Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Нәзипа Құлжанова – мектепке дейінгі педагогиканың негізін салушы ғалым, көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері

Нәзипа Құлжанова – мектепке дейінгі педагогиканың негізін салушы ғалым, көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері

Мухаметолдина Н.С., «А.Байтұрсынов атындағы №20 орта мектебі» КММ, Өскемен қаласы

Нәзипа Құлжанова 1887 жылдың 27 шілдесінде Қостанай облысы, Жанкелді ауданында туып өскен. Ленинградтағы Орталық Мемлекеттік архиф деректері бойынша 1903 жылы Торғай облысындағы бірден-бір оқу орны – Қостанайдағы орыс-қазақ әйелдер прогимназиясын бітірді.

1903-1904 жылдары Торғайдағы қыздар училищесін ойдағыдай аяқтап, біраз уақыт сол училищеде көмекші мұғалім болып тағайындалады. 1905-1920 жылдары Семей қаласындағы оқытушылар семинариясында ұстаздық еткен.

 Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында (1920-1930ж.ж) Қазақстанда мектепке дейінгі мекемелер (балабақша, балалар яслилерін) ашу аса күрделі де қиын мәселе болатын. Оның себебі: біріншіден, мектепке дейінгі мекемелерді ашу үшін орасан мол қаржы керек еді (арнаулы үй, жиһаз, оқу құрал-жабдығы, ыдыс-аяқ, ойыншықтар, т.б. сатып алу қажет). Екіншіден, балаларға арналған жиһаз, ойыншықтар шығаратын өндіріс орындары жоқ болатын. Сондықтан, оларды шет елдерден қымбатқа сатып алуға тура келді. Үшіншіден, мектепке дейінгі мекемелерде қызмет ететін маман кадрлар тапшылығы. Оларды даярлайтын арнаулы оқу орындары болмады. Төртіншіден, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлеріне қажетті оқу-әдістемелік құралдар жетпейтін.

Міне, осы проблемаларды шешу ісімен алғашқы Кеңес үкіметінің басшыларымен бірлесе отырып, А.Оразбаева, Н.Құлжанова, Ш.Шонанова, С.Есова сияқты көрнекті педагог қоғам қайраткерлері айналысты. Олар бұл істегі батыс елдерінің педагог қайраткерлері К.Цеткина, Н.К.Крупская, Е.Тасова т.б. іс-тәжірибелерінен үйренді. Солардың педагогикалық еңбектерін қазақ тіліне аударды. Сөйтіп, өздері де мектепке дейінгі тәрбиемен байланысты төл оқу-әдістемелік құралдар жазу, кадрлар даярлау істерімен айналысты. Мәселен, Ш.Шонанова 1929 жылы «Жаңа мектеп» журналына екі еңбегін ұсынды. Оның бірі «Мектепке дейінгі тәрбие жұмысының болашақ проблемасы», екіншісі «Балалар алаңын құру мәселесі» деп аталды.

Нәзипа Құлжанова мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің жұмыс мазмұнын, атқаратын қызметін айта келіп, баланы тәрбиелеу, өсірудегі ұлттық ойындардың ерекшеліктеріне тоқталады. Үш пен жеті жас аралығындағы балалардың физиологиялық ерекшеліктерін – бала әлемін сөз етеді. Әсіресе, жас баланың айналаны білуге деген құмарлығын, сөйлеуге, сұрақтар беруге бейім болатынын, сол арқылы ойы өсіп, жетілетінін айта келе, баланың ойын дамыту үшін олардың сұрақтарын жауапсыз қалдыруға болмайды. Қазақтар баламен сөйлесуге жете мән бермейді. Сондықтан, олардың сөйлеу мәдениеті толыққанды жетілмейді дейді. Баланы табиғат аясында тәрбиелеудің, табиғат құбылыстары жайында үнемі әңгіме жүргізудің тағылымдық мәніне терең тоқталады.Қазіргі кезде де балалардың сөздік қорлары аз,сөздерді анық айтпайды. Ата-ананың баласымен әңгіме,ертегілер айтып бермейді.Ол баланы жас кезінен бастап табиғат аясында тәрбиелеудің эстетикалық әсерін айта келіп, «Бала даланың кеңдігінде шолпылдатып суға түсіп, жүгіріп құспен бірге сайрап, көбелек қуып, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқамен бірге көкорай шалғын тоғай арасында сайрандай жүріп, көңілі де, жан-тәні де бірдей өсіп, өркендемек» дегенді айтады. Автор осы пікірін әрмен қарай жалғастыра келіп: «Әрбір құлықты, жақсы адам мінезінің түпкі негізінде болатын еңбек ету, көңіл көтеру және денесі еліктегіш, талшыбықтай икемді, нәзік сезімді болып келеді» деп мектеп жасына дейінгі балалардың тыныс-тіршілігін сөз етеді. Ол үшін аулаға көкөніс, гүл отырғызып, су құюды үйренсін, сазбалшықтан ойыншықтар жасап үйренсін дейді. Нәзипа Құлжанова баланың санасын оятып, қиялын өсірудегі ойыншықтардың тәрбиелік рөліне ерекше мән береді. «Ойын баланың қиялын өсіреді. Ойнай білу дегеніміз – ойлай білуге үйрету» дейді.

