Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Қалыптастырушы бағалау - табысқа жетудің бір жолы

Қалыптастырушы бағалау - табысқа жетудің бір жолы

Калимолдина Гульназира Каппасовна, Өскемен қаласы әкімдігінің «Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейі» КММ-нің математика, физика бағыты бойынша оқу ісінің меңгерушісі

Бағалау - қозғаушы күш. Оқушы дұрыс бағаланса алдыға жылжиды. Оқушы үшін ең жаманы бағаланбай қалу. Бағалау - бұл оқушылардың үлгерімі жөніндегі мәліметтерді жинақтау және сараптау. Бұл ғылыми ұғым, ал оқушы көзқарасымен бағалау сабаққа оқушының ынтасын оятатын немесе қызығушылығын жоятын құрал. Дәстүрлі білім беруде пән мұғалімі жалғыз өзі сыныптағы оқушылардың жауабын бағалап келді. Оқушы жақсы оқыса жақсы бағасын алды, көбіне механикалық есте сақтау арқылы айтылған жауаптары бағаланды. Түсінуі, ол білімді қолдана алуы т.б. дағдылары ескерілмей қалып жатқан кездер жеткілікті. Жаңартылған білім мазмұнында бағалаудың критериалдық жүйесі мұғалімге оқушының білімін, ептілігін және дағдысын анықтап қана қоймай, сонымен қатар оларды оқушының функционалдық сауаттылығымен байланыстырып қарауға мүмкіндік береді. Критериалды бағалау жүйесі бұрынғы бағалауға қарағанда қалыптастырушы және жиынтық бағалаумен ерекшеленеді. Қалыптастырушы бағалау оқытуды, әдістерді және осы мүмкіндіктерді іске асыру түрлерін жақсарту мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған болса, жиынтық бағалау мақсатты баға қою және сертификаттау немесе оқытудың алға жылжуын тіркеу үшін оқыту қорытындысын шығару үшін қажет.

 

Бұрын не үшін бағалады? Баға үй тапсырмасы үшін немесе бақылау жұмыстары, тақырыптық тексерулер, тест жұмыстары, фронтальды сұрақтар қою т.б. кезінде қойылды. Санмен бағалаудың да маңызы бар: мұғалім жұмысының тиімділігін көрсетеді, оқушының қаңдай деңгейде тұрғанын анықтауға мүмкіндік берді. Ал, кемшілігі оқуды бағалау үшін жүргізілді, оқушы мотивациясын азайтты, қателікті түзету үшін ақпарат бермеді. Қазіргі критериалды бағалау жүйесінде бөлім бойынша жиынтық бағалауда оқушы жұмысы бойынша рубрика толтырылып, кері байланыс беріледі. Қай жерде қателеседі, қиналады соған мән беріліп тоқсандық жиынтық бағалауға дейін сол оқу мақсатымен жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі.

Бағалау – оқыту мен үйретуді жасаушы үрдіс екенін мұғалімдер қауымы білгенмен, сабақта қолданылатын бағалау түрлері бойынша мұғалімдердің жиі қиындықтарға кездесуі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе қазіргі уақытта жаңартылған білім беру мазмұнында критериалдық бағалаудың енуімен өзектілігі арта түсті.

Қалыптастырушы (формативті) бағалау үздіксіз жүргізіледі, оқушы қатесін түзетуге мүмкіншілік беріледі.

Оқу және үйренуді бағалаудың 4 принципі (қағидаты) бар.

- оқушы қай деңгейде содан басталады (жеткен жетістіктерін анықтау);

- оқушылар өздері үйренеді, олар үшін ешкім оқымайды, өздігінен үйренеді;

- оқушы не үйреніп жатқаны туралы сөйлей алады;

- оқушылар қалай үйрену керек екендігін үйренеді.

Өз зерттеулерінде ағылшын ғалымы Б.Уйлямс бағалауда - тиімді түрде сұрақ қою, оқушыларға критериилерді жеткізу, өзара және өзін-өзі бағалау, кері байланыс беруге назар аудартты.

