Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Өмірді сүйген, адамды сүйген жүрекпен... (Дикөн ағам туралы бір үзік сыр)

Өмірді сүйген, адамды сүйген жүрекпен... (Дикөн ағам туралы бір үзік сыр)

Құрманова Жұпар Сақанқызы, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ ИББжАТ каф. меңгерушісі, ф.ғ.к.

Өмірді сүйген, адамды сүйген жүрекпен,

Қаламмен мынау қағазға талай гүл еккем.

Қазақтың жанын қазақтың қара сөзімен,

Бозала таңнан «Талтүске»дейін жыр еткем.

Осынау өлең жолдары белгілі жазушы-драматург Дидахмет Әшімханұлының жазбаларынан алынған. Өзіндік дара стилімен өз оқырманын тапқан, әңгіме жанрының айтулы шебері, талантты прозашы көзі тірі болса 10 маусымда 70-ке толар еді. Оның шығармашылығына тән ортақ сарын – адамзат бойынан адамгершіліктің қашып, қоғамның қатыгезденіп бара жатқанын түрлі мінез, қилы тағдырлар арқылы ашына толғау.

 

Дидахмет өз шығармаларына арқау болған рухани-адамгершілік тақырыбының түп-төркінін оның ата тегі, нағашы жұртымен байланыста зерттеу керек деген белгілі қағидаға сүйенеміз. Жерлес жазушыны жақын-туыс, құрдастары арасында Дикон деп атайтынбыз. Олай болса, өзімізді толғандырған мәселені ағатайым Дикөннің (ол кісі бізге - нағашы, біз – жиен болып келеміз) «Баланың жақсысы - нағашыдан, үйдің жақсысы- ағашынан» дегендей нағашы жұртынан да іздеуіміз керек.

Дикөн ағамыздың үлкен нағашы атасы Каратайдың от ауыз, орақ тілді ақындарының бірі – Тікебай Сыпырындыұлы. Дәулет ішінде Досқұлының екінші баласы Қисықтан тараған. Сүйегі - Тайлақ». Мұндай деректер тарихи кітаптарда, көне көз қариялар әңгімелерінде кездеседі.

Нағашысы аймаққа белгілі Тікебай ақын болғанда шешесі Бағди апамызды да айта кетпеске болмас. Бағди апамыз бір ғасырға аз ғана уақыт жетпейтін ғұмыр кешкен, сөйлей қалса, сөзден маржан тізетін, өткен тарихты өте жақсы білетін, шешен де шежіре, он саусағынан өнер тамған адам еді. Ауылда тұрған бала кезімізде біздің үйге жиі келетін. Менің нағашы апам Разипаның әкесі Тікебай ақын болса, Бағди апамыз апамның ағасы Тәңірбергеннің қызы.

Ал асыл ағатайым Дикөннің әкесіне келсек, Әшімхан атамыз салмақты, сабырлы, көп сөзге жоқ, сондай бір еңбекқор жан болатын. Ағамыздың көптеген әңгімесіне арқау болған кейіпкерлердің, әсіресе «Тасмонша» кейіпкері Әзімхан бейнесінен осы қасиеттерді байқаймыз. Саналы ғұмырларын ұстаздыққа арнаған ардақты Әкеміз Сақан мен анамыз Гаухар оларды әпеке-жезде деп қатты құрметтейтін. Осы әулеттен кім келсе де біздің үйде той, қуаныш болып жататын. Жақсыда жаттық жоқ деген ғой, Дүйкөн ағайыммен бірге де, бөлек те әкемнің өзі жақсы көретін шәкірттерінің бірі Әлібек Асқаров ағаның да жиі келетіні есімде. Әлібек ағаның көптеген суреттері әке-шешеміз сабақта пайдаланатын көрнекі құралдар қызметін атқаратын. Суретші, әрі жазушы ағаның «Тарас Бульба» шығармасына салынған суреттер сериясы әлі көз алдымда. Әкемнің сүйікті шәкірті ұстазы жайлы естелігін өзінің «Мұнар тауды, Мұзарт шыңды аңсаймын» кітабында да жазған болатын.

