Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Тәуелсіздік жылдарындағы жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру үлгісі

Тәуелсіздік жылдарындағы жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру үлгісі

 Исебаева Инабат Советовна, Базылбек Ахметов атындағы орта мектебінің мұғалімі, Ұлан ауданы

«Өз Отаныңның патриоты болу – бұл Қазақстанды өз жүрегіңде ұялату».
Н.Ә. Назарбаев

     Қазақстан Республикасының тәуелсіз, дербес мемлекет болғанына, міне, жиырма алты  жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде еліміз басынан көптеген қиыншылықтарды өткеріп, биік белестерді бағындырды. Әрине, тарих үшін жиырма алты  жыл ұзақ уақыт емес, бірақ біздің жас мемлекетіміз үшін бұл - үлкен кезең.
     Жиырма алты  жылдық тәуелсіз тарихымыздың жетістіктерін тізе берсек өте көп. Осы аталған қысқа мерзімде жеткен жетістіктердің өзі 100 жылға пара-пар. Ол жетістіктер әрбір қазақстандықтың Отанына деген мақтанышын, сүйіспеншілігін оятады. Әсіресе жастар арасында осы патриоттық сезімнің өсуі, тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағына сенімділігін арттырады.

     Қазақстан Республикасы 1991 жылғы 16 желтоқсанда өз тәуелсiздiгiн жариялағаны баршамызға аян. 1995 жылғы 30 тамызда бүкіл халықтық Референдум арқылы «Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет» - деп жариялаған Қазақстан Республикасының Ата Заңы - Конституциясы қабылданды. Негiзгi байлық - адам, оның өмiрi. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері - Елтаңба, Ту және Әнұраны бар.
     Қазақстан Республикасы - тәуелсіз мемлекет бола алатындығын бүкіл әлемге дәлелдеді. Ендігі басты міндет - осы мемлекетімiздің өркендеп өсуі, халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайын көтеру. Қазақстанды «Отаным» деп таныған әр азаматтың осыған әлі келгенше үлес қосуы - бұның басты шарттарының бірі. Жастарға патриоттық тәрбие берудің бағдарлы идеяларын Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стратегиялық бағдарламасында: «...біздің балаларымыз бен немерелеріміз... бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады», - деп үміт артқан [1].
     Қазақстандық патриотизм - адамның өзінің туып өскен өлкесіне деген сүйіспеншілігімен қоса, үлкен достық отбасын құрайтын жүзден астам ұлттар мен ұлыстар мекендеп отырған біздің ұлан-байтақ Отанымызға деген сүйіспеншілік. Әр адамның Отанға деген сүйіспеншілігі осы жерде тұратын барлық адамдарға деген достық пен туысқандық сезімімен біртұтас болып табылады. Оқушыларды Қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу нәтижесінде қандай ұлттың өкілі болмасын өзін біртұтас көп ұлтты мемлекеттің - Қазақстан Республикасының азаматымын деп сезінеді, Қазақстан Республикасының азаматы болуды өзіне тиген зор бақыт және үлкен жауапкершілік деп түсінеді.
     Патриоттық тәрбие дегеніміз бұл қоғамды біріктіре алатын, мемлекеттің бірлігі мен біртұтастығын сақтауға ықпал ететін рухани-саяси фактор. Сонымен қатар мемлекеттік саясат пен идеологияның ажырамас бір бөлігі болып саналады. Президент Н.Ә. Назарбаев өзінің 1997 жылғы халыққа Жолдауында: «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз», - деп атап өткен болатын [2].
