Бұл санынан оқитындарыңыз / Читайте в этом номере

"Ұстаз Әлемі-Педагогический мир" №8(27)-2019

Подать статью для публикации:

Талаптар / Требования

Информационно-педагогическая газета ВКО - Информатика пәнін ағылшын тілін кіріктіріп оқыту

Информатика пәнін ағылшын тілін кіріктіріп оқыту

Нашинова Жупар Келгеновна, Өскемен қаласы әкімдігінің «Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп лицейі» КММ-нің  информатика пәні мұғалімі

Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Сондықтан біз де өз халқымыздың қарыштап дамып, өркениеттен қалмау үшін көп тілді меңгеруіміз қажет [1]. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Себебі, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін маман бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз.

 

Елбасымыз үштілді білім беру жүйесін енгізе отырып қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде, ал әлемдік экономикаға үйлесімді тіл ретінде ағылшын тілін меңгерту мақсатын көздеп отыр. Осы мақсатта тіл емес пәндерді ағылшын тілінде оқыту арқылы ел болашағын дамытуды көздейтініміз сөзсіз. Кіріктіріп оқыту дегеніміз:

– біріншіден, сабақта пәнаралық байланыстарды дамытуды және тереңдетуді, олардың ғылымаралық байланысының түпнұсқасы, яғни түрлі пәндерді оқытуды қиыстырудан, олардың өзара терең байланысуына өтуді қарастыру болып табылады;

– екіншіден, жекелеген пәндер бойынша білімді біріктіретін, ұштастыратын жүйе, осының негізінде балалардың әлемді тұтастықта қабылдау қалыптасады;

– үшіншіден, оқушылардың ойлау қабілеттерін белсендіруге, танымдық белсенділіктері мен қызығушылықтарын, өз бетінше жұмыс істеуін дамытуға ықпал етеді, түрлі ғылым салаларына қатысты білімді қорытындылауға бағыттайды. Сол себепті де білім берудің жаңа технологиялары пайда болуда, олардың бірі – CLIL пәндік-тілдік кіріктіріп оқыту технологиясы.

CLIL технологиялары шет тілін басқа пәндерді оқытуда оқудың қажетті құрал ретінде қарастырады. Яғни, тілді үйрену кез келген пән саласы арқылы жүргізіледі, демек CLIL шет тілі сабағы емес, шет тілінде өтетін пән сабағы. Қысқартылған CLIL ұғымы ағылшын тіліндегі мынадай сөздердің бас әріптерінен алынған: Content and Language Integrated Learning [2]. Қазақша мағынасы – мазмұн мен тілді кіріктіріп оқыту. Нақтылап айтқанда, кез келген оқу бағдарламасындағы пәнді бір уақытта екі тілде де оқыту (өз тілі+шет тілі). Қазіргі уақыттағы көпшіліктің түсінігіндегі бұл терминнің анықтамасы былайша тұжырымдалады: CLIL – оқушыға ана тілі мен шет тілін қатар меңгертуге негіз болатын тілдік және коммуникативтік құзыреттіліктерді қалыптастыратын әдістемелік құрал.

Аталған әдісті алғашқылардың бірі болып тәжірибеге енгізген Дэвид Марш атты лингвист, еуропалық профессор. Бұл әдістің ерекшелігі CLIL – информатика, физика, биология, химия сияқты пәндерге қолдану арқылы тілді үйретуде өте тиімді болып келеді.

CLIL әдісін қолданудың мақсаты пәнді басқа тіл арқылы оқу. Ғалымдар әдістің ерекшелігі тілді жай екінші тіл ретінде мақсатсыз оқудан гөрі белгілі материалды игеру мақсатында оқу айтарлықтай нәтиже беретіндігін дәлелдеген. Бұл үйренушіге мақсаттылық және мотивация, материалды игеруге қызығушылық береді. Сондай жағдайларда CLIL әдісі оқушының ағылшын тілін меңгеруіне көмектесе алады. CLIL әдісін пайдалану ұстаздан тіл және контентті игерту мақсатында алдын ала дайындықты талап етеді. Осы орайда CLIL арқылы сабақ өткізетін ұстаз қандай болу керек деген сұрақ туындайды. Сабақты ағылшын тілінде өткізетін болса, ағылшын тілін кем дегенде интермедиат деңгейде білетін, сол тілде еркін сөйлеп оқушылармен қарым-қатынас жасай алатын кәсиби маман болуы тиіс.

