Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Абай мұрасы -- ұлттық таным, рухани құндылықтың қайнар көзі

Абай мұрасы -- ұлттық таным, рухани құндылықтың қайнар көзі

Камзина Ардак Нурахметовна, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ МДТжТӘ кафедрасының аға оқытушысы

Тәрбиенің рухани бастауы, қайнар көзі, кәусар бұлағы – Абай мұрасы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында: «Қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы»,- деп көрсетілген.

 

Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы - халқымыздың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын, уақыт өткен сайын маңызын жоймайтын рухани қазынасы, зерттеудің көзі болып табылады. Абайды Абай өзінің философиялық көзқарастарында: дүниенің, әлемнің обьективтік заңдылығын мойындайды, дүние мен адамзат қоғамы бірқалыпты тұрмай, бейне бір ағып жатқан судай әрекеттеніп өзгеріп отырады деп таниды. Бұл жөнінде Абай былай тұжырымдайды: «Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, өмірі бірқалыпта тұрмайды», «Дүние - үлкен көл, заман - соққан жел»; «Алдыңғы толқын - ағалар, артқы толқын-інілер, кезектене бөлінер, баяғыдай көрінер»- дейді.

Ұлы Абайдың қара сөздері  қазақтың ұлттық педагогикасына асыл арна болып қосылған педагогикалық тұжырымдар. Данышпан кемеңгер ақынымыз көсем сөз арқылы өзінің дүниетанымдық, тәрбиелік ойларын жастарға баяндап, ұлттық- дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардағы кемшіліктерді айтып, елді түзеп, ерді тәрбиелеуге терең ой жұмсаған.  

Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен қара сөздерінен жастарды тәрбиелеу мен оқытудың кейбір дидактикалық мәселелері жөнінде үлгі-өнеге тұтарлық салиқалы ойлар мен тұжырымдарды көп кездестіруге болады.

Абай адамның адамдық қасиеті еңбекте, ғылым-білім үйренуде, адамгершілік мінез-құлықта деп түсіндірді. Абай адамның ақылды, білімді болуы оның тумысынан емес, айналадағы дүниені сезіп-біліп, үйренуінен, еңбек етуінен деп қарайды. “Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз,-дейді Абай. Жаралып, жасалып қойған нәрселердеі көзбен көріп, ақылмен біліп сезбекпіз”. Демек, Абай білудің сезімдік және ақылдық таным арқылы болатынын құптайды. Бірақ ол ақиқатты анықтаудың өлшемі ақыл деп есептейді : “Ақыл сенбей сенбеңіз, бір іске кез келсеңіз, ақсақал айтты, бай айтты, кім болса, мейлі сол айтты, ақылменен жеңсеңіз”, “Ақыл мизам, өлшеу қыл” деп  танымдағы ақылдың рөлін көтермелеп, рационалистердің позициясына жақындайды.

Абай оқыту үрдісінде ақыл-ойды дамыту керек екендігін, онсыз білім алуға болмайтындығын өте дұрыс көрсетеді. Ойлау мен  қиялдауды дамыту айналадағы дүниені, құбылыстар мен заттарды жан-жақты терең танып білуге мүмкіндік береді.

Ақылменен ойлап білген сөз,

Бойыңа жұқпас сырғанар.

Ынталы жүрек сезген сөз,

Бар тамырды қуалар.

«Ақыл-ойды жетілдіру, оқыта білу мен оқуға байланысты. Талапты білмей, іздегенмен табылмас,»- деп Абай білімді меңгеру жолдарын, әдістерін түсіндіріп  талап етті.  Абай жастарды өнер-білім алуға шақырды, өмірде өз орныңды тап, пайдалы әрекет жаса, дейді. «Сен де – бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та, бар қалан!» деген сөздер соның айғағы.

«Адамның білімі, өнері - адамшылықтың таразысы» деп санаған Абай білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын адамның ең қымбат кезі - жастық шақты оқуға, ғылымға жұмсауды еске салады.

