Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Ұлы Отан Соғысы Жеңістің 75 жылдығы

Ұлы Отан Соғысы Жеңістің 75 жылдығы

Тлеубердинова Венера Муратбеккызы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ-дың МДТжТӘ кафедрасының SMM-PR маманы

«Біздің жүрегіміз темір емес.

Бірақ біз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере аламыз,

біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар,

ол – Отанға деген сүйіспеншілік»

Б.Момышұлы

Міне, Ұлы Отан соғысы аяқталғанына да 75 жыл толып, жеңіс күнін атап өттік. Жеңіс күні – адамзат аңсап күткен күн, жеңістің туын тіккен 1945 жылғы 9 мамыр азаттық күрестің айбынды күні.

Осы жеңіс елімізге оңайлықпен келмегені бәрімізге де мәлім, ата-баба, ана-әжелеріміздің қасіретті күндерде бастарын қауіп пен қатерге тігіп, ұлын – құл, қызын – күң қылмай, ұрпақтарының амандығын сақтау үшін аянбай соғысып, елі үшін өлуге, елін қорғауға батырларымыз кеуделерін отқа төседі.

Отанымыздың абыройын, бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауда жаппай ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті.

Біз тарихтан оқып-біліп жүрген 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында талай ананың баласы шейіт болып, талай ұл-қыз әкесіз өсті. Апаларымыз жастай жесір атанып, бүтіндей ел арыстай ұлдарынан айырылды. Отан үшін от кешіп, қайыспай шайқасқан ата-апаларымыздың ерлігі бізге бүгінгі бейбіт күнді сыйлады. Сол үшін де елім деп қолына қару алып, қасық қаны қалғанша жаумен алысқан батыр ерлердің ерлігін естен шығармау, ұлық тұту ұлы парызымыз.

Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске үлкен күшпен жетті, ол күш – бірлік. Барша халық бір тудың астына жиылып, күштерін бір арнаға тоғыстырды.

9 мамыр күні Отан үшін өмірін қиып, туған жерге оралмаған қаһарман ерлерді бүкіл ел болып еске түсіреді. Соғыста қаза болған жауынгерлердің рухтарына артында қалған елі тағзым етіп, «Мәңгілік алау» мемориалына санмыңдаған қазақстандықтар гүл шоқтарын қойып, құрмет етеді.

Бүгінгі жастарымыз «Ер есімі – ел есінде», - дегендей, жарқын болашақта, бақытты ғұмыр сыйлаған Батырларымыздың ерлігін ешқашанда ұмытпайды және есте сақтайды. Соғысқа қатысқан аталарымыз бен апаларымыздың қасиетті рухы бүгінде әрбір жанұяда салт-дәстүрмен бірге жыл сайын ардагерлерге құрмет көрсетіліп, қасиетті бейбіт тірлігімізге нұр тіршілік шуағын төгуде.

Бұл күнді енді келер ұрпаққа ешқашанда көрсетпесін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, кейінгі ұрпағымыз бейбіт өмірде ешқашанда қиындық көрмей, бейбіт өмірде еліміз гүлденіп, әлемдік өркениеттер қатарында мәртебеміз биік бола берсін. Соғыста қаза тапқандардың рухы бүгінгі ұрпақтарымызға үлкен тәрбие, өнеге беріп, ұмытылмас тарихи тұлғалар есебінде мәңгілік халқымыздың жүрегінде орын алады.

Менің де атам соғысқа қатысқан. Өзім көрмесем де үлкендерден естіп-білгенім өзінше бір тарих. Атам Тлеубердинов Апте (Абдолда) 1912 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Дайыр ауылында туып-өскен. Жастайынан ата-анасынан айрылып жетім қалып, орыс ағайындарымыздың қолында өскен екен. Сол асырап алған отбасы атамның атын Апте деп атап, құжаттарында да солай жазылған дейді. Жастайынан еті тірі, пысық, әрі еңбекқор болғандықтан ерте есейіп еңбекке араласып, егін егіп, шөп орған. Сөйтіп жүргенде екінші дүниежүзілік соғысы басталып, қолына қару ұстай алады-ау дегендердің барлығы Отан қорғауға аттанады. Солардың қатарында менің атам Абдолда, яғни Апте де бар. Ол 1942 жылы қай айда екенін білмедім, Ленинградқа Отан қорғауға соғысқа аттаныпты. Нева өзені екіге бөлінеді екен «Үлкен Нева» және «Кіші Нева» деп, соның жағасында біздерді бөліп әкетті, содан Сталинград соғысына қатыстым, «Барлаушы» да болдым – деп айтқан екен.

Атам соғыста жүріп оң жақ қолына оқ тиіп жарақат алыпты, 1944 жылы белінен ауыр жарақат алып, госпитальға түсіп 9 ай ем алған екен. Содан 1945 жылы елге оң жақ қолынан кем болып, госпитальдан екі балдақпен оралған екен.

Атам Тлеубердинов Апте «ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен» марапатталған.

Абдолда атамның үш ұрпағы бар, мен немересімін. Атамыз 1976 жылы соғыс уақытындағы белінен алған жарақатының салдарынан жүре алмай төсек тартып жатып қалған екен, содан 1981 жылы ақпан айында дүниеден өтті.

Сұрапыл соғыстың қарапайым халыққа салған қасірет-қайғысын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Талай боздақ майдан даласында қыршыннан қиылып, талай үйдің түтіні ерте өшіп қалды, тепсе темір үзетін жігіттер жастайынан мүгедек болып оралды. Міне, осы қиын-қыстау уақытты артқа тастап, елімізде тыныштық орнағанына биыл 75 жыл болды. Қазіргі уақытта Ұлы Отан соғысы ардагерлері де санаулы ғана қалды деуге болады, осы ардагерлеріміздің ерліктеріне лайықты құрмет көрсетуімізді тоқтатпауымыз керек, ол үшін білім беру қызметкерлерінің де қосар үлесі зор. Осы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығына арналған «Әр отбасында – өз кейіпкері» атты облыстық шығармашылық байқауын ұйымдастырып отырған кәсіподақ мүшелеріне алғысым шексіз! Кәсіподақ мүшелеріне шығармашылық табыстар тілеймін және осындай өзекті тақырыптағы байқауларды өткізуде сіздерге сәттілік тілеймін!

Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске жеткен Батырларымыздың ұрпақтары әлі де болса соғыстың қиыншылығы мен жеңістің оңайлықпен келмегені туралы жыр, өлең жазуда, осындай тақырыпта сөз қозғалған сәтте менің де осы шығармамды өлең жолдарымен аяқтағым келіп отыр,

Соғыс! Соғыс!

Естісем дір етеді жүрегім.

От ішінде қан кешіп, елі үшін,

Батырларым от қой сенің жүрегің!

Сұрапыл соғыс әкетті талай кәрі, жасыңды,

Тағзым етем, өзіңе иіп мен басымды!

Соғыс енді болмасыншы елімде,

Тыныштық пен бақ орнасын жерімде.