Біз, Құрмановтар отбасының балалары Әшімхан «қой-ата» деуші едік. Атамыздың балаға бауырмалдығы, мейірімі өз балаларына да дарығандай. Осы қасиетті басқа нағашыларымызбен салыстырғанда өзім көбірек қасында болған Дүйкөн ағатайымның өн бойынан жиі көретінмін.

Екеуіміздің де туған күніміздің 10 маусымға дөп келуі сәйкестік пе білмедім, осы күні ағатайымды туған күнімен құттықтап, өзім де игі тілектер еститінмін. ҚазМУ-де оқығанымда ағайым мен Лиза нәнемнің қолында тұруымның өзі үлкен бір тәлімдік-тәрбиелік мектеп болды. Лиза нәнем ағайым жағынан жеңгем болса, өз туған апайым Салтанатты алып отырған ең үлкен жездем Нұрланның қарындасы, қазір немере сүйіп, шөбере күтіп отырған апайым мен жездемді таныстарған да осы Дикөн ағайым еді.

Мен студент болған кездері Зульфия мектеп оқушысы, Дәулет балабақшада. Дәулетті өз қолынан жетектеп апарып Мұстафа Өзтүріктің мектебіне беруі ағамның аса үлкен ұлтжандылығы мен ұрпағына қамқорлығын байқататын. оны тек қана Зульфияның орыс мектебінде оқығандығы өкіндіретін. Жоғары оқу орнына емтихан тапсырардағы 10 жыл бойы есімде сақтамаған қазақ тілінен грамматикалық талдауды маған 2-3 күн ішінде көкейіме құйып беруі мен үшін ең ғажап білімділік еді. Дикөн ағам өзі айтқандай ол «Шерханның шекпенінен» шықса, сол үйде студент атанған жастар «Дидағамыздың дәрістерінен» дәрумендер алатынбыз.  

Алғаш үлкен қалаға шыққан ауыл жастары сондағы ағайын-туысты жағалайтыны, паналайтыны белгілі. Дикөн ағамның үйінен әсіресе студент, жастар үзілмейтін. Барлығына қамқорлығын, мейірімін аямайтын. Үстел басында бәрінің хал-жайын сұрауды ұмытпайтын, бәріне ортақ тақырыпты қозғап, тәлім-тәрбиелік мәселелерді әңгімелейтін. Әсіресе қыз балаға аса бір қамқорлықпен қарап, оларды қатығез заманның уысына түсіп қалмауын қатты қадағалап, оқитын кітаптарымызға дейін өзі ұсынып, бізге көшеге шыққанда кеш түспей үйге қайтуды ескертуді ұмытпайтын. Бұдан ағамыздың бізге деген зор қамқорлығы, алыстағы ата-анамыз алдындағы үлкен жауапкершілігі сезілетін.

Оқу бітірген соң бірталай жыл аудандық газетте, мектепте қызмет атқарған соң облыс орталығы Өскемендегі жұмысыма байланысты кандидаттық диссертацияны қолға алдым. Жасыратыны жоқ, бала-шаға, тіршілік қамымен асығыс барып-келіп жүріп ағайын-туысты іздейтін уақыт та бола бермейді. Өзім оқыған ҚазМУ-дегі ұстазым, белгілі ақын Бауыржан Жақыптың ұсынысымен жетекшім болып белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы бекітілді. Тақырыбым: «Қазақ прозасындағы ұлттық идея және кейіпкер болмысы» (1960 -1980 жылдар). 3 жыл көлемінде Алматыға барғанда тек ғылыми кітапханалар, архивтерде отырып, материалдар іздеп, жазумен айналысуға әрең уақыт табатынмын. Сол себептен де тығыз араласып, құраласпағандығым үшін ондағы ағайын маған өкпелемеген шығар деп үміттенемін.