Н.Құлжанова мектепке дейінгі тәрбиенің басты бағыттарын «Тән саулығы», «Баланың сырт сезімдерінің дамуы», «Заттың түр-түсін ажыратуы», «Бала тілінің шеберлігі», «Баланы еңбекке дағдыландыру», «Баланың әдемілік сезімін ояту», «Бала ойындары мен ойыншығы», «Баланы көпшіл болуға баулу» деп жіктей келіп, осы мәселелердің әрқайсысының мән-мағынасын ашып талдайды. Нәзипа Құлжанованың мектепке дейінгі тәрбие туралы жазған еңбегінің құндылығы – біріншіден, оның Қазақстан топырағындағы тұңғыш мектепке дейінгі педагогика ғылымының негізін салушы педагог-ғалым болуымен ерекшеленсе, екіншіден,Н.Құлжанова мектепке дейінгі педагогиканы биология, медицина ғылымдарының жетістіктерімен байланыстыра қарастырады, үшіншіден, ол қазақ этнопедагогикасын әлем елдерінің этнопедагогикасымен үндестіре зерттеді, төртіншіден, Н.Құлжанованың еңбектерінде Қазан төңкерісінің қарсаңындағы көшпелі қазақ елінің тұрмысы, сол уақыттағы ауыл мен қала өмірінің шындығынан алынған нақты көріністер айқын бедерленген. Ана мен бала тәрбиесі, әсіресе баланы мектепке дайындау жайында әдістемелік құралдар ана тілімізде күні бүгінге дейін тапшылық етуде. Олай болса, бұдан 94 жыл бұрын жазылған Нәзипа Құлжанованың еңбектері күні бүгінге дейін өзінің құндылығына қылау түсірмес аса құнды еңбек екені даусыз.

Н.Құлжановнаның жазған сөздерінің құндылығы бар. Ойын баланың ойлау қабілетін дамытады,ойнап отырып қиялын дамытады деп бекер айтпаған.

Н. Құлжанова Европа елдеріндегі балалар бақшаларының өмірін үлгі ете отырып, күншығыстағы Жапония мемлекетіндегі балалар тірлігін де әңгімелейді. Автор бұл еңбегінде ең бастысы бірігіп ойын ойнау, еңбекке дағдыландыру, тазалыққа, реттілікке, ұйымшылдыққа баулу, балалардың ойына, жас межесіне, қабылдау ерекшеліктеріне барлық жұмысты бағындыру, дәрігерлік бақылауда болуын қадағалау, өлең айту, сурет салу тағы басқа өнерлерін дамыту мәселелеріне көңіл бөледі. Болашақтағы қазақ балалар бақшасы сондай болса екен деп армандайды.

Нәзипа Сегізбайқызы мектеп жасына толмаған бала тәрбиесінде оның жас ерекшеліктеріне назар аудару қажеттігін нақты мысалдармен түсіндірген.

Ол баланың қалыппен дамуы үшін оған айтылатын сөз де, көрсетілетін қимыл да, үйретілетін тағылым да шамадан тыс көп болмау керек және тым ауыр болмауы ескерілуі шарт дейді. Мөлшерден артық тапсырмалар баланың дамуына кері әсерін тигізуі мүмкіндігін және баланың дамуы үнемі дәрігер мен педагогтың бақылауында болуы қажет дейді. Сол кездің өзінде оқымысты ғалымдардың үш жасар баланы зерттеу объектісі етіп алғандығын мысал етеді. Үш жастағы баланың даму ерекшелігін, білімге, зерттеуге, құпия ашуға құмарлығын мәлімдейді.