     «Патриотизм» сөзіне келетін болсақ (грек тілінде – patrіots – отандас, paths - отан, атамекен) - Отанға деген сүйіспеншілікті, оған адалдықты, өз іс-әрекеттерімен оның мүдделеріне қызмет етуге ұмтылысты, сондай-ақ, туған жеріне, тарихына деген өшпес махаббаты, ерлікке толы кешегісі мен жарқын болашағына мақтанышы, тұрақтаған мекеніне бауыр басушылықты білдіреді. Әр азаматтың Отанын одан әрі әрлендіріп, байытып, бақытты қылу және қайратты етуге ұмтылыстарын арттырып, әрқашанда Отанды қорғап, адал қызмет етуге дайындығын көрсетеді. Бұл дегеніміз әрбір Қазақстан азаматының елінің ертеңіне, қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін арттырары сөзсіз. Бұл барлық отандастарымыздың тілдік, діни, мәдени айырмашылықтарына қарамастан бір-біріне деген сыйласымдық. Әрбір азаматтың мемлекетке, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік тілге деген құрметі патриоттық тәрбиесіне байланысты болады.
     Отансүйгіштік тәрбиені қалыптастырудың қайнар көзі тарих ғылымы екені барлығымызға мәлім. Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Көп ұлтты жастардың өздерін Қазақстан тарихына, өткен буынның маңызды өмірлік құндылықтарымен сәйкестендіруіне үйрету керек, жастарға нақты өмірлік бағыт беру керек», - деген болатын [3]. Ұлы тұлғалардың өмірлерінен және нақты тарихи мысалдар арқылы (мәдениет, коғам қайраткерлері; қиын қыстау (дағдарыстар) кезеңдерде халықтың ерлігі) қоғамдық санаға күшті ықпал етуге болады. Сол себепті Отан тарихын оқыту Қазақстандық патриотизмнің қалыптасуында маңызды рөл атқаратынын көреміз. Әсіресе тәуелсіз кезеңіндегі тарихқа көз жүгіртетін болсақ, патриоттық тәрбие беру маңызды екенін көреміз.
     2012 жылғы Жолдауында көрсетілгендей, еліміз білім беру ісін дамытуда еліміз көш бастаушылар қатарына енді. Білім саласына бөлінетін қаражат тәуелсіздік жарияланғаннан бастап қазіргі кезге дейін 10 есеге көбейді. Елімізде жүргізіліп жатқан саясатта ғылымның орны ерекше болып отыр. Дүние жүзіндегі көптеген елдер экономикадағы елеулі жетістікке осы ғылым мен білімнің арқасында жетіп отырғаны белгілі. Қазіргі таңда ел экономикасын көтерудің бірден-бір жолы - ғылымды дамыту, оған айрықша көңіл бөлу болып отыр. Осыған сай республикамыздағы барлық жоғары оқу орындары, ғылыми-техникалық орталықтар мен мекемелердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын бір жүйеге келтіріп, тәуелсіз мемлекетіміздің мүддесіне қызмет ететін келелі ғылыми орталықтарды құру ең бірінші кезекте тұр.
     Осы 26 жыл - тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы айтулы жетістіктер кезеңі. Бұл фактілер, әрине, қазақстандықтардың оның ішінде әсіресе жастардың - патриоттық сезімінің, өз Отанына деген құрметінің артқанын көрсетеді. Қазіргі таңда 90-шы жылдармен салыстырғанда әрбір қазақстандық өзінің Қазақстан Республикасының азаматы екендігін мақтан тұтатыны баршамызға мәлім.
     Қазақстан Республикасының азаматтарының патриоттық сезімін әрі қарай жетілдіріп дамуына тарих ғылымы өз үлесін қосу үшін, жаңа, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін талдап, сараптама жасап, тарихи баға беруі керек. Тәуелсіздік кезеңіндегі әрбір саладағы жетістіктерді ашып көрсетіп, жас ұрпаққа өнеге, үлгі тұтып, Отан үшін, халық үшін еңбек етіп жатқан азаматтарға орынды баға беру, тәуелсіз еліміздің жаңа тұлғаларын зерттеу уақыты туды деуге болады.
     Қазіргі кезге дейін жалпы ғылым саласы, соның ішінде тарих ғылымы да қиын алма-кезек кезеңді басынан өткерді. Сондай қиыншылықтарға қарамастан Қазақстанның тарих ғылымы даму үстінде. «Мәдени мұра» бағдарламасының қолға алып, тың зерттеу жұмыстарын жариялауы осының айғағы болып отыр.
     Тарих ғылымының әрі қарай қарқынды дамуы, мемлекетіміздің өткенін ғана емес сонымен қатар болашағына да көз жүгіртуге (болжауға) мүмкіндік береді. Сол себепті қазақстандықтардың, өскелең ұрпақтарымыздың елім деп, жерім деп жүруі үшін өз Отанының тарихын білуі абзал. Осыған орай, патриоттық тәрбие мәселесі адамзат тарихының өн бойындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мақсат болғандықтан, тәуелсіз Қазақстан тарихының маңызы зор екенін тағы да атап өткен артық болмас.