Ақын ғылым жолын қалаған жастарға ғылымды жеке басының қамы, бақастық үшін емес, халқына адал қызмет ететін жан-жақты жетілген, білімді - «толық адам» болып шығу үшін үйренуге ақыл айтып: «үйреніп жеткенше осы да болады ғой деп тоқтамай, үйрене беру керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды», -деп, оларға тынбай талаптануға, үздіксіз ізденуге кеңес береді. Абай түсінігінде адамның ең жақсы қасиеттері ерлік, табандылық, тұрақтылық, әділеттілік және шыншылдық, сыпайгершілік, еңбек сүйгіштік, білімге құштарлық пен ақылдылық.

Ақынның ойынша, еңбек арқылы бойдағы бір қасіретті жоюға болады. Ұлы Абай еңбектің өзіндік ерекшеліктерін ашып, жастарға үлгі-өнеге етіп, адамның талапты, белсенді болуын,өзінен басқаның жақсы істерін көріп, біліп, олардан үлгі-өнеге алуын қалайды.

Ұлы ақын бала тәрбиесі мәселелеріне де кеңінен тоқталып, өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде педагогикалық көзқарасын білдіреді. Адам мінезіндегі орынсыз мақтан, ойсыздық, салғырттық, күншілдік, көрсеқызарлық сияқты жаман әдеттердің ақыл мен ойды тоздыратынын айта келіп, естігенді есте сақтау, көргеннен үлгі-өнеге алу, жаман әдет-дағдыдан бойын аулақ ұстау, ұстамды болу сияқты адамгершілік қасиеттерді насихаттайды. Адам өзіне-өзі сыншы болу керек: «Егер есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айына бір, өзіңнен есеп ал», - деген Абай тұжырымы жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, олардың бойында өзіне деген берік сенімін қалыптастырады. Абайдың айтуынша, адамгершілігі мол адам, батыл, ержүрек болуға, қорқыныш дегенді білмеуге тиіс, қайткен күнде алдына қойған мақсатқа жете білуге тиіс. Жасөспірімдердің мінез-құлық, адамгершілік тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген Абай: «Тез үйреніп, тез жойма, Жас уақытта көңіл-гүл...» - деп, жас баланы тәрбиелеуді өте ерте қолға алып, олардың дақ түспеген санасына ізгі қасиеттерді еге білу қажеттігін ескертеді. Ол өзі өмір сүрген әлеуметтік ортада орын алған бес түрлі зиянды мінез-құлықтан адам боламын деген әрбір жасөспірімнің сақтануы керектігін ашық айтады. Абай жастарды тәрбиелеудің әртүрлі жолдарын, ең алдымен отбасында, мектепте және әдебиет арқылы тәрбиелеуді ұсынды. Балалардың дүниеге көзқарасын және мінезін қалыптастыруда отбасының рөлі өте зор екендігін ескере отырып, Абай балаларды тәрбиелеу үшін ата-аналардың өздері жақсы тәрбиеленген болуы керек екендігін ескертеді.  

Қорыта айтқанда, Абай мұрасы еліміздегі білім беру жүйесіндегі өзіндік мәні бар, ағартушылық маңызы зор, педагогикалық идеяларға толы, психологиялық ой-пікірлерге бай тәлімгерлік тағылымы баға жетпес өміршеңдігімен ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ұлттық қазынамыз бола берері сөзсіз. Ұлы Абай мұрасы – ұрпаққа өнеге-үлгі, тәлім-тәрбие, ғибрат-тағылым болмақ. Сонысымен де ол – мәңгілік жасап, жасампаз бола бермек.

Әдебиеттер

1. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 09/01/2020

"Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" мақаласы

2. Абай. // Шығ. екі томдық толық жинағы. Алматы, 1995.

3. Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дереккөздері. – Алматы: Санат, 1997.

4. Есім Ғ. Абай туралы философиялық трактат. Алматы: Қазақ университеті, 2004.