депті: «... Көптеген талант дарынсыз ұстаздардың кесірінен жойылып кетеді. Олар дарынның табиғи құбылысна терең бойлай алмай, тұлпарды есекке айналдырып құртып тынады». Міне, ұстаз осындай келеңсіздікке жол бермеуі керек.

Оқушылардың қызығушылығын арттырып, ынталандыру үшін сабақтарды мынадай жолдармен өткізуге болады:

  1. Сабақта АКТ-ны тиімді әрі ұтымды пайдалану;
  2. Сабақты жан-жақты түрлендіріп өткізу;
  3. Сабақта оқушылардың шығармашылық жұмыстарын пайдалану;
  4. Ойын элементтерін қолдану;
  5. Сабақ тақырыбына орай бейнетаспаларды, фильмдерді көрсету.

 Кез келген сабақ оқушыларды ізденіс пен шығармашылыққа баулу керек.

Оны жүзеге асырудың бірден-бір жолы – сабақ процесінде ойын түрлерін тиімді пайдалану.

Сабақта ойынды тиімді пайдалану оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтарын, танымдық белсенділіктерін арттырып қана қоймайды, сонымен қатар олардың талабын ұштастырып, ой-өрісін кеңейтуге, іздену қабілеттерін дамытуға әсерін тигізеді.

Қазақ тілі пәні мұғалімінің іс-тәжірибесінің молдығы, шығармашылықпен жұмыс істеуі келешек ұрпағымыздың сауатты, білімді, жан-жақты саналы азамат болып өсуіне ықпалын тигізбек. Яғни, сабақтың білімдік мазмұны мен тәрбиелік мәні бірлікте қарау ұстаздың негізгі мақсаты.

Ойын түрлері дұрыс қолданылып өткізілген сабақта оқушының қазақ тілін үйренуге деген ықыласы арттырып, сол тілде сөйлеп үйренуге, тілді білуге қызығушылығын оятады. Оқушылар білімді ойын арқылы да алады. Сабақта ойын арқылы білімін шыңдап, ой-өрісін кеңейте алады. Оқушының жас ерекшелігіне, зейініне сай ұйымдастырылған ойындар баланың ақылын, дүние танымын кеңейтеді, мінез-құлқын, ерік-жігерін қалыптастырады және сабаққа қызығушылықтарын арттырады.

Оқушылардың сабақтағы қызығушылығы мен белсенділігін қалыптастырудың жолдары сан-алуан. Оқыту процессінің әр түрлі сатысында ойын түрлері танымдық мақсатты көздей отырып әр түрлі формада қолданылады. Бастауыш сыныпта заттың түріне қызығушылық басым болады. Сондықтан олардың өзіндік дара қабілетін дамыту керек. Орта буындағы оқушыларға өз бетінше ізденіу мақсатындағы жұмыстарды беріп, ойын түрлерін шығармашылық түрінде ұйымдастыру пайдалы. Жоғары сынып оқушыларына білім алудың белсенді формалары қалыптасып дамиды. Бұл сыныптарда ойын түрлері шығармашылық мәнде, мақсатта жүргізіледі.

Сабақтын ойын түрі - топтық жұмыс, әрі тәрбиелік мәні зор әдіс-тәсілдерге жатады. Ойын барысында оқушының қабілеті, шығармашылығы көрінеді. Мұғалім әр оқушының жұмысын бағалауға мүмкіндік алады. Ойын оқушыны бірлесіп жұмыс жасауға дағдыландырады, іздендіреді.

Ойымды қорытындыласам, оқушылардың қазақ тілі пәніне қызығушылықтарын әр түрлі тәсілдермен арттыру түсіп, сол алған білімді сапалы игеріп, оны күнделікті өмірде пайдалануға үйрету және ойлау қабілетінің дамуына, шығармашылық дағдыларын жетілуіне жол ашады.