Ұстаз барлығын идеалды түрде білуге, басқа тілдің қыр- сырын ана тілімен тең деңгейде білуге міндетті болып есептелмейді. Өз тәжірибемде көргендей, оқушыға түсінікті қиын емес сөйлемдер мен сөз тіркестерін ұтымды пайдаланып пәнді оқыту маңызды. CLIL әдісін сабақта пайдалануда ұстаз үшін де, оқушылар үшін де бірқатар кедергілер кездеседі:

  • · Ағылшын тілінде сөйлеу кезінде қиындық тудыруы;
  • · Ағылшын тілін тыңдаудың қиындығы;
  • · Оқушылардың ағылшын тілін білу деңгейлерінің әр түрлілігі;
  • · Ойын жеткізуде толық сөйлемдерді қолдана алмауы;

Жоғарыдағы кедергілерді жеңу үшін мұғалімнен әр сабақты ұқыпты жоспарлауды және дайындалуды, сонымен қатар заманауи педагогикалық әдіс-тәсілдерді және т.б. қолдануды талап етеді. Оқытудың мақсаттарына жету үшін келесі тұжырымдарды есте сақтау қажет:

1. Сабақта тілдесу әрекетінің барлық түрлерін дамытуға жағдай жасалуы тиіс. Тыңдалым дағдысын дамыту үшін материалдың бір бөлігі аудиомәтін түрінде, сөйлесім дағдысын дамыту үшін – диалог және әңгімелесу арқылы берілуі тиіс. Тыңдалымды жазумен байланыстыруға болады (мысалы, кесте толтыру, сызбанұсқа құрастыру, бос орындарды толтыру). Оқылым дағдыларын дамыту үшін оқушылардың жас ерекшеліктеріне және тілдік дайындық деңгейіне сәйкес келетін түрлі стилдегі мәтіндер іріктеп алу қажет. Мәтіндер көлемі жағынан онша үлкен емес бөліктерге бөлініп және суреттермен, сызбанұсқалармен, карталармен көркемделіп берілген жағдайда жақсы қабылданады.

2. Сабақты жүргізу барысында сабақтың мақсаттары және сабақтан күтілетін нәтижелер нақты айтылуы қажет; қажет болған жағдайда оқушыларға түсініксіз болған сөйлемдер мен сөздер бірнеше рет қайталануы мүмкін.

3. Білім алушылардың сөздік қорын толықтыру және арнайы терминдермен таныстыру бойынша жұмыс үнемі жүргізіліп отыруы тиіс.

4. Сұрақ қою және жауап беру, өз ойын, пікірін айту, басқалардың пікірін тыңдау біліктерін қалыптастыру (рөлдік ойындар, проблемалық жағдаяттар, дебаттар және т.б.).

Сонымен бірге оқушылардың тілдік қарым-қатынастағы қажеттілігі мен мүмкіндіктерін ана тілінде ойлануларына жағдай жасайды. Сонымен қатар ұстаздың оқушылармен бірге білім алушы ролі мен бағыттаушы ролін қатар меңгеруі де маңызды. Тыңдау және түсіну , жеңу оқушылар мен ұстаздан ұзақ уақытты талап етеді. Кейбір оқушыларда түсіну мен сөйлеу процестері қатар жүрмейді, оқушы сөйлей алуы мүмкін де тыңдаған кезде ештеңе түсінбейді. Бұл кедергілерді жеңу үшін мұғалім мәтінді аудиоларды тыңдатуына болады. Бұл үрдістер оқушылардың индивидуалдық ерекшеліктеріне, қабілеттеріне байланысты болғанмен ұстаздың көмегінсіз кедергілерді жою қиынға түседі [3]. Ойын толық жеткізе алмайтын оқушылардың сөздік қорын толықтыру мен аудитория алдында сөйлеу қорқыныш сезімдері болуы мүмкін, оқушылардың ағылшын тілінде сөйлеу еркіндігі біртіндеп байқалады. Тәжирибе жүзінде оқушылардың жас ерекшелігі мен жеке қызығушылықтарына мән беру оқушының мотивациясына әсер етеді. Мысалы, 9-сынып оқушылары бағдарлама құру кезінде қиын сөздері көп мәтіндерді көргенде тез шаршап оқуға қызығушылығы жоғалады. CLIL- әдісін пайдалануда оң нәтижеге жету үшін ағылшын тілін аз мөлшерде пайдаланудан бастау оқушылардың психологиялық дайындығын арттырады. Ұстаз бірден сабақ бойы ағылшын тілінде сөйлеп, барлық сабақ материалдарын ағылшын тілінде ұсынатын болса оқушылардың қабылдау қабілетіне теріс әсерін тигізеді. Алғашында индивидуалдық ерекшеліктеріне байланысты көру арқылы қабылдап есте сақтап оқитын, жазу арқылы немесе дыбысты тыңдау арқылы есте сақтайтын оқушылардың ерекшеліктері болады. Көбінесе есту арқылы есте сақтауға бейім балалар ағылшын тілінде тез сөйлейді де, айтылымда қатесін аз жібереді, мұндай оқушылар ән айтуға музыкалық қабілеттері бар балаларды жатқызуға болады. Жазу арқылы және көру арқылы есте сақтайтын визуалдарды словарь және дәптерді кеңінен пайдалануға бағыттау қажет. Олар мұғалім сөйлеу барысында тақтаға жазып экраннан көрсетіп отыруды қажет етеді. Күнделікті сабақта қолданылатын сөйлемдерді оқушы есту арқылы есте сақтайды, оқушыға «бүгін қандай күн» т.б терминдерді қолданып ағылшын тілінде айту олардың есту арқылы есте сақтауын дамытады. Әдісті пайдалануда қатып қалған қағида жоқ, өйткені оқушылар әр түрлі дамиды, мұғалім бір немесе үш ай аралығында сабақты толық ағылшын тілінде өткізуге ауыса алады. Алғашқы сабақтарды бастамас бұрын оқушыларды психологиялық дайындықтан өткізудің қажеттілігі бар, мінезі байсалды емес оқушылар әр түрлі себептерді айтып мұғалімнің тапсырмаларына селсоқ қарауы мүмкін, ол үшін алдымен сынып жетекші және ата-анасына қажеттіліктерді түсіндіріп айтудың маңызы бар. Оқуда дислексиясы бар, ерекше назарды қажет ететін оқушылары бар сыныптарда ата-анасына ескерту мен қосымша жұмыстар жасау қажет етіледі. Демек, оқушылардың ерекше қабілеттерін пайдалана білудің маңызы бар.

