Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Сені ойладым, ата! (Ұлы Отан соғысының ардагері, ұстаз Сарқытбаев Садуақас атамыздың рухына арнаймын)

Сені ойладым, ата! (Ұлы Отан соғысының ардагері, ұстаз Сарқытбаев Садуақас атамыздың рухына арнаймын)

Бердигожина Гульнара Нурсабетовна, «М.Шаяхметов атындағы №23 орта мектебі» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Өскемен қаласы 

«Ерлік елеусіз қалмасын».
Б. Момышұлы

    Артынып, тартынып ауылға бара жатырмын. Кеше кезекті еңбек демалысына шыққанмын. Есейіп ержеттім десем де, ауыл есіме түскенде өзімді қашанғыдай бала сезінемін. Ауылға жеткенше өрекпіген көңілімді баса алмайтын әдетім. Тез жетсем деймін. Менің асыққан көңілімді ұққандай, автобус та жүйткіп, барын салып ұшып келеді. Орындыққа жайлы жайғасып, сыртқа көз саламын. Бұйра жалдар көз ұшынан тізбектеле қалып жатыр. Қарағайы, самырсыны, қайыңы, мың сан гүлге оранған даласы көздің жауын алады. Терезеден ескен таңғы салқын ауа бетіңді аймалайды. Көкірек көңіліңді оятып, жан сарайыңды ашады...Терең дем алып, сергіп сала бердім.

