Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Қазақты әлемге танытқан Ұлы Абай

Қазақты әлемге танытқан Ұлы Абай

Кажыгелдина Гаухар Хасеновна, «Әуезов атындағы орта мектебі» КММ-нің бастауыш сынып мұғалімі, Тарбағатай ауданы

Ұлы Абай.... Қазақты әлемге танытқан ұлы тұлға. Қазақтың маңдайындағы жарық жұлдызы. Ұлылар жайлы ой қозғағанда, ойың кідіріп,ойыңды жеткізетін сөз табудың өзі қиынға соғып тұратын көрінеді. Орыстар үшін - Пушкин, ағылшындар үшін - Шекспир, грузиндер үшін – Руставели қандай ұлы құбылыс болса, Абай да қазақтар үшін сондай теңдессіз құбылыс,- деп Қ.Кулиев айтқандай, қазақ дегенде Абайдың орны дәл солай.

 

Алғаш, 6 сыныпта оқып жүргенімде Шолпан апайым туған күніме "Абай жолы" кітабын сыйлағанда көңілім жабырқап қалған. Мен шаш буғыш, моншақ т.с.с күткен болуым керек. Кейінірек ойлап қарасам, ол кісі маған үлкен қазына сыйлаған екен. Сол қазына осы күнге дейін менің рухани азығым болып келеді. Әдебиет пәнінің мұғалімі Шаяхмет аға "Абай жолын" оқуға бергенде, бір-бірімізбен жарыса оқитынбыз. Үлкен сыныптарда қайталап оқыған сайын Абайдың өмірі мен тұрмысын жаңа қырынан тани түстім. Оқи отырып сол кезеңнің бейнесі көз алдыңа келеді. Әсіресе алғашқы махаббаты Тоғжанмен қарым-қатынасы ерекше сезімге баулыды. Абай кезеңіндегі қарым-қатынастың өзінде мәдениеттілік, сабырлылық, ұстамдылық сияқты қасиеттер көрініс табады.

Бір шешімін таппастай жағдай болғанда қара сөздерін оқи кетсең бейнебір дана, ақылгөй ақыл бергендей сезімде боласың. Бірінші сөзінде "бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік..." деп бастап өмірлік құндылықтардың мәнін ашып берді.

Мұғалім болып жұмыс істегеніме биыл 16 жыл болды. Мен өз тарапымнан Абайды дәріптеуде, Абайды жаңа қырынан танытуда не істей аламын деген ой келеді. Бастауыш сыныпта төрт жыл мезгіліне арналған өлеңдері, "Ғылым таппай мақтанба", "Әсемпаз болма әрнеге", "Интернатта оқып жүр" және бала Абайдың өмірінен алынған үзінділерді оқимыз. Егемендігімізді алғаннан бері өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді жаңғыртып жатырмыз. Биыл Абай атамыздың туғанына 175 жыл толуына орай Республикалық деңгейде әр түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Біздің мектебімізде бұл шаралардан қалыс қалып отырған жоқ. Сабақта шаттық шеңбері ақынның өлеңінен үзінді оқумен басталады. Әр сыныпта Абайдың өлеңін, қарасөздерін оқудан жарыстар ұйымдастырылып, көріністер қойылып жатыр.

Қазіргі кезде еліме деген сүйіспеншілігімді қалай білдірсем деген сұрақтарды жиі естимін. Оқушыларыма да құрметтеу, сүйіспеншілік, жақсылық деген ұғымдарды үйреткенде, әр ұлы іс кішкентай істен басталады дегенді айтамын.

Мұғалім ретіндегі міндетімнің бір қыры оқушыларыма қазағымның біртуар ақыны Абайдың өлеңдерін жаттатып, қарасөздерін оқытып, өмірі жайлы мағлұмат берсем, мен де өз үлесімді қосамын деп білемін.