     Лаңкестік пен экстремизмге қарсы күрес бүгінгі күні барлық өркениетті елдердің басты мәселесі болып отыр. Отанымыздың территория бүтіндігін сақтау, халықтың тыныштығын алатын лаңкестерге қарсы ұйымшылдықпен күресу, мемлекетімізге қауіп төндіретін кез-келген сыртқы және ішкі күштерге қарсы тұрудың өзі жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу міндетін жүктейді. Осыған орай, патриоттық тәрбие мәселесі - адамзат тарихының өн бойында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мақсат болғандықтан жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік қасиетін дарыту әр уақытта да көкейкесті мәселе болып қала бермек.
     Қоғамның қазіргі даму кезеңінде болып жатқан әлеуметтік, саяси және жаңа технологиялық өзгерістерден, ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыстардан білім мен тәрбие жүйелерінің ісін жаңа сатыға көтеру қажеттілігі туындап отырғаны мәлім. Бүгінгі таңда қоғамның ұлттық мәдени тұрғыдан кемелденуі жастарды өз халқының рухани қазынасымен, ұлттық тәрбиенің озық, өнегелі дәстүрлерімен тереңірек таныстыру, соның негізінде жеке тұлғаны қалыптастырып, оның шығармашылық, рухани мүмкіндіктерін дамыту көзделеді. Өйткені, еліміздің болашағы, оның материалдық және рухани дамуы жастардың білімі мен тәрбиесінің деңгейіне байланысты.
     Атамекен дегенде біздің көз алдымызға еліміздің айдын шалқар көлдерi мен мөлдiр бастау қайнарлары, сарқырай аққан тасқынды өзендерi, алып таулары мен жасыл желек жамылған сыңсыған орман-тоғайлар, кең байтақ, ұланғайыр даласы келедi. Н.Ә. Назарбаев: «Әрбiр адамзат тарих қойнауына тереңдеу арқылы өзiнiң ата-бабалары қалдырған осындай кең-байтақ жердiң лайықты мұрагерi болуға ұмтылсын», - деген аталы сөз келтiрген.
     Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың хадистерiнде патриотизм идеясы өте жоғары қастерленедi, Отанды сүю асқан парасаттылық сезiмiмен бағаланады. Бiр хадисте: «Отанды сүймеген адамның иманы болмайды», - деп көрсетiлген. Тағы бiр сөзiнде пайғамбар: «Нағыз мұсылман - халқынан зәбiр көрсе де, оны сүюдi, оған қызмет қылуды тоқтатпаған жан», - деп үлкен ұлағаттылық қасиет танытқан.
     Қай халықтың тәлімгерлік тәжірибесі болмасын, ол адамзат атаулыға ортақ рухани қазынаның құрамдас бөлігі. Қазақ халқының да мәдени жетістіктерін, қанына біткен адамгершілік, имандылық, балажандық, еңбексүйгіштік, қонақжайлылық, отаншылдық, т.б. қасиеттерін танытатын құндылықтары бар. Онда кешегі өткен данагөй қариялар, ғұлама ойшылдар, шешен-билер, батырлар мен ақын-жыраулардың философиялық болжамдарының, психологиялық пайымдауларының, педагогикалық тұжырымдарының өшпес ізі жатыр.
     Ұлтжандылық тәрбиесi адам жанына ана сүтiмен, қанымен, ата-ана тәрбиесiмен және туған өлкесiн, туған елiн сүю, құрметтеу арқылы қалыптасатындықтан, оқушылардың бойындағы ұлтжандылықты өз халқының мәдениетiмен, салт-дәстүрiнен, әдет-ғұрпынан бөлек қалыптастыру мүмкiн емес. Қазiргi Қазақстан Республикасында бұқаралық ақпарат құралдары айтып жүргендей «Қазақстандық менталитет» қалыптастыру арқылы ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу мүмкiн емес болып отыр.
     Әрбiр мемлекеттiң болмысын айқындайтын, сүйенетiн рухани мұраты болуы тиiс. Бiздiң қоғамдағы бұл мұраттар өзгермелi, өтпелi сипат алуда. Дербес тәуелсiз ел болып қалыптасудың алғашқы жылдарында қазақ екенiмiздi өзгелерге таныту мәселесi алға шыққандықтан ұлттық идеология аса өзектi. Тәуелсiз ел ретiнде өзгелердi мойындатып болған соң, ұлттығымыздың өзiмiзге қажеттi мөлшерiн алып болған соң, қоғамның даму ерекшелiгiне сай, бұл күнде аса қажеттi болып отырған рухани азықты iздестiру үстiнде.