   Иә, мен ол кісі туралы жазуға бел будым. Көптен кеудемде жүрген әлдебір сезім жанымды жай таптырмай, бұлқынып шыққысы келетіндей тынышсыздандырады. Мүмкін, бұл махаббат сезімі шығар. Ол кісінің бейнесі көз алдыма келген сайын, бейне тұлғаланып, биіктеп кететіндей. Жыл өткен сайын сағынышым ұлғайып, жанымды бебеу қақтыратындай мазасыз күй кешемін. Менің әңгіме еткелі отырған адамым өз атам, еңбек және соғыс ардагері, ұстаз – Сарқытбаев Садуақас.
    Атамның тіп-тік, биік тұлғасы, бурыл шашы, сұлу жүзі, өткір көздері менің әлі есімде. Менің атамдай ата ешкімде болмағандай көрінетін маған. Әркімге де өз атасы не әжесі, әкесі не анасы, туған-туысқаны сондай ыстық көрінеді ғой, алайда, менің жұдырықтай жүрегімнің атама деген махаббаты өзгеше болатын.
    Ата! Осы бір сөз қандай әдемі естілуші еді. Ата десем, тамырын тереңге жайып, жапырағы жайқалған алып бәйтерек, шыңына көз жетпес асқар тау келеді көз алдыма. Ол кісіге деген асыл сезімімді тілмен жеткізе алмаспын мен, сірә!
   Әлі есімде, аңғалдығым мен аңқаулығым арылмаған сәби шағым. Бірде атамды құшақтай отырып, көптен құйтақандай жүрегімнің түкпірінде сақталып жүрген сұрағымды қойдым. «Ата, - дегем еркелей, - ата, кинода адамдар бір-бірімен неге соғысады?»
   Атам мені құшақтаған күйі ұзақ, үнсіз ойға шомды. Жүзіне көз салсам, қабағын шытып түнеріп кеткен. Сол кезде-ақ мен сұрағымның орынсыз қойылғандығын, сүйікті атамның жанын жаралағанымды түсініп, қатты өкіндім. «Е, балапаным, - деген атам күрсініп, - сұм соғыстың бізге көрсетпегені бар ма? Беті аулақ енді соғыстың. Ол қаныпезер, зұлымдардың сойқаны болды ғой. Сендер көрмей-ақ қойыңдар ол соғысты. Әрқашан әділдік туын биік ұстап өт, балам!».
  Сол сәтте-ақ кеудемде «Соғыс», «Әділет», «Отан» атты сөздер қатарланып, небір ойларға шым-шым батырып әкеткен еді мені. Мен есеюге асықтым.
   Атамның өмір жолына көз салсам, қиындығы да, қуанышы да мол өмірдің куәсы болғандай боламын.
   Атам 1905 жылы Күршім ауданының Сарыөлең ауылында кедей шаруа отбасында дүниеге келеді. Еңбек жолын 14 жасында мал бағудан бастайды. Өз бетімен ізденіп оқыған атам ауданымыздағы №4-ші және Семей қаласындағы жеті жылдық мектептерді жақсы аяқтап, аудан мектептерінде мұғалім бола бастайды. 1938-39 жылдары Ақтүбек орта мектебінің директоры, аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1938-46 жылдары Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланады. Кейін Семей қаласындағы мұғалімдер институтын бітіріп шығады да, Маралды орта мектебінің директоры, одан кейін тағы да аудандық халық ағарту бөлімінің меңгеруші қызметін атқара бастайды.
   Міне, осы кезде алыстағы ауылға соғыс атты суық сөз жетіп, көгілдір, бейбіт аспанды қап-қара бұлт торлайды. Ауыл азаматтарымен бірге атам да майданға аттанады. 1943 жылы атам жерлестеріне былай деп хат жолдайды.
    «Бүкіл Қызыл Армия қысқы ұрыстардың табыстарын баянды етіп, одан әрі дамыта беретін болсын, неміс-фашист босқыншыларына қарсы шешуші ұрыстарға әзір тұратын болсын деген Сталин жолдастың бұйрығын Қызыл Армия абыроймен орындауда. Менің бөлімімдегі жауынгерлер бірнеше биіктікке ие болып, қысқы ұрыстардың табыстарын баянды етті. Жекпе-жек ұрыстарға менің бөлімімдегі он тоғыз рет қатысқан қазақ жігіті Мусин 45 немісті, өзбек Әділқадыров 32, ұйғыр Ахметов 31 немісті өлтірді. Неміс басқыншылары жазғы шабуылға шықты. Біз де жауға қарсы аттандық. Жоғарғы қолбасшымыз Сталин жолдастың бұйрығымен рухтанған Қызыл Армия жаудың соғыс техникасы мен адам күштерін талқандап, майданның барлық учаскелеріне неміс басқыншыларын алға бастырмады. Фашистер тағы да есебінен жаңылды. Қызыл Армия Орел, Курск, Белгород бағытында орасан көп адам, соғыс машинасы күшімен шабуылға шыққан фашистердің күлін көкке ұшырып, бірталай елді пункттер мен қалаларды жаудан тазартты. Сөйтіп, Қызыл Армия қысты күні ғана емес, жазды күні де шабуыл жасай алатынын көрсетті.
    Гитлер қаныпезерлерін біржолата жеңіп шығу жолында әлі де болса қатал және ауыр күрестер тұр. Бұл күрес зор құрбандықты, асқан шыдамдылық пен мызғымас табандылықты қажет етеді деген Сталин жолдастың сөзін естен шығармау керек. Колхозшылар мен совхоз жұмысшылары, еңбекпен салған егіндеріңді мерзімінде ысырапсыз жинап алыңдар. «Қолын сорған сорлы немістер» деген мақал бар. Неміске біздің еліміздің ауасы да жау. Бармағын ауыздарына салып, қолын үрлеп бүрсеңдейтін уақыттары да таянып келеді. Неміс солдаттарын Қызыл Армия бір қысса, аяз екі қысады.Сіздер майдандағы туысқандардың:
    Қамқорлық етіп еліміз,
    Көтеріңкі көңіліміз.
    Майданға керек заттардың
   Әзірлеп бәрін беріңіз,- деген жырын естеріңізге ұстаңыздар. Біз неміс басқыншыларының есінен мәңгі кетпейтіндей қасірет орнатамыз. Жеңіс күні жақын.
   Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты С.Сарқытбаев 9.1Х. 1943 жыл. Майдан».
   Бұл хат Теректібұлақ орта мектебінің мұражайында әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Атам соғыстан 1946 жылы оралады. Содан кейін үш жылдай аудандық «Социалистік еңбек» газетінің редакторы болады. 1949-1951 жылдары Чердояқ жұмысшы жастар мектебінің директоры, Теректібұлақ орта мектебінің оқу ісі меңгерушісі болып еңбек етіп, құрметті демалысқа шығады.
    Атамнан білім алып, түлеп ұшқан түлектері қаншама десеңізші! Олар өмірдің әр саласында алуан түрлі мамандық иесі болып еңбек етеді.
     «Жасымда байлардың малын көп бақтым. Ол күнде қойшыны адам деп есептеген кім бар? Байлардың мыңдаған қойларын жайып жүріп, аш-жалаңаш, жаяу-жалпы, шыбында түтігіп жүре беретін едік. Аузыңа тиген бір кесе шалап жұғыныңа жұқ болмай, тек тамсануға ғана жарайтын еді. Қақаған сары аяздарда жалыным сыртыма шығып, қажымай қайраттана түстім. Ерінбей ерте тұрып, ертеден мал баққан кәрі қойшылардан да кем түспедім. Бұл мінезім көп қойшының ішінде Бала қойшы атануыма себепкер болды. Жалпы мен бақытымды еңбектен тапқан жанмын, балам. Еңбегімнің жемісін көрген сайын жасара түсем, шаттана түсем. Еңбек түбі – зейнет. Еңбек етуден жалықпа, еңбек сені қуаныш пен бақытқа бөлейді, балам», - дейтін атам.
   Атамның айтқан ақыл-кеңесі, әңгіме-шежіресі мені кішкене күнімнен баурап алған. Зердеме түйген сол бір асыл да ардақты сөздер көкірегімде сайрап тұр. Атамның қоңыр да жұмсақ даусы кеудемде күмбірлеп, асыл мұраттарға үндейді.Үнемі жанымды тербеп, жебеушім болады.
   Атам 1985 жылы 80 жасында дүние салды. Атамның қайтпас сапарға аттанғанын естігенде, аспан сатыр-күтір құлап, нажағай шартылдағандай сезімде болдым. Жүрегімнің быт-шыт болып тілімделгенін сезіндім. Жас тамшылары бетімді жуып, алқымыма ащы өксік тығылды. Мен өзімді тоқтата алмадым.
   Мен атаммен қош айтыстым.
    Біз тұратын көшеге атамның есімі берілді.
    Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған аяулы атам қазір арамызда жоқ, бірақ оның жарқын бейнесі менің жүрегімнен өшпек емес, өшпейді де, мәңгі сақталады.
    Ауылға жеткенде кеш қарайып кеткен еді. Елмен бірге сырғып сыртқа шықтым. Жол тосып сағынған бауырларымды кезек құшағыма алып, шуылдасып сағынышымызды бастық.
     Тура бала күніміздегідей...
     Бәрі кеше ғана болған сияқты... Иә, дәл кеше.