Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Мемлекеттік рәміздер – Ұлы Дала Елінің мәртебесі мен айбыны

Мемлекеттік рәміздер – Ұлы Дала Елінің мәртебесі мен айбыны

Нугуманов Б.Б., «Өрлеу»» БАҰО» АҚ филиалы ББСжБ кафедарасының аға оқытушысы

Ежелден еркіндікпен өмір сүріп, еңселі ел болуды әр уақытта мақсат еткен бабаларымыз «Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас» дегенді айтқан еді. Ал сол егемендіктің ең басты да мәртебелі белгісі тәуелсіз ұлттың нышандары, тәуелсіздікті білдіретін мемлекеттің ұлы рәміздері болатын. Нақты айтқанда, мемлекеттік рәміздердің өзі «тәуелсіздік» сөзін мәдени нышандар ұғымымен ұштастыратын синоним. Сондықтан да рәмізсіз тәуелсіз елдің болмайтыны анық.

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының 130-шы күні, Президент Н.Ә.Назарбаев 1992 жылғы 4 маусым күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңына және «ҚР Мемлекеттік Туы туралы», «ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы туралы», «ҚР Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» тарихи заңдарға қол қойды.

Осылайша, бұл елдігіміздің, ел болуымыздың жарқын белгісін білдіретін айрықша тарихи датаға айналды. Көгімізде Көк туымыз желбіреп, Елтаңбамыз бен Әнұранымызды бекіткен сәттен бастап елдігіміздің белгісін әлем жұртшылығы тағы бір мәрте мойындады.

Қазақстан республикасының Мемлекеттік туы, сипаты, тарихи маңызы. Туды бейбіт кезде үлкен қошеметпен сақтап, тек жаугершілікте ғана көтеріп шыққан. Жорықтарда бас туды сақтаушы ретінде беделді сұлтандар мен батырлардың біреуі сайланатын. Тудан айырылу - өліммен бірдей.

Жаңа ту қалай жасалды? Осындайда ерекше ескере кететін тағы бір әңгіме Туымыздың, Елтаңбаның тұңғыш дүниеге келген тұсындағы ауқымды іске Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, осынау мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселеге баса назар аударған болатын. Ресми рәміздер жобаларына шығармашылық конкурс жариялап, өткізу, үздік жобаларды іріктеу және Конституция талаптарына сәйкес бекіту жұмыстары жүргізілсе, Елбасы Н. Назарбаев осы жұмыстардың бәрін ұдайы назарында ұстап, тікелей араласып, бағыт-бағдар беріп отырғаны белгілі.

Тудың түсі көк болуы – бүкіл дүниеге көк жүзі, аспан әлемі ортақ. Жер шары сан тарапқа, ұлттарға, мемлекеттерге бөлінгенімен, аспан ешқашан бөлінбек емес. Ал, күнге келер болсақ, ол да жапанға ортақ нәрсе. Күн жылуы жер бетіндегі бүкіл тіршілік атаулыға ортақ. Қазақ халқы қашан да қыранды қасиетті, киелі құсқа балаған. Егемендік алған қазақ елінің қыран тәріздес биікте, ғұмыры ұзақ болсын деген ойдан туған дүние бұл. Оған қоса туда қазақтың ұлттық ою-өрнегі бейнеленген. Ол қазақтың ұлттық нанымын, қасиетін көрсетеді.

Мемлекеттік туымыздың аспан текті зеңгір көк түсті болуы кездейсоқ емес. Әйгілі Ансельм кестесі бойынша ол - адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен пәктіктің нышаны. Көк түс ынтымақ пен бірлік идеясын аңғартады, бейбітшілік, тұрақтылық пен береке-байлық белгісі болып саналатын ашық аспанға мегзейді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы, сипаты, тарихи маңызы. Ресми анықтамаға сәйкес «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасында көгілдір түс аясында шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнеленген, шаңырақты айнала кун сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, оны аңыздардағы пырақтар қанаты көмкеріп тұр. Елтаңбаның төменгі жағында "Қазақстан" деген жазу бар».

Шаңырақ – отбасының, одан да асыра, кең мағанада алғанда бүкіл адамзат ұясының нышаны. «Шаңырақ» ұғымының әлеуметтік мәні зор. Елтаңбадағы қасиетті қара шаңырақ бейнесі: «Асыл діңгек аман болсын. Алтын бесік мәңгілік тіршілік әлдиімен тербеле берсін. Үлкен үйдің уықтарын шын ниеттерімен қосыла шаншысқан еншілес ел-жұртқа да бірге бақыт тілейік. Ортақ шаңырақ - биік, ортақ босаға - берік болсын. Отанымызға талмай адал қызмет етуге жазсын», – деген өрелі ойларға жетелейді.Барлық ұлттар өкілдерінің жанына жақын образдық жүйе жалпы адамзаттық игіліктер аңсарына ұштасар ұлы ниеттерге бастайды.

Елтаңбада қыран қанатты қос тұлпар – қос пырақ бейнесі бедерленген.

Қанат – асқақ арман нышаны. Бұл жерде ол еңсесі биік, дәулеті тасыған тәуелсіз мемлекет құру жөніндегі ел мұратын еске салады. Қанатты тұлпарлар – елдің өсіп-өркендеуіне, дәулеті тасып дамуына қатысты табиғи тілектердің, сол сияқты қоғамдағы әр түрлі мүдделермен және ғаламдық өркениет үміттерімен үйлесім табуға деген ұмтылыс пен ізгі ниеттің де көрінісі.