     Патриоттық сезiмнiң сипаты жалпы адамзаттық құндылықтарға қарсы келмей, олармен үндес болуы керек, яғни ол кез-келген халықтың тiлi мен мәдениетiне салт-санасы мен әдет-ғұрпына т.б. ұлттық ерекшелiктерiне құрмет сезiмiмен қарау деген сөз.
     Қазақстан мемлекетінің егемен ел болып қалыптасып, өркендеп гүлденуі ұлттық біртектілікті сақтаудан басталады. Оның басты құндылықтары - ана тілі, ұлттық рух, ұлттық тарих, діни наным-сенімдермен тығыз байланысты екені баршамызға аян.
     Қазақстандықтарды Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «әр этностың ұлттық сезімін сыйлап, бірде-бір ұлтпен қарама-қайшылық туғызбау», - деген бағыт  ұстануға шақырады.
     Бүгiнгi қоғамдағы түбегейлi өзгерiстер халқымыздың ауыз бiрлiгiн, белсендiлiгiн, әр азаматтың жеке басының жауапкершiлiгiн талап етедi. Қоғамдағы келiсiм мен бейбiт өмiр, саяси тұрақтылық үшiн жан аямай қызмет ету, өз Отанына, отбасына, елi мен жерiне деген сүйiспеншiлiктен ғана туады.
     Патриотизм сезiмi - бiздiң халқымыздың болмысына ежелден сiңген қасиет. Ұрпақтан-ұрпаққа, атадан-балаға мирас болған өсиет.
     Халық бiрлiгi, ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы ұранымыз өз тарихымызға деген көзқарасымыз, бiздiң аға ұрпаққа деген құрметiмiз, хандарымыз бен билерiмiздiң өмiр жолдарын өзiмiз ұстанып қана қоймай, оны келешек ұрпаққа жеткiзу, насихаттау болып табылады.
     Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаев өзiнiң «Қазақстанның болашағы - қоғамның идеялық бiрлiгiнде» атты еңбегінде идеялық мәселелерге топтасудың керек екенiн айтып, бiрiгуiне шақырып, бұл мiндеттi жүзеге асыруда бiлiм берудiң, отбасы, еңбек ұжымы сияқты дәстүрлi институттардың маңызды рөл атқаратының, олардың ықпалы ерекше тиiмдi болатынын баса айта отырып, «Бiздiң тағы бiр аса маңызды идеологиялық мiндеттерiмiз - Қазақстандық отансүйгiштiкке тәрбиелеу, әрбiр азаматтың өзiн-өзi айқын билеу. Олай болса, осы мiндеттi орындау жолында тәрбие мәселесiн қолға алып, жүйелi түрде мемлекеттiк тұрғыда, пәрмендi байыппен жүргiзу болашақ ұрпақтарды аздырмай-тоздырмай қазiргi сауда-саттықтың, алдау-арбаудың ықпалына жiбермей, етегiне сүйретпей елiмiздiң болашақ өркениеттi дамуын алға бастыратын адамдарын тәрбиелеуiмiз керек», - дейдi.
     Қазiргi мемлекет мiндетi - ұлттық тәрбие арқылы отансүйгiштiкке, ұлтжандылыққа және салауатты өмiр салтына ынталандыру, елiнiң табиғатын қорғау. Салауаттылық халықтың денсаулығына әсер ететiн маңызды фактор екенiн ескерiп, таза су кенеулi асты пайдалану, тазарту жүйелерiнiң болуы, қоршаған ортаны ластайтын және экологиялық зиян келтiретiн объектiлердi қысқартуды, темекi мен алкоголдi қолдануды доғаруды, дене тәрбиесi мен табиғатты қорғауды көздейдi.
     Сонымен, егемендi елiмiзде ұлттық тәрбиенi жандандырып, салт-дәстүрiмiздi сақтап, өмiрдiң озығын пайдаланып, тозығынан iргемiздi аулақ салып, оқушыларымызды отансүйгiштiкке, ұлтжандылыққа, салауатты өмiрге, табиғатымызды аялауға тәрбиелеуiмiз керек.
     Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының қаһарманы Бауыржан Момышұлы «Патриотизм - Отанға (мемлекетке) деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы қоғамдық-мемлекеттік қауiпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзінің мемлекетке тәуелді екенiңдi мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды, оны жеке адам мен барлық жағынан өткені мен бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасын бiріктіреді», - деп атап көрсеткен болатын [4].