CLIL-әдісін қолданып сабақ өткізу кезінде аударма сөздік, сөздіктер қолдануға рұқсат етіледі. Оқушының мәтінді аударуына электронды нұсқадағы сөздіктерді қолдануына болады. Мысалы, алғашқы сабақтарда 5-7 минут тақырыпқа сай ағылшын тіліндегі видео материалдарды тыңдатудан бастаған тиімді, өйткені оқушы тыңдап және көру арқылы өтетін сабақтардан кейін стреске түсу мүмкіндігі азаяды. Үй тапсырмасына тақырыпқа сай жаңа сөздер жазып келуге тапсырылса келесі сабақта жаңа сөздерді пайдалануға тапсырмалар беріледі.

CLIL әдісін қолдануда қарапайым диалог құрастыру, қысқа сөздік жазғызу, суретті әңгімелеу, ойындар ойнату, тиімді нәтиже береді. Сабақтың құрылымы бастапқыда қайталанбалы болса оқушы тәртіпке үйренеді, әдістерді де өте қарапайымнан күрделіге қарай ауыстыруға болады. Өйткені белгілі бір қайталанбалы сабақты оқушы меңгергенге дейін сол сабақта қолданылатын қарапайым сөз тіркестері мен сөйлемдерге құлақтары үйренеді. Педагогикалық тұрғыда қарастырсақ, сабақта белгілі дәрежеде қиындықтардың да болуы мүмкін. Сонымен қатар уақыттың жетіспей қалуы, мұғалімнің жоспарының толыққанды жүзеге аспауы мүмкіндіктері болуы. CLIL сабақтары барысында қалыпты деп есептеледі. Оқушыларда барлық тіл үйренушілерге қатысты қателіктер кездеседі, жазу мен сөйлем мүшелерінің орындарының ауысуы, айту кезіндегі қателіктер, орфографиялық, синтаксистик қателер көп жіберіледі. Бастапқыда сөйлеу кедергісі бар оқушылар сабақта белсенділік таныта бастаған кезде олардың қателіктерін сөзін бөлмей сабақтың соңына қарай барып түсіндірген жөн, өйткені ең бастысы сөйлеу кедергілерін жою мақсатында жұмыс жасау деңгейінде бұл қателіктергі аса назар аудармаған жөн.

Информатика пәнін ағылшын тілінде оқытуда тақырыпқа сай терминдерді видеолар мен мультфильмдер, оңай кинолар арқылы есте сақтауға үйретуге, мәтіндік тапсырмалар, түртіп алу әдістерін пайдалану арқылы оқытуға болады. Ағылшын тілі - әлемдік бизнес тілі, оны меңгеру - жастарға әлем танудың кілті болмақ. Ағылшын тілін білу — біздің жастарға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі. Ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүние жүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Сондықтан тиімді әдіс тәсілдерді қолдану арқылы оқыту нәтижеге жеткізеді.

Қорыта келе, білімнің кіріктірілуі білім беру мазмұнының икемді болуының және түрленуінің бір жолы болып табылады. Кіріктірілген оқытуды ұйымдастыруда оқушылардың жас ерекшеліктерін еске ала отырып, оларды тұлға ретінде дамытуға және олардың шығармашылық ойлауын қалыптастыруға тірек болатын түрлі білімнің тоғысуы арқылы әлемнің сан түрлі болмысын таныту мүмкіндігі пайда болады.

Пайдаланылган тізімі:

  1. «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» ҚР президенті Н.Ә.Назарбаевтың жолдауы, Астана-2007 ж.
  2. CLIL: An Interview with Professor David Marsh, International House: Journal of Education and Development;- Англ. – Режимдоступа: http://ihjournal.com/content-and- language-integrated-learning
  3. Негізгі орта білім беру деңгейінің 5-9-сыныптарына арналған «Информатика» пәнінен үлгілік оқу бағдарламасы. http://nao.kz/