Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Қазіргі заманғы мектептегі жас мұғалім – бұл бүгінгінің бетке ұстары, болашақтың тұтқасы!

Қазіргі заманғы мектептегі жас мұғалім – бұл бүгінгінің бетке ұстары, болашақтың тұтқасы!

Тлеубердинова Венера Муратбеккызы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ-дың МДТжТӘ кафедрасының SMM-PR маманы

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ «Мектепке дейінгі тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру» кафедрасы өткізген «Қазіргі заманғы мектептегі жас мұғалім – бұл...» атты облыстық жарияланым конкурсы байқауға қатысқан жас мұғалімдер педагогикалық қызметке тұрақты мотивациямен, жалпы іске - білім беру ортасын дамытуға қатысу жағдайында жұмыс істейтінін көрсетті. Байқауға қатысушылардың пікірлері жас педагогтарға да, тәжірибелі педагогтарға да қызықты болады деп үміттенеміз. Егер қазір таңдау жасау керек болса, олар педагогикалық жоғары оқу орнын және сол мамандықты да қайта таңдар еді. Демек, батыл және шығармашыл педагог болады. Инновациялық және заманауи идеялар болу. Мұның бәрі болуы керек!

 

Облыстың жас мұғалімдері өздері туралы және өз кәсібі туралы жазады. Мақалалардан бірнеше жолдар келтірілген:

Оразқан Айболат, «Курчатов қаласының №1 жалпы білім беретінорта мектебі»КММ:

Бір терінің пышпағын илеп, бір мақсат жолында өмір теңізінің білім атты кемесінде біз бағыт алған жол ұзақ та сүрлеу-соқпақты. Кеме батпасын десек, әр тетігін тығыз қалап, жол жарағын дұрыс қамдасақ екен деймін. Қатарға енді ғана қосылған біз, жас мамандар, ұлы ұстаздар қолынан шыққан кеме желкенін желге қарсы бағыттап, қиындыққа да шыдай білуге міндеттіміз де, міндетімізге адалмыз да!

Сонымен сөз түйіні, қазіргі заманғы мектептегі жас мұғалім – бұл ақпараттық кеңістікті еркін шарлай алатын, жан-жақты, бәсекеге қабілетті, ел игілігіне еңбек етуді елеулі парыз, өмірлік ұстаным еткен отансүйгіш ұрпақ, бір сөзбен айтқанда бүгінгінің бетке ұстары, болашақтың тұтқасы!

Қайсарханова Еркежан Талғатқызы, Өскемен қаласы «А.Байтұрсынов атындағы №20 орта мектеп» КММ:

Заман ағымымен қатар келе жатқан білім деңгейі де күннен күнге өзгеруде. Әр жыл сайын түрленетін бағдарламаларға оқушыны былай алғанда, ұстаздың өзі бейімделіп үлгірмей жатады. Осы мәселеде басты артықшылық – жас маман ұстаздың жаңа талаптарға сай болуы, төзімді, байсалды, еңбекқор әрі заманауи болуы үлкен табыс және ерекшелік деп білемін. Қанша дәуір ауысқанымен, нақты болып қалатын бір ақиқат бар. Ұстаз қоғамға қашанда қажет. Ұстаз – қоғамның тынысы, оның тұтқасы. Ұстаз – халық надандығымен күрес барысындағы басты батыр. Ұстаз – арман мен мақсат, талап пен талпыныстардың басты қолдаушысы. Ұстаз мамандықтар арасында сыйластығы мол еңбек көзі екені анық. «Мұғалім деген ат — қасиетті ат. Мұғалім деген аттан таза еңбекті сүйетін мамандық иесі деген сөзді ұғынады. Елдің надандығымен алысатын адам мұғалім» деп ұлы жазушымыз айтқандай, ұстаздық – шынымен де қасиеті мол, болашағы зор мамандық. Ауыспалы, жылдам қарқынмен дамып келе жатқан заманауи қоғамдағы заманауи мектептің жас маман ұстаздары ескі ғасырдың ұлағатты тұлғаларынан үлгі ала отырып, өзінің жаңашылдығын көрсете білуі, жеке жолын қалыптастырып, ұлтымыздың болашағына зор пайдасы тиетін азаматтарды оқытып, тәрбиелеп шығаруы тиіс.