     Патриоттық тәрбие жұмыстары барысында Отанға сүйіспеншілік, жалпы елдің экономикалық, ғылыми, моралдық, саяси, әскери қуатын арттыруға үлес қосуға дайын болу, Отанды идеологиялық, мәдени экспансиядан қорғау, қажет болса қарумен қорғауға әзірлік сенімі қалыптасады. Жастар ар-ождан, намыс, қайырым, мейірім сезімдерімен қатар Отанын мақтаныш тұту, оның жетістіктеріне сүйсіну, қиындықтарына күйіну, әрқашан елін, жерін қорғауға дайын болу, басқаша айтқанда іс-әрекетімен ұштастыруға бейімделеді. Бұлар соғыссыз, бейбітшілік замандағы патриотизм қандай болу керек деген мәселенің шешімін анықтайды.
     Бейбітшілік замандағы патриотизм біздің жағдайымызда береке-бірлік, экономикалық өрлеуге үлес қосу, қазақтар үшін ұлттық мүддені қорғау, оның сақталып қалуын басты мұрат ету деп білеміз.

     Қазақстандық патриот - Қазақстан Республикасының азаматы өзін осы елдің төл баласы нағыз азаматы ретінде сезінгенде, Қазақстанды өзінің туған елі, Отаны деп есептеген жағдайда ғана қалыптасады. Сол кезде ғана еліміздің мемлекеттік рәміздеріне ерекше құрметпен қарайды, шын ниетімен қадірлейді. Қазақстан азаматының Конституциялық құқығын сақтайды.

Қазақстандық патриотизмге өз Отанына, оның мәдениетіне, дәстүрлеріне деген шексіз сүйіспеншілік, ел жетістіктеріне деген мақтаныш, өз мемлекетінің экономикалық және саяси қуатын арттыруға бағытталған әлеуметтік белсенділік, Отанын, оның бостандығын, тәуелсіздігін аянбай қорғауға даяр болуы керек.

 Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Н.Ә. Назарбаев. «Қазақстан - 2050». Ел Приздентінің Қазақстан халқына Жолдауы. – 2012 жыл.

2. Н.Ә. Назарбаев. «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз». Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы халыққа Жолдауы. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011.

3. Н.Ә. Назарбаев. Қазақстанның болашағы қоғамдық идеялық бірлігінде. - Алматы: «Қазақстан», 1993.

4. Б. Момышұлы. Қанмен жазылған кітап. - Алматы: «Қазақстан», 1991.