Дикөн ағатайым мен Лиза нәнеммен осы кандидаттық жұмысты қорғау алдында үйлеріне барып жолығып, қорғауыма қатысуларын өтіндім. Осы жұмыспен айналысатынымды сонда ғана естіген ағам мен нәнемнің мені қолдап, жұмысымның нәтижесін шығарар кезде қасымда болғандықтарына ризашылығым шексіз. Ғылыми жұмыспен айналысатындар жақсы біледі, қорғау аяқталған кезінде тақырып бойынша пікір алмасулар басталады. Алғаш сол күні ғана белгілі қаламгер Дидахмет Әшімханұлының менің нағашым екендігін білген диссоветтің мүшелері, ғалымдардың таңданбағандары қалмады десе де болады. Сол жерде сөз алған ағайымның аса үлкен беделі, аса білімді тұлғасы, кез келген тақырыптағы құзіреттілігі, шешен де шебер тілі, аса зор есте сақтау қабілеті қатысушыларды тәнті етті. Ұлттық идея тақырыбындағы шетелдік ойшылдар, зерттеушілер пікірлерінен дәлелдер келтіре отырып өзінің ұтымды, ұшқыр ойлармен байланыстыру екінің бірінің қолынан келмейтін даралық екендігін мойындамаған жан қалмады. Бұл - Дикөн ағамның академиялық терең білімі мен философиялық ілімінің өзім байқаған, талайды тәнті еткен бір ғана көрінісі болатын.

Ажалға қимас асыл ағатайымның өмірден өткеніне де 5 жыл уақыт өтіпті. Былай қарасақ, көзді ашып, жұмғанша өте шыққан уақыт. Сол жыл басқаны қайдам, мен үшін асылдарымнан айрылған ауыр жыл болды. Жыл басталмай жатып бала шақтан тел өскен жан құрбым Жанарымды, анамдай болған рухани досым, жол көрсетер ұстазым Қазақтың Қанипасын, ақылшым, қамқорым, жан-жағына шуақ шашар ардақты Дикөн ағамды жер қойнына тапсырдық. Тағдырдың басқа салған тауқыметін тағы да көрдік. Ағатайым өзі айтатындай «қайғының да қайғысы болатынын» да көрдік.

Бір күнде туып, «Құрдас қарындасым», «Аромат» деп ерекше атайтын ағатайымның атаулы күнінде бір ауыз сөз жазбай жата алмадым... Ұрпақтарына, оның ішінде Дәулетке хабарласып, ағатайымның мерейтойын өткізу жайлы мәліметтер алдым. Іштей оларға тек жақсылық, амандық, Лиза нәнемнің өсіп-өнген балаларының мейірбан анасы, әжесі болып ұзақ жасауын тіледім... Қазірде Дәулет айналысып жүрген әке мұрасын оқырманға жеткізу, әке салып кеткен әділет пен мәдениет жолының даңғыл болуын тіледім... Нағашы жұртынан дарыған ақындықтан туған жыр дәптерінің тезірек оқырман қолына жетуін тіледім...

Бүгін ардақты ағатайымды жоқтай отырып, оның рухы пейіштің төрінен орын алуын тіледім...

Ал асылдың сынығы, тектінің тұяғы Дикен ағатайымның жарқын бейнесі жыл асқан сайын арман, өкініш, құдірет, аңыз адамдар қатарына айнала береді, біздің бірге өткізген өміріміздің әрбір сәті ең шуақты естеліктерге айналды.

«Өмірді сүйген, адамды сүйген жүрекпен,

Қаламмен мынау қағазға талай гүл еккен» аға рухы, берген тәлімі күн өтіп, алыстаған сайын асқар Алтайдай сұлуланып, биіктей береді.