Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Биыл Қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 350 жыл

Биыл Қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 350 жыл

Нурмухамбетова А.,  № 45 бейімделген орта мектебінің тарих пәні мұғалімі, Өскемен қаласы

        Қазақтың дуалы ауыз шешені, ел бастаған көсемі, теңдессіз биі, əділдіктің ақ туын желбіреткен үш жүздің төбе биі Қаз дауысты Қазыбек бабамызға 350 жыл толып отыр.
        Қаз дауысты Қазыбек би, қазақ халқының XVII – XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Орта жүз арғын тайпасының қаракесек руына шыққан ол 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген.
        Бұл кісіні Алла əу бастан ерекше қып жаратқан адам. Жас кезінде-ақ қалмақ ханына көппен Абылайды тұтқыннан босатуға елшілікке барғандарға атқосшы болып ілесіп барып, абыройы асқақтап Қаз дауысты Қазыбек деген атты алып қайтқан. Жас кезінен-ақ əділдігімен көзге түсіп, билікке араласқан. Бабамыз шешкен билік ың-шыңсыз, дау-дамайсыз түйінделеді екен.

 

        Ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбекті Орта жүздің Бас биі еткен. Би Әз Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшелерінің бірі болса, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел билеген кезеңдерде де мемлекет басқару ісіне жиі араласып, ішкі-сыртқы саясатта ақыл-кеңестер беріп отырған.
      Тәуке хан үйсін Төле, алшын Әйтеке, арғын Қазыбек билерге жаңа заң жобасын – “Жеті жарғыны” жасатып, Күлтөбенің басында бүкіл халық алдында қабылдатты. Сөйтіп, ұлы үш бидің көмегімен ел ішіндегі әдет-ғұрып нормалары, жер-су, қоныс иеліктерінің мөлшері, жесір дауы, құн төлеу, кек алу, ұрлық-қарлыққа тыйым салу, ағайын-туыс, ру арасындағы дау-дамайлар, ел бірлігі, мемлекет басқару, Отан қорғау, сыртқы жаулардың шабуылдарына тойтарыс беру, ұрпақ тәрбиесі, т.б. мәселелердің шешілу жүйесі жаңаша белгіленді.
      Ел “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” нәубетіне ұшырап, қатты күйзеліске түскен кезеңде Қазыбек би өзге де билермен бірге Сәмеке, Әбілмәмбет хандардың, Барақ, Батыр, Абылай сұлтандардың арасын жарастыруға күш салды, оларды өзара ынтымаққа шақырды. Орыс патшасымен достық қарым-қатынас орнатуды жақтады. Абылай сұлтан тұтқынға түсіп қалғанда Қазыбек би Абылайды құтқару үшін қолдан келген барлық дипломаттық айла-әрекеттерін жасаған. Би 1762 ж. Абылай сұлтанға Қытай боғдыханынан іргені аулақ салуға кеңес берген.
Қазыбек мемлекет істерімен қатар руаралық, сұлтандар арасындағы кикілжің тартыстарға да әділ билігін айтып отырған. Орыс патшасының өктемдігіне қарсы 1740 жылғы башқұрттар көтерілісінің басшысы Қарасақалдың Қабанбай батырға бармас бұрын Қазыбек биге келіп паналағаны белгілі. Ал Барақ сұлтан қастандықпен 1748 ж. 24-тамызда Кіші жүз ханы Әбілқайырды өлтіргенде, мұны ел бірлігіне іріткі салатын қылмыс деп бағалаған.
           Қазыбек ұрпақтары ата-баба жолын қуып, сөз ұстаған парасатты әділ қазылар атанған. Баласы Бекболат, одан кейінгі Тіленші, Алшынбайлар да дүйім жұртты аузына қаратқан әділ де тура билер болған. Белгілі әнші-композитор Мәди Бәпиұлы да Қазыбек бидің ұрпағы.
             Қазыбек би 1764 жылы Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында 97 жасында дүниеден өткен. Денесін баласы Бекболат Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерлеп, басына құлпытас орнатқан. Қарағанды облысында бір ауданға, Алматы, Шымкент қалаларында көшелерге би есімі берілген, ел ордасы – Астанада ескерткіш орнатылған.
         Дала данышпаны деген атаққа ие болған Қазыбек Келдібекұлының мерейтойын Қарағанды облысы дүркіретіп тұрып тойлады. Ауқымды шара тамыз айының 17 күні кемеңгердің атақонысы Егіндібұлақ ауылынан бастау алды. Бұл тойдың Қарағанды облысында тойлануы тегіннен тегін емес осыдан. Іс-шара аясында Қазыбек биге арналған халықаралық айтысқа қатысушы ақындар арнау айтты. Еліміздің танымал әртістерінің қатысуымен мерекелік концерт қойылды. Шара қазақ күресі және аламан бәйге сынды спорт сайыстарына ұласты.