Рахат Нұрүстем Тілеуғазыұлы, Абай ауданы Кеңгірбай Би ауылы «Шәкерім атындағы орта мектебі» КММ:

Жастар жылының жариялануы елдегі жастарға арналған саясаттың трансформациялануына мүмкіндік беріп, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек арқылы жастардың түрлі топтарын қамтуға бағытталды. Аталған бағыт арқылы жас ұстаздарға да көптеген мүмкіндіктер мен бағдарламалар ұсынылды. Олардың бірі де бірегейі: «жасыл ел», «болашақ», «дипломмен ауылға» және ұстаз атануға ұмтылған білімгерлерге арналған «серпін» бағдарламасы. Цифрландыру заманында өмір сүріп жатқан жас ұрпаққа жас тәлімгерлер не бере алады деген сұраққа жауап іздеп көрсек?!

Адамзаттың биік деңгейлі дәрежеге жеткен заманында жаңашылдықтың артуына байланысты педогогика ғылымында «рефлексия» ұғымы қалыптасып, білім берудің ең қажетті алғышарты болып отыр. Рефлексия-қысқаша есеп беру бағыты. Рефлексияның мәні ретінде беретін білімнің негізін, олардың меңгеру жолдарын жатқыза аламыз. Педогогикалық бағыттағы рефлексияда: негізгі керекті бағыттарды анықтай алып, оның мәні мен нәтижесінің салыстырмалы деңгейін көрсете білу шарт. Сонымен қатар қолданылатын әдіс пен құралдардың өзіндік ерекшеліктерін атап өткен де дұрыс. Қазіргі таңда тәлімгердің басты мақсатының бірі білім алушыға жан-жақтылықты үйрету болғандықтан рефлексияны өткізілетін сабақтың негізгі компоненттер қатарына кіргізуге болады. Сол арқылы оқушыға керекті ақпараттар мен өзіндік пікір қалыптастыру жағын да тереңінен үйретеміз. Тек осы бағытта алдағы жұмыстарға дұрыс мақсаттар қойып, шығармашылық негіздегі дамудың биік деңгейіне жетеміз.

Қазіргі заманғы жас ұстаздар кәсіби шеберлігі, біліктілігі және үздіксіз үйренушілік, ізденушілік қасиеттері арқылы деңгейлерін жетілдіруде. Жиырма бірінші ғасырда ақпараттың тез қабылданып, тез таратылуына байланысты үздіксіз жаңартуларды талап етуде. Жас педогогтардан тәлім алып жатқан жас ұрпақтар сағат сайын жаңарған ақпараттар алаңында дүниеге келіп, сол арқылы өсіп жатыр. Ғаламтор арқылы таралып жатқан рас немесе жалған дүниелердің дұрыс немесе бұрыстығын үйрету, күнделікті танымдық мәліметтерді жеткізу жас ұстаздарға артылған міндеттердің бірі.

Сағынбеков Серікжан Сапарғалиұлы, «Шәкерім атындағы орта мектебі» КММ, Абай ауданы Кеңгірбай би ауылы:

Білім, мектеп, ұстаз.Таныс ұғымдар ғой, солай ма? Әрине, самғап көкке ұшқан ғарышкерден жер түбін бұрғылап қара алтынды қазатын шахтерларға дейін бұл ұғымдарды ұмытпақ емес. Өзіме келетін болсам, өмірімнің көп бөлігі адамзатқа білім қойнауы болып табылатын мектепте жүрумен немесе мектепке қатысты әңгімелерді тыңдау және талқылаумен өтті десем артық болмас. Себебі әкем де, анам да ұлағатты ұстаздар. Тіпті анамның анасы яғни әжемде ұстаздық қызмет еткен адам. Ал қазір осы отбасылық мамандық жолын мен де соңғы төрт жылдан бері жалғастырып келемін. Жауапкершілігі көп бұл мамандыққа деген қызығушылығым колледж бітірген соң оянды.Өзгенін баласын өз баласындай көріп, құшағына басып,білім нәрімен сусындататын бұндай мамандыққа қызығушылық танытпау да мүмкін емес деп ойлаймын.Қазіргі таңда білгенінен білмейтіні көп,үйренгенінен әліде болса үйренетіні көп жас ұстаз болып табыламын. ХХІ ғасырдың жас мұғалімдері алдынғы буын сақа мұғалімдерден көптеген айырмашылығы бар. Ал XXI ғасыр мұғалімдері бұл кімдер және олардың бойынан қандай қасиеттер табылуы қажет? Біріншіден жас мұғалім жасампаз болуы қажет. Себебі қай кезде болмасын адамзат баласы жаңа нәрсені үйренуге тырысты және бұл қазіргі сіз бен біз өмір сүріп жатқан әлемді сыйлады. Ойлап қараңызшы егер адамдар жасампаздыққа ұмтылмаса біздің қазіргі әлеміміз қандай болар еді?! Елестетудін өзі қорқынышты. Күнделікті лекция оқып, жазу жазудың дәурені өтті. Ал мұғалім жаңа нәрселер енгізіп, оқушыларының қызығушылықтарын арттыра білсе, міне жасампаздық деген осы. Екіншіден,оқушылардың еркелігін көтеріп, шыдамды боламыз кейде. Бізге шыны керек барлық оқушылардың үлгерімі бірдей ұнай бермейді. Және сол оқушылар сабақтан ешқашан қалмайды. Сіз ұнатпасанызда бұл нәрсені сіз оларға ешқашан білдірмейсіз. Себебі біздер мұғалімдер ұлы актерлармыз. Кейде жұмысқа келгіміз келмейтін күндер болады, кейде қисынсыз мектеп ережелерін ұсануға тура келеді. Бірақ біз қандай жағдай болмасын сабағымызды береміз. Себебі бұл біздін қасиетті борышымыз. Үшіншіден, мұғалімді қоғам айнасы деп жатамыз. Ал бұл атқа сай мұғалім білімі жоғары интеллигент болуы қажет. Яғни қоғам алдында болсын, оқушылар алдында болсын өз-өзін ұстауы, киім-киісі, күтімі басқалардан ерекше болуы қажет. Сөз саптауы дұрыс, шешен, сыпайы, сабырлы, мәдениетті тұлға болуы тиіс. Адам бойына мұнша қасиет қалай сыяды дейсіздер ғой. Бұл мұғалім бойынан табылуы керек төртінші қасиет, яғни әмбебап болу. Заманымыздың бізгі қоятын басты талабыда осы болып саналады.  Қазіргі заман жастары оның ішінде өзімде сабақ беруді көп жағдайда АКТ құрылғылары, нақтырақ айтсам видео, интерактивті тақта, әр түрлі ойындар, слайд, электронды құрылғылар арқылы өткізгенді жөн көремін. Алайда, осы білім жолында еңбек еткен төрт жылымда егер мұғалім өз жұмысын жақсы көрмесе, тіпті жаңа технологиялардың да ешқандай көмегі болмайды деген ойға келдім. Жаңа технологияларсыз оқушыларды білімге деген қызығушылығын арттыру үшін жас маман қандай болуы керек? Немесе не істеуі керек? Мұғалім өз мамандығын шынайы жақсы көрсе, бұл затты оқушыларда сезінеді. Бұл мұғалім мен оқушы арасындағы түсіністікті қалыптастырады.Ал жақсы түсіністік болмаса, қанша тыраштансаңда ештеңе шықпайды. Бұл қалай деген сұрақ көкейге еріксіз ұялайды.

Агибаева Айнұр Кенжебековна, «Пригород жалпы орта білім беретін мектеп» КММ, Семей қаласы:

Мұғалім болу – менің балалық шынайы арманым. Жаңалыққа деген ұмтылысым, білімге деген құштарлығым осы арманыма жетуге ынталандыра берді. Білім беру саласындағы үлкен өзгерістер, сын, пікірлер және түрлі жаңалықтар маған көп ой салатын. Жас маман ретінде осы үлкен істің ортасына өзім де келіп қосылдым.

Заман жылдам өзгеруде, шәкірттеріміз де заман ағымынан қалыс қалмауы тиіс. Жаңартылған білім беру мазмұны да осы мақсаттарды көздейді. Осы оң өзгерістердің бастауында өзімнің де болғанымды аса үлкен міндет, жауапкершілік деп түсінемін.

Бала деген қаймағы бұзылмаған сүт, мөлдірі лайланбаған су, тап -таза ақ парақ, жып- жылтыр айна. Жақсысы да, жаманы да бетінде. Осындай бүлдіршіндерге сапалы білім беріп, өз заманында ойып тұрып орын алатындай тәлім- тәрбие беру ұстаздың басты міндеттерінің бірі. Біз де, жас мамандар осы мақсаттарға сай, бәсекеге қабілетті болуға тырысуымыз қажет. Жаңа заман талабы, жетелеп алға барады, –демекші, ұстаз әркез жаңалыққа бастаушы. Бүгінде Елбасымыз айтқандай «Жаңа адамды жаңашыл мұғалім ғана тәрбиелейді. Бүгінгі күнде барлық мұғалімдердің басты ұстанымы немесе қағидасы- ол өмір бойы білім алу».