Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - 31 мамыр – халыққа қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

31 мамыр – халыққа қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Чекетаева Роза Сарқытбекқызы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ «Мектепке дейінгі тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушысы

Бүгінгі Қазақстан – қалыптасқан мемлекет. Қазір біз азат мемлекетте, азаттық дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Оның бастамасы Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларациясының жариялануымен тығыз байланысты. 1990-1991 жылдар ірі саяси оқиғаларға толы болды. Олардың ең бастысы – одақтас республикалардың егемендік, кейіннен тәуелсіздік алуы мен КСРО-ның ыдырауы еді. 1990 жылдың 25 қазаны әрбір қазақтың санасын оттай шарпып өтті. 260 жыл бойы отар болып келген халқымыздың жүрегінде үміт оты пайда болды.

 

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттілігін қалпына келтіре алды» - деп баға бере кеткен. Егемендік арқасында 31 мамыр халыққа қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Атаулы күн ҚР тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Осы егемендікке қалай жетттік деген сұрақ мені қатты толғандырады.

Біріншіден, қазақ мемлекеттілігі бүгінгі егемендік пен тәуелсіздікке кейбіреулер ойлағандай КСРО-ның күйреуінің нәтижесінде ғана жеткен жоқ. Оның тамыры тереңде жатыр. Өйткені, тәуелсіздік үшін күрес кеше ғана басталып, бүгін аяқталған жоқ. Бүгінгі Қазақстан аумағын ежелгі замандардан бері мекендеген тайпалар мен ұлыстардың кезінен бастап-ақ ұлан дала үшін, оның кеңістігі мен әрбір сүйем жері үшін қан төгіп, жан алысқан күрестер болды. Біздің бүгінге дейінгі тарихымыз Еуразия төрінен ойып тұрып орын алған жеріміз үшін, еліміз үшін, келешек ұрпақ үшін ұлт-азаттық күрестерге толы болатын. Соның бірі - Желтоқсан оқиғалары Қазақстан тарихындағы естен кетпес, аса ауыр және қайғылы беттердің бірі. Бұл оқиғалар Қазақстан ғана емес, бүкіл Кеңес Одағына жаңа еніп келе жатқан жас демократия үшін күрестің басы болды. 1988 жылы Алаш қайраткерлері бастаған қайта оралған есімдер, 1989 жылы мамыр-маусым айларында өткен КСРО халық депутаттарының І-съезі, Одақтас республикаларды президент сайлауларының өткізілуі демократиялық қоғамға өтудің басталуындай болды. Қазақстанда күн өткен сайын мемлекеттІк егемендікті жариялауды талап етушілер күшейе бастады. Азат азаматтық қозғалысы өзінің мақсаты етіп – Қазақстанның мемлекеттік егемендігін алуын қойды. Қоғамдық қозғалыстар 1990 жылғы қазан айында айрықша белсенділік көрсетті.

Екіншіден, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы бойынша «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация» қабылданды. Бұл тарихи құжат болып саналады. Бұл Декларацияда Қазақстан аумағынын біртұтастығы мен оған жат көзкарас, қарсы әрекеттер болмайтындығы бекітілді. Декларациядағы аса маңызды мәселе республиканың өз бюджетін қалыптастыратындығы айқындалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды. Декларацияға сай Президент республика басшысы саналды, заң шығару Жоғарғы Кеңеске берілді. Республиканың Одақтық алмаз, валюта, алтын қорында өзіне тиесілі үлесі болатыны анықталды. Декларациядағы бағдарлама негізінде 1991 жылдың 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Бұрынғы социалистік жүйедегі республиканы жаңа тәуелсіз мемлекетке алмастыру 1990 жылдың 25 қазанынан басталып, 1991 жылдың 16 желтоқсанында аяқталды. Қазақ мемлекеттілігінің тәуелсіздігі КСРО-дай алып империяның күйреуінің салдарынан қалыптасқанымен, оның саяси-құқықтық негізін басты құжаты – ҚазКСР Мемлекеттік егемендігі туралы декларация» тәуелсіздік жолындағы бірінші конституциялық акт болып табылады. Бүгін біз соның жемісін көрудеміз, тәуелсіздіктің туын сақтап, Мәңгілік Ел болуымыз қажет деп ойлаймын.