Биікке ұмтылу, дамудың төменгі сатысынан жоғарғысына дейін көтерілу – әлемдік өркениет мұраттарының бірі. Асқақтық, самғау, биік мақсаттарға жету деген үғымдар адам үшін де, қоғам үшін де қастерлі.

Мемлекеттік елтаңбада бес бұрышты жұлдыз бар. Ол тәуелсіз мемлекетіміздің құшағы бес құрлыққа бірдей айқара ашық, әлемдік өркениет көшіне өз болмыс-бітімімізді сақтай отырып ілеспек ниетіміз бар деген ойға меңзейді.

Мемлекеттік елтаңбада пайдаланылған негізгі бояу алтын түсті рең. Рәмізтану дәстүрі бойынша алтын – байлықтың, әділдік пен кеңдіктің белгісі. Елтаңбада көгілдір түс те бар. Ол алтын түсті реңмен әдемі жарасым тапқан.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні, сипаты, тарихи маңызы. Қазақ елінің әрбір ру-тайпасының таңба-белгілері, жалауымен қатар әнұраны да болған. Жауға қарсы шапқанда сарбаздарды жігерлендіріп, күш-қайрат беруге алты алаштың ұраны «Алаш»болған. Қазақ халқының алғашқы әнұраны деп 1723 жылғы Жоңғар шапқыншылығынан болған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»оқиғасына байланысты Қожаберген жыраудың шығарған «Елім-ай»өлеңін айтамыз.

ХХ ғасырдың басында атақты ақынымыз М. Жұмабаев қазақ жауынгерлері маршын жазса, М. Дулатов оның әнін шығарған.

1992 жылдың 11 желтоқсанында Мемлекеттік әнұранның мәтіні бекітілді. Оның сөзін жазғандар – Т. Молдағалиев, М. Әлімбаев, Қ. Мырзалиев, Ж. Дәрібаева, әнін жазғандар Л. Хамиди, М. Төлебаев, Е. Брусиловский болды. Ол 2006 жылы қайта өзгеріп, желтоқсан айында жаңа әнұран қабылданды.

Мәжіліс және Сенат депутаттарына жолдаған хатында Елбасымыз Н. Ә Назарбаев өз хатында: «Еліміздің қай түкпіріне барсам да, кәрі де, жас та әнұрандық мәртебесі болмаса да, аса көрнекті композиторымыз Шәмші Қалдаяқов пен талантты ақынымыз Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған «Менің Қазақстанымды» әнұран есебінде шырқағанының талай рет куәсі болдым.

Осы уақытқа дейін бейресми әнұран қызметін атқарып келген бұл әнге ресми мәртебе беретін күн жетті деп есептеймін. ...Мәтінді әнұран ретінде қабылдау үшін оған бірқатар өзгерістер енгізу керек деп есептеймін. Біріншіден, әнұранда ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі көрсетілуі тиіс. Екіншіден, мәтінде сол ата-бабалардан қалған асыл мұрамыз-жеріміздң кең-байтақтығы орын алуы керек. Үшіншіден, еліміз бен жеріміздің байлығы біздің ұрпақтарымыздың болашағына жарқын жол ашатыны да айқын көрініс тапқаны жөн. Ең бастысы, біздің тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі - ел бірлігі баса көрсетілуі керек», – деп болашақ Мемлекеттік Гимн мәтініне енген өз жобасын көрсетті.

Осыдан кейін жобаны талқылау кезінде, депутаттар ұсынысымен парламент Мемлекеттік Гимн мәтінінің авторлары Ж. Нәжімеденов пен Н. Назарбаев екенін айғақтайтын шешім қабылдады.

Мемлекеттік Гимнге елдің намысының туы, арының айнасы, жоғары отаншылдық рухының көрінісі ретінде қараған жөн. Соған лайық ән мен сөз табу қай халықтың да арманы болса керек.

Әрбір мемлекет үшін отаншылдық рухта тәрбие беру әрбір азаматтың мемлекетімізге, оның даңқты да қиын тарихына, алдағы болашағына өзінің қатысты екендігін сезініп, еліміздің мұң-мұқтаждарын ойлануынан басталады. Бұл міндеттің күрделілігін Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев нақты пайымдап, «...бұл міндет білім берудің, мәдениет органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық жүйесіне, әрбір отбасына қатысты. Ал, оны елдің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуден, заңды өкіметті құрметтеуге тәрбиелеуден бастау керек. Әрбір адам бала кезінен: Қазақстан - менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей еткен жөн», - дейді.

Қай ұлттан шыққанына қарамай, әрбір қазақстан патриоты, біріншіден, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне: Туына, Елтаңбасы мен Мемлекеттік Гимніне ерекше құрметпен қарайды, мемлекеттік рәміздерімізді шын ниетімен қадірлейді және оны басқалардан талап етеді.

Елбасының сөзімен қорытындыласақ: «Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз қажет. Біз Тәуелсіздігіміздің рәміздерін көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туы, Елтаңбасы, Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені олар біздің ең киелі құндылықтарымыз».  Ендеше Елбасының осы ұстанымын мектеп оқушыларынан бастап, бүкіл қоғам болып өзінің ұдайы басты назарында ұстауы керек. Өйткені, бір жағынан біздің елдігіміздің сыналатын бір тұсы да осы.