Қалыптастырушы Бағалау оқыту үдерісінің қандай кезеңінде екенін, әсіресе олардың мықты және әлсіз жақтарының сипаты мен себептері қандай екендігі туралы алынған мәліметтерге басты назар аудартады және оқушының қандай бағытта даму керектігін анықтау үшін қажет.

Бағалау арқылы оқу үдерісін жақсартуға ықпал ететін бес қарапайым фактор бар: Оқушылармен тиімді кері байланыс орнату; Оқушыларды өздерінің оқу үдерісіне қызу араластыру; Оқыту мен бағалау нәтижелері арасында байланыс орнату; Оқу табыстылығының негізгі факторлары болып табылатын оқушылардың ынтасы мен өз қадір-қасиеттерін сезінуді дамытудағы бағалаудың мәнін түсіну; Өз жұмысын өзі бағалау және өзін өзі жетілдіру жолдарын түсіне білуді дамыту.

Сабақта оқушының жетістігін мұғалім тарапынан мадақтап отыру әрине оқушыны ынталандырады, ішкі уәжінің өсуіне ықпал етіп ол қалыптастырушы бағалаудың ынталандыру және уәждеу функцияларына жауап береді. Ал қалыптастыру функциясын іске қосу үшін негізгі және жалпы орта мектеп мұғалімдеріне арналған критериалдық бағалау бойынша нұсқаулықта ұсынылған тиімді кері байланыс оқушының үш сұрағына жауап береді дегенді ескерсек тиімді болады. Олар:

Менің оқуым қандай сатыда?

Мен жоғарғы нәтижеге қалай қол жеткіземін?

Біліміміді толықтыру үшін не істеуім керек?

Мұғалім қысқа мерзімді сабақ жоспарында қалыптастырушы бағалауды ұйымдастыруды және жоспарлауды дұрыс қарастыруы керек. Ол үшін қалыптастырушы бағалаудың әдіс-тәсілдерін сол сыныптың, оқушылардың жас ерекшеліктерін, қажеттіліктерін ескере отырып таңдау жасалады. Қалыптастырушы бағалаудың нәтижелерін талдау, сындарлы кері байланыс ұсынуда керек.

Мұғалімдердің көбі қалыптастырушы бағалаудың ынталандыру әрекетін көрсеткенмен, стратегияларын нақты көрсетпейді. Бағдаршам, бас бармақ, шапалақ, смайликтерді қолдану оқушыларды ынталандырады, дегенмен оқушы жұмысын түзету, жетілдіру үшін бұл әдістер маңызды ақпарат, тиімді кері байланыс беру жағынан керемет емес. Яғни, оқушыны алға ілгерілетуде эмоциялық/аффекттік аспектіде керек, дегенмен әлеуметтік/психомоторлық аспекті де маңыздырақ. Мысалы, «Екі жұлдыз, бір тілек», «Плюс, минус, керемет» т.б стратегияларын қолдану кезінде оқушылар қалай оқу керек екендігін үйренеді, өзара және өзін-өзі бағалау, жетілдіру жолдарын түсіне білуді дамыту жақсы жүреді.

Қорыта келе, Теодор Сайзердің «Баға беру және есепке алу-керемет мақсаттар.Білім алу үдерісіне кедергі тигізбейтін және біздің жан салып жасап жатқан ісімізге пайдалы да әділ баға беретін жүйе...» дегендей,қалыптастырушы бағалау дұрыс ұйымдастырылған жағдайда мұғалімге олардың іс-әрекеттеріне байланысты түсінік,ұсыныс т.с.с бере отырып,жүйелі түрде кері байланысты қамтамассыз етеді.Кері байланыстың әсерінен мұғалімдер өзерінің оқу үдерісін ұйымдастыруға белсенді қатысады.Ол үшін мұғалім оқушылардың оқу нәтижелерінің өзгеруіне байланысты оқыту және оқудың жаңа әдіс-тәсілдерін,техникасын өзгертіп отыруы қажет. Мұндай бағалау жаппай тәжірибеде мұғалімнің қалыптастырушы бағалаудың теориялық негіздерін және оны ұйымдастырудың алгоритмін меңгерген кезде ғана жүзеге асады.