Үшіншіден, осы қол жеткен тәуелсіздіктің жемісі ретінде - айтулы күндерді атап өтуімізді де қосуға болады. Мүндағы мақсатымыз – саяси қуғын-сүргін тарихын жаңа бір қырынан зерделеу. Сталиндік қуғын-сүргіннің қайғы-қасіреті мен салдары ашық айтылып, оған әділ саяси баға беріліп, тарихымыздың ең бір қасіретті жайы бүгінгі өскелең ұрпақтың санасына толық жеткізілуі керек. Біз мұны тоталитарлық жүйенің қолдан ұйымдастырған құрбандары болған жазықсыз жандардың рухы алдындағы өзіміздің әрдайымғы азаматтық парызымыз деп сезінуге тиістіміз. Адамзат тарихы саналуан қанқұйлы оқиғаларға куә. Соның бір көрінісі ХХ ғасырда орын алған тоталитарлық жүйенің зұлматы. Бейбіт күндері әлемнің түрлі елдерінде 170 миллион адамның өмірі қиылыпты. Сол құрбандықтың үштен екісі, немесе 110 млн. коммунистік жүйедегі мемлекеттердің еншісінде.

«Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқынын тарихындағы  қуғын-сүргін нәубеті адамзат баласының тарихындағы ең бір зұлмат, жан түршіктірерлік сұмдық бір қасірет екендігі шындық. ХХ ғ 30-жж.екінші жартысында елімізде, дәлірек айтсақ, Қазақстанда орын алған сталиндік саяси террор, қуғын-сүргін тарихымызда әлі де толық зерттеле қойған жоқ. Бұл тақырып төңірегінде халқымыздың тарихшы, жазушылары көптеген еңбек жасады. Өкінішке орай, осыған қарамастан, Қазақстандағы репрессияға ұшыраған қазақ халқының тарихы мен қуғын-сүргіннің зардабы жайлы әлемдік қауымдастық аз біледі, өйткені оларда толыққанды мағлұматтар жоқ. Осыны ескере отырып, тақырып бойынша Қазақстанда жарық көрген еңбектерді ағылшын т.б. шет тілдеріне аудару қажет.

1937-1938 жылдар аралығындағы И.В.Сталин бастаған саяси топтың өзінің туған халқына қарсы жасаған аса ауқымды қылмысын кезінде шетелдік тарихшы Роверт Конквест: «Үлкен террор», - деп атады. Қазақ халқының зиялысын тазалап, сүттің бетіндегі қаймағын алғандай елді көшбасшыларсыз қалдырды. Атап айтсақ, 1932 жылғы қылмыстық іс қаралғанда: Тынышбаев Мұхаметжан – 52 жаста, Досмұхамедов Халел – 48 жаста, Досмұхамедов Жаһанша – 42 жаста, Ақпаев Ә. – 29 жаста, Ермеков Ә. - 34 жаста ғана болған. Ал, олар репрессияға ұшырамай тірі болса, қазақ халқының ұлттық болмысы басқаша болар ма еді. Кеңестік билік Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтарды құрту арқылы ұлттың кемелденуінің күретамырына балта шапты. Сталиндік қуғын сүргін қоғамда ауыр із қалдырды, ұлттық интеллигенцияны рухани тұрғыдан тоздырып жіберуге негіз қалап берді.

Ойымды қорытындылай келе, бүгінде біз Алаштық рух пен ұлттық құндылықтар арқылы жастарға рухани адамгершілік және патриоттық тәрбие берсек болашағымыздың негізі, тамыры берік болады. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының негіздемесі жеті негізгі мемлекет құраушы жалпыұлттық құндылықтарға баулу рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымыз сақталады. Ұлттық кодты сақтау үшін міндетті түрде еліміздің тарихын білуіміз қажет.