Назипа Құлжанова баланың бойындағы білуге, тануға, ұғынуға, көруге, байқауға, өзінше қайталауға әуестігін тыйып тастамау керектігін, оларды бағыттап, алдында тұрған сауалдарды бірігіп шешуге ұмтылу қажеттігін, бала мүмкіндігіне қарай тұқым қуалаған мінездің әртүрлі құбылуын дәлелдеп көрсеткен.

Мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке баруға дайындауды, оларға «Мен» түсінігін қалыптастыруды және де жас шамаларына байланысты даму деңгей ерекшеліктерін ғылыми түрде негіздеген.

Білімді даралап-саралап берудің басты бағыттарының бірі дарынды, талантты жасөспірімдерді оқыту. Кейінгі кезде мұндай өзекті мәселеге әлемдік педагогикада қызығушылық бары байқалады. Соның бір айғағы - жоғары қабілетті Еуропалық ассоциация құрылды. Ассоциацияның басты мақсаты – дарынды балаларды зерттеу, қолдау және мадақтау. Мұндай саясат Қазақстанда жүріп жатыр. Ел президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Біздің балаларымыз біліктілігі жоғары мамандар болады. Оларға жағдай жасау керек» деген.

Н.С. Құлжанованың ағартушылық, ұстаздық, қайраткерлік еңбегінің тағы бір ірі көрінісі 1927 жылы Қызылорда қаласында 5000 данамен басылып шыққан – «Ана мен бала тәрбиесі» кітабы. Бұл кітап педагогтарға, тәрбиешілерге, ересектер мен балалар дәрігерлеріне анықтамалық кітап ретінде ұсынылған. Нәзипа Сегізбайқызы дәрігерлік арнайы білімі жоқ болса да көптеген әдебиеттерді ақтара келе, бала мен ана денсаулығына қатысты пайдалы кеңестерді рет-ретімен оқушысына, қалың көпшілікке ұсынып, қазақ тарихында есімін қалдырған еліміздің көрнекті ұстазы.

Сонымен қатар, балаларды мектепке толыққанды дайындау мәселелері бойынша қойылған сауалдарды жауапсыз қалдырмаған, ғылыми тұрғыда негіздеп берген. Н. Құлжанова мектеп жасына толмаған бала тәрбиесінде ойынның ерекше қызмет атқаратындығына айрықша көңіл бөліп былай деген: «Балаға керегі – ойын. Ең мағыналы, пайдалы мектебі, бар қызығы ойын. Ойында бала көрген-білгендеріне еліктейді, үйренгендерін нығайтып, бекітеді». Осы айтылған сөздерін күнделікті пайдаланып, іс жүзінде қолданып жүремін. Н. Құлжанова баланың санасын оятып, қиялын өсірудегі ойыншықтардың тәрбиелік рөліне ерекше мән береді. Ойнай білу дегеніміз – ойлай білуге үйрету» дейді.

Қазіргі жаһандану үрдісі еніп келе жатқан бүгінгі күнде өз тәуелсіздігіне қол жеткізген Қазақстан үшін ел Президенті ескертіп отырған өз келбетінен айрылып қалмау мәселесі өзекті және өткір. Болашақ ұрпақты тәрбиелеуде ұлтына сай ұлттық сезім, бойында патриоттық тәрбие бар ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу ұстаз бен ата-ана міндетті. Тәуелсіздік сонда ғана нәтиже береді.

 Пайдаланылған әдебиеттер
1.Ахметова Л. Нәзипа Құлжанова // Алғашқы қарлығаштар. Құрасырған Д.Дәуренбекова - Алматы: Қазақстан, 1993.-17-29 б.
2.Қуантайұлы Н. Қазақтың алғашқы журналист қызы // Ертіс өңірі.-2003.-9 қазан.-29б.
3. «Қазақстан мектебі» журналы, №10/2007, №1/2007, №2/2007.
4. «Мектеп» журналы, №11, 2009ж.
5. Абай атындағы ҚазҰПУ, «Педагогика» журналы, №6 // Алматы, 2003ж.
6. Құлжанова Н.Мектептен бұрынғы тәрбие. Орынбор:1923